Қазақстан Республикасының ең үлкен қаласы, үш мегаполистің бірі From Wikipedia, the free encyclopedia
Алматы (1921 жылға дейін — Верный; орта ғасырларда — Алмату (Алмалы)) — Қазақстанның ең үлкен қаласы. Ол Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында орналасқан. Алматыда 1 897 143 адам тұрады (2019)[4]. Алматының ЖІӨ 2010 жылы 18.8 млрд АҚШ долларын, ал жан басына шаққанда 19 мың АҚШ долларын құрап Қазақстанның ЖІӨ бестен бір бөлігін өндіреді.[5]
Қала | ||||||||
Алматы | ||||||||
Сағат тілімен: Алматы теледидар мұнарасы, Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты, Вознесенск кафедралы шіркеуі, Орталық Алматы, ҚБТУ ғимараты, Абай атындағы опера және балет театры. | ||||||||
| ||||||||
Әкімшілігі | ||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Ел | ||||||||
Статусы | ||||||||
Ішкі бөлінісі | ||||||||
Әкімі | ||||||||
Тарихы мен географиясы | ||||||||
Координаттары |
43°15′00″ с. е. 76°54′00″ ш. б.43.25000° с. е. 76.90000° ш. б. (G) (O) (Я) | |||||||
Құрылған уақыты |
1854 | |||||||
Бұрынғы атаулары |
Алмату, Верный, Заилийский, Алма-Ата | |||||||
Жер аумағы |
683,5[1] км² | |||||||
Орталығының биiктігі |
600 — 2200 (орталық — 785) м | |||||||
Климаты | ||||||||
Уақыт белдеуі | ||||||||
Тұрғындары | ||||||||
Тұрғыны |
▲ 2 264 499[2] адам (тамыз 2024) | |||||||
Тығыздығы |
3313 адам/км² | |||||||
Агломерация |
▲ 2,5 млн | |||||||
Ұлттық құрамы |
қазақтар — 63,23% | |||||||
Конфессиялар | ||||||||
Этнохороним |
алматылық, алматылықтар | |||||||
Сандық идентификаторлары | ||||||||
Телефон коды |
+7 7272 | |||||||
Пошта индекстері |
050000—050063 | |||||||
Автомобиль коды |
02 | |||||||
Басқалары | ||||||||
Лақап аты |
«Оңтүстік астана» | |||||||
Марапаттары | ||||||||
Алматы қаласының әкімдігі | ||||||||
Алматы шекарасы
| ||||||||
Ортаққордағы санаты: Алматы |
Қаланың аумағы — 682 шаршы километр.
Іле бойы жазығының оңтүстігін ала Тянь-Шань тау селімдерінің солтүстігінде орналасқан. Республика жерінің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Іле Алатауының солтүстік беткей баурайында, теңіз деңгейінен 700-1000 метр жоғары Үлкен және Кіші Алматы өзендері аңғарларында орналасқан.
Алматыда континенттік климат қалыптасқан. Климаттық жағдайы — желсіз тымық ауа-райы және ауа қабаттарының тау аңғарлары арқылы төмен қарай ығысумен ерекшеленеді. Ең ыстық айлары — шілде мен тамыз болса, ең суық айы — Қаңтар. Орташа жылдық температурасы шамамен 10°С кұрайды, қаңтардың орташа температурасы шамамен -4.7°С, ал шілдеде +23.8°С. Аяз қараша айында басталып, сәуірде аяқталады. Қатты аяз 67 күн болады — 19 желтоқсанда басталып, 23 ақпанда аяқталады. Ыстық күндер температурасы 30 °C дейін — 36 күн болады. Жылы мезгілде шамамен 600-650 мм жауын-шашын жауады.
Алматы ауа райы | |||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Көрсеткіш | Қаң | Ақп | Нау | Сәу | Мам | Мау | Шіл | Там | Қыр | Қаз | Қар | Жел | Жыл |
Абсолюттық максимум, °C | 18,2 | 19,0 | 28,0 | 33,2 | 35,1 | 39,3 | 43,4 | 40,5 | 38,1 | 31,1 | 25,4 | 19,2 | 43,4 |
Орташа максимум, °C | 0,7 | 2,2 | 8,7 | 17,3 | 22,4 | 27,5 | 30,0 | 29,4 | 24,2 | 16,3 | 8,2 | 2,3 | 15,8 |
Орташа температура, °C | −4,7 | −3 | 3,4 | 11,5 | 16,6 | 21,6 | 23,8 | 23,0 | 17,6 | 9,9 | 2,7 | −2,8 | 10 |
Орташа минимум, °C | −8,4 | −6,9 | −1,1 | 5,9 | 11,0 | 15,8 | 18,0 | 16,9 | 11,5 | 4,6 | −1,3 | −6,4 | 5,0 |
Абсолюттық минимум, °C | −30,1 | −37,7 | −24,8 | −10,9 | −7 | 2,0 | 7,3 | 4,7 | −3 | −11,9 | −34,1 | −31,8 | −37,7 |
Жауын-шашын нормасы, мм | 34 | 49 | 75 | 107 | 106 | 57 | 46 | 30 | 27 | 60 | 56 | 42 | 684 |
Дерекнама: Ауа Райы мен Климат |
Алматы қаласы 8 ауданнан тұрады:
Алатау ауданы
Алмалы ауданы
Әуезов ауданы
Бостандық ауданы
Медеу ауданы
Наурызбай ауданы
Түрксiб ауданы
Жетiсу ауданы
Алматының қалалық әкімдігінің басқармалары:
Қала тұрғындарының жартысынан көбін қазақтар құрайды. Қазақтардан басқа орыстар, ұйғырлар, татарлар, украиндар және т.б. тұрады. Шетелдіктердің ішінде ең көбі түріктер. Бейресми деректер бойынша халық саны 2,5 миллионды, ал ресми дерек бойынша Алматыда 1,7 миллионды құрайды.
Санақ болған жыл | Халықтың саны |
---|---|
1859 | 5000 |
1879 | 18 423 |
1913 | 40 000 |
1926 | 45 400 |
1939 | 222 000 |
1959 | 456 000 |
1970 | 665 000 |
1979 | 899 700 |
1982 | 1 000 000 |
1989 | 1 071 900 |
1999 | 1 129 400 |
2009 | 1 365 600 |
2010 | 1 391 095[7] |
2011 | 1 414 017[7] |
2012 | 1 450 327[7] |
2013 | 1 475 579[8] |
2014 | 1 507 509 |
2015 | 1 552 349[9] |
2016 | 1 703 482 |
2017 | 1 751 308[10] |
2018 | 1 801 993 |
2019 | 1 854 656[11] |
2020 | 1 914 856 |
2021 | 1 993 067 |
2022 | 2 050 268 |
2023 | 2 161 700 |
Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаған. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде қала ертегіге айналады. Алматы қаласының атауы алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.
Кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы — Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. ХІІІ ғасырда оны Шыңғысхан ордасы тас талқан етті. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Верный қаласы пайда болды. Кеңес Одағы жылдары қала атауы Алма-Ата болып өзгертілді, 1929 жылдан 1997 жылға дейін Алма-Ата Қазақстан астанасы болған. 1993 жылы тәуелсіздік туралы Ата заң қабылданған сәттен бастап, бұрынғы Верный, одан кейінгі Алма-ата, сосын Алматы деп өзгертілді.
Алматы теңіз деңгейінен 650-1200 метр биіктіктегі Іле Алатауының солтүстік бөктерінде орын алған. Қала жазықтықта орналасқан, үш жағын биік таулар мен жасыл массив қоршаған. Алматы — Еуразия континентінің орталығы. Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында.
Алматының баурайларын Іле Алатауының ұлттық паркі алып жатыр. Онда көптеген табиғи қорықтар орналасқан. Мұнда өмір сүретін сирек құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың қатарына Алматының мемлекеттік елтаңбасын әшекейлеген барыс жатады. Тау баурайы дәнді дақылдар алқабы, бақша, темекі плантациялары мен жүзімдіктер, жидектер мен жеміс бақшаларына ұласады. Қала территориясының 8 мың га-дан астамын бақшалар, парктер, саябақтар мен бульварлар алады.
Қала 170 шаршы км-ден астам алаңды құрайды. Ол кіші және үлкен Алматы өзендерінің алқабында орналасқан. Тау өзендері қаланы сумен қамсыздандырудың басты көзі болып саналады. Алматы 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес, Астана қаласына көшірілді.
Алматы — елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы. 1997 жылы қаланы одан әрі іскерлік әрі қаржы орталығы ретінде дамыту туралы шешім қабылданды. 2006 жылы АӨҚО дамыту жөніндегі заңға қол қойылды.
Басты қала құндылықтарының бірі — Көктөбе. Оңтүстігі қаламен шектесетін жоталы мекен. Ол 1070 метр биікте орналасқан. Көктөбенің басына шығу арқылы қаланың алақандағыдай көрінісін тамашалауға болады. Дәл осы жерде қаланың керемет түнгі көрінісінің куәсі бола аласыздар.
28 панфиловшылар паркі. Паркте атақты мемориал, естелік аллеясы мен мәңгі алау от бар. Зенков кафедралдық шіркеуі де осы паркте орналасқан.
Қасиетті-Вознесенский православтық шіркеуін жергілікті сәулетші А.Зенков бірде-бір шегесіз 1940 жылы құрастырған. Ол әлемдегі ағаштан жасалған ерекше тоғыздықтың бірі болып саналады. Шіркеу 1911 жылы болған Рихтер шкаласы бойынша 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп берген.
Тәуелсіздік монументі — Республика алаңына көрік берген қайталанбас құрылыс. Аталған монументтің авторы — Шота Уәлиханов. Монументтің ұшында барысқа мінген алтын адам бейнесі бейнеленген. Ал монументтің айналасында қазақ даласының ежелгі тарихы толықтай қамтылған.
А.Қастеев атындағы өнер музейі мен мемлекеттік орталық музей — республикамыздағы басты құндылықтардың бірі. Сонымен қатар қазақ халқының ұлттық инструменттерін топтастырған Ықылас атындағы ұлттық музей де ерекшелігімен көз тартады.
Әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны 1972 жылы құрылған. Ол қаладан 15 км. қашықтықта орналасқан.[12]
15-18 ғғ. Ұлы Жібек жолының маңызының төмендеуімен қала да құлдырай бастады. Бұл кезеңде Алматы мен жалпы Қазақстанның тарихында оқиғалар орын алды. Мұнда маңызды этносаяси процестер, Жетісу мәдениетінің қалыптасуы жүрді. Алматы аумағына қатысы бар аудандарда қазақ мемлекеттігінің құрылуы басталды. Бұл жер жоңғар шапқыншылығының және өз елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ батырларының оқиғаларына бай. Бүкіл Жетісу жері Моғолстан мемлекетінің территориясында болды
1560-1564 жылдары Жетісу жерінде Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының іргесі қаланған жер Алматы маңындағы Қозыбасы деген тау еді. Қазір бұл жер - Алматы облысы, Самсы теміржол бекеті.
1730 жылы Алматыдан 70 шаршы км қашықтықта орналасқан Аңырақай тауларында қазақ батырлары қазақ халқының жоңғарлармен Отан соғысындағы қиын кезеңдегі тарихта мәңгі қалған жеңіске жетті. Зерттеуші М.Тынышпаевтың дерегі бойынша Аңырақай шайқасы туралы дерек Пішпек және Әулиеата уезінің қазақтарының жадында жақсы сақталған.
1854 жылғы ақпанның 4-інде Іле Алатауының баурайында Ресей империясының әскери қамалы Верныйдың негізі қалануымен қала тарихының жаңа кезеңі басталады.
1854 жылдың күзінде Верный қамалының құрылысы аяқталды. Верный қамалының бір жағы Кіші Алматы өзенінің бойымен орналасқан, ағаштан құрылған бесбұрыш пішінінде салынды. Кейіннен ағаш кірпіш пен таспен ауыстырылды.
1855 жылғы шілденің 1-інде Верный қаласына казактардың бірінші тобы көшіп келді. 1856 ж. орыс шаруалары да көшіп келе бастады. Олар қамал жанынан салынған Үлкен Алматы орталығына қоныстанды. Қоныс аударғандардың көбеюіне орай Кіші Алматы бекеті мен Татар (Райымбек) көшесі пайда болды. Бұл жерге татар қолөнершілері мен саудагерлері қоныстанды. 1859 жылдың мамырында қоныс аударғандардың саны 5 мыңға жетті. Құрылыс жұмыстарына инженер Л.Александровский жетекшілік жүргізді, ал құрылысты басқарған әскери-инженер Ц.Гумницкий болды.
1867 жылғы сәуірдің 11-інде Верный қамалының атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы аталды. Бірақ сол жылы «Дала комиссиясының» баяндамасы бойынша қаланың аты Верный болып қайта өзгертілді. Верныйдың қала болуы сол кездегі реформаларға байланысты болды. Верный өзімен аттас Верный уезі мен Жетісу ауданының орталығына айналды.
Үкімет орындарының көшуі салынып жатқан Түрксіб теміржолының бірінші поезында 1929 ж. мамырында басталды.
Кішкене қалашықтың астанаға айналуы көптеген әкімшілік мекемелердің, тұрғын үйлердің салынуын қажет етті.
Республиканың кеңестік халық комитеті 1929-1930 жылдарға арналған қала құрылысының жоспарын қабылдады. Тұрғын үй құрылысына 6,5 млн сом қаржы бөлінді, әкімшілік мекемелер құрылысына 2,9 млн сом, коммуналдық шаруашылыққа 2,2 млн сом қаржы бөлінді.
Қаржы бірінші кезекте тұрғын үй және мектептер, денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысына бірінші кезекте бөліне бастады.
Қазақстанның астанасы Алматыға көшірілуіне байланысты 1936 жылы қаланың архитектуралық құрылысы жөнінде арнайы жоспар құрылды. Жоспардың басты мақсаты Алматы қаласын мәдени орталыққа айналдыру болды. Жоспар бойынша қалыптасқан тарихи маңызы бар құрылыстарды түбегейлі өзгерту және үлкейту көзделді.
Тылдағы ерен еңбегі үшін 52 мың алматылық жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды, 48 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Алматыда үш атқыштар дивизиясы (олардың танымалы — 28-гвардиялық панфиловшылар дивизиясы), екі атқыштар бригадасы және үш авиациялық полк құрылды.
Бұрынғы Верный қаласының тарихи жоспарланған жүйесі 1968 жылы қабылданған Алматы қаласының бас жоспарында негізделді.
Губернатор үйі | Торговой және Фонтанной көшелерінің қиылысы (Жібек Жолы және Төлебаев көшелері) | Татар мешіті | Алматы базары |
Құрылыста түрлендіру мен сәйкестендіру архитектуралық тұрпаттың әр түрлі болуына себебін тигізді. Мектеп, аурухана, мәдени орталықтар, солардың қатарында Ленин атындағы сарай, «Қазақстан» қонақ үйі, Медеу спорттық кешені т.б. құрылыс нысандары салынды. Қалада демалыс орындарын құруға, қалалық көліктің дамуына көңіл бөлінді. 1981 жылдан бастап метрополитен жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Алматы қаласын дамытудағы жаңа бас жоба 1998-2020 жылдар аралығын қамтиды. Басты мақсат экологиялық жағынан таза, қауіпсіз, әлеуметтік жағдайлары қолайлы орта құру. Негізгі архитектуралық-құрылыстық мақсат — Алматының «жасыл желекті қала» атын сақтау және одан әрі дамыту. Жоспар бойынша көп қабатты үйлер салу, өндіріс орындарын, қоғамдық көлік жүйесін дамыту, метрополитенді іске қосу көзделді.
1993 жылғы шешім бойынша қала атауы орыс тілінде Алма-Атадан Алматыға ауыстырылды.
1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімімен ел астанасы Алматыдан Астанаға ауыстырылды.
1998 жылдың 1-шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Бұл заң бойынша Алматы ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық болады.
Алматы қаласын халықаралық деңгейдегі қаржы орталығына айналдыру үшін атқарылатын жұмыс көп, ол бәсекелестікті күшейту, бәсекелестік орта қалыптастыру. Жекелеген компаниялардан, жеке тұлғалардан бағалы қағаздар нарығын дамытуға қаржы көздерін тарту, Алматы қаласының қаржы орталығы болуы үшін инфроқұрылымын дамыту және жаңарту, халықтың қаржымен жұмыс жасау жөніндегі мәдениетін арттыру, қолайлы инвестициялық жағдай жасауды жалғастыру, қор нарығына жаңа эмитенттер тарту, қор нарығын дамыту үшін мемлекеттік үстемелеуді жалғастыру, бағалы қағаздар нарығын дамыту, Қазақстанда іскерлік белсенділікті арттыру және т.б. ауқымды істерді жүзеге асыру. Бұл түйткілді мәселелер Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің 2011-ші жылға дейін жасаған стратегиялық жоспарында кеңінен айтылып кеткен. Үлкен жобаны іске асыру жолында ең үлкен мәселелердің қатарына елде белең алған жемқорлықпен күресті күшейту, сот жүйесінің ашықтығын, тәуелсіздігін арттыру жұмыстарын кеңейту, сапалы мамандарды дайындау секілді түйткілді мәселелерді шешуіміз керек. Ұлттық қор нарығын дамыту біздің еліміз үшін ішкі қаржыландыру көздерін табудың үлкен балама шешімі болмақ.
2010 жыл нәтижесі бойынша Алматы бюджеті 5 млрд АҚШ долларынан асқан.[13]
2021 ж. мәліметі бойынша, қала аумағында 1749 өнеркәсіптік кәсіпорын тіркелген. 2019 жылы Алматының жалпы өңірлік өнімі 13 триллион 459 миллион теңге құрады. Бұл елдегі жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын құрайды. Адам басына щаққанда 6 миллион 913 мың теңге құрайды.[14] Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы ел аумағында Батыс Қазақстан облысынан кейін екінші орында.
2004 жылы қалада жалпы құны 169563,2 млн теңге өнеркәсіп өнімі өндірілген, бұл 2003 жылдың деңгейімен салыстырғанда 113,4% құрады, ал қаржылық емес сектор бойынша 168274,7 млн теңге - 113,4%.
Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы қала бойынша өсуін өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Осы сала бойынша өндірілген өнімнің көлемі есеп беру кезеңіне 156311,8 млн теңгеге жетті, физикалық көлемінің индексі 116,6% құрады, ал өндірілген өнімнің жалпы салмағынан үлесі 92,2% құрады. Тау-кен өнеркәсібінің үлесі - 0,1%, ал электр қуатын өндіру мен үйлестіру, газ және су үлесі −7,7%.
Өңдеу өнеркәсібінде өнім үлесі ең көп салалар:
Жалпы қала бойынша өнімнің 63,7% азық-түлік саласына, целлюлозды-қағаздық өнеркәсіп пен баспа ісі, көлік жасау салаларына келеді.
2004 жылы өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың саны 48750 адам болды. Орта айлық табыс 2003 жылмен салыстырғанда 19,9% өсіп, 36,1 мың теңгені құрады.
2004 жылы қаланың өнеркәсіп орындарында өндірістің дамуына, негізінен, жаңа құрал-жабдық, жаңа технологиялар алу үшін және өнімнің жаңа түрін өндіруге 15,0 млрд теңге инвестиция салынды.
2004 жылы полиграфиялық өнім, темірден, ағаштан және металлопластикадан жасалатын бұйымдар, сусындар өндіру, сүт өнімдері және т.б. бойынша 44 жаңа өндіріс енгізілді.
35 кәсіпорындарында жаңа технология бағыттары енгізілді және өнімнің жаңа идеялары меңгерілді. Осының барлығы 2004 жылы 2837 жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Қандай да болмасын кәсіпорынның ішкі немесе халықаралық нарығында жетістігін қамтамасыз етудегі негізгі әдіс ИСО 9000 және т.б. сапасындағы менеджмент жүйесін енгізу болып табылады. Бүгінгі күні 54 өнеркәсіптік кәсіпорындар өндіру жүйелеріне сапа менеджменті жүйесін енгізді.
2004 жылғы тауар айналымы (қоғамдық тамақтандыруды санамағанда) 428,9 млрд теңгені құрады және 2003 жылға қарағанда 22,2% өсті.
Сауда кәсіпорындарының тауар айналымы жалпы тауар айналымының 34,4%-ын (130,9 млрд теңге) құрады. Осы кәсіпорындардың физикалық көлемінің индексі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2% өсті. Тауар айналымының көп бөлігі орта және шағын кәсіпорындардың үлесіне тиеді.
Жеке меншік кәсіпорындар арқылы сатылған тауар айналымы және киім, аралас, азық-түлік базарларындағы саудадан салық түрінде 419,9 млрд теңге (97,9%) алынды, заңды тұлға және шет ел мемлекеттері азаматтарының қызметінен — 8973,1 млн теңге (2,09%), мемлекеттік сауда кәсіпорындарынан — 47,2 млн теңге (0,01%) алынды.
Есеп беру кезеңінде қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарымен 6754,7 млн теңге көлемінде өнім өткізілген. Бұл салыстырмалы бағамен алғанда 25,0% артық, олардың көп бөлігі шағын және орта кәсіпорындармен қамтамасыз етіледі. Олардың үлесі тиісінше 45,6 және 44,5%.
Көтерме сауда айналымы 2004 жылы 522,7 млн теңгені құрады. Бұл қазіргі бағада 2003 жылмен салыстырғанда 23,3% артық. Шағын және орта кәсіпорындар үлесі тиісінше тауар айналымы сәйкесінше — 57,6 және 41,5%.
2005 жылдың 1-қаңтарына қарағандағы мәлімет бойынша, Алматы қаласында 5140 сауда, қоғамдық тамақтандыру және қамтамасыз ету кәсіпорындары бар:
Сауда, қоғамдық тамақтандыру мен қамтамасыз ету салаларында барлығы 69484 адам жұмыс істейді.
Есентай Тауэрс | Алматы қаржы орталығы | Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент атындағы саябағы | Нұрлы-Тау бизнес-орталығы |
Алматы қаласында Аймақтық қаржы орталығын құру жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевпен ұсынылған болатын және алғаш рет 2004 жылдың қараша айында Қазақстан қаржыгерлерінің Конгресінде жария етілді.
2005 жылы Қазақстан Үкіметімен Сингапур мен Тайланд қаржы орталықтарын құру мен дамытуға қатысқан «Boston Consulting Group Inc.» компаниясы шақырылды.Бұл компанияның басты мақсаты қаржы нарығын дамытуда артықшылықтар мен кемшіліктерді анықтап, құрылатын қаржы орталығында құқықтық, инфрақұрылымдық, басқару позициялары бойынша ұсыныстар әзірлеу болды.
Бүгінгі күні эмитенттер, қатысушылар, сондай-ақ, арнайы сауда алаңында Қазақстанның барлық аймақтарынан дара инвесторлар тарту мақсатында Агенттік Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Солтүстік-Қазақстан облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында презентация өткізді. Оның аясында облыс әкімдіктері мен Агенттік арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойылды. Осы келісімдерге сәйкес 2007 жылдың аяғына дейін әр аймақтан үштен кем емес эмитент тарту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, Агенттік ААҚО бірнеше шетел, Ұлыбритания, Қытай, Сингапур, Германия, Оңтүстік Корея, Балтық елдерінде, Ресей, Украина және т.б. елдерінде тұсаукесерін өткізді. Осы сапарлардың басты қорытындысы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы, атап айтқанда, Лондон, Франкфурт, Гонконг, Сеул және Варшава қор биржаларымен меморандумға қол қою болып табылды. Қол қойылған құжаттар ұзақ мерзімді ынтымақтастық механизмін әзірлеуге, аталған елдердің қор биржаларымен ААҚО арасында байланыс орнату бойынша нақты іс-әрекетке дайындықты білдіреді.
Қазіргі таңда ААҚО АСА листингінде 14 эмитент бар — «Астана-Финанс» АҚ, «Астана-Недвижимость» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» АҚ, "Концерн «Цесна-Астық» ЖШС, «ЭКОТОН+» АҚ, «MAG» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ, Kazkommerts International B.V., АО «Kazcat», «Темiрбанк» АҚ, «АТФ-Банк» АҚ және «RESMI COMMERCE» ЖШС. Қор нарығына қойылған осы компаниялардың 55 құнды қағаздарынан 15 акция, 40 облигация. Бүгінгі күні ААҚО сауда көлемі 40 млн АҚШ долларын құрады. Акцияның нарықтық капиталдануы 5,3 млрд АҚШ долларын, облигация - 3,6 млрд АҚШ долларын құрайды.
Бүгінде ААҚО ҚРА экономиканың түрлі салаларының — қаржы, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылық және т.б. компанияларын АСА шығару бойынша келіссөздер жүргізуді жалғастыруда.
VII Қысқы Азия Ойындар немесе Азиада 2011 жылы 30-қаңтар мен 7-ақпан арасында Қазақстанның екі қалаларында (Алматы мен Астана) өтті. Жалпы алғанда, 7-қысқы Азия ойындарына Қазақстанда 17-ден астам ел қатысты, жарыстар спорттың 11-түрінен өткізілді және 59-дан астам медаль жиынтығы ойнатылды. Тек оңтүстік мегаполистің өзіне 60 мыңнан астам турист келгенін атап өту керек.
Алматы қаласының нысандары Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайы, “Медеу” биік таулық спорт кешені, халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешені, “Шымбұлақ” биік таулық база. Осы нысандар 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының жарыстарын жүргізуге қызмет етті.
Алматы — республикадағы ең сәулетті қалалардың бірі. Қала архитектурасында ұлттық ерекшеліктің элементтері, қала аумағының табиғат сұлулығы және құрылыс саласындағы ғылым мен техниканың жетістіктері жүйелі түрде, жоғары талғампаздықпен үндестік тапқан. Алматыда әр ғимарат өзіндік ерекшеліктерімен, ұтымды инженерлік-архитектуралық шешімімен кезге түседі. Қаладағы Республикалық алаң кешені, Президент резиденциясы, Даңқ монументі, Республика сарайы, Қазақстанның ғылым академиясының және Ұлттық кітапхана ғимараттары, Қазақ драма театры, "Қазақстан", "Отырар", "Рахат-Палас", "Анкара", "Достық" қонақ үйлері, Студенттер сарайы, Спорт сарайы, Медеу спорт кешені, республикалық Орталық мұражай, т.б. көптеген мәдени, ғылыми және қала тұрғындарына арналып салынған ғимараттар бой көтерді.
Алматы ірі ғылым, мәдениет және білім орталығы. Алғашқы жоғары оқу орны Алматыда 1928 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты болды.
Алматы орталық мешіті Алматыда 42 конфессияны құрайтын барлығы 275 діни бірлестіктер мен топтар қызмет етеді. Бұл 1991-жылға қарағанда 10 есе артып, діни бірлестіктер қатары әлі де көбеюде.
Олардың ішінде: Ислам — 38, Орыс православиелік шіркеуі — 14, көне салтшылдар — 2, Ахмадие — 2, Римдік-католиктік шіркеу — 5, Иудейлік дін — 2, Лютерандық шіркеу — 5, Евангельдік мәсіхші-баптистер — 20-ға тарта, Жетінші күннің Адвентистері — 5, Елушілдер — 4, Пресвитериандар, Әдістемешілер және оған жақын бірлестіктер — 40-тан аса, Иегова Куәгерлері — 30-ға тарта, Жаңа апостолдық шіркеу — 2, Біртұтастық шіркеуі — 2, Буддизм — 2, Соңғы өсиет шіркеуі — 1, Харизматикалық бірлестіктер — 16, Иса Пайғамбар шіркеуі — 2, Бахаи — 2, Жаңа ұстаным Бірлестіктері (Кришна Танымы Қоғамы, Вайшнавалар, Шри Чинмоя және т.б.) — 4, Інжіл шіркеуі — 1, эзотерикалықтар (Ұлы Ақ Бауырластық) — 1, Армян-григориандық шіркеуі — 1, Трансцендентальдық медитация — 1, Саентологиялар — 1 және басқалары бар.
Алматыда бірқатар ескі және жаңа республикалық діни орталықтар да қызмет етеді: Қазақстан мұсылмандарының діни Басқармасы, Орыс Православиелік шіркеуі Астана-Алматы қалалық епархиясының Епархиалық Басқармасы, Қазақстан Республикасы оңтүстік-шығыс аймағының Евангельдік Мәсіхші-Баптистер Бірлестігі, Жетінші күннің Адвентистері шіркеуінің оңтүстік юниондық конференциясы (Қазақстан және Орта Азия бойынша), Қазақстандық Мәсіхшілер Орталығы, «Жаңа өмір» Інжіл Орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ахмадиялық Мұсылман Жамағаты, сонымен қатар басқа да бірқатар аймақтық орталықтар.
Ислам және Орыс Православиелік шіркеуі діни бірлестіктері ірі орталықтар болып есептеледі, өйткені қазақстандықтардың 95%-дан астамы аталмыш діндердің үлесіне тиеді. Сонымен қатар Римдік-католиктік шіркеудің қызметі де белсенді жүргізілуде. Сондай-ақ протестанттық ұйымдар ішінен Евангельдік мәсіхші-баптистер бірлестігі, Пресвитериан, Харизматтар және Евангельдік мәсіхшілер, Жетінші күннің Адвентистері, Евангельдік-лютерандық шіркеу қызметтері де біршама қолдауға ие. Алматы қаласында түрлі дәстүрлі діндерден тыс басқа да жаңа діни бірлестіктер (Мысалы, Мун шіркеуі, Виссарион шіркеуі, Кришна санасы қоғамы, вишнуиттер және т.б.) қызметін атқарып жатыр.
Алматы қаласында көптеген діни оқу орындары бар — Ислам мәдениетінің Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Орыс Православиелік шіркеуінің Алматы епархиалдық училищесі, Алматы пресвитериандық діни Академиясы, Қазақстандық пресвитериандық діни семинариясы, «Агапе» және «Жаңа өмір» інжіл колледждері, Жетінші күннің Адвентистері Заок Діни Академясының Алматыдағы бөлімшесі, барлығы 10-нан астам оқу орны.
Алматы қаласында мынадай діни басылымдар жарық көреді: «Ислам Әлемі», «Шапағат Нұр», «Қазақстандағы Православие Нұры», «Веди», «Жаңа Өмір», «Хабаршы», «Шолом Алейхем» және т.б.
Қалада 87 діни ғимарат пен құрылыс объектілері орналасқан. Олар діни дәстүрлерді ұстану мен жүзеге асыру үшін ашылған. Мысалы, қаланың Орталық Мешіті, Әулие Вознесендік Кафедралды соборы, (тарихи және мәдени ескерткіштер), Сұлтан-Қорғандағы мешіт ғимараты, Әулие-Қазан шіркеуі, Әулие Үштік католиктік храмының ғимараты, алуан түрлі мінәжат үйлері, «Менахем Үйі» — Хабад-Любавич Қазақстандық Еврей орталығы және т.б. Сонымен қатар барлық дін өкілдерінің соңғы сапарға аттандыру салттарын ұстанатын бірлестіктер бар.
Діни бірлестіктердің қалыпты қызмет етуіне қалалық және аудандық әкімшіліктер тарапынан әрдайым көмек көрсетіледі: діни ғимараттардың құрылысына арнайы жер учаскелері бөлінеді, жергілікті бірлестіктерде қызмет ететін шет елдік өкілдердің білім деңгейін тексеру жүргізіледі, қайырымдылық шараларды ұйымдастыруда да бірқатар мәселелердің шешілуіне ықпал етіледі.
Қазақстан Республикасы КСРО-дан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан аумағында көптеген орыс тіліндегі көшелер мен мектептер және тағыда басқа ұйым атаулары қазақ тіліні аударылды. Қазіргі таңда Алматы қаласында 1000 жуық көше бар. Ол көшелерді келесі мақаладан қарауларыңызға болады немесе Алматы көшелері деген сілтемені басуыңызға болады.
Алматы қаласында жолаушыларды және жүк тасымалдайтын қалалық бағыттарда 24 тасымалдаушы және өздері 2000 автобус, 46 трамвайлар, 191 троллейбустарды басқарумен «Алматыэлектротранс» МКК айналысады.
Алматы қаласының бағыттық желісіне 131 бағдар қосылған, олардың ішінде 119 автобус, 10 троллейбустық және 2 трамвайлық бағдар, 1884 автобустар, 28 трамвайлар жұмыс істейді. 2009 жылы 4 бағдар ашылды: №1 троллейбустық парктің №16 бағдарына қозғалыс орнатылған және №15,18 және 122 автобустық бағыттар ашылды және 20 бағдардың қозғалыс сызбасында өзгерістер болды. 33 автобустық бағдарды қамтамасыз ету құқығына 2 байқау өткізілді және байқау нәтижесі бойынша 10 тасымалдаушыға 18 бағдарды қамтамасыз ету құқығына куәлік тапсырылды. Қалған бағдарлардағы үміткерлердің қызметі қанағаттанарлықсыз деп табылды және бұл бағдарларға жаңа байқау өткізілетін болады.
Тасымалдаушылардың жылжымалы құрамын жаңарту мақсатында жеке қаржыларына 98 бірлікте жаңа автобустар және екінші нарықтан 72 автобус алынған, 170 автобустың барлығы Euro – II стандартқа сәйкес.
Қалада таксомоторлы тасымалдаушылар 487 а/м 9 тасымалдаушы іске қосылған. Барлық таксилер радиобайланыспен жабдықталған, олардың ішінде 105 газбен жүреді. Биылғы жылы таксилердің жұмыстарын бірыңғайлау бойынша жұмыстар жалғастырылуда: қала бойынша жолаушыларды тасымалдайтын таксилерге бірыңғай тарифтер және бірыңғай түсті гаммалар бекітілді, таксилерге таксометрлер орнату және әрбір тасымалдаушыға логотиптер орнату бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жолаушыларды тасымалдау жұмыстарына жүргізілген тексерудің нәтижесінде 2009 жылдың 9 айында 101,6% ға жоғарылаған, 2308 млн адамды құраған, оның ішінде:
Көліктердің жұмыстарын бақылаумен қамтамасыз ету үшін рейттік тексерулер жүргізіліп отырады. Жыл басынан бері барлығы 28 рейд жүргізілген, оның ішінде екі рейд БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілді және нәтижесі БАҚ жарияланды. Рейд барысында 4220 тәртіп бұзушылық анықталды: 4102 тәртіп бұзушылық жағдай жол қозғалысының Ережесін бұзғаны үшін, оның ішінде 24 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін, 33 салық заңнамасын бұзғаны үшін, 67 жолаушыларды және жүкті тасмалдау Ережесін бұзғаны үшін айыпталды.
Жолаушыларды тасмалдау жүйесіне шұғыл ықпал ету мақсатында муниципалды автопарк жобасын басқару жүзеге асырылуда. Аталған жоба сауатты бәсекелестікті құруға және ұқыпсыздықты жоюға және әлсіз менеджментпен тасымалдаушылардың жағдайларын ашуға және сервистердің сапасыздығын тексеруге мүмкіндік береді.
Алматының метро құрылысы 1988 ж. басталған еді. Алайда Кеңес Одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтатылып, тек тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылдан бастап метро құрылысына ақша бөле бастайды. 2011 ж. 1 желтоқсанда Алматы метросы салтанатты түрде ашылды. Бұл метрополитен техникалық және әрлендіру жағынан ТМД елдері арасынан ең үздік болып саналады. Ұзындығы 11,3 км. құрайтын алғашқы бағыт 9 бекеттен тұрады. Алматы метрополитені Қазақстандағы алғашқы, Орталық Азияда екінші (Ташкент метрополитенінен кейін) және ТМД-дағы 16-шы метрополитен.
2007 жылы 10 жаңа транспорттық көлік түйіні салынды, сол сияқты ШААЖ (Шығыс Айналма Автокөлік Жолы) салына бастады. 2008 жылы тағы да 3 түйін жол салынды және 2007 жылы басталған екі жолдың құрылысы аяқталды.
6-жолақты ұзындығы 64,85 км айналма жол - Үлкен Алматылық шеңберлі автокөлік жолын салу жоспарлануда. Осыған қоса 14 көпір, 8 қосмөлшерлі транспорттық көлік түйінін салу да жоспарланып отыр.
Әлемдік дағдарыстың әсерінен 2009 жылдың тамызында Алматы қаласының әкімінің ұйғаруымен ҮАШЖ-ның құрылысы белгісіз уақытқа дейін тоқтатылды.
Қазіргі таңда 28 көлік түйіні бар
|
Халықаралық Алматы әуежайы (ағылш. Almaty International Airport) Қазақстандағы ең үлкен әуежай. Ол Алматы Орталығынан 18 километр қашықтықта орналасқан. Әуежай арқылы Қазақстан бойынша жолаушылардың жартысы мен жүктірдің 68% өтеді.[15] 2008 жылы әуежай 2.5 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен (2005 жылмен салыстырғанда 23%тік өсім).[16]
Алматыда екі темір жол вокзалы бар: Алматы-1 және Алматы-2. Алматы-1 транзиттік вокзал. Ол Орталық Азиямен Ресейдің сібір облыстарын байланыстырады. Ал Алматы-2 қалалық вокзалы қаланың орталығында орналасқан.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.