Кавказды мекендеген түркі ұлты From Wikipedia, the free encyclopedia
Әзербайжандар (әз. azərbaycanlılar, azərilər, azəri türkləri) — этнос және ұлт, Әзербайжанның байырғы және негізгі халқы. Әлемде шамасында 45 млн. адам құрайды.
Қазіргі «Әзербайжан» этнонимі Иран Әзербайжаны мен Әзербайжан Республикасының түркі халықтарына қатысты. Олар тарихи түрде өздерін мұсылмандар, түріктер, түрікмендер, парсылар немесе аямдар деп атаған (немесе басқалар атаған) - яғни этникалық сәйкестендіруден гөрі діни сәйкестендіру басым болды. Бұл әзербайжандардың ирандықтар мен түріктерден шыққанын көрсетеді.
ХІХ ғасырда Оңтүстік Кавказ Ресей империясының құрамына кіргенде, дәстүрлі түрде бүкіл түркі халықтарын татарлар қатарына жатқызған Ресей билігі Закавказье аймағында тұратын түріктерді басқа түркі топтарынан ерекшелеу үшін кавказдық немесе адербеяндық (адербейжан) татарлар деп белгіледі. 1890 жылы жазылған орыс энциклопедиялық Брокгауз және Эфрон сөздігінде де Әзербайжандағы «татарлар» Адербейжандар деп сипатталған, сонымен бірге бұл терминнің жалпыға бірдей қабылданбағандығы айтылған.
Әзербайжан ортасында «әзербайжандар» немесе «әзербайжан түріктері» термині алғаш рет 1891 жылы Бакудағы либералды «Кешкул» газетінде Иран-Ресей шекарасының екі жағында тұратын халықтарды белгілеу үшін ұсынылды, бірақ ресми түрде "әзербайжандар" этнонимі тек 1930 жылдары КСРО-да қабылданған.
1926 жылғы Бүкілодақтық халық санағында әзірбайжандар түрік деп аталды, ал 1939 жылғы келесі Бүкілодақтық санақта олар «әзербайжандар» деп белгіленді.[1]
Әзербайжан этносы ерте заманда қалыптаса бастаған, сондықтан ұлттың өте терең, ғасырлық тамыры бар. Ұлы Жібек жолы туралы деректерді талдай отырып, тарихшылар әзербайжандардың аралас көшпелі халықтардың тірегіне айналған ежелгі шығысқа қатысы бар деген қорытындыға келді.
Әзербайжандардың этногенезіне ежелгі Мана (б.з.б. 1 мыңжылдықтың 1 жартысы), Кавказ Албаниясы (б.з.б. 1 мыңжылдықтың 2 жартысы-б.з. 10 ғ) мемлекеттерінің халқы қатысты. Мидиялар, Атропатена (б.з.б. 4 ғ.–7 ғ.), кавказ тілді албандар, гаргарлар, утияндар, каспийлер, легилер – солтүстігінде иран тілді курттер, маннейлер, мидиялар – оңтүстігінде 7 ғасырда арабтар жаулап алғаннан кейін Адербайжан (араб), Адербадаган (парсы) деп аталды. Әсіресе, біздің заманымыздың 1 мың жылдығынан бастап жаңадан келгендер, негізінен түркі тілдес тайпалар (ғұндар, хазарлар, бұлғарлар, печенегтер, т.б.) жергілікті халықпен араласып кетті.
Әзербайжан этникалық қауымдастығының қалыптасуы 11-13 ғасырларда түркі тілдес (оғыз) тайпаларының жаңа толқынының Әзербайжанға басып кіруі және қоныстануы нәтижесінде аяқталды. 18 ғасырдың ортасына қарай Әзербайжан жерінде 15-тен астам хандықтар (ең ірілері Куба, Шеки, Ширван, Баку, Қарабақ) болды, олар Иранға вассалдық тәуелділікте болды. Соңғы орта ғасырларда қазіргі Дағыстан аумағында әзербайжандар пайда болды, олардың мәдениеті мен өмір салтына көрші халықтар - лезгиндер, даргиндер, табасарандар әсер етті.[2]
1939 жылға дейін болған ескірген орыс эндоэтнонимі (Ресей империясындағы ресми) - «Закавказье татарлары». Түрік тілінде – «Azeriler»; грузин тілінде - "აზერბაიჯანელები"; армян тілінде - «Ադրբեջանցիներ»; парсы тілінде – «مردمان آذربایجانی»; араб тілінде – «أذر»; орыс тілінде – «Азербайджанцы»; украин тілінде – «Азербайджанці»; түрікмен тілінде – «Аzerbeýjanlar»; ағылшын тілінде – «Azerbaijanians»; авар тілінде – «Азарбайжанал/Падарал»; ингуш тілінде - «Гlажарой/Пирсаьн»; лак тілінде - «Къажар/Азирбижан»; абхаз тілінде – «Азербаиџьанцәа»; осетин тілінде – «Азербайджайнæгтæ»; тәжік тілінде – «Озарбойҷонӣ».[3]
Олар негізінен үлкен европеоид нәсілінің оңтүстік тобына жатады.[4]
Әзербайжандар келесі белгілерімен сипатталады:
Олар Кавказдың басқа өкілдеріне ұқсамайды, әзербайжандардың бет-әлпетінде дөрекі және көрнекті идентификаторлар жоқ, сондықтан көптеген адамдар оларды әдемі үнділермен, ирандықтармен кейде тіпті сығандармен шатастырады.[5]
Әзербайжан тілі түркілердің үлкен тобына жатады, оның оңтүстік-батыс немесе оғыз тобын білдіреді. Оған түрікмен, түрік, ғағауыз тілдері де кіреді, құмық тілі фонетикалық жағынан жақын. Тіл ерте орта ғасырларда оғыз тайпалары парсы жерлерін басып алғаннан кейін қалыптасты. Бұл өлкенің байырғы халқына тән араб және парсы тілдерінің әсері зор. Жазуы ежелгі дәуірден бері бар, ал алғашқы сақталған ескерткіштер XIII ғасырға жатады. Ол соңғы формаларды XV - XVIII ғасырларда алды. XX ғасырда әліпби КСРО халықтарына тән схемаға сәйкес үш рет өзгерді: арабтан латынға, содан кейін кириллицаға көшті. Әзербайжан тілінің қазіргі әліпбиі тұратын аймақтарға байланысты ерекшеленеді. Дағыстанда кириллица қалды, Иранда араб тілі қолданылады, Әзербайжанда жаңа нұсқасы жасалды: түрікше латын.
Тәуелсіздік алғаннан кейін әзербайжандар қайтадан латын әліпбиіне қайта оралды. Бұл шараның негізгі үш мақсаты бар. Біріншіден, бауырлас түрік халқымен жақындасып, олардың әсерлі зияткерлік және мәдени жүгінен пайда алу мүмкіндігін алуға деген зор ықылас бар. Екіншіден, латын әліпбиі әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде қолданылады және шетелдіктерге ағылшын тілін үйрену оңай болғаны сияқты, шетелдіктерге де әзербайжан тілін жақсы меңгеруге көмектеседі.[6]
Латын әліпбиі негізінде 1991 жылдан бастап қазіргі жазуы:
Aa Bb Cc Çç Dd Ee Әә Ff Gg Ğğ Hh Xx Iı İi Jj Kk Qq Ll Mm Nn Oo Öö Pp Rr Ss Şş Tt Uu Üü Vv Yy Zz
Араб жазуына негізделген қазіргі жазу (Иран әзербайжандары арасында таралған): یٔ ی ہ ؤ و ن م ل گ ک ق ف غ ع ظ ط ض ص ش س ژ ز ر ذ د خ ح چ ج ٽ ت پ ب آ ا
Әзербайжандар көпшілігі мұсылмандар. Әзербайжанда ислам дінін ұстанатындардың 90%-ға жуығы мұсылман-шииттер, бірақ өздерін сунниттер деп санайтындар да осында тұрады, бұл парсы ықпалының бір көрінісі. Мұнда христиандарды да, кез келген басқа дінді ұстанушыларды да кездестіреуге болады. Бұл осы елдің аумағында тұратын адам қандай діни бағытты ұстануды таңдауға құқылы және ешкім оның сенімдеріне әсер етуге құқылы жоқ.[7]
Халықтың басым бөлігі Әзербайжанда тұрады, бұл ел халқының 91,6% құрайды. Ұлт өкілдерінің едәуір бөлігі солтүстік-батыс Иран территориясын алып жатыр: кейбір мәліметтер бойынша әзербайжандардың саны мемлекет халқының үштен бірін құрайды. Ресейде әзербайжандар негізінен Оңтүстік Дағыстанда тұрады, бірақ көшіп келген немесе жұмысқа келген ұлт өкілдері елдің кез келген өңірінде кездеседі. Сонымен қатар Грузияда (оңтүстік және оңтүстік-шығыста), Түркияда және Түрікменстанда айтарлықтай әзербайжан диаспоралары бар.
КСРО ыдырағаннан кейін көпшілігі ТМД елдеріне, Америкаға, Еуропаға қоныс аударды. Өткен ғасырдың 70-жылдары Арменияда 180 мыңнан астам зербайжандар тұрған. Қарабақ қақтығысына ұласқан ұлтаралық қақтығыстардан кейін олардың басым көпшілігі елден кеткен.
Деректер бойынша дүние жүзінде 40 миллионнан астам әзербайжандар тұрады:
Әзербайжанда саны 5,8 миллион адамды құрайды. (2000, бағалау; 1999 жылғы халық санағы бойынша – 7,2 млн. адам), Иранда – 10,8 млн адам, Түркияда - 700 мың адам, Ирак (әртүрлі деректер бойынша 300 мыңнан 1,3 млн. адамға дейін), Ресей 621,8 мың адам (2002, халық санағы), Грузия - 300 мың адам, Қазақстан - 90 мың адам, Өзбекстан - 55 мың адам, Украина - 36 мың адам, Түрікменстан - 42 мың адам және т.б.[8]
Ежелгі дәуірде ұлттың қазіргі қоныстанған аумақтарын кавказдық және каспийлік антропологиялық типтегі көшпелі тайпалар алып жатты. Кейін олар дербес өмір сүрген 26 көшпелі және жартылай көшпелі тайпалардың одағы болған Кавказ Албаниясына ресми түрде біріктірілді. Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда Александр Македонский аймаққа келіп, Мидиялық Атропатена мемлекетін құрды. Одан ұлттың атауы және оны орналастырудың негізгі аймағының аумақтық шекаралары пайда болды. Мемлекет біздің дәуіріміздің VIII ғасырына дейін созылды, оны исламды әкелген қуатты Араб халифаты жаулап алып, ғасырлар бойы үстемдік еткен зороастризмді алмастырды.
Зерттеушілер әзербайжандарды ұлт ретінде бөлуді қарастыратын келесі кезең-XI-XIII ғасырлар болды. Түркі тілінде сөйлейтін оғыз тайпалары аймаққа белсенді түрде ене бастады: татар-моңғолдар билігі кезінде ағын күшейді. Этникалық топтың қалыптасуына соңғы әсер Орталық Азиядан келген түрікмендер болды. XV ғасырға қарай қазіргі Иран мен Әзербайжан территорияларының тұрғындары өздерін бір халық деп санап бір тілде сөйледі.
XVI-XVIII ғасырлар аралығында күшті Сефевид әулеті билік етті, бұл кезеңде империя гүлденіп, көрші аймақтарға алым-салық салып, жат жерлерге басып кірді. Содан кейін мемлекет ыдырап, көптеген хандықтарға бөлінді (орыстар, ирандықтар, ауғандар, Осман халифаты).
1805-13 ж. және 1826-28 ж. орыс-Иран соғыстары барысында Ресей мен Иран арасында жасалған Гүлстан (1813), Түркменчай (1828) шарттарына сай елдің Солтүстік бөлігі Ресейге қосылды.
Иранда ұлт өкілдері ұзақ уақыт бойы кемсітушілікке ұшырады, бірақ бүгінде көптеген мемлекеттік орындарда әзербайжандар отыр.[9]
1988-1990 жж. Әзербайжан ұлттық-демикратиялық қозғалысы тәуелсіз мемлекетті қайта жаңғыртуға күресті. 1989 жылы 23 қыркүйекте Әзербайжан алғашқы кеңес республикалары арасында өз егенмендігін жариялады. 1990 жылдың 20 қаңтарында аталмыш қозғалысты басу мақсатында Михаил Горбачев билігі уақытында кеңестік биліктің мақұлдауымен кеңестік-армян әскері жіберілді. Сұм қаталдықпен жүргізілген репрессия уақытында жүзедеген жазықсыз әзербайжандар қаза тапты,зардап шекті. 1991 жылдың ортасына дейін төтенше жағдай жарияланды. Осы сәтсіздіктерге қарамастан, тәуелсіздік үшін талмай күрескен әзірбайжан халқының патриоттық күштерінің әкелген жемісі Жоғары Кеңестік Әзербайжан Республикасының декларациясы 1991 жылы 31 тамызда қабылданды.
Әзербайжан Республикасының тәуелсіздігі туралы заң 1991 жылдың 18 қазанында аяқталып, тәуелсіз Әзербайжан мемлекетінің негізін салынды және саяси, экономикалық құрылымы анықталды. Бұл Әзербайжан Республикасының акті 71 жылдан кейін қайта халықаралық құқықтың жеке субъектісі болды. 1992 жылы Әзербайжан БҰҰ және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше болды.[10]
Дәстүрлі кәсібі - кілем тоқу, зергерлік, мыстан ыдыс-аяқ соғу, құмыра жасау, ағаш, тас өңдеу, жібек, жүн, мақта маталарын тоқу, тері өңдеу. Баспаналары - таулы және жазық жерлерде ағаштан, балшықтан салынып, төбесі шошақ немесе күмбезден жабылған қаратам, сакля. Бақташыларда киіз үй - алачыг деп аталады.
Жазық жерлерде тұратын әзербайжандардың негізгі кәсібі егіншілікпен байланысты болды. Олар бидай, сұлы, қара бидай, жүгері, арпа, күріш өсірді, мақта, жүзім, бау-бақшамен айналысты. Ірі қара мал және қой шаруашылығы маңызды рөл атқарды.
Дәстүрлі қолөнері металдарды өңдеумен байланысты болды: мыс, алтын, күміс. Жергілікті қолөнершілер жасаған зергерлік бұйымдар, өрнектері бар соғылған сандықтар кеңінен танымал болды, оларды қалыңдықтың жасауына жинады.
Ұлттық нақыштағы жергілікті кілемдер әлі күнге дейін әлемге әйгілі. Қара, көк және қызыл реңктегі барқытқа жібек жіптермен кестелеу ерекше құнды қолөнер болып саналды.
Отбасылар мен рулық елді мекендерде ең бастысы – ақсақалдар атанған қарттар болды. Олар барлық қоғамдық шешімдерді қабылдады, олардан ақыл-кеңес сұрады, дауларды, шаруашылық мәселелерді шешуге қатыстырылды, келіссөздер кезінде көмек сұрады. Кішкентай отбасыларда оның басшысы шешуші сөзге ие болды, балалары, әйелі, апалары мен ағалары оған бағынбады.
Қыздардың некеге тұру жасы 15-17 жаста болды, кейде олар одан да ерте күйеуге берілді. Үйлену тойынан кейін қалыңдық күйеуінің үйіне келеді. Дәстүр бойынша, бұл кезде ата-анасы ұлына жеке баспана дайындайтын, бірқатар ауылдарда ата-анасымен бірге тұру әдетке айналған. Келіннің қайын атасымен бірінші сөйлесуіне тыйым салынды, сөйлесу болған жағдайда ауызды орамалдың бір бұрышымен жабу талап етілді.
Баланың, әсіресе ұлдың дүниеге келуі нағыз мереке. Дәстүр бойынша, кіндік кесілгеннен кейін оны таза және батыл ету үшін тұзды суға шомылдырып, осыдан кейін оны анасына береді.(7-10 жасқа дейін анасымен бірге болады). Бала есімін қою әдетте басқа балаларының есімдеріне ұйқас болуын қамтиды, көбінесе аталарының немесе әжелерінің есімдері берілді.
Көп жағдайда дәстүрлі үйлену тойы басқа Кавказ этникалық топтарында қолданылатын үйлену рәсімдеріне ұқсас. Әзербайжандықтардың үйлену тойы көп жағынан исламның классикалық рәсімдеріне ұқсайды. Мұнда қалыңдықтың бетін орамалмен немесе жұқа пердемен жауып, той күйеу жігіттің үйінде де, қалыңдықтың үйінде де ұйымдастырылады.
Әзербайжандардың дәстүрлері біздің заманымызда белгілі болғанға дейін ұзақ тарихи жолдан өтті. Әзербайжан әдет-ғұрыптары бүгінде осы халықтың мінезінің, жан дүниесінің, көңіл-күйінің және тарихының көрінісі. Көптеген ғасырлар бойы Әзербайжан өзінің ұлттық дәстүрлерін қасиетті түрде сақтады, ал қазіргі уақытта аз өзгерді. Қасиетті орындарға құрметпен қарау, қоғамдық нормаларды сақтау дәстүрлі болып табылады. Жергілікті тұрғындар ғана емес, Әзербайжанға келген туристер де сыртқы келбетіне қатысты қатаң ережелерді ұстануы керек, қарапайым жабық киімге артықшылық берген жөн.
Әзербайжандардың қонақжайлылығы туралы қасиет халықтың салт-дәстүрінде айқын көрініс тапқан. Оның өкілдері үшін қонақ - маңызды адам, оны ұлылықпен және мейірімділікпен қабылдау керек. Егер сізді қонаққа шақырса, сіз бас тарта алмайсыз - мұндай әрекет Әзербайжанда силамаушылық болып саналады.[11]
Халық тау бөктерінде тұтас елді мекендер құрып, тұрғын үйлер салды. Үйлер табиғи тастан және шикі кірпіштен салынған. Сырты шыммен сыланған, құрылым төбесі екі жағы да құламалы шатырмен жабылған. Көбінесе құрылымдардың бір-біріне өте жақын болған. Жазық жерлерде үйлер ретсіз орналасқан. Тұрғын үйлердің айналасында әрқашан мекенжәй немесе шағын аула болды. Мекенжәйлар - бұл көбінесе бөлмелері көп және бірнеше қабаттан тұратын үй. Әдетте, бірінші қабатқа мал және әртүрлі шаруашылық бөлмелері орналастырылды.
Біраз уақыттан кейін олар шатырлы ағаш үйлерді сала бастады. Олар керек-жарақтарды шатырға жинап, жібек құрттарын өсірді. Барлық отбасы мүшелері төсеніштерде ұйықтап, күндіз үйдің бүйіріне жинады. Үйді жылыту үшін олар ошақты пайдаланды. Суық ауа райы орнаған кезде бөлме пешті пайдаланып жылытылды. Қазіргі мұндай үйлер іс жүзінде жоқ.[12]
Әйелдер киімі - Әзірбайжан әйелдерінің костюмі төменгі және сыртқы киімдерден тұрды және оған қоса, әйелдер үйден шыққанда киетін сөмке тәрізді жамылғы - «чадра» және бет пердесі - «рубенд» болды. Сырт киім ашық түсті маталардан тігілді, олардың сапасы отбасының байлығына байланысты болды. Сырт киім – жеңі шынтаққа дейін жейдеден, тобыққа дейін кең шалбардан және ұзын белдемшеден, сондай-ақ алдыңғы жағында кең мойын сызығы бар арқа мен кеудеге сай келетін ұзын жеңді қысқа күртешеден ("архалыг", "кюляджа") тұрды. Архалук былғарыдан, күмістен немесе алтыннан жасалған белдіктермен толықтырылған. Шеки және Гәнжә аймақтарында оны леббаде алмастырды. Суық ауа райында олар да жеңсіз кеудеше киді. Аяқтарына түрлі-түсті ұзын шұлықтар (гетра) мен иілген ұшы бар аяқ киім киді. Бастарына цилиндрлік қалпақ киіп, әдетте барқыт, оның үстіне чалма мен бірнеше орамал байланған. Киім жиынтығына әртүрлі зергерлік бұйымдар да кірді, әсіресе алтын және күміс моншақтар, түймелер, тиындар, кулондар, алқалар және т.б.
Әйелдердің ұлттық киімі көптеген құрамдас бөліктерден тұрды: - кең көйлек, аймаққа байланысты етегінен ерекшеленетін белдемше, кең шалбар джютбалаг немесе тар дарбалаг. Қазақ ауданы әйелдерінің киімдерінде бүйірлері саңылаулары бар ұзын көйлек тар шалбармен үйлесетін. Нахичевандағы әйелдер тізеге дейін қысқа белдемше киді. Басқа аудандарда, соның ішінде Шуша мен Шемахада ұзын етекті белдемшелер болды.
Сыртқы киімнің көптеген нұсқалары болды. Қарабах әйелдері ұзын жеңі белге жақын чафкен киген. Нахичеванның ауқатты әйелдері мен ұзын көйлек киген.
Жас әйелдердің киімі ашық түстер болса, егде жастағы әйелдердің киімі қою түстермен ерекшеленді. Ауқатты отбасынан шыққан әйелдер жергілікті және импорттық қымбат жібек маталардан және барқыттан тігілген киім киген. Қолдан тоқылған жүн мата – тирмэ немесе мисгал тирмэ аса құнды болды. Кедейлер әдетте мақта матадан тігілген киім киді.
Мерекелік және той киімдері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, бірнеше ұрпаққа қызмет етті.
Ерлер киімі - Әзірбайжандық ерлердің костюміне туника тәрізді көйлек пен шалбар кірді, оның үстіне астарлы матадан тігілген ашық кафтан – «архалыг» және жүн немесе жартылай жібек шалбар киген. Архалыгты күміс белбеумен немесе мата белбеуді орап байлаған. Оның үстіне олар солтүстік кавказдық черкес пальтосының нұсқасын «чуха» киген және оның кеудесінде де «газырлар» - патрондар үшін қалталар болды. Ер адам костюмі көйлек, шалбар және иық үстіндегі киім - қысқа архалық, ұзын щухадан тұрды, оны шаруалар иірілген жүннен, ал байлар - әкелінген қымбат матадан тіккен. Бай жастары архалық үстіне күміс белбеу тақса, үлкендер мата белбеу байлаған. Чуханың жергілікті айырмашылықтары болған жоқ. Оның бұрынғы нұсқаларында ұзын (жалған) жеңдер болды, кейінгілері бүкіл ұзындығы бойынша тігілген және төменгі жағына қарай сәл кеңейтілген. Шопандар мен таулы аймақтардың тұрғындары киізден жасалған киімдер киген: бурки, куртка, чуху. Жібек жіппен кестеленген кюрк пальто тек бай адамға тиесілі болды.
Ерлердің бас киімі қой терісінен жасалған қалпақ болды. Байлар қаракөл елтірісінен жасалған бас киім киген. Папаханың астына кішкентай бас киім - арахчин киді. Жүннен тоқылған шұлықтар – «жораб» бүкіл Әзербайжанда кең тараған. Қала тұрғындары иілген тұмсықтары бар былғары аяқ киім киген, ауқаттылар етік киген, ал ауылдық жерлерде шикі теріден немесе былғарыдан жасалған аяқ киімді - «шарық» киген.[13]
Тарихи қалыптасқан өнімдерді таңдау көбінесе әзірбайжан асханасының ерекшелігін анықтады. Ет тағамдары үшін олар негізінен қозылар мен етін, құс еті үшін тауық етін алды. Жас етке артықшылық беру ұлттық ерекшеліктерге байланысты: ол ашық отта пісіріледі және бұл технология ескі етті пайдалануға мүмкіндік бермейді.
Дәстүрлі ұлттық тағамдарының негізі ұн, сүт және ет өнімдері болды: бидай, арпа, тары наны, бәліш (гутаб), еттен істелген қуырдық (говурма), люля-кебаб, долма бар. Күнделікті өмірде олар қой етінен мол сорпалар – бозбаш пен пити жеген. Палауға деген көзқарас ерекше болды: ұлттық тағамдарда оның 30-дан астам рецепті бар. Посткеңестік кеңістікте долма және кәуап сияқты әзербайжан тағамдары танымал. Асхананың негізгі компоненттері елдің табиғи ерекшеліктеріне байланысты: таулы және субтропиктік климатта әзербайжан асханасында қой еті, құс еті, өзендік және теңіздік балықтардың, жеміс пен көкөністің жиі қолданылуына әсер етті. Онымен қоса әзербайжан асханасында әртүрлі дәмдеуіштер мен хош иісті шөптер: вазари, жасыл және қара рейхан, ащы бұрыш, тмин, кинза, шафран, сумахи кең қолданылады.
Сусындары — шәй, шербет, айран, жеміс шырыны. Ұлттық алкогольсіз сусындар қышқыл жеміс-жидек шырындарынан, хош иісті шөптердің тұқымдары мен бүршіктерінің тұнбаларынан дайындалады. Шербеттер қантсыз дайындалады, Әзербайжан шербетінің маңызды бөлігі - раушан шырыны, май немесе тұнбалар. Әзербайжандар қара шай ішеді. Ол күшті қайнатылған және тамақ алдында беріледі. Сусын үлкен шәйнектерде қайнатылады (кейде жалбыз немесе тимьян қосылады) және кеселерге құйылады. Дәмдеуіштерді немесе раушан майын қосады, шәйді ұлттық тәттілермен және жеміске қант қосып дайындалған тәтті тосаптармен ішеді.[14]
Әзербайжан мәдениеті иран және араб мәдениетімен тығыз байланыста дамыды. Әзербайжан халқының аса бай ауыз әдебиеті нұсқалары, көп жанрлы фольклоры сақталған. Көне заманнан ғасырлар бойы қалыптасқан еңбек пен тұрмыс-салт әндері, аңыздар, дастандар, ертегілер, мақал-мәтелдер халықтың өмірлік тәжрибесіне, таным түсінігіне, тәлім-тәрбиесіне, арман-мүддесіне негізделген.
Әзербайжанның фольклорлық музыкасы әрқашан этникалық музыкалық аспаптарды пайдалану болып табылады. Ал қазіргі мотивтер көп жағынан әлі күнге дейін халықтық дәстүрлерге ұқсайды, сондықтан әзербайжандардың әндері ерекше музыкалық үндестігімен ерекшеленеді және ашуғ шығармашылығы ретінде стильдендіріледі.
Музыка аспаптары үш топқа бөлінеді. Саз аталатын сегіз металл шекті аспабы кең тараған. 11 шекті тар аспабы гитараға ұқсас. Скрипка тәрізді кеманчаның төрт шекті пернесі болады. Соқпалы аспабына барабан, литавра, бубен, екі түрлі үрмелі аспабының флейта тобына свирельге ұқсас тутек. Гобой тобына зурна жатады.
Ұлттық нақыш әрқашан би өнерінде байқалады. Әзербайжандардың халық биіне тоқталсақ, оның өзіндік ырғағы бар. Олар анық ырғақты немесе бірқалыпты қозғалыста болуы мүмкін. Бидің бүкіл өрнегі, оның құрылымы ырғақты қатаң сақтауға негізделген. Ежелгі дәстүрлерден бастау алатын билер көбінесе Әзербайжанға тән өсімдіктер мен жануарлардың аттарымен аталады.
Әзербайжандарды Қазақстанға және Орта Азия елдеріне күштеп қоныстандыруды тарихи ретпен үш кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең, 1929 жылы жаппай ұжымдастыру кезінде жүрді. Сол уақытта бай-кулак көптеген адамды көшіріп әкелді. Екінші кезең, 1932 жылға тура келді. Кеңес билігі Арал ауданына 600 әзербайжан отбасын көшірді. Арал теңізі маңына келіп түскен халық мұндағы қыстың қақаған аязына шыдамай, жаппай қырыла бастады. Ақырында бар-жоғы 200 әзербайжан отбасы қалады. Оларды кейіннен Жамбыл облысы мен Қырғызстанға көшірді. Ол кез — қазақ даласында аштық жайлаған уақыт. Тұтас ауылдар аштықтан қырылып жатты. Көптеген әзербайжандар кейін қарай өз Отандарына қашқанымен, оларды ұстап алып, түрмеге жапты. Үшінші кезең, 1937 жылы жүрді. Сол жылы саяси репрессия шегіне жетті. Қазақ жеріне көршілес елдерден вагондармен депортацияға ілінген халықты әкеліп жатты.
Репрессия жылдарынан кейін, бертінде экономикалық себептермен Қазақстанға көшкен әзербайжандар да болды. 1950–1960 жылдарында Әзербайжан КСР-нен Қазақстанға 15 мың адам көшіп келген. Олардың басым бөлігі тың игерушілер еді.[15]
Қазіргі таңда әзербайжандар Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстарында тұрады. Қазақстандағы әзербайжандардың саны 98,600 адам (2014).[16]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.