From Wikipedia, the free encyclopedia
Сарысу ауданы — Жамбыл облысының батысындағы әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Жер аумағы — 31,3 мың км². Аудан орталығы – Жаңатас қаласы.
Қазақстан ауданы | |
Сарысу ауданы | |
Әкімшілігі | |
---|---|
Облысы | |
Аудан орталығы | |
Ауылдық округтер саны |
9 |
Қалалық әкімдіктер саны |
1 |
Ауыл саны |
24 |
Қала саны |
1 |
Әкімі |
Сәкен Үмбетұлы Мамытов |
Аудан әкімдігінің мекенжайы |
Жаңатас қаласы, Бейбітшілік көшесі, №1 |
Тарихы мен географиясы | |
Координаттары |
45°24′25″ с. е. 70°15′36″ ш. б.45.40694° с. е. 70.26000° ш. б. (G) (O) (Я) |
Құрылған уақыты |
1928 |
Жер аумағы |
31,3 мың км² |
Уақыт белдеуі | |
Тұрғындары | |
Тұрғыны |
44 146[1] адам (2023) |
Ұлттық құрамы |
қазақтар (94,05%), орыстар (4,08%), күрдтер (1,08%), басқа ұлт өкілдері (0,79%)[2] |
Сандық идентификаторлары | |
Автомобиль коды |
08 |
Солтүстігінде Ұлытау облысының Жаңаарқа, Қарағанды облысының Шет аудандарымен, шығысында Мойынқұм, Талас аудандарымен, батысында Түркістан облысының Созақ, Бәйдібек аудандарымен шектеседі.
Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулысына сәйкес құрылған. Осы қаулыға сәйкес Сарысу ауданы Қызылқұм, Созақ, Шу аудандарымен бірге Сырдария округына қаратылған.
1928 жылғы Қазақстанда өткізілген ірі байларды тәркілеу науқанының көшпелі халыққа тигізген зардабы шексіз ауыр болды. Бұдан өзге 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, еркін шаруашылықпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратты. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6000-дай шаңырақ үдере көшіп, Қаратау бойына шұбырды. Голощекиннің солақай саясаты салдарынан бір ғана Сарысу ауданында сол алты мың шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына тұяқ іліктірді.
Арқадан арып-ашып жеткен адамдар Қаратау бойындағы шұрайлы жерлерден өзендер мен көлдердің бойынан қоныс тепті. Бұл жақтағы байырғы ел-жұрт та солақай саясаттың зәбірін тартқан екен. Сан түрлі салықтар бұл жақтағы ағайындарға да оңай тимеген. Десек те, отырықшылық дәстүрден қол үзбей, диқаншылық кәсіпті серік еткен қаратаулықтар ұзақ көштен шаршап-шалдыққан, әбден әлсіреген ағайындарға қолдан келген қамқорлықтарын аяған жоқ.
Сол кездегі Қазақстан үкіметінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасовтар нәубетке ұшыраған сарысулықтардың алдынан шығып, халықтың аман қалған бөлігінің осы өңірге аман-есен жетуіне көп күш салды. Әсіресе Ораз Жандосовтың сіңірген еңбегі зор болды. Кейін Қаратау алабынан қоныс тепкен халықтың басым көпшілігінің ұсыныс-талаптарын зор түсіністікпен қабылдап, ауданның тарихи «Сарысу» атының сақталып қалуына қамқор болды.
Есін жиып, етегін жапқан халық төрт түлік мал өсіруге ден қойды. Мысалы, 1934 жылғы шілде айындағы санақта ауданда ұсақ мал саны 7651 бас болса, 1935 жылы 18875-ке жетті. Сол жылы Сарысу ауданында 12 ауылдық кеңеске біріктірілген 47 артель болған.
Сарысу ауданының тарихы да Қазақстан тарихының кішігірім құрамдас бөлігі екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміздің басынан кешкен тарихының жаңғырығы жаңа құрылған ауданды да айналып өткен жоқ. Отыз жетінші-отыз сегізінші жылғы қанқасапта да Сарысудың талай боздақтары репрессияға ұшырап, тас абақтыларда күн кешіп, қорғасын оқтың бейкүнә құрбаны болды.
Ұлы Отан соғысынан 2700-ден астам сарысулықтар туған топырағына қайта оралмады. Амантай Дәулетбеков, Берген Исаханов секілді Кеңес Одағының Батырларының, даңқты мерген, батыр Ыбырайым Сүлейменовтің кіндік қаны сонау Сарысу өзенінің бойында тамғандығын ұрпақтары мақтан етеді. 1950 жылы Сарысу ауданында қой-ешкі саны 183320 басқа, мүйізді ірі қара 11355-ке, жылқы 4130 басқа жетті. Мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ауданның 15 малшысы 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді.
1954 жылы түгін тартсаң, майы шыққан Жон өңірінде «Түркістан» совхозы бой көтерді.
1957 жылы аудандағы колхоздар ірілендіріліп, 7 совхоз құрылды. Осы кезде ұсақ мал саны 280 мыңға жеткен болатын. 1962 жылы Сарысу ауданының Талас ауданынан қосылуының тиімді болмағандығын өмірдің өзі көрсетіп берді. 1967 жылы Сарысу ауданы қайта құрылды. Бұрын Мойынқұм ауданына қарап келген «Сарысу», «Шығанақ», «Қамқалы» совхоздары Сарысу ауданына қосылды.
1990 жылы ауданда қой-ешкі саны 300 мың басқа, мүйізді ірі қара 10500, жылқы 10000, түйе 1800 басқа жетті.
Ауданның әлеуметтік-мәдени саласы жылдан жылға жақсарды. Мектептер, мәдени үйлері көбейді. Қазақстанның егемендік алуымен, тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы аз болған жоқ. 1997 жылы Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленді.
Бүгінде ауданда экономикалық әлеуеті біршама өсті. Соңғы жылдардың өзінде ауданда жаңадан осы заманғы үлгімен екі мектеп, бір аурухана салынды. Жаңатас қаласындағы сәулетті мәдениет үйі жеке қолдан мемлекет меншігіне қайтарылды. Саудакент, Тоғызкент ауылдарындағы мәдениет үйлері толықтай қалпына келтіріліп, ішкі жиһаздары мен музыкалық аспаптары, ұлттық киімдері жаңадан сатып алынды. Бұрын жұмысын тоқтатқан екі кәсіптік-техникалық училище кәсіптік лицей болып Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылынан қайтадан ашылды. Жаңатас қаласында мемлекеттік көпсалалы колледж жұмыс істей бастады. Тек соңғы жылдардың өзінде бес балабақша ашылды. Жаңатас қаласындағы екі көпқабатты үй қайта қалпына келтірілді. Енді қаланың жылу және су жүйелерін қайта қалпына келтіру қолға алынуда. Саудакент, Тоғызкент ауылдарында ауыз су жүйесі іске қосылды. Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылында сандық телефон байланыс жүйесі енгізілді, жаңа пошта ғимараттары салынуда.
Жыл басынан аудан экономикасының нақты секторында өндірілген өнімнің көлемі 882 м.л.н. 246,8 мың теңгені құрап, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,7 есеге артты. Өнеркәсіп кәсіпорындары ағымдағы бағалармен 642 м.л.н. 383 мың теңгенің өнімдерін өндіріп, физикалық көлем индексі 127,5 пайызды құрады. Шағын кәсіпорындардың өнім өндіру көлемі 1 м.л.н. 40 мың теңге болып қалыптасты.
Ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім бағалармен есептегенде мал шаруашылығында 192 м.л.н. 600 мың теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 9,9 пайызға артты. Бүгінгі таңда ауданда 6 өндірістік кооператив, 1 акционерлік қоғам, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 714 шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен айналысуда, осы аталған жұмыс орындарында 5121 адам жұмыспен қамтылған. Төрт түлік мал басы жылдан-жылға өсуде. Бүгінгі күні ауданда мүйізді ірі қара – 16040 бас, қой-ешкі – 217175 бас, жылқы – 4082 бас, түйе – 1415 басқа жетті. Мал тұқымын асылдандыру қолға алынуда.
Ауданда 1 Жаңатас мемлекеттік көпсалалы колледжі, 2 кәсіптік-техникалық лицейі, 28 жалпы білім беретін мектеп, 1 интернат, 1 кешкі орта мектеп, 1 мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, 3 балалар өнер мектебі, 3 балалар саз мектебі, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 балалар-жасөспірімдер орталығы, 7 балабақша және 6 аула клубтары өскелең жас ұрпақ шәкірттерге білім, өнер және дене тәрбиесі салалары бойынша дәрістер берумен айналысады. Аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған Байқадам орта мектебі жанынан ашылған интернатта 52 бала тәрбиеленуде.
Аудан аумағында қазіргі таңда 2 мәдениет үйі, 19 ауылдық клуб, 26 кітапхана, 1 жылжымалы автоклуб халыққа мәдени, рухани тұрғыда қызмет көрсетуде. Олардың ішінде халықтық атағы бар 4 мәдени ұжым бар. Былтырғы 2007 жылдың өзінде 3 клуб және 1 кітапхана жаңадан ашылып, өз жұмысын бастады. Денсаулық саласы бойынша Жаңатас қаласында орналасқан аудандық орталық аурухана мен аудандық аумақтық емхана, Саудакент ауылында орналасқан ауылдық аурухана мен аудандық туберкулезді емдеу диспансері, 6 ауылдық дәрігерлік амбулатория, 19 медициналық пункт халық денсаулығы күзетінде абыройлы қызмет атқаруда. Осы медицина саласында барлығы 690 адам қызмет жасайды.
2008 жылы Жайылма – Маятас ауылдары бағытында ауыз су жүйесін іске қосу, үш ауылдық жерде дәрігерлік пункт ғимаратын салу және Көкдала елді мекеніне электр желісін тарту жұмыстары жүргізілді. Ауданымызда тәуелсіздік жылдарында халықтың жаңа әлеуметтік тобы – кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге өзіндік үлесін қосуда. Ауданымыздың бірден-бір өндірістік саласы «Казфосфат» ЖШС, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бүгінде өндіріс көлемін қарқындатып, даму үстінде. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Фосфор өндірісінің қарқыны бұлыңғыр болашақтан жарқын келешекке қарай аршынды қадам басуда.
Тұрғындар саны - 44 184 адам (2019), ұлттық құрамы: қазақтар тұрады (93,35%), орыстар (4,40%), басқа ұлт өкілдері (2,25%) тұрады.
25 елді мекен 1 қалалық әкімдік пен 9 ауылдық округке біріктірілген:
Ауылдық округтері | 2009 | 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Ерлер 2009 | Ерлер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен | Әйелдер 2009 | Әйелдер 2021 | 2021 2009-ға пайызбен |
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Байқадам ауылдық округі | 5550 | ▼5275 | 95 | 2739 | ▼2688 | 98,1 | 2811 | ▼2587 | 92 |
Досбол ауылдық округі | 804 | ▼640 | 79,6 | 432 | ▼352 | 81,5 | 372 | ▼288 | 77,4 |
Жайылма ауылдық округі | 3621 | ▼3123 | 86,2 | 1875 | ▼1619 | 86,3 | 1746 | ▼1504 | 86,1 |
Жаңаарық ауылдық округі | 1659 | ▼1526 | 92 | 845 | ▼801 | 94,8 | 814 | ▼725 | 89,1 |
Жаңаталап ауылдық округі | 1489 | ▲1522 | 102,2 | 770 | ▲799 | 103,8 | 719 | ▲723 | 100,6 |
Жаңатас қалалық әкімдігі | 20731 | ▲25018 | 120,7 | 10169 | ▲12298 | 120,9 | 10562 | ▲12720 | 120,4 |
Игілік ауылдық округі | 2627 | ▼2478 | 94,3 | 1352 | ▼1267 | 93,7 | 1275 | ▼1211 | 95 |
Қамқалы ауылдық округі | 1158 | ▼868 | 75 | 636 | ▼469 | 73,7 | 522 | ▼399 | 76,4 |
Тоғызкент ауылдық округі | 1891 | ▼1686 | 89,2 | 974 | ▼889 | 91,3 | 917 | ▼797 | 86,9 |
Түркістан ауылдық округі | 1575 | ▼1402 | 89 | 796 | ▼738 | 92,7 | 779 | ▼664 | 85,2 |
ЖАЛПЫ САНЫ | 41105 | ▲43538 | 105,9 | 20588 | ▲21920 | 106,5 | 20517 | ▲21618 | 105,4 |
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.