Фаянстың фарфордан айырмашылығы құрамында саз бен коалин (83%) көп болады. Ол саз, коалин, кварц және дала шпаты қоспасын 1280°С-та күйдіру арқылы алынады.
Фаянс бұйымдарын өндірудің технологиясы фарфор өндіру ісіне ұқсас болғанмен өзгешелігі де бар. Мысалы, Фаянс массасы дайындалатын қоспаның құрамында дала шпаты, т.б. минералдар аздау және одан жасалатын бұйымдарды үш қайтара (әуелі 1280°С-та, кейін 1050°С, бетіне сурет салынған соң 600 – 900°С-та) үздіксіз қыздырылатын жер асты пештерінде күйдіреді. Фаянс бұйымдарының бетіне мөлдір емес глазурь жағылады.
Санитарлық Фаянс ылғалдығы 30 – 32% болып келетін созылғыш массадан гипсті пішіндерге салынып, арнайы қондырғыларда жасалады.
Фаянс әр түрлі ыдыстар мен сәндік бұйымдар жасауда, медицинада, құрылыста қолданылады.