түркі тілдес ежелгі тайпалар одағы From Wikipedia, the free encyclopedia
Қаңлы мемлекеті - Қытай жазба деректерінде канцзюй деген атпен, б.з.д. 2 ғ. айтылады.
Бүгінгі қазақ халын құраған ірі тайпалар қатарында қаңлылардың орны ерекше. Көрші елдер оларды кезінде "канх" деп атаса, бірде "қан" деп атады. Бұл атаудың шығуын бізге жеткен аңыздар кәдімгі арба атауымен байланыстырады.
Сырдария, Талас өзендері бойында орналасты. Саны 600 мың адам, 120 мың әскерімен Орталық Азиядан келген. Астанасы Битян қаласы болған.
Б. з. б. II ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп аталып кеткен тарихи оқиғалардың нәтижесінде Орталық Азияда жаңа мемлекеттік бірлестіктер, соның ішінде Үйсін, Янцай, Қаңлы мемлекеттері қалыптасады. Соңғысы Қазақстан тарихында елеулі рөл атқарды.
Тарихнаманың ауқымды болғанына қарамастан, қаңлылардың зерттелуі әлі де қанағаттандырмайды. Бұған жазбаша деректемелердің мейлінше шектеулілігі себеп болды, оның үстіне деректер үздік-создық және қарама-қайшы, мұның езі мәселенің әркелкі түсіндірілуін туғызады. Мемлекеттің аумағы ұланбайтақ жерді: Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария алабының ежелгі арналарын және Жетісудың онтүстік-батыс бөлігін қоса Оңтүстік Қазақстанды алып жатты. Ең құдіретті кезінде оған Сусе, Фумо, Юйни, Цзи, Юйцзянь сияқты бес «шағын иелік», сондай-ақ Янцай бағынды. Алайда олардың орналасуы даулы болып қалып отыр. Айтылған аймақта археологтар сол уақыттағы негізгі үш мәдениетті - қаңлы мәдениетіне баланатын Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениетін атап көрсетеді. Осы мәдениеттерді 70—80-жылдары белсенді түрде өрістетілген зерттеу қаңлы тұрғындарының материалдық мәдениетінің сипаты, шаруашылығы, қоленері туралы деректерді едәуір толықтыра түседі.
Қытайдың тарихи хроникалық деректерінің ерекшеліктері мынадай: тек соларға ғана қарап бұл мемлекеттің пайда болған уақытын, оның нақты шекарасын, астанасы Битянь қаласының қайда екенін, тәуелді бес иеліктің қалай орналасқанын және басқа да көптеген нәрселерді айқын анықтау мүмкін емес.
Орналасу мәселелері. Қаңлы мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы И. Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне «Давань туралы хикаяда» берген түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазір қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі кешіп жүрген Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» қаңлының орналасуы туралы былай делінген: «ҚаңлыДаванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде жатыр. Бұл — әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқсайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың билігін таниды».
Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында қаңлыға арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: "Қаңлы билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады. Халқы 120000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Қаңлы шығыс жағында ғұндарға бағынады...»6. Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орналасу мәселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Қаңлылар Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 2. Қаңлы иелігі Сырдария өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.
Ертедегі алуан түрлі жазбаша деректемелерде Қаңлы елінің аты б. з. б. XIV ғасырдан бастап мәлім болғанымен, Орта Азиядағы б. з. б. IV ғасырдың аяғындағы оқиғаларды жақсы білетін антик авторлары қаңлыларды тоқталмайды. Сырдария бойындағы аймақта «Қан үйі» б. з. б. ΙΙΙ, дұрысында,ΙΙ ғасырда көтерілген деп жорамалдауға болады. Бұл сол кезеңдегі көшпелілер үстемдігінің күшеюінен болған еді. Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында Чжан-Цянь Қаңлы жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал қаңлы әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цань-Хань-Шу енді қаңлы әскерін 120 мың, юечжи әскерін 100 мың дейді14. Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес иелікке бөлінгенін, мұның өзі қаңлымен салыстырғанда олардың әлсіреуіне әкеп соқпай қоймағанын, ал қаңлылардың алдынан оңтүстік пен батысқа экспансия үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен жөн. Сол кезде (б. з. б. II ғасырдың аяғы — I ғасырдың басы), қаңлылардың жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болса керек, ол өзіне Янцайды (Арал-Каспий өңіріндегі сарматалан тайпалар одағы), Яньды (Орал өңіріндегі сармат тайпалары) бағындырып алды. Қытай жөнінде қаңлы билеушілері өздерін тәуелсіз, тіпті батыл ұстаған, бұл жөнінде б. з. б. I ғасырдың аяғында Батыс өлкесіндегі хань намеснигі императорға былай деп хабарлаған: «.. .Қаңлыға, керісінше (Үйсінмен салыстырғанда) өркөкірек, батыл және біздің елшілеріміз алдында бас июге ешбір көнбейді. Онда наместниктен жіберілген шенеуніктерді үйсіндердің елшілерінен төмен отырғызады. Тамақты әуелі солардың князьдары мен ақсақалдарына, сонан соң барып наместниктің елшілеріне тартады...»15. Ертеректе, Ферғана-Қытай соғысының барысында, қаңлылардың араласуы ғана ферғаналықтарды астанасының қиратылуынан құтқарып қалды және ферғаналықтарға тиімді бітім жасалуына жәрдемдесті16. Кейіннен, б. з. б. 47—46 жылдарда қаңлылардың билеушісі үйсінге қарсы күресінде солтүстік-ғұн шаньюйі Чжи Чжиді қолдады, ал үйсіндердің одақтасы ханьдық құдіретті Қытай болды17. Осының алдында ғұндардың державасы солтүстік және оңтүстік ғұндарға бөлінген еді. Оңтүстік ғұндардың жетекшісі шаньюй Хуханье, тегінде, ру ақсүйектері мен қатардағы қауым мүшелері көпшілік бөлігінің мүдделерін білдірген болар, Қытайға беріліп, онымен татулық және достық туралы шарт жасасты. Солтүстік ғұндардың билеушісі шаньюй Чжи Чжи оңтүстік ғұндарды бағындыруға сәтсіз әрекет жасап, император сарайымен қатынасын үзгеннен кейін байырғы ғұн иеліктерінен ығыстырылды. Ол Угэні, Гяньгуньді, Динлинді бағындырды, бірақ күш алған, оның үстіне Қытай қолдаған үйсіндерге қарсы тұра алмады. Өз кезегінде үйсіндер б. з. б. I ғасырдың орта шенінде қаңлылардың шығыстағы шекарасына қысым жасады. Сол кезде қаңлылар үйсіндерге де, Қытайға да бірдей қарсы тұра алатын күшпен одақ жасаспақшы болып ұйғарды. Мұндай күш солтүстік ғұндардың шаньюйі Чжи Чжи болатын. Чжи Чжиге кангюй билеушісі өз қызын ұзатып, өз иеліктерінің шығыс шептерінен жер бөледі, өз әскерінің бір бөлігін оның басқаруына береді. Үйсіннің жеріне Чжи Чжи бірқатар ойдағыдай шапқыншылық жасағанымен, бұл әскер үйсіндерді біржола жеңе алмайды. Қаңлылар шарттарын (державаның шығыстағы шекарасын қауіпсіздендіруді) Чжи Чжи объективті түрде орындай алмады да, соның негізінде жанжал тұтанды. Оны Чжи Чжидің қаңлылардың әдет-ғұрпын көрінеу ұстанғысы келмеуі ұшықтыра түсті. Ол Қаңлы билеушісінің қызын, сондай-ақ «атақты адамдарын және жүздеген қарапайым адамдарды өлтірді немесе оларды Дулай (Талас) өзеніне тастады»18. Чжи Чжи қаңлы билеушісінің ордасынан қуылып, Талас өзенінің бас жағына кетті де, сонда өзіне қала сала бастады. Жазбаша деректемелердің мәліметтеріне қарағанда, қала салуда күн сайын 500-ге дейін адам жұмыс істеген. Шаньюй құрылысқа қаржыны Ферғана мен Парфия билеушілерінен алым ретінде алып отырды, ол құрылысшы-шеберлерді де сол жақтан шақырып алса керек. Екі жыл бойы салынған қала мықтап бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар топырақ болатын. Ішіне құрылыстар мен қамал орналасқан, шаньюй мен оның жақын төңірегіндегілер сонда тұрған. Чжи Чжидің күшеюі мен оның үйсіндерге шапқыншылықтарын жалғастыра беруі Қытай империясын едәуір аландатты. Чжи Чжиді дипломатиялық жолмен бейтараптандыру табысқа жетпеді де, қытайлар соғысқа дайындала бастады. Қытай шенеуніктерінің істің жайы туралы мынадай жазбалары сақталған: «Батыс өлке сюннулерге тиісті болатын, ал қазір Чжи Чжи шаньюйдің даңқты есімі алыс жерлерге мәлім. Ол басып кіру арқылы Үйсін мен Даюаньды ығыстыруда және Қаңлыны басып алу туралы ойынан қайтпауда. Егер ол бұл мемлекеттерді басып алса, бірнеше жылдан кейін барлық отырықшы елдерге қауіп төнеді. Мұның үстіне оның жауынгерлері тез әрі батыл қимылдайды, олар жақсы соғысады және бірнеше рет жеңіске жеткен. Әзірше малды күтіп отырғанда (ол армияны тамақтандыру үшін келіп-жетуге тиіс), Батыс өлке сөзсіз қауіп- қатерге ұшырайды. Олардың орналасқан жері Қытайдан алыс болғанымен, тағылардың өз қорғанысы үшін бекіністі қалалары жоқ. Егер әскерлерді әскери қоныстардан көтеріп, ннің халқы мен әскерлерін шабуылға шығуға мәжбүр етсе, оларды соның, Чжи Чжидің қалалары қабырғасы- на апарса, егер ол кашып кеткісі келмесе, пана таппай, Үйсін қорғанғысы келсе, өзін қорғай алмайды. Сонда мың рет басталған іс бір күнде тыңдырылады»19. Көп кешікпей қытай әскері жорыққа шықты. Ол Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік жолмен—Шығыс Түркістаннан, үйсіндердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы өткен Гюлар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Әскерлер Чжи Чжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, ол өз әскерлерін қабырғаларды бойлай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды.
Қоңыртөбедегі қаңлы обасынан табылған сасанилік бедерлі асыл тастар (б. з. IV—V ғғ.): 1 — сердолик, 2-4 — халцедон. Бір кездерде қаңлылар мекендеген аудандардан археологтар қоныстар мен қорымдар тапты. Бұл ескерткіштер Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар археологиялық мәдениеттеріне жатқызылды. Біріншісі - Ташкент жазирасына, екіншісі - Сырдарияның орта ағысындағы Қаратау беткейлерінен Таласқа дейінгі аудандарға, үшіншісі - Қуаңдария мен Жаңадария аңғарына таралған. Қаңлы дәуіріндегі Орталық Азия аймақтарына салыстырмалы сипаттама берген кезде Сырдарияның сағасынан Ферғанаға дейінгі біртұтас мәдени-шаруашылық өңір айқындалады. Ол өңірге отырықшы егіншілік-малшылық экономика, іргелі архитектурасы мен қорғаныс кұбылыстары, қоныстанудың жетекші үлгісі ретіндегі аздап бекініс жасалған қоныстар, қолөнердің нашар дамуы, ақша айналысының шектеулілігі және басқа да белгілер тән болған25. Шардараға жақын жердегі Ақтөбе қонысы қауыншы мәдениетінің, ең жақсы зерттелген ескерткіші болып табылады. Ол Сырдарияның сол жақ жағалауына орналасқан. Қала орны үш жағынан дуалмен, ал Сырдария жағынан қазылған ормен қоршалған. Қала орнының орталығында орналасқан биіктігі 20 метрге жуық дөңгелек төбе (шоқы, оба) ерекше көрінеді. Төбе аумағында және Ақтөбе 2-нің басқа бөліктерінде қазба жұмыстары жүргізілді.
Қазбалардың біреуінен Сарай үйі толық аршылды. Ол тікбұрышты, көлемі 28x18,5 м болып шықты. Сарай шаршылап орналасқан бес жайдан, кіру кешені мен құрылысты батыстан шығысқа қарай орап өтетін екі дәлізден тұрған. Оның орталығында шаршы зал (3,6x3,6 м) бар, ол басқа жайлардың бәрімен арқан арқылы өтетін жолдармен байланысқан. Бір кездерде оның төбесі жалпақ етіп жабылған. Зал қабырғаларының биіктігі қазіргі кезде 6 метрге жетеді. Зал еденінің ортасында құдық бар. Үй солтүстік-батыс бұрышына салынған, мұржасыз камин үлгісіндегі ошақпен жылытылған. Залдың айналасына орналасқан жайлар дөгалана иіліп, ал олардың біреуі күмбездеп жабылған, бұл күмбез Орта Азия мен Қазақстандағы ертедегі үлгімен жабылған күмбездердің бірі болып табылады. Бөлмелердің бірінде баспалдақ бар, онымен көтеріліп үйдің шатырына шығады. Сарайдағы бүкіл құрылысы — қабырғалар, тіреулер, арқа жолдары тікбұрышты ұзынша және төрт бұрышты шаршылы шикі кірпіштерден қаланған. Қазба жұмыстарын жүргізген кезде керамиканың бай жиынтығы: көзелер, сапты аяқтар, табалар, құмғандар, шүмекті құмыралар жиналды, олар біздің заманымыздың I жартысындағы ескерткіштердің материалдарына ұқсас келеді. Керамикалық бұйымдардан басқа ұршық бастар, жебелердің үш қыры бар ұңғылы ұштары, алтын сырға, бір жүзді пышақтар, сүйек ұршықтар, қола сақина, қызыл шыныдан көз салынған алтын қапсырма табылды, олар біздің заманымыздағы I — IV ғасырларға жатады.
Қауыншы және Отырар-Қаратау мәдениеті деп археологтар атайтын үлкен ескерткіштері сақталған.
Жерлеу. Қаңлылар заманының қоныстары қасында үлкен зираттар орналасқан. Оларда түрлі аймақтарда әр түрлі жерлеу кұрылыстары тараған. Қаңлыларға тән ең сипаттысы үңгіп (екі түрлі), лақат жасап және жай шұңқырларға жерлеп, үстіне оба үю, сағана салу болып табылады. Қауыншы мәдениеті таралған өңірде Шәушіқүм, Жамантоғай, Төребайтұмсық қорымдары зерттелді. Сол кездегі Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениеттеріне жататын басқа зираттардағы сияқты, өліктер киімімен, жеке пайдаланатын заттарымен қоса жерленген. Қабірлерге тамақ салып, су құйылған керамика ыдыстар бірге салынған. Еркектердің қабірлерінен қару-жарақтар (семсерлер, қанжарлар, жебелердің ұштары, садақтардың сүйектен жасалған бастырмалары), әйелдердің қабірлерінен көбінесе әшекей заттары: моншақтар, айналар, сырғалар, киімге тігілген қалдықтар табылды. Жерлеу жарақтарынан алынған материалдарға салыстыра отырып жасалған талдау қабірдің мерзімін біздің заманымыздағы I мыңжылдықтың бірінші жартысы деп белгілеуге негіз береді. Отырар алқабы мен оған жақын аудандарда Көк-Мардан, Қыркескен, Мардан қорымдары зерттелді. Мұнда да жерлеу құрылыстарының алуан түрлі екені аңғарылды. Марданкүйік (Қоңыртөбе) қаласының орны маңындағы қорымды зерттеген кезде аса құнды материал алынды. Қаланың өзі біздің заманымыздағы I мыңжылдықтың бірінші жартысында пайда болған. Оның шығыс жағында көлемді зират орналасқан. Төбесі тапталып, опырылып қалған сопақша төбеге қазу жұмыстары жүргізілді. Оның биіктігі 2,5 метрге жетеді, көлемі 35x45 м. Онда төбенің төбесінен 0,4 метрден 1,5 метрге дейінгі тереңдікте жатқан қабірлер бар екені анықталды. Негізінен өлік тікбұрышты етіп қазылған қабір шұнқырларына жерленген. Шұнқырдың төменгі жағына шикі кірпіш қаланған, сағаналар да шикі кірпішпен жабылған. Жүзге тарта қабір тазартылды. Олардың ішінде 12 жағдайда керамика ыдыстарға жерлеу анықталды. Негізінен, бұлар — балалар, жасөспірімдер. Ал ересектер қабір шұңқырының түбіне, киімімен, жеке керек-жарақ заттарымен (сәндік заттар, қару) қосып жерленіп, керамика ыдыстарға (құмыраларға, саптыаяқтарға) тамақ салып, су құйып қойған. Жерлеу ғұрпы мен қоса салынған құрал-саймандарға жасалған талдау Қоңыртөбе қорымының аршылған қабірлерінің негізгі бөлігін отырықшы қаңлы тайпалары мәдениетінің соңғы кезеңіне жатқызуға және оның мерзімін біздің заманымыздағы III—V ғасырлар деп белгілеуге мүмкіндік береді.
Жетіасардағы әрбір қала орнының төңірегінде мыңдаған жерлеу құрылыстары бар қорымдар орналасқан. Олар негізгі екі түрге: оба астына жерге көму және сағаналарға жатады. Олардың көпшілік бөлігі — оба астындағы жерден қазылған шұнқырлар. Обаның айналасында кішкене ор қазылғаны аңғарылады. Қабір шұнқырлары әдетте солтүстіктен оңтүстік бағытына ұзынынан бағдарланған. Өлген адамның мәйіті қамыстан тоқылған төсенішке ұзынынан жатқызылып оралып, шұңқырдың түбіне немесе лақатқа салынған. Қасына 2-3 керамика ыдыс қойылған. Еркектердің қабірінен әдетте пышақтар, семсерлер, сүйектен жасалған бастырмалары бар күрделі садақтар мен жебелер шықты. Әйелдердің қабірлерінде қола айналар, кабыршақтар, сырғалар, моншақтар, білезіктер жиі кездеседі. Жетіасардағы қабірлердің екінші тобы кірпіш сағаналар болып табылады. Жерлеу камерасына көлбеу дәліз-дромос апарады, ол да күмбез тәрізді етіп жабылған. Тікбұрышты камераның (орта есеппен 3,5x2 м) ішінде екі-үш қабырғаны бойлай жататын сәкілер салынған. Өлікті шиге немесе киізге орап, сәкіге қойған. Айналасына оған керекті заттар, тамақ салып, су құйған керамика ыдыс қойылған. Жер бетіндегі сағаналардың түрлері де жер астындағы сияқты, бірақ олар күйдірілген кесектен қаланған аласа цоколь-стилобаттарға тұрғызылып, олар да оба үйіліп жабылса керек. Қабірлерден табылған материалдарға талдау жасау жерден қазылған қабірлер Жетіасар мәдениетінің бүкіл бойында болған, ал сағаналардың пайда болуы неғұрлым соңғы кезеңге — біздің заманымыздағы II — IV ғасырларға жатады деген қорытындыға келуге негіз береді.
Бұл орайда жерден қазылған қабірлер мен сағаналарға жерленгендер арасында қандай да болсын этникалық-мәдени, антропологиялық елеулі айырмашылықтар байқалмайды.[1]
Бұлардың біріншісі Ташкент аумағында, екіншісі Сырдың орта ағысысы мен Қаратаудан Таласқа дейінгі аралықта. Қауыншы мәдениетіне жататын Ақтөбе мекені көбірек зерттелді. Табылған ескерткіш - сарай крест тәрізді салынған бес үйден, екі дәлізден тұрады.
Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіш - Отырар өңірі. Қазылған үйлер бір бөлмелі, екінші бөлме қойма болған. Ортада тікбұрышты жер ошақ жасалған.
Қаңлылардың бір бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Келесі бөлігі отырықшы егіншк болған. Қытай деректері олардың жылқы, түйе, қашыр, есек, сиыр өсіргенін айқындайды. Оларда негізгі малдардың бірі қой болған.
Қаңлылардың жерінен алтын, асыл тастар, хош иісті шайлар, кілемшелер, қымбат аң терілері саудаға шығарылған. Қаңлылардың диқаншылықта қолданған кетпен, қолорақ, қолдиірмен, астық сақтайтын ыдыстары, ұралар мен қамбалар және астықтарда көптеп табылды.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.