Карьерасын "Гвадалахара" клубында бастаған. Алғашқы ойынын 2006 жылы Апертура турнирінде "Некакса" клубына қарсы өткізді. 87-минутта алаңға шығып, бес минуттан соң командасының төртінші голын енгізді.
2010 жылы "Манчестер Юнайтедке" ауысты да, алғашқы ресми голын 8 тамыз күні Англия Суперкубогы матчында "Челсидің" қақпасына соқты. Ал Англия чемпионатындағы алғашқы голын 16 қазан күні "Вест-Бромбичтің" қақпасына енгізді. Бұл ойын 2:2 есебімен тең аяқталды. Маусым соңында манкуниандықтар Англия чемпионы атанды.
2014 жылы жазғы ауысымдар маусымы жабылатын күні "Реалға" өтті. Бірақ мадридтік клубтағы негізгі құрамға деген бәсекелестіктің көптігінен көбіне қосалқы құрамда қалды да, 2015 жылы ойын практикасын қайта жетілдіру үшін Германияның "Байеріне" ауысты.
2017 жылы жазда Тұманды Альбионға қайта оралып, "Вест Хэмге" ауысты. Келісім шарт мерзімі 2020 жылға дейін.
Ұлттық құрамадағы алғашқы кездесуін 2009 жылы 30 қыркүйекте Колумбияға қарсы өткізді. Тұңғыш голын 2010 жылы 24 ақпан күні Боливияның қақпасына енгізді. Хавьер құрамамен бірге 2010 жылғы әлем чемпионатына барды, топтық турнирдің екінші турында Францияның қақпасына гол соғып, есеп ашты. Бұл ойында мексикалықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. 1/8 финалда Аргентинаның қақпасына да бір доп енгізді, бірақ бұл кездесуде Мексика 1:3 есебімен ұтылып қалды. 2014 жылы да Хавьер әлем чемпионатына қатысты, соңғы турда Хорватияның қақпасына бір доп енгізді (3:1).