сұйытылған табиғи газдың кенеттен қымбаттауына байланысты 2022 жылдың 2 қаңтарында басталған наразылық шаралары From Wikipedia, the free encyclopedia
2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары (немесе Қанды қаңтар, Қаңтар оқиғасы, Қаңтар трагедиясы) — сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты Қазақстанда басталған наразылық шаралары. 2 қаңтарда бастау алған бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды[9].
2022 жылғы Қазақстандағы наразылық шаралары | |
Ақтөбенің орталық алаңына шыққан шерушілер, 2022 жылдың 4 қаңтары. | |
Дата | 2022 жылдың 2—11 қаңтары |
---|---|
Орны | Қазақстан |
Себебі |
|
Мақсат |
|
Нәтижесі |
|
Шығын | |
Өлім | |
Жарақат алғандар | 4353 адам (оның ішінде 3393 құқық қорғау органдарының қызметкері)[6] |
Мүліктік шығын | 100 млрд теңгеден астам[6] |
Тергеу | 3702 қылмыстық іс[7] |
Тұтқындалғандар | 9900 адам[8] |
Күдіктілер | 547 адам[7] |
Айыпталушылар | 269 адам қамауда[7] |
Сотталғандар | 152 адам[7] |
өңдеу |
Алғашында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Халық Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және т. б. қалалардың көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты (негізінен Алматы қаласында). 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды[10].
2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласының наразы тұрғындары сұйытылған табиғи газдың бағасын төмендетуді талап етіп, автокөлік жолын бөгеп тастады[11]. Халық қала және облыс әкімдерінен бағаны тұрақтатуды және көгілдір отынның тапшылығын жоюды талап етті. Бұл талаптар орындалмағасын наразылық шаралары келесі күні де жалғасын тапты. 4 қаңтар күні Қазақстан үкіметі Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдеді[12], президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады.
Жаңаөзенде бастау алған наразылық шараларын Қазақстанның басқа ірі қалаларының тұрғындары қолдап, көшеге шеруге шықты. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. Жүздеген адам қамауға алынып[13][14], 4 қаңтар күні түнде ел аймағында Интернет байланысы өшірілді. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласының аумағында төтенше жағдай енгізілді. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан үкіметінің отставкаға кеткені белгілі болды[15].
Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. 10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты[6]. Оқиға бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Мұнай мен газға бай Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы бұрынғы кездері де наразы халық пен билік өкілдері арасындағы қақтығыстың алаңына айналған еді. 1989 жылы жергілікті халық пен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнің арты қақтығысқа ұласты. Қақтығыс құқық қорғау органдарының араласуымен басылды. 2011 жылдың желтоқсанында ереуілге шыққан жаңаөзендік жұмысшылар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қақтығыс орын алды. Еңбек дауына байланысты жеті ай бойы ереуілдеген «Өзенмұнайгаз» мекемесінің бұрынғы қызметкерлеріне қарсы полиция қызметкерлері қару қолданылып, оқ атты. Бұның салдарынан ереуілшілердің тарапынан 15 адам қаза тапқан болатын (ресми дерекке сәйкес).
2022 жылдың 2 қаңтарында басталған наразылық шараларына қатысқан адамдардың басты талабы сұйытылған газдың бағасын төмендету болды. 1 қаңтардан бастап газдың сауда-саттығы толығымен тауар биржалары арқылы іске асырылатын жүйеге ауыстырылған болатын[16], және соның артынан отынның бұл түрі екі есе қымбаттады. Бұрын 60 теңге шамасында саудаланған сұйытылған газ, 2022 жылдан бастап тұтынушыларға 120 теңгеден сатыла бастады.
ҚР Энергетика министрлігінің пайымдауынша, облыста газ өндірумен айналысатын тек қана бір кәсіпорын — «Қазақ газ өңдеу зауыты» айналысады. Айына 14,5 мың тонна сұйытылған газ өндіретін бұл зауыттың тұтынушыларды газбен толық қамтамасыз етуге қауқары жетпейді, сондықтан сырттан қосымша газ көлемін сатып алу қажеттілігі туындаған. Оған қоса 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кәсіпорын жабдықтарының тозу деңгейі 90 % жеткен. Электронды сауда-саттыққа көшіп, газды нарықтық бағамен сата бастағаннан кейін бұл мәселені жаңа зауыт ашу арқылы шешу жоспарланған болатын[16].
Бұл оқиғалардан 2 жыл бұрын, 2020 жылдың қаңтарында жаңаөзендіктер сұйытылған газдың 55 теңгеден 65 теңгеге дейін қымбаттағанына наразылық танытып, жергілікті әкімдікке жиналған еді. Ол кезде газ бағасының өсуі Қазақстанның Кедендік одаққа кіруі және «Қазақ газ өңдеу зауытындағы» жөндеу жұмыстарымен байланыстырылды. Халық наразылық танытқаннан кейін қала басшылығы газдың бұрынғы бағамен сатылатынын мәлімдеген болатын[17].
2022 жылғы наразылық шаралары басталғаннан кейін сұйытылған газдың бағасы тек қана Жаңаөзенде емес, елдің барлық аймағында төмендетілетін болып шешілді. Бірақ бұл мәлімдемеден кейін шерушілер үйлеріне тарқауға асыққан жоқ, халықтың наразылығын тудырған тек қана бағаның қымбаттауы емес екені анық болды. Көшеге шыққан халық Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа көңілдері толмайтынын білдірді[18]. Наразы халықты шеруге шығуға итермелеген себептердің қатарында үкіметтегі жемқорлық[2], әлеуметтік және экономикалық теңсіздік (әсіресе ол COVID-19 пандемиясының кесірінен ушығып кеткен болатын), елдегі демократия деңгейінің төмендігі аталды. Шерушілер саяси ырықтандыруды (либерализация), әкімдерді сайлауды енгізуді (қазір оларды президент тағайындайды), мемлекетті 1991 жылдан бері басқарып келе жатқан адамдардың биліктен шеттетілуін талап етті[1].
5 қаңтар күні Алматы қаласында жағдай шиеленісіп, тәртіпсіздіктер күшейді. Белгісіз адамдар әкім ғимараты мен Алматы әуежайын басып алды. Қала әкімдігі өртке оранды. Алматыдағы ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бұл шабуылды «террористік топтар» ұйымдастырғанын айтты. Оның мәлімдемесіне сәйкес, елге саны 20 мыңға жететін «қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлар» шабуыл жасаған екен. Президент бұл адамдарға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін жариялады[30].
Аты аталмаған бұзақы топтармен болған қақтығыстың салдарынан Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларында әскерилер мен бейбіт тұрғындар қаза тапты. 7 қаңтарда Алматыдағы әкімдік ғимараты, президент резиденциясы және Республика алаңы бақылауға алынғаны белгілі болды. Сол күні жалпы Қазақстанның барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келтірілгені белгілі болды, бірақ Тоқаев терроризме қарсы шаралар содырлар толық жойылғанша жүргізілетінін мәлімдеді[30].
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзіне сәйкес, 4 қаңтарда Қазақстанның көптеген қалаларында 500–4000 адам шамасында шерушілер тобы жиналған. Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Тараз қалаларындағы облыс әкімдіктерінің ғимараттарын және Семейдегі қала әкімдігін наразы адамдар басып алған. Басқа облыстарда әкімдік ғимараттарына шабуыл жасалған. Алматыда 7 қару-жарақ дүкені тоналып, наразылар қару-жарақ пен оқ-дәріні иемденген. Тұрғымбаевтың айтуынша, бұзақылар автокөліктер мен коммуналдық техниканы тартып алып, тәртіп сақшыларының көліктерін соққан, қызметкерлерге «Молотов коктейлдерін» лақтырған, оқ атқан. Полиция автокөліктері өртке оранып, өрт сөндіру көліктеріне шабуыл ұйымдастырылған. Жарақаттандарға көмек көрсетуге келген жедел жәрдем көліктеріне өтуге кедергі жасалған[31].
Қазақстан билігі 5 қаңтарға дейін болған наразылық шараларын «бейбіт митинг», одан кейін орын алған оқиғаларды «мемлекеттік төңкеріс» және «террорлық шабуыл» ретінде қарастыра бастады. Тоқаев «содырлар» елдің 11 аймағына шабуылдағанын, негізгі соққы Алматы қаласына жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақорданы басып алуды жоспарлаған адамдар бұл мақсатынан Астанаға әскери ұшақтар келіп қонғаннан кейін айныған. Ресей президенті Владимир Путин де бұл көзқарасты қолдап, Қазақстанда «майдан технологиясы» қолданылғанын айтты[10].
«Мемлекеттік төңкерісті» нақты кім ұйымдастырғаны, билікті басып алғысы келгендер кімдер екені ресми түрде айтылған жоқ[10]. Алматы мен бірқатар басқа өңірлердегі тәртіпсіздік басталған сәтте ҰҚК төрағасы қызметінен босатылған Кәрім Мәсімовтың «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен қамауға алынғаны туралы 8 қаңтарда белгілі болды[32]. Кейінірек Мәсімовқа «билікті басып алу» бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалғаны мәлім болды. Онымен қоса ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары, «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Ерғожин да ұсталды. Бұдан кейін ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш пен Қайрат Сатыбалдының (екеуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інілері) ұсталғаны туралы ресми түрде расталмаған ақпарат тарады[33] (кейін Самат Әбіш лауазымынан босатылды).
Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шерудің мыңдаған километр қашықтықта жатқан Алматыда орын алған қанды оқиғаларға қалай алып келгені жұмбақ болып қалды. Қазақстанның ең ірі қаласындағы қақтығыстар тек президентті ғана емес, бұрыннан мемлекетті сынап жүрген адамдарды да таң қалдырды. Бұл дағдарыс ел ішіндегі билік үшін талас-тартыспен тұспа-тұс келгендіктен, көше қақтығыстарына саяси элитаның өкілетті адамдары қатысқаны туралы қауесет тарады. Осы жағдайға Кремльдің қатысы болуы мүмкін деген пікірлер де айтылды. Елдегі дағдарыс жай ғана наразылық білдірген халық пен авторитарлық режимнің озбыр қауіпсіздік органдары арасындағы қақтығыс емес екені анық болды. Ресейлік сарапшы, «Ферғана» ақпараттық агенттігінің басшысы Даниил Кисловтың пікірінше, Қазақстанда Тоқаев пен Назарбаев жақтастарының арасында билік үшін кескілескен талас-тартыс орын алған. Кисловтың айтуынша, Алматыдағы тәртіпсіздіктерді Назарбаевтың мүдделестері өз орындарын сақтап қалу үшін әдейі ұйымдастырған[34].
ҚР Бас прокуратурасы мен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес[6] (2021 жылдың 15 қаңтары), елде тәртіпсіздіктер кезінде:
ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділовтың ақпараты бойынша (2022 жылдың 25 қаңтары)[35]:
Прокуратура мәліметіне сәйкес (2022 жылдың 25 қаңтары)[36]:
Алматы Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіпсіздіктер кезінде қалада құқық қорғау органдарының 11 қызметкері және 149 тұрғын қаза тапқан[37]. 249 адам қамауға алынып, 405 қылмыстық іс бойынша тергеу басталған[38]. Ресми дерекке сәйкес, Алматыдағы мәйітханаларға 7 шабуыл жасалып, олардан 41 мәйіт ұрланған[39].
Алматыда бір мезетте 7 қару-жарақ дүкені тоналған. Жалпы саны 1347 қару ұрланған (оның ішінде 501 ойық, 807 тегіс ұңғылы, 39 газтравматикалық қару)[40]. Кейін таратылған ақпаратқа сәйкес, ұрланған қарудың саны 1564-ке жетті. 25 қаңтарға дейін терроризм қарсы операцияның барысында ұрланған қару-жарақтың 515 данасы қайтарылған (75 автомат, 133 тапанша, 2 пулемет, 47 винтовка, 103 тегіс ұңғылы қару, 100-ден астам граната және 9 мың патрон). Қару ұрлаған 98 адам және оларды заңсыз сақтаған 61 адам ұсталып, қамауға алынған[41].
Жалпы тоналған сауда нысандарының саны 1600-ден асады. 356 автокөлік бүлінген немесе жойылған, оның ішінде 163-і полицияға тиесілі автокөлік[40]. Алматы қаласына келтірілген шығынның сомасы 112 миллиард теңгеге жетті. Орта және шағын бизнес өкілдері 42 миллиард теңгеге, ірі бизнес 25 миллиард теңгеге шығындалған[42].
Билік өкілдері ресми түрде қаңтар оқиғалары кезінде 225 адам қаза тапты деген ақпарат таратқанымен, олардың есімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық белсенділер мемлекеттен бұл тізімді жариялауды талап етіп, петиция астында қол жинай бастады. Оған қоса qantar2022.org сайты ашылып, онда қаңтар оқиғалары кезінде зардап шеккен, ұсталған, жараланған және қаза тапқан адамдар туралы ақпарат жинала басталды[43]. Қаңтардың соңында жарияланған Азаттық радиосының тізімінде қаза тапқан 184 адамның аты-жөні жазылған. Бұл ақпаратты жинаумен Бақытжан Төреғожина басқаратын «Ар. Рух. Хақ» қоры мен азаматтық белсенділер айналысқан[44].
Наразылық шаралары басталған алғашқы күндері шерушілермен Жаңаөзен әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ғалым Байжанов келіссөздер жүргізді (әкім Мақсат Ибағаров кезекті еңбек демалысына шығып кеткен болатын)[11]. 3 қаңтарда Асқар Маминның бастауымен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыратын комиссия құрылғаны белгілі болды[45]. Сол күні шерушілермен келіссөз жүргізуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келді[46]. Наразылық шаралары Қазақстанның басқа өңірлерінде де басталғаннан кейін, 4 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев «ел тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға» шақырды[47].
5 қаңтар күні таңертең Қазақстан Республикасының Үкіметі отставкаға кетті[15], Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алды[48]. Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай енгізілді[49]. Сол күні төтенше жағдай режимі бірінші Алматы облысында[50], содан кейін Астана қаласында[51], ақыр соңында елдің барлық аймағында енгізілгені белгілі болды[52]. Қазақстан бойынша Интернет байланысы өшірілді, телефон байланысы нашарлады[53].
6 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді[54]. Сол күні ҰҚШҰ төрағасы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға әскер жіберетінін ресми түрде растады[55].
ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің негізгі миссиясы — Қазақстандағы стратегиялық нысандарды күзету деп жарияланды[56]. 9 қаңтардан бастап Ресей, Армения, Беларусь, Қырғыстан және Тәжікстан әскерлері (2030 сарбаз, 250 техника[57]) маңызды нысандарды күзету жұмысына кірісті. Байқоңыр ғарыш айлағы, Сарышаған полигоны, ғарышты бақылау станциялары мен басқа да маңызды әскери нысандарды ҰҚШҰ әскерлері бақылауға алды[58]. 13 қаңтардан бастап бітімгерлік күштер күзетке алған нысандарын қазақстандық құқық қорғаушыларға тапсыра бастады, ҰҚШҰ әскерлерін елдеріне қайтаруға дайындық басталып кетті[59]. 19 қаңтарда ҚР Қорғаныс министрлігі ел аумағында шет мемлекеттердің әскерилері қалмағанын мәлімдеді[60].
Қазақстандағы ҰҚШҰ әскерінің құрамы (2022 жылдың 10 қаңтары)[61]:
5 қаңтар күні өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар тапсырма берді[62]:
«Қазақстан халқына» қорының міндеттері[63]:
Қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалды. Оны қаржыландыру үшін жеке тұлғалардан, халықаралық қайырымдылық ұйымдардан, монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан түскен қаражат пайдаланылатын болды[63]. 16—27 қаңтар аралығында қордың шотына 52 миллиард теңгеден астам түскен: Kaspi Bank-тің негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге, «Халық» қайырымдылық қоры 2 миллиард теңге, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» 350 миллион теңге[64], KAZ Minerals Aktogay 6,2 миллиард теңге, KAZ Minerals Bolzshakol 6,2 миллиард теңге, Kazakhmys Smelting 5 миллиард теңге, «Востокцветмет» 3,1 миллиард теңге, «Сәби» жеке қайырымдылық қоры 1 миллиард теңге, «Астана-Моторс» компаниясы 550 миллион теңге, BI-Development 300 миллион теңге, «Сарыарқаавтопром» 250 миллион теңге, NAK Development 100 миллион теңге аударған[65].
5 қаңтарда ҚР Үкіметі отставкаға кеткеннен кейін бірқатар министрлікке жаңа басшылар тағайындалды.
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, премьер-министр кеңсесінің басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев (кейін ол қызметінен кетіп, президент кеңесшісі болып тағайындалды[89]), сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, төтенше жағдай министрі Юрий Ильин, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өз лауазымдарын сақтап қалды[90].
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 13 қаңтарда Астана, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғаны және террористік қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы жариялады. Террористік қауіптіліктің «қызыл» деңгейі және терроризмге қарсы операция режимі Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында сақталады[94].
Төтенше жағдайдың күшін жою уақыты:
2015 жылы құрылған «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері Операторы» (орыс. Оператор РОП) жинаған утилизациялық алымға елдегі автокөлік иелері жылдар бойы наразылық білдіріп, 2021 жылы әлеуметтік желілерде #НетУтильСбору қозғалысы пайда болды. Әлия Назарбаеваға қатысы болуы мүмкін бұл компания соңғы бес жылдың ішінде қазақстандықтардан 691,9 миллиард теңге қаражат жинаған. 2022 жылдың қаңтарындағы наразылық шараларынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев уитилизациялық алымды жинаумен жеке компания айналыспауы керек деген мәлімдеме жасады[106].
Президенттің тапсырмасымен ҚР Үкіметі 2022 жылдың 18 қаңтарында «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Оған сәйкес, «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің утилизациялық алымды жинау қызметі тоқтатылып, оның есебінен құрылған активтер мемлекетке берілетін болды. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКМ) әкімшілендіру функциялары «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымына тапсырылды[107].
26 қаңтарда бұрынғы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы төрағасы Медет Құмарғалиев 2 ай мерзімге қамауға алынғаны белгілі болды[108]. Сол күні Астана қаласында өз-өзіне қол жұмсаған «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің мүрдесі табылды[109].
Ондаған жылдар бойы билікті өз қолында ұстаған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы оған жақын деп саналатын Қасым-Жомарт Тоқаевқа билік тізгінін тапсырған болатын, бірақ бұрынғы президент елдің саяси өміріне өз ықпалын сақтап қалды. 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғалар кезінде Назарбаевтың жұрттың алдына шықпауы нағыз жұмбаққа айналды[110]. Түрлі қауесеттерге сәйкес, ол Женева көлінің жағалауында, Қытайда немесе Дубайда бас сауғалауы мүмкін. «Назарбаев қайтыс болды» деген де күдік туды. Бірақ көбісінің болжамы бойынша, бұрынғы президент өз атымен аталған Қазақстанның астанасында қалған[111].
Назарбаевтың баспасөз хатшысы 28 желтоқсаннан бері көзден таса болған бұрынғы президенттің Астана қаласында екенін мәлімдеді[112]. Кейін белгілі болғандай, Назарбаев ҚР Қауіпсіздік кеңесі төрағасы лауазымын Тоқаевқа тапсырған. Халық арасында түрлі қауесет тарағаннан кейін Елбасының хатшысы бұны ол өз еркімен істеді деп сендірді[3]. Оған қоса бұрынғы президенттің маңызды одақтастары өз лауазымдарынан айырыла бастады, Үкімет отставкаға жіберілді. Назарбаевтың тұсында Үкіметті басқарған ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов «мемлекетке опасыздық жасады» деп қамауға алынып, Тоқаев тағайындаған адаммен ауыстырылды. Бұның барлығы Қазақстанда билік үшін астыртын күрес жүріп жатыр ма деген сұрақтың туындауына әкеп соқтырды. Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Тоқаев халық арасында жаман атақты болған Назарбаевтан (шерушілер «Шал, кет!» деп ұрандаған болатын) өзін әрі ұстау үшін осы қадамдарға барған[110].
Наразылық шаралары басталғаннан кейін сөйлеген сөздерінде Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың атын атап, тікелей сынамағанымен, Қазақстанда бұрынғы президенттің жеке басына табыну аяқталғанының белгілері байқалды. Талдықорғандағы тәртіпсіздіктер кезінде құлатылған Назарбаевтың ескерткіші орнына қойылған жоқ, шерушілер алып тастаған Алматыдағы Назарбаев даңғылындағы көше белгілері қайта ілінген жоқ. Осы жағдайда елдің бетке ұстар азаматтары өздерінің Тоқаевқа адал екенін білдіруге асықты. «Назарбаевтың дәуірі аяқталғаны анық», — деп мәлімдеді көп жылдар бойы бұрынғы президенттің кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаев өзінің The Guardian-ға берген сұхбатында[111].
18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Өз сөзінде ол елде орын алған тәртіпсіздер үшін «экстремистік топтар» мен «террористерді» кінәлады, бұл оқиғалар кезінде қаза тапқандарға көңіл айтты. Тоқаевты қолдауға шақырып, оның «шұғыл шешімдерінің арқасында ел іргесі сөгілген жоқ» деді. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған түрлі ақпаратқа жауап ретінде Назарбаев 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа билік тізгінін тапсырғанын еске салды, сол кезден бері зейнеткер екенін, қазір Қазақстан астанасында демалып жатқанын айтты[113].
19 қаңтарда белгілі болғандай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Қазақстан халықтары ассамблеясы», «Тұңғыш президент — Елбасы», «ҚР Қауіпсіздік кеңесі» туралы заңдарға арнайы түзету енгізуді қолдап, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болу құқығынан айыратын заң жобасын Сенатқа жолдаған. Енді бұл органдарға Қазақстан президенті төрағалық ететін болып шешілді[114].
2021 жылдың қарашасында «Нұр Отан»-ның төрағасы Назарбаев партияны ел президенті басқаруы тиіс деген мәлімдеме жасаған болатын[115]. 2022 жылдың 28 қаңтарында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI Съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірауыздан партия төрағасы болып сайланды[116]. Съезде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы: «Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегіне құрмет көрсетейік, оның жетістіктері мен қадір-қасиеттерін бірінші орынға қояйық, ал есептерді еліміздің болашақ басшыларына қалдырайық», — деді[117].
7 қаңтарда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қазақстанда орын алған тәртіпсіздіктерден кейін елге ҰҚШҰ әскерлерінің енгізілуін құптамайтыны туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Қазақстан билігінің сырттан көмек сұрамай және бейбіт шерушілердің құқықтарын бұзбай елдегі тәртіпті сақтап қалуға мүмкіндігі болған[183].
25 қаңтарда АҚШ-ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы тұрақты өкілі Майкл Карпентер қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына көңіл айтты. Ол Қазақстан билігін тергеудің ашықтығын және қажетті заңды рәсімдердің сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ бейбіт наразылық білдірген адамдарды зорлық-зомбылық пен тонауға қатысушылардан ажыратуға, ұсталғандардың барлық санаттары үшін тиісті процесті қамтамасыз етуге шақырды[184].
Біз Қазақстан халқының тұрақтылығы мен оның конституциялық құрылымына, сондай-ақ олардың осы дағдарыстан шыға алатынына сенеміз.— Майкл Карпентер
19 қаңтар күні Еуропа парламентінде Қазақстанда орын алған наразылық шаралары талқыға салынды. Сөз сөйлеген еуродепутаттардың көбісі бұл оқиғаларға байланысты тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді талап етті, Қазақстан билігі жариялаған тұжырымдарға сенбейтінін мәлімдеді. Бірқатар депутаттар адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар қазақстандық шенеуніктерге қарсы санкция енгізуге шақырды. Еврокомиссар Стелла Кириакидес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар өткізіп, елді демократияландыру керек деп мәлімдеді[185].
20 қаңтарда Еуропа парламенті қаңтар оқиғасына қатысты қарарды қабылдады. Оны 671 депутаттың 589-ы қолдап, 35-і қарсы шығып, 47-сі қалыс қалды. Қарарда 27 тармақтан тұратын мәлімдеме жасалған. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарын саяси себеппен қудаламау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар[186]. Тоқаев бұл қарардың «әділетсіз» екендігін, оған «жайбарақат» қарайтынын айтты, қаңтар оқиғаларына халықаралық тергеу жүргізуді қажет деп санамайтынын мәлімдеді[187].
Ұлыбританияның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Нил Буш Қазақстанда орын алған оқиғаларға қатты алаңдайтынын жеткізіп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ол зорлық-зомбылық пен мүлікті жоюды айыптап, Қазақстандағы реформаларды, қауіпсіздік пен өркендеуді қамтамасыз ету шараларын қолдауға Ұлыбритания дайын екенін мәлімдеді[184].
5 қаңтар күні тәртіпсіздіктер басталғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Збигнев Рау Қазақстандағы жағдайға алаңдайтыны туралы мәлімдеме жасап, қақтығысты тоқтатып, келіссөздер өткізуге шақырды[188]. 10 қаңтарда Збигнев Рау ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен телефон арқылы сөйлесіп, ЕҚЫҰ міндеттемелерін, оның ішінде адам құқықтарына байланысты міндеттемелерді сақтауды өтінді[189].
7 қаңтарда Human Rights Watch ұйымы Қазақстан билігін ескертусіз оқ атуға берілген бұйрықтан дереу бас тартуға шақырды[190]. 26 қаңтарда жарияланған HRW мақаласына сәкес, 4—6 қаңтар аралығында Қазақстан қауіпсіздік күштері кем дегенде 4 жағдайда адамның өліміне әкелуі мүмкін күш қолданған. Мысалға, Алматыдағы президент резиденциясының маңында түсірілген бейнежазбалардан жарақаттанған 19 адам және қаза тапқан болуы мүмкін 10 адам анықталған. Осыған байланысты HRW Біріккен Ұлттар Ұйымынан, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан және Еуропа одағынан қаңтар оқиғаларына байланысты тәуелсіз және бәйтарап тергеу жүргізу мақсатында Қазақстан үкіметіне қысым жасауды талап етті[191].
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.