Remove ads
Орталық Азияда орналасқан мемлекет From Wikipedia, the free encyclopedia
Өзбекстан (өзб. Oʻzbekiston; Ўзбекистон), ресми атауы — Өзбекстан Республикасы (өзб. Oʻzbekiston Respublikasi; Ўзбекистон Республикаси) — Орталық Азияда орналасқан тәуелсіз мемлекет. 1992 жылғы 8 желтоқсанда қабылданған конституциясы бойынша — президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Президенті 5 жылға сайланады. Жоғары заң шығарушы органы (Олий Мәжіліс) қос палаталы болып келеді және Заң Шығару палатасы (төменгі палата) және Сенат (жоғарғы палата) болып бөлінеді. Атқарушы органы – Министрлер Кабинеті. Әкімшілігі жағынан бір автономиялық республикаға (қ. Қарақалпақстан) және 14 облысқа бөлінеді.
Өзбекстан жерін адамдар ежелгі тас ғасырынан бастап (палеолит) мекендей бастады. Олар аңшылық және терімшілікпен айналысты. Жаңа тас дәуірінде (неолит) егіншілік пен бақташылық пайда болды. Қола дәуірінің соңында алғашқы мемлекеттік бірлестіктер – Соғды және Хорезм тайпалық одақтары құрыла бастады. Б.з.б. 5 – 4 ғасырларда ел аумағы Ахемен әулеті (Бірінші Парсы империясы деп те аталады) билеген парсы патшалығына бағынды. Бұл кезеңде өзбек жерін мекендеген халықтар мен олардың тарихы туралы Геродоттың жазбалары мен Бехистун сына жазуында айтылады.
Б.з.б. 330 – 328 жылдары өлкеге Ескендір Зұлқарнайын шапқыншылық жасады. Грек-македон империясы ыдырағаннан кейін ел аумағында әр түрлі кезеңдерде Бактрия, Кушан патшалығы, Қаңлы мемлекеттері өмір сүрді. 5 ғасырдың ортасында құрылып, түркілердің қысымымен ыдырап кеткен ақ ғұндар (эфталит) мемлекетінің негізінде ел аумағы бір орталыққа біріге бастады. 6 ғасырдың ортасында Алтай мен Жетісуда құрылған Түрік қағанаты құрамында болды. 7 ғасырда ел аумағы Батыс түрік қағанатына бағынды. Осы кезеңде Ұлы Жібек жолы дамып, Самарқанд, Бұхара, т.б. қалалар ірі сауда орталықтарына айналды.
7 ғасырдың аяғында қағандық ыдырап, өлкені арабтар жаулап ала бастады. Халық жаппай ислам дінін қабылдай бастады. Араб мәдениетінің ықпалымен Мәуереннаһр аймағы ислам әлемінің аса ірі мәдени орталығына айналды. 9 ғасырдың басында Араб халифаты ыдырай бастады да, ел аумағында Самани мемлекеті құрылды. Мауераннахр мен Зерафшан өңірі барынша дамыды.
10 – 12 ғасырларда ел аумағында Қарахан мемлекеті, Ғазнауи әулеті, Салжұқ мемлекеті кезек-кезек билікке келді. 12 ғасырдың екінші жартысында Хорезмшах мемлекеті күшейіп, Бұхар мен Самарқандты бағындырды. 13 ғасырда өзбек жері Моңғол империясы құрамына кіріп, ел аумағында Шағатай қағанаты құрылды. 14 ғасырдың екінші жартысында Әмір Темір Мәуераннаһр жерінде қуатты империя құрды. Оның астанасы Самарқанд қаласы ірі сауда орталығына айналды. Үндістан, Қытай және Шығыс Еуропа арадағы тікелей сауда байланысы елдің экономикалық және мәдени өркендеуіне әсерін тигізді. Өзбек мемлекетінің тарихи негізі қаланып, саясат, экономика, мәдениет, ғылым мен өнер саласында ірі табыстарға қол жетті. Әмір Темір өлгеннен кейін қуатты империя екіге бөлінді. Мәуераннаһрды Әмір Темірдің немересі Ұлықбек басқарды. Ұлықбек қолөнер мен сауданы дамытуға қолдау көрсетіп, ғылым мен мәдениетке жіті көңіл бөлді әрі аса көрнекті ағартушы-ғалым ретінде танылды.
15 ғасырдың соңы мен 16 ғасырдың басында Орта Азияны Мұхаммед Шайбани ханның көшпелі өзбек тайпалары басып алды. Көшпелілердің жергілікті тұрғындармен сіңісуі нәтижесінде “Өзбек” этнонимі орныға бастады. Шайбани әулеті елдің шаруашылығын нығайтып, суландыру жүйесін жетілдіруге, ақша реформасын жүргізуге тырысты. Бірақ Сыр бойындағы қалалар үшін Қазақ хандығына, сондай-ақ қазіргі Иран, Ауғанстан аумағында құрылған мемлекет бірлестіктерге қарсы үздіксіз соғыстар Шайбани мемлекетінің ыдырауына алып келді. 17 ғасырдың басында Бұхара хандығы, Хиуа хандығы, 18 ғасырдың басында Қоқан хандығы құрылды. Хандықтар арасындағы халықты күйзелткен үздіксіз соғыстарға қарамастан, өлкенің шаруашылық-мәдени тұрмысы әрі қарай дамыды, ирригациялық құрылыстар жетілдірілді, ауыл шаруашылығы жақсарып, жаңа қалалар бой көтерді.
19 ғасырда Британ империясы мен Ресей Орта Азияға, оның ішінде Өзбекстанға да көз тігіп, пайдалы қазбалар көзін иеленуге ұмтылды. Қазақ жеріне мықтап орналасқан Ресей Бұхар, Хиуа және Қоқан хандықтарымен дипломатикалық байланыс орнатуға тырысты. Ресей басқыншылары Орта Азия жеріне басып кіріп, 1876 жылы Түркістан генерал-губернаторлығын (орталығы – Ташкент қаласы) құрды. Қоқан хандығы жойылып, оның аумағы Түркістан генерал-губернаторлығына берілді. Бұхара және Хиуа хандықтарының аумақтары қысқартылып, өздері Ресей боданына айналды. Мақта алқаптары ұлғайтылып, мақта тазалау заттары мен май айыру кәсіпорындары салынды. Орта Азия Ресейдің отарына, оның аграрлы шикізат базасына, өнеркәсіп бұйымдарын өткізу ауданына айналды. 20 ғасырдың басында орыс шаруаларын Орта Азияға қоныс аударту басталды. Экономикалық және әскери стратегиялық мақсатты көздеген патшалық Ресей Орта Азия, Орынбор-Ташкент темір жолын сала бастады.
1917 жылғы Ресейдегі төңкеріс елдің қоғамдық-саяси өміріне өзгерістер алып келді. «Шура-И Ислам», «Шура-И Улема» ұйымдары, «Жас Бұхаралықтар» қозғалысы пайда болды. Діни және түрікшілдік қозғалыстары күшейді. 1917 жылы 28 қарашада Қоқан қаласында құрылған Мұстафа Шоқай бастаған Түркістан автономиясын көп ұзамай большевиктер күшпен таратты. Ташкентте, т.б. ірі қалаларда жергілікті гарнизон солдаттары мен негізінен славян ұлты жұмысшыларын өз жақтарына шығарып алған большевиктер т. ж. бойларында Кеңес үкіметін орнатты және 1918 ж. РКФСР құрамында Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын жариялады. Бірақ ірі қалалар мен әскери бөлімдер жоқ жерлердің барлығында жергілікті халықтың қолдауына сүйенген басмашылар қозғалысы күрт күшейді. 1920 жылы Ішкі Ресейдегі Азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қызыл Армия бөлімдері басмашылар қозғалысын күшпен басты. Көп ұзамай Хиуа және Бұхар хандықтарында да Кеңес өкіметі күшпен орнатылып, халық толқулары Қызыл Армия тарапынан қатыгездікпен жанышталды. 1924 – 25 жылдары Орта Азия елдерінде ұлттық межелеу жүргізіліп, КСРО құрамында Өзбек КСР-і құрылды. 1937 жылы қабылданған Өзбек КСР-і Конституциясы КСРО тарағанға дейін қолданыста болды. Екінші дүниежүзілік соғысқа өзбек халқы да белсене араласты.
1991 жылғы 31 тамызда өткен Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясы елдің атауын Өзбекстан Республикасы деп өзгертіп, 1 қыркүйекте елдің тәуелсіздігі туралы декларация қабылдады. Елдің тұңғыш президент болып бұрын Өзбек КСР басқарған Ислам Кәрімов сайланды.
Өзбекстанның авторитарлық басшысы Ислам Кәрімов 2016 жылы қайтыс болды. Оның орнын премьер-министр болған Шавкат Мирзиёев алды.
2021 жылдың ортасына қарай республика халқының саны 33 млн адамға жетті. Өзбекстанға халықтың ұдайы өсудің дәстүрлі типі тән, яғни халық саны табиғи өсу есебінен артады. Табиғи өсу жылына шамамен 1,7%, бұл ТМД елдері арасындағы екінші көрсеткіш болып табылады. Туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 24, ал өлім 7 адамды құрайды. Ел тұрғындарының өмір жасының ұзақтығы — 64 жас.
Өзбекстан — көпұлтты мемлекет, мұнда 120-дан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Табиғи өсудің жоғары болуы себепті және басқа ұлттардың (әсіресе орыстардың) республика аумағынан тыс жерлерге қоныс аударуына байланысты өзбек халқының саны артып келеді. Қазіргі кезде өзбектер ел халқының 3/4 бөлігін құрайды. Олардан басқа орыстардың 7,4%, тәжіктердің 4,7%, қазақтардың 4,1% үлесі біршама. 2001 жылдың өзінде Өзбекстаннан Қазақстанға 15 861 адам қоныс аударды, олардың негізгі бөлігін тарихи отанына оралған қазақ халқының өкілдері құрайды.
Жалпы алғанда, халықтың орташа тығыздығының жоғары (1км² жерге 56 адам) болғанымен, ел аумағында халықтың қоныстануы біркелкі емес. Халықтың көпшілігі егіншілікке қолайлы алқаптарда қоныстанған, мұнда тығыздық 1км² жерге 350-380 адамнан келеді. Экологиялық жағдайы нашарланған Қарақалпақстан аумағында, шөлді Бұхара, Навои облыстарында халық сирек тұрады, кейбір аудандарда тұрғылықты халық мүлде жоқ. Орта Азияның барлық елдеріндегі сияқты, Өзбекстанда да қала халқының үлесі 38%, төмен.
Ірі қалалары — Ташкент 2,3 млн адам, Самарқанд 395 мың, Наманган 310 мың адам. Экономикалық белсенді халықтың 44%-ы ауыл шаруашылығында, 20%-ы өнеркәсіпте, 36%-ы қызмет көрсету саласында еңбек етеді.
Өзбекстан халқы этникалық топтар бойынша 1926 – 2021 жж.
Этникалық топтар | 1926 жылғы санақ | 1939 жылғы санақ | 1959 жылғы санақ | 1970 жылғы санақ | 1979 жылғы санақ | 1989 жылғы санақ | 2017 жылғы санақ | 2021 жылғы санақ | ||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | саны | % | |
Өзбектер | 3,467,226 | 73.0 | 4,804,096 | 65.1 | 5,038,273 | 62.2 | 7,733,541 | 64.7 | 10,569,007 | 68.7 | 14,142,475 | 71.4 | 26,917,700 | 83.8 | 29,200,000 | 84.4 |
Тәжіктер | 350,670 | 7.4 | 317,560 | 5.1 | 311,375 | 3.8 | 457,356 | 3.8 | 594,627 | 3.9 | 933,560 | 4.7 | 1,544,700 | 4.8 | 1,700,000 | 4.9 |
Қазақтар | 191,126 | 4.0 | 305,416 | 4.9 | 335,267 | 4.1 | 549,312 | 4.6 | 620,136 | 4.0 | 808,227 | 4.1 | 803,400 | 2.5 | 821,200 | 2.4 |
Қарақалпақтар | 142,688 | 3.0 | 181,420 | 2.9 | 168,274 | 2.1 | 230,273 | 1.9 | 297,788 | 1.9 | 411,878 | 2.1 | 708,800 | 2.2 | 752,700 | 2.2 |
Орыстар | 245,807 | 5.2 | 727,331 | 11.6 | 1,090,728 | 13.5 | 1,495,556 | 12.5 | 1,665,658 | 10.8 | 1,653,478 | 8.4 | 750,000 | 2.3 | 720,300 | 2.1 |
Қырғыздар | 79,610 | 1.7 | 89,044 | 1.4 | 92,725 | 1.1 | 110,864 | 1.0 | 142,182 | 0.7 | 174,907 | 0.8 | 274,400 | 0.9 | 291,600 | 0.8 |
Түрікмендер | 31,492 | 0.7 | 46,543 | 0.7 | 54,804 | 0.7 | 71,066 | 0.6 | 92,285 | 0.6 | 121,578 | 0.6 | 192,000 | 0.6 | 206,200 | 0.6 |
Татарлар | 28,335 | 0.6 | 147,157 | 2.3 | 397,981 | 4.9 | 442,331 | 3.7 | 531,205 | 3.5 | 467,829 | 2.4 | 195,000 | 0.6 | 187,300 | 0.5 |
Корейлер | 30 | 0.0 | 72,944 | 1.2 | 138,453 | 1.7 | 151,058 | 1.3 | 163,062 | 1.1 | 183,140 | 0.9 | 176,900 | 0.6 | 174,200 | 0.5 |
Украиндар | 25,335 | 0.5 | 70,577 | 1.1 | 87,927 | 1.1 | 114,979 | 1.0 | 113,826 | 0.7 | 153,197 | 0.8 | 70,700 | 0.2 | 67,900 | 0.2 |
Қырым татарлар | 46,829 | 0.6 | 135,426 | 1.1 | 117,559 | 0.8 | 188,772 | 1.0 | ||||||||
Түріктер | 371 | 0.0 | 474 | 0.0 | 21,269 | 0.3 | 46,398 | 0.4 | 48,726 | 0.3 | 106,302 | 0.5 | ||||
Еврейлер | 37,621 | 0.8 | 50,676 | 0.8 | 94,303 | 1.2 | 102,843 | 0.9 | 99,836 | 0.7 | 94,689 | 0.5 | ||||
Армяндар | 14,862 | 0.3 | 20,394 | 0.3 | 27,370 | 0.3 | 34,470 | 0.3 | 42,374 | 0.3 | 50,537 | 0.3 | 40,000 | 0.1 | ||
Әзербайжандар | 20,764 | 0.4 | 3,645 | 0.1 | 40,511 | 0.5 | 40,431 | 0.3 | 59,779 | 0.4 | 44,410 | 0.2 | 41,200 | 0.1 | ||
Ұйғырлар | 36,349 | 0.8 | 50,638 | 0.8 | 19,377 | 0.2 | 24,039 | 0.2 | 29,104 | 0.2 | 35,762 | 0.2 | ||||
Башқұрттар | 624 | 0.0 | 7,516 | 0.1 | 13,500 | 0.2 | 21,069 | 0.2 | 25,879 | 0.2 | 34,771 | 0.2 | ||||
Басқа | 77,889 | 1.6 | 98,838 | 1.6 | 126,738 | 1.6 | 198,570 | 1.7 | 176,274 | 1.1 | 204,565 | 1.0 | 486,900 | 1.5 | 444,900 | 1.3 |
Барлық | 4,750,175 | 6,271,269 | 8,105,704 | 11,959,582 | 15,389,307 | 19,810,077 | 32,120,500 | 34,600,000 |
Өзбекстан — индустриалды-аграрлы мемлекет.
Жері табиғи ресурстарға бай. Бүкіл Орта Азиядағы газ конденсатының 74%-ы Өзбекстанның үлесіне тиеді. Алтын қоры жөнінен ол әлемде 4, жез қоры жөнінен 11, уран қоры бойынша 7 – 8-орынды иеленеді. Мақта дақылын өсіру көрсеткіші бойынша әлемде 5-орында, оны экспортқа шығару жөнінен 2-орында. Ел аумағынан жалпы ұзындығы 4 мың шақырым құрайтын 9 ірі газ құбыры өтеді. Аса маңыздылары: Орта Азия – Орталық және Бұхара-Орал құбырлары. Жібек шикізатын, жүн, қаракөл елтірісі, жеміс-жидек, алтын, табиғи газды экспортқа шығарып, азық-түлік, шикізат, т.б. өнімдерді сырттан алады.
Өзбекстан мен Қазақстан арасында саяси-экономикалық, әскери, мәдени байланыстар орнаған. 1992 жылы екі ел арасында Достық, ынтымақтастық және өзара көмек, 1994 жылы Бірыңғай экономикалық кеңістік, 1998 жылы Мәңгілік достық туралы шартқа және экон. байланыстарды кеңейту туралы келісімге қол қойылды. 2004 жылы екі ел арасындағы шекара толық делимитацияланды.
Өзбекстан Республикасы Қарақалпақстан Республикасынан, облыстардан, ауыл үлгідегі аудандардан, қала үлгідегі аудандардан, облыстық бағыныстағы қалалардан, аудандық бағыныстағы қалалардан, ауылдар мен қыстақтардан тұрады. Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласы орталық бағыныстағы қала мәртебесіне ие. Өзбекстан аймақтары:
Қала | Тұрғындар саны, мың адам, 1.07.2001 қарай[5] |
Тұрғындар саны, мың адам, 1.01.2014 қарай[6] |
Тұрғындар саны, мың адам, 1.01.2016 қарай[7] |
Тұрғындар саны, мың адам, на 1.01.2020[8] |
---|---|---|---|---|
Ташкент | 2137,2 | 2352,9 | 2393,2 | 2571,7 |
Самарқан | 361,3 | 509 | 519,2 | 546,3 |
Наманған | 391,3 | 475,7 | 493,3 | 626,1 |
Әндіжан | 338,4 | 403,9 | 416,2 | 441,7 |
Нүкіс | 212 | 295,2 | 303,7 | 319,6 |
Бұхара | 237,4 | 272,5 | 274,7 | 280,2 |
Ферғана | 183 | 264,9 | 271 | 288,8 |
Қаршы | 204,7 | 254,6 | 260,7 | 274,9 |
Қоқан | 197,5 | 233,5 | 239,9 | 252,7 |
Марғылан | 149,6 | 215,4 | 222,1 | 235,0 |
Ангрен | 128,8 | 175,4 | 180,4 | 188,4 |
Жызақ | 131,5 | 163,2 | 167,4 | 177,4 |
Шыршық | 141,7 | 149,4 | 151,8 | 157,2 |
Үргеніш | 138,6 | 137,3 | 138,6 | 143,8 |
Термез | 116,5 | 136,2 | 140,2 | 179,6 |
Науаи | 138,1 | 134,1 | 133,5 | 144,2 |
Алмалық | 113,1 | 121,1 | 124,4 | 131,1 |
Қожалы | м.ж. | 104,5 | м.ж. | м.ж. |
Денау | м.ж. | 104,4 | м.ж. | м.ж. |
Бекабат | м.ж. | 101,2 | м.ж. | м.ж. |
Шаһрисабз | м.ж. | 100,3 | 103,5 | 139,1 |
Өзбекстандағы ежелгі сәулет ескерткіштері б.з.б. 4 ғасырда салынған. Олар Бактрия, Хорезм, Соғдияна, Ферғана өңірінде жақсы сақталған. Қала салу өнері көне заманнан (б.з.б. 3 ғасыр) басталып, орта ғасырларда өркендей түсті. Бұхара, Самарқанд, Ташкент, Хиуа, т.б. қалалардың сәулеттік өнер элементтері (шаһристан, рабад, т.б.) сол кезеңнің классик. үлгісіне жатады. Жергілікті қала салу мәдениетінде, негізінен, өрнек пен эпиграфика әдісі қалыптасып, портал-күмбезді композиция пайда болды. Бейнелеу өнерінің тарихы тас дәуірінен бастау алады.
Осы кезде көзешілік өнері пайда болып, қола дәуірінде жетілдірілді. Б.з.б. 1-мыңжылдықта металдан көркем бұйымдар жасау, б.з.б. 3 ғасыр мен б.з. 3 ғасыры аралығында бедерлеу өнері, монументті мүсін, саздан бояулы мүсін жасау дамыды. Ислам діні енген кезеңнен бастап сән және қолданбалы өнер өркендеді. 15 – 17 ғасырларда Самарқандта, Бұхарада кітап миниатюрасы гүлденді. 19 – 20 ғасырларда өзбек суретшілері ұлттық нақышты, дәстүрлі шеберлік өнерінің кәсіби мектебін қалыптастырды. Әсіресе, қазақтан шыққан Өзбекстанның халық суретшісі Орал Таңсықбаев өзбектің заманауи кескіндеме өнері мен пейзажының қалыптасуына әсер етті. Ташкентте респ. өнер музейі мен бірнеше көрме залдары жұмыс істейді. 1929 жылы әр түрлі труппалар негізінде Самарқанда алғашқы Өзбек драма театры құрылды. Қазіргі кезде Өзбекстанда онға жуық драма театры, 2 опера және балет театры, 2 Балалар мен жасөспірімдер, қуыршақ театрлары жұмыс істейді. Кино өнері де жақсы дамыған. 1924 жылы “Бухкино” серіктестігі құрылып, 1925 жылы “Өзбек мемлкино” тресі мен “Шарқ юлдузи” кинофабрикасы ашылды. 1937 жылы “Акт” атты тұңғыш дыбысты фильм түсірілді.
Өзбек әдебиетінің дамуына ауыз әдебиеті мен шығыс халықтары әдебиетінің әсері мол болған. Жанрлық түрі бай ұлттық фольклорында халық тарихын баяндайтын жыр-дастандардың алатын орны ерекше. Оларға “Күнтуғимиш”, “Алпамыш”, “Гороглы”, “Юсуф пен Ахмад”, “Тахир мен Зухра”, “Арзигул”, т.б. жырлар жатады. Түркі халықтарының, оның ішінде өзбектердің дүние жүзіне танылуына Әлішер Науаидың шығармалары ықпал етті. XVIII–XIX ғасырлардағы өзбек әдебиетінде Тұрды, Күлхани, М.Хорезми, Агахи, т.б. шығармалары елеулі орын алды. Хамза Хакимзада Ниязи (1889–1929), Садриддин Айни (1878–1954), Абдулла Қадыри (1894–1940) шығармалары демократикалық-ағартушылық ағымның бастауы болып саналады. 20 ғасырдағы өзбек әдебиеті классиктері Ғафур Ғұлам (1903–1966), Мұса Ташмұхамедов (1905 – 1068), Кәмил Яшен, Ұйғын, т.б. жазушылар туындыларында ел өміріндегі әлеуметтік-саяси өзгерістерді бейнеледі. Өзбек әдебиеті 20 ғасырдың 50 – 90-жылдары кәсіби-шығармашылық деңгейге көтеріліп, ақын-жазушылардың еңбектерін өзге ұлт тілдеріне аудару үрдісі жанданды. Мирмухсин, Зульфия, Асқад Мұхтар, Воһид Абдуллаев, т.б. қаламгерлер өнімді еңбек етті. Құддұс Мухаммади, Һәкім Нәзір балаларға арналған шығармалары арқылы танымал болды.
Өзбекстан өңірі жер бедері жөнінен солтүстік-батыс жазық және оңтүстік-шығыс таулы бөліктерге бөлінеді. Жазық жағын Қызылқұм шөлі, Үстірт, Тұран ойпаты, Әмудария атырауы алып жатыр. Таулы өлке Шатқал, Құрама, Ферғана, Алай, Зерафшан, Түркістан, т.б. жоталардан құралады, бұлардың аралықтарында Ферғана, Зеравшан, Шыршық-Ангрек, Қашқадария, Сурхандария, т.б. аңғарлар орналасқан. Жер қойнауы пайдалы қазындыларға бай. Қаратау-Нарын белдеуінен сирек металл, темір кен тасы, полиметалл, қорғасын-мырыш, Белтау-Құрамадан мыс (Қалмақыр, Сарычек кендері), Түркістан-Алайдан графит-никель-кобальт (Тасқазған) кен орындары ашылған. Ө. аумағы Орталық Азиядағы ірі мұнайлы-газды аймақ саналады. Оңтүстік Ферғанада күкірт және озокерит (Шорсу), Гиссар жотасында карноллит, сильвинит, тас тұзы, Сұлтануиздат тауында фосфорит бары анықталды.
Климаты тым континенттік, қуаң. Жазы ыстық, шілденің орташа температурасы солтүстік-батыс бөлігінде 33–38°С, оңтүстігінде 25–30°С. Қысы жылы, қар жұқа түседі. Қаңтарда 6,3°С, оңтүстігінде 3С болады. Жылдық жауын-шашынның мөлшері әр қилы, кей шөлді өңірлерде 100 мм, кей жерлерде 200–400 мм, тау бөктерлерінде 900 мм. Өзендерінің көпшілігі Арал теңізінің алабына жатады. Ірі өзендері — Әмудария, Сырдария, Зеравшан, Қашқадария. Жер суару және суландыру жүйесі өте жақсы дамыған. Жері негізінен сары және сары қоңыр топырақты; батыс және солтүстік жағы құм-шағылды келеді. Республика жерінің көпшілік бөлігінде қуаңшылыққа төзімді өсімдіктер мен жануарлар дүниесі тіршілік етеді.
Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезенде, әсіресе отын-энергетика саласын дамытуға көп көңіл бөлінді. Электр энергиясын өндіру Ангрендегі коңыр көмір, Шыршыктағы СЭС тізбегіне және табиғи газға негізделген. Қазіргі кезде 1991 жылмен салыстырғанда мұнай (газ конденсатымен қоса) ендіру 3 есеге жуық, ал табиғи газ өндірісі 10 млрд м3-ге артты. Ел Қазақстан мен Қырғызстанды да табиғи газбен қамтамасыз етеді. Мүбәректе газ өндеу зауыты салынған, мұнда газбен қатар күкірт те ендіріледі. Республикада газ өндеумен қатар, мұнай өндіру саласы да қарқынды дамуда. Алтыарық және Ферғана мұнай өңдеу зауыттары Ферғана аңғарынан өндірілетін мұнайға, ал салынып жатқан Бұхара зауыты Көкдумалак кен орнының мұнай-газ конденсатына негізделеді.
Мұнай-газ өндірісі негізінде химия өнеркәсібі ерекше қаркқнмен дамуда. Бұл сала, ең алдымен, ауыл шаруашылығының тыңайтқыштарға деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Шыршық, Навои мен Ферғанада азот тыңайтқыштарын өндіреді, Ферғана, Қоқан, Самарканд, Алмалықтағы зауыттар Қазақстаннан әкелінетін фосфорит шикізаты негізінде жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда тыңайтқыштармен қатар, өсімдіктерді зиянкестерден қорғауға қажетті заттар, тұрмыстық химия өнімдері де шығарылады. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін, дәрі-дәрмек жасайтын кәсіпорындар бар.
Жергілікті шикізатқа негізделген түсті металлургия айрықша кезге түседі. Алмалық маңында мыс-молибден кендері өндіріліп өңделеді. Ал Ташкент облысындағы комбинаттар жергілікті вольфрам, молибден кендері мен Тәжікстаннан өкелінетін қорғасын-мырыш концентраттары негізінде жұмыс істейді. Алтын өндірісі Қызылқұмдағы Мұрынтау алтын ендіретін комбинатында шоғырланған, жылына 70 ғасырға дейін таза алтын алынады. Ферғана аңғарында күміс өндіріледі.
Ташкент қаласы мен оның маңайында ауылшаруашылық машиналарын жасау кәсіпорындары орналасқан. Мұнда мақта жинауға және тазалауға арналған машиналар, тоқыма өнеркәсібі мен суландыруға қажетті жабдықтар шығарылады. Елдің халық тығыз орналасқан шығыс бөлігінде электр техникасын, приборлар мен құралсайман жасайтын өндірістің үлесі едәуір. Мұнда жүк көтергіш көліктер мен химия өнеркәсібіне қажетті жабдықтар, кабель өндіретін кәсіпорындар да орналасқан. 1996 жылдан бастап Андижан облысында "Дэу" компаниясымен бірлескен автомобиль зауыты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорында жылына 200 мыңға дейін "Дэу-Нексия" жеңіл автокөлігі құрастырылады.[9][10]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.