Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Махамбет ауданы — Атырау облысының орталық бөлігінде орналасқан аудан. Орталығы - Махамбет ауылы. Ауданға 9 ауылдық округ, 21 елді мекен[3] қарайды.
Қазақстан ауданы | |||
Махамбет ауданы | |||
| |||
Әкімшілігі | |||
---|---|---|---|
Облысы | |||
Аудан орталығы | |||
Ауылдық округтер саны |
9 | ||
Ауыл саны |
21 | ||
Әкімі |
Қайрат Нұрлыбаев | ||
Аудан әкімдігінің мекенжайы |
Махамбет ауылы, Абай көшесі, №16 | ||
Тарихы мен географиясы | |||
Құрылған уақыты |
1928 жыл | ||
Жер аумағы |
9,6 мың км² (6-шы орын) | ||
Уақыт белдеуі | |||
Тұрғындары | |||
Тұрғыны |
29 187[1] адам (2023)(6-шы орын) | ||
Тығыздығы |
3,0 адам/км² | ||
Ұлттық құрамы |
қазақтар 97,17 % | ||
Сандық идентификаторлары | |||
Телефон коды |
+7 71236 | ||
Пошта индексі |
0607XX | ||
Автомобиль коды |
06 | ||
Аудан жері Атырау қаласының іргесінен басталып, солтүстікке қарай Жайық өзенінің екі жақ бетіне орналасқан. Батысында Исатай, солтүстігінде Индер, шығысында Мақат аудандарымен шектеседі. Аудан жері Каспий ойпатының орталық бөлігін алып жатыр. Жер бедері тегіс және теңіз деңгейінен 9 м-ден (солтүстігінде) 27 м-ге (оңтүстігінде) дейін төмен. Жайық өзенінің оң жағасымен Каспий теңізінің солтүстігіндегі жіңішке өңірді қызғылт қоңыр топырақты, басым бөлігін сортаңды сұр топырақты және Жамансор деп аталатын сор жерлер алып жатыр.[4]
1920 жылдың 21 шілде сінде Орал революциялық Комитеті Президиумының шешімімен Гурьев уезі болыстарының тізімі бекітілді. Осы бекітілген шешімдегі 20 болыстың бірі болып Жаманқала болысы да Гурьев уезі құрамына енгізілді.
1920 жылдың 4 қаңтарында Жаманқалада Кеңес өкіметі орнады. Сол жылы Гурьев уезінде 23 болыс қараған. 1923 жылы 28 маусымда болыстарды ірілендіру жүргізіліп, Гурьев уезінде 11 болыс қалды. Жаманқала болысы Зеленый болысымен бірге Қызылқоға болысына қосылады.
1920 жылдың 5-6 қаңтар күндері Сарайшық, Новобогат селоларында, сол қаңтар айында Редут, Сорочинко, Кандаур, №8, №13 сияқты ауылдарда селолық кеңестер құрылды. Гурьев уезі бойынша 23 болыстық кеңестер құрылған болса, оның үшеуі Есбол, Самар, Редут қазіргі Махамбет ауданы көлемінде болды. Редут болыстық Кеңесі әуелі 1920 жылдың 30 қаңтар күні 4-армияның өкілі Черечиннің қатысуымен сайланып, орталығы Сарайшық болып белгіленіпті. Есбол болыстық Кеңесі Жайықтың сол жақ бетіндегі жоғарыдан бастап №13 ауылға дейінгі елді қамту негізінде құрылған. Самар болыстық Кеңесінде Бесарал, Таңқы, Сарайшық, Жалғансай, Бақсай, Жаманқала кеңестері қарайды. Сол жылғы 17 қыркүйекте Редут, Сарайшық, Жалғансай, Жаманқала т.б жерлерден балықшылардың шағын артельдері ашылған.
Қазақ атқару комитетінің 1928 жылғы 17 қаңтардағы VІ шақырылған 11-ші сессиясының қаулысымен Гурьев округі құрылып, оның құрамына алты аудан- Жаманқала, Есбол, Доссор, Жилкоса, Қызылқоға, Теңіз аудандары енгізілді. Сонымен Жаманқала ауданы Тополи болысының Харкин, Краснояр Советінсіз Редут болысының Сорочинко, Сарайшық, Редут, Кандаур селолық Советтерінен, Қарасамар болысының 7-ші ауылдық Кеңесінен құрылды. Мінеки Махамбет ауданының тарихы осыдан басталады. Орталығы болып Яманка ауылы белгіленген. Аудан құрылған жылы 2 пошта-телефон бөлімшесі, 3 клуб, 4 медпункт, 14 бірінші басқышты мектеп, 1 жеті жылдық мектеп болған.
Бүкілодақтық Орталық Комитеті1930 жылы 23 шілдесіндегі қаулысымен округтерді жойып, аудандарды ірілендіру жүргізілді. Есбол, Новобогат және Жаманқала аудандары бірігіп, Гурьев ауданын құрады. 1930 жылдың 17 желтоқсаны мен 1933 жылдың 1 шілдесі аралығында Гурьев ауданы Батыс Қазақстан облысына қараса, 1933 жылдың 1 шілдесінен құрамында 4 ауданы бар Гурьев округі қайта құрылды. Қазақстан Орталық Атқару Комитеті алқасының 1938 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен Гурьев округі жойылып, Гурьев облысы құрылды.Оның әкімшілік жер аумағы Гурьев облысының атқару комитетінің шешімімен бекітілді. Сонымен 1938 жылдың 15 қаңтарында құрылған Гурьев облысының құрамында Бақсай, Есбол, Жилкоса, Мақат, Маңғыстау, Теңіз аудандары енгізілді. Екінші рет құрылған Бақсай ауданы бұл жолы Жайық өзенінің екі бетіндегі ауылдарды қамтитын болды. Яғни ауданға Гурьев ауданынан Жаманқала, Жалғансай, Редут, Сарайшық, Сорочинко, Қызыл Жұлдыз, Алға, Тегісшіл, Еңбекшіл, Жаңа шаруа, Жаңа тұрмыс, Бақсай, Манаш, Жанбай, Таңдай селолық және ауылдық Кеңестері, Есбол ауданынан Топайлы, Зеленый, Карманов, Қазбек, Құмшығанақ, Қарашығанақ, Қызылүй, Жаңа күш, Есбол, Дуаберген, Кетешағыл ауылдық және селолық Кеңестерінің жері қарайтын болды. Аудан орталығы болып Яманка поселкесі белгіленген.
1939 жылы Новобогат ауданының құрылуына байланысты Бақсай ауданынан Бегайдар, Жамбыл, Жамбай, Кетешағыл, Манаш, Новобогат ауылдық Кеңестері бөлініп шықты.
1963 жылдың 2 қаңтарында Қазақ КСР-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен Есбол және Бақсай аудандары біріктіріліп, олардың негізінде Махамбет ауданы құрылды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының 15 маусым 1963 жылғы Жарлығымен бұрынғы Яманка поселкесі Махамбет болып өзгертілді. 1963 жылғы 3 қарашада Гурьев облысының атқару және партия комитеттері бюросының қаулысымен Балықшы өнеркәсіптік ауданының таратуына байланысты ол аудандағы ауылдық және селолық Кеңестер Махамбет ауданына берілді.
Климаты тым континенттік. Ауаның орташа температурасы қаңтарда -10оС, шілдеде 25оС. Кейде қыста температура -38оС-қа дейін төмендейді, ал жазда 45оС-қа дейін көтеріледі. Жылдық жауын-шашынның мөлшері 100-150 мм.
Аудандағы 21 елді мекен 9 ауылдық округке біріктірілген:
Әкімшілік бірлік | Орталығы | Елді мекендері | Халқы (2021) |
---|---|---|---|
Ақжайық ауылдық округі | Ақжайық ауылы | 1 | ▼1128 |
Ақтоғай ауылдық округі | Ақтоғай ауылы | 4 | ▼1038 |
Алға ауылдық округі | Алға ауылы | 1 | ▲2051 |
Бақсай ауылдық округі | Таңдай ауылы | 3 | ▼2189 |
Бейбарыс ауылдық округі | Бейбарыс ауылы | 3 | ▲3764 |
Есбол ауылдық округі | Ортақшыл ауылы | 3 | ▼2087 |
Жалғансай ауылдық округі | Жалғансай ауылы | 1 | ▼1240 |
Махамбет ауылдық округі | Махамбет ауылы | 2 | ▲12441 |
Сарайшық ауылдық округі | Сарайшық ауылы | 2 | ▲2851 |
Атауы | Статусы | Халқы (2021) |
---|---|---|
Махамбет | ауыл | ▲ 10685 |
Бейбарыс (Чкалово) | ауыл | ▲ 2553 |
Сарайшық (Опытное) | ауыл | ▲ 2260 |
Алға | ауыл | ▲ 2051 |
Таңдай | ауыл | ▲ 1943 |
Сарытоғай | ауыл | ▲ 1756 |
Жалғансай | ауыл | ▼ 1240 |
Ортақшыл | ауыл | ▼ 1169 |
Талдыкөл (Редут) | ауыл | ▲ 1133 |
Ақжайық | ауыл | ▼ 1128 |
Ақтоғай | ауыл | ▼ 939 |
Есбол | ауыл | ▼ 668 |
Ескі Сарайшық | ауыл | ▼ 591 |
Жер беті суларын Жайық өзенінің төменгі ағысы мен оның салалары (Бақсай, Бұғыл, Бағырлайсай, Ақсай және Ащысай) шығысында Қурайлы каналы, сондай ақ Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы көлдер құрайды. Олардың ең үлкені -Жалтыр көлі.
Далалық өңірде жусан, селеу, сораң, шағыр, қаңбақ, құмаршық, жүзгін, жыңғыл, сүттіген, қызылмия, құланқұйрық, адыраспан, алабота, изен т.б.өсімдіктер, өзен бойында қарағаш, терек, тал өседі. Жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, қояндар, қарсақ, борсық, күзендер, қосаяқтар, сарышұнақтар, ала қарға, бүркіт, үкі, байғыз, бөктергі, суларында қаздар, үйрек, аққулар т.б.кездеседі.
1939 | 1959 | 1970 | 1979 | 1989 | 1999 | 2009 | 2023 |
---|---|---|---|---|---|---|---|
33472 | ▼23179 | ▲31191 | ▼23204 | ▲64904 | ▼26559 | ▲29167 | ▲29187 |
Тұрғыны 33 305 (2014) адам. Негізінен қазақтар тұрады 97,1%, орыстар 1,9%, корейтер 0,4%. Халқының көпшілігі Жайық өзені бойына орналасқан.
Махамбет ауданы – аграрлы өңірлердің бірі. Аудан орталығының өзінде 30-дан астам шаруа қожалығы бар. Жылдан-жылға мұнда төрт түліктің саны көбейіп, өнімі молайып келеді. 2022 жылдың басында сиыр саны 3774, ұсақ жандық 9352, жылқы 1649, түйе саны 564-ке жетті.
Сонымен қатар егіншілік те өркен жайған, шаруашылықтың саны 220-ға жуықтаса, егістік жер көлемі 7200 гектардан асқан. «Первомайский», «Атырау Агро өнімдері», «Қызанақ Агро» жəне «Темірлан Агро» серіктестіктері облысқа танымал. Көкөніс, бақша дақылдары өсірілетін алқаптың дені тиімділігі жоғары технология – тамшылатып суару əдісімен баптап-күтіледі. Дəстүрлі суландыру тəсілі негізінен екпелі мал азықтық дақылдарға ( жоңышқа, беде жəне жүгері) қолданылады.[5]
Ауданда 25 мектепке дейінгі мекемелер, 18 мектеп, Махамбет көпбейінді ауыл-шаруашылығы колледжі, 1 орталық аурухана, 1 өкпе аурулар ауруханасы, 6 ФАП, 2 ФП, 11 мәдениет үйі жұмыс істеуде. Аудан жерінен Атырау-Орал, Атырау-Индер, Махамбет-Аққыстау тас жолдары, Ресей және Кавказ бағыттарына қарай мұнай-газ құбырлары өтеді.[6]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.