Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры — Қазақстанда тұңғыш ашылған кәсіби музыкалық театр. Қазіргі таңда негізгі бағыты - опера және балет өнерiнде Қазақстанның мәдени саясатын іске асыратын және халықтың мәдени деңгейiн көтеретін көркем шығармалар қойылымдарын ұйымдастыру және қою; ұлттық және халықаралық мәдени мұраны насихаттау; мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес жастарды опера және балет классикасының майталмандарымен таныстыру. Театрдың шығармашылық ұжымының құрамында атақты сахна шеберлері және есімдері бүкіл әлемге танымал түрлі халықаралық байқаулардың жас дарынды лауреаттары еңбек етеді. Сахна шеберлері Франция, Германия, Италия, Жапония, Түркия, Қытай, АҚШ сияқты басқа да көптеген елдерде қошеметтелді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры | |
---|---|
Орналасуы | Қазақстан, Алматы, Қабанбай батыр көшесі, 110 |
Негізделгені | 1941 |
Директоры | Көпбасаровa Айнұр Сайлаубайқызы |
Сайты | https://www.gatob.kz/kz/ |
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Ортаққорда |
Композиторлар Е.Г. Брусиловский, А. Жұбанов, М. Төлебаев, Л. Хамиди, режиссер Ж. Шанин, әншілер Қ. Жандарбеков, Қ. Байсейітов, К. Байсейітова, М. Ержанов, Ғ. Құрманғалиев, Ү. Тұрдықұлова, биші Ш. Жиенқұлова, т.б. ұлттық опералық музыканың негізін қалады. Кейінірек В.Ю. Жданов, Ю.Л. Рутковский режиссерлік етті, көркемдеуші суретшісі А.И.Ненашев, дирижері Ф.А. Кузьмич, хормейстері А.В. Преображенский болды. 1940 жылдары театр труппасына Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, С. Әбжанов, Ә. Үмбетбаев, Ш. Бейсекова, Б. Досымжанов, Р. Мұсабекова, Ә. Мұсабеков, т.б. әнші-артистер қосылды. Театрда А.В. Селезнев, Ю.П. Ковалев, Д.Т. Әбіров сияқты балетмейстерлер, И.И. Зак, Ғ.Н. Доғашев сынды дирижерлер жемісті еңбек етті.
Сахна төрінде М. Ержанов, Ж. Елебеков, Р. Жаманова, Е. Серкебаев, Б. Төлегенова, т.б. өнер көрсетті. Қазіргі уақытта театр артистері Н. Үсенбаева, С. Байсұлтанов, Ж. Баспақова, М. Мұхамедқызы секілді белгілі әншілер, С. Ищанова, Ұ. Кенжебеков, Д. Дүтмағамбетова тәрізді әр түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары қазақ операсының табыстарын көптеген елдер театрларының сахнасында паш етуде. Кейінгі жылдары театр режиссерлары Ғ. Есімов, Л. Иманғазина, Ф. Сапаров отандық және шет ел композиторларының классикалық шығармаларын жаңғыртып, сахналап жүр.
Ғимарат құрылысының композициялык орталығы – 1170 орынды көрермендер залы. Сахна жақсы көрінеді, дыбыс естілуі анық. 2-қабатта ғимарат интерьерін көріктендіре түсетін кең фойесі бар. Капительді бағаналар, қабырға өрнектері оюлы басқыш қоршаулары, жалпы ғимараттың ішкі еңсесін сәулеттеуде негізгі рөл атқарған қазақтың дәстүрлі ою-өрнек үлгілері (қошқармүйіз, ырғақ, жапырақ гүл, сыңар мүйіз, т.б.) ғимарат архитектурасында кеңінен қолданылған. Оның екі қапталы мен алдыңғы жағындағы бақ, хауыздар ғимарат әсемдігін әрлендіре түскен. Театрдың екі қапталындағы бақтарға М.О. Әуезов (1967, мүсіншісі Т.С. Досмағамбетов) пен Ж. Жабаевтың (1971, мүсіншісі Х.Е. Наурызбаев, екеуінің де архитекторы М. Меңдіқұлов) ескерткіштері қойылған. Қазақ опера және балет театры Ленин орденімен марапатталған (1959).[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.