америкалық жазушы және журналист From Wikipedia, the free encyclopedia
Эрнест Миллер Хемингуэй (ағылш. Ernest Miller Hemingway; 21 шілде 1899, Оук-Парк, Иллинойс, АҚШ — 2 шілде 1961, Кэтчам, Айдахо, АҚШ) — америкалық жазушы, журналист, 1954 жылғы Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.[2]
Эрнест Хемингуэй | |
ағылш. Ernest Hemingway | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері | |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері | |
Азаматтығы | |
Мансабы | |
Шығармашылық жылдары |
1917—1961 |
Бағыты | |
Жанры | |
Шығармалардың тілі | |
Марапаттары | |
Қолтаңбасы | |
Ортаққордағы санаты: Эрнест Хемингуэй |
Әдебиет тарихында жоғалған ұрпақ деп аталып кеткен ағымның басты өкілі ретінде осы Хемингуэйды атауға болады. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан сенімдерінен айырылып, махаббаттарын жоғалтып, сенделіп, мəңгіріп қалған жазушы-ақындар шығармаларында сол заманның пессимистік келбетін бейнелеген.[3]
Жеті роман жазып, төрт әйелмен бас құраған, үш соғысты көрген, екі рет қатерлі ұшақ апатынан аман қалған жазушы отбасының ортаншысы еді. Майдан кешкен жан бола тұрып, соғыстың қатыгез картинасын емес, оның салдарынан зардап шеккендердің «бейбіт өмірін» басынан өткізді. Кейіпкерлерін табанды, батыл, жаужүрек қылып көрсете білді.[4]
Хемингуэй Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысқан, Испанияда бомбаның астында аман қалып шыққан, Германияны бомбалаған ұшақтарда болған, америкалық әскер Нормандияға басып кіргенде, француз партизандарының тобын басқарып, Парижді азат етуге қатысқан. Талай елге саяхат жасап, Еуропада, Кубада, Африкада бірнеше жыл бейбіт өмір сүрген, содан болар, шығармадағы басты кейіпкерлері америкалықтар болғанымен, оқиғасы өзге өңірлерде өрбігенін суреттеген.[5]
Эрнест Хемингуэй 1899 жылы 21 шілдеде Чикаго маңындағы Оук-Парк қалашығында дүниеге келді (Иллинойс, АҚШ). Оның әкесі Кларенс Эдмонт Хемингуэй дәрігер қызметін атқарса, ал анасы Грейс Холл өмірін балаларын бағуға арнаған.
Кларенс Хемингуэй жастайынан баласының бойында табиғатқа деген махаббатты оятуға тырысады, және сондағы арманы баласының әке жолын қуып, медицина және жаратылыстану ғылымымен айналысуы еді[6]. Эрни 3 жасқа толғанда, әкесі оған ең алғашқы қармағын тарту етіп, өзімен бірге балыққа алып шықты. Оған қоса, болашақ жазушы 8 жасқа толған шақта Орта Батыс өңіріндегі бүкіл аң-құс, балық және ағаш-өсімдіктердің атауларын жатқа білді. Сонымен қатар, Эрнест түрлі кітаптарды бас алмай оқуды өзінің үйреншікті ісіне айналдырды. Бос уақытын ол үйіндегі кішігірім кітапханада, әсіресе, Дарвин еңбектері мен тарихи қолжазбаларды меңгерумен өткізді[7].
Ал керісінше, миссис Хемингуэйдың баласының болашағына деген көзқарасы мүлде өзгеше болды. Анасының міндеттеуімен жазушы шіркеу хорында өлең айтып, виолончель аспабында ойнады. Көп уақыт өте келе, мосқал тарта бастаған Эрнест осы жайт туралы былай деп айтқан:
Анам бір жыл бойы мені музыка үйрету үшін мектепке жібермеді. Ол менің музыкалық қабілетім мол деп есептеген. Шынына келер болсақ, менің өнерге деген ешқандай талантым да, құлшынысым да болмады.
Оук-Парктегі қысқы үйінен басқа, жазушы отбасының Валлун көлінің жағасында орналасқан «Уиндмир» деген иелігі болды. Әрбір жаздың басталуымен Хемингуэй ата-анасымен, ағаларымен және әпкелерімен бірге сол жерге ат басын бұрып отырды. Шынайы табиғатқа тұнып тұрған бұл өлкеде жазушы өзін еркін сезініп, ерекше сезімге кенелді. Себебі виолончель аспабы мен шіркеу хорынан шалғай бұл жерде Эрнест өзінің ұнататын істерімен айналысып: балық аулап, орман ішін аралап, көршілес үндіс тайпаларының балаларымен ойнауды жақсы көретін. 1911 жылы, Эрнест 12 жасқа толған кезде, атасы оған бір оқталатын 20 калибрлы мылтықты сыйға тартты. Атасына деген сезімі өте ынтық Эрнест оның айтқан әңгімелерін сүйіп тыңдап, өмірінің соңына дейін оны ұмытпай, тіпті кейде өзінің туындыларына арқау етіп отырды.[8]
Сол уақытта Хемингуэй мектептегі кішігірім “Скрижаль” журналында жазушы ретіндегі алғашқы қадамын жасайды. Баспаға түскен ең бірінші шығармасы – солтүстік экзотикасы мен үндіс фольклорына толы “Маниту соты” еңбегі еді. Журналдың келесі нөмірінде “Бәрі де терінің түсіне байланысты болды” атты бокстың лас та әділетсіздікке толы коммерциялық бейнесі сипатталған әңгімесі жарық көрді. Кейінгі нөмірлерде, негізінен, жазушы спорт жарыстары мен концерттер жайлы репортаждар жариялап отырды. Өмірінің осы мезетінде Хемингуэй өзінің біратола жазушы болатынын нық шешті. Табиғатынан шымыр және шыныққан Хемингуэй бокс және футболмен белсене айналысты. Кейін өзі айтып кеткендей:
Бокс мені әрқашан қанша рет құласаң да түрегеліп, құдды бір бұқа секілді тез және қайта-қайта шабуылдауға дайын болуға үйретті.
Мектепті бітірісімен Эрнест ата-анасы қалағандай жоғарғы оқу орнына тапсырмай, Канзас Сити қаласына көшіп, сол жердің жергілікті «The Kansas City Star» газетіне жұмысқа тұрады. Оның қарамағындағы қала аумағы бас аурухана, вокзал және полиция бөлімшесін қамтыды[9]. Жас тілші қалада орын алып жатқан бүкіл оқиғаларға белсене ат салысып, әр түрлі кісілермен танысып, өзінің ойлау арнасын барынша кеңейтті. Эрнест кездестірген адамдардың іс-әрекеттерін, сөйлеу мәнерін барынша бақылап, түсініп, жаттап алуға тырысты. Санасында түйіршектеп жиналған осы деректер кейін болашақта оның еңбектерінің сюжеттеріне арқау болып, диалогтар мен деталдерін құрастыруға жәрдем етті. Дәл осы кезде Хемингуэйдың өзіндік жазу стилі және әрдайым оқиғаның ортасында болу дағдысы қалыптасты. Газет редакторлары жас жазушыны ойын дұрыс және нақты жеткізумен қоса, стильдік шұбалаңдықтардан арылу жолдарын да үйретті.[10]
Хемингуэй әскер қатарында болғысы келгеніне қарамастан, көзінің нашар көруі ұзақ уақыт бойы оның бұл мақсатына кедергі болып келді. Соған қарамастан, ол дегеніне жетіп, өз еркімен Қызыл Крест машинасының жүргізушісі ретінде Италия жерінде болып жатқан майдан сапына келеді. Ең бірінші күні, Миланға келмей жатып Эрнест және басқа да еріктілер бомбаланған зауыт қалдықтарын жинауға міндеттелді. Бірер жыл өткеннен кейін жазушы соғыстан алған алғашқы әсерлерін “Қош бол, майдан!” кітабында көркем сипаттады. Келесі күні жас Хемингуэй санитарлық көліктің жүргізушісі ретінде Скио қаласында орналасқан әскер топтарына жөнелтілді. Алайда, бұл жердегі әскерлердің уақытын тек ойын-сауық, карта және бейсбол ойнаумен өткізіп отырғанын көрген Эрнест шыдай алмай, өзін Пьяве өзені бойына ауыстыруын талап етті. Бұл жерде де ол тыныш отырмай, әскерлердің жертасаларына азық-түлік әкелу арқылы майдан шебінде болып жатқан соғыстарға тікелей жанасты.
1918 жылы 8 шілдеде Хемингуэй жаралы итальяндық снайперді құтқарам деп, Аустрия шеңберінен атылған пулемет пен зеңбірек оқтарының астында қалды. Ауруханада Эрнест денесінен 26 снаряд жарқыншақтары алынып, кейін оны Миланға ары қарай емдеуге көшірді.
1919 жылдың 21 қаңтарында Эрнест Отанына батыр ретінде оралды. Бүкіл газет беттерінде жазушы Италия майданында жараланған бірінші американдық кейпінде сипатталды. Италия королі оны «Жауынгерлік айбыны үшін» және «Әскери крест» медалдарымен марапаттады. Жазушы өзі кейінірек айтып кеткендей:
Мен сол соғысқа барғанымда өте үлкен ақымақ болдым. Мен барлығын құдды бір біз және аустриялықтар бір жарысқа қатысып жатқан спорт командалары секілді қабылдадым.
Келесі бір жылдай уақыт шамасын Хемингуэй жанұя ортасында өткізіп, өзінің болашағы жайлы ойланумен болды. 1920 жылдың 20 ақпанында жазушы журналистика бағытына қайтып келу үшін Торонто қаласына көшіп барды. Оның жаңа жұмыс орны, «Торонто Стар» газеті, жазушыға шығармашылық бағытта не жазғысы келсе де толық еркіндік берді.[11] Ең басты шарт: тек баспадан өткен материалдарға ғана ақша төленді. Эрнесттің ең алғашқы жұмыстары – “Көшпелі сурет көрмесі” және “Тегін қырынып көріңіз” – жалпы айтқанда өнер сүюшілердің көрсеқызарлықтары мен американдықтардың ырымшылдықтарына деген келемеждеу сипатында болды. Содан кейінгі еңбектері соғыс зардаптары, үйлерінде ешкімге керексіз болып қалған соғыс ардагерлері және ақымақ шенеуніктер жайлы болды.
Дәл сол жылы жазушы мен оның анасы арасындағы өзара түсініспеушіліктер арта берді. Нәтижесінде Хемингуэй бүкіл заттарын жинап, Чикаго қаласына көшіп кетті. Бұл қалада ол «Торонто Стар» газетімен қарым-қатынасын жалғастырумен қоса, «Cooperative Commonwealth» журналында редакторлық қызметін атқарды. Ал 1921 жылы 3 қыркүйекте жазушы Хэдли Ричардсон атты жас пианист қызға үйленіп, бұрыннан армандап жүрген Париж қаласына сапар шегеді.[12]
Париж қаласында Хемингуэйдың отбасы Контрэскарп алаңы маңындағы Кардинал Лемуан көшесінде кішкене пәтерге орналасады. “Өзіңмен алып жүретін мереке” кітабында Эрнест осы жағдай туралы былай деп жазып кеткен:
Бұл пәтерде канализация құбыры мен ыстық су болмады. Бірақ бізге бұл кемшіліктерді терезеден қалаға деген күшті көрініс алмастырды. Еденде жатқан пружиналы матрац біздің төсек орнымыз болды. Қабырғаларда өзімізге ұнайтын картиналар ілініп тұрды, сондықтан бұл пәтер бізге өте ашық және жайлы көрінетін.
Отбасын асырау үшін және жаз айларында дүние жүзін аралау үшін Хемингуэйге көп жұмыс істеуге тура келді. Сондықтан ол апта сайын «Торонто Стар» газетіне өзінің шығармаларын жіберіп отырды. Газет редакциясы жазушыдан Еуропа өмірінің сипаттамасын, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің егжей-тегжейін талап етті. Бұл жағдай Эрнестке очерк тақырыптарын өзі таңдап, жазу стилін дамытуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жазушы, негізінен, очерктерін келеке түрінде американдық туристтер және жастардың сергелдеңмен өткізген өмірі жайлы жазудан бастады (“Міне бұл Париж”, ”Париждегі американдық богема” және т.б.).
1923 жылы Эрнест “Шекспир және компания” деген кітап дүкенінің иесі Сильвия Бичпен танысып, өте жақын достық қарым-қатынас орнатты. Дүкен ішінде жазушы көп уақытын өткізіп, кітаптар алып, түрлі көзі ашық зиялылар, ақын-жазушылар мен суретшілермен танысты. Солардың ішінде жазушыға ерекше әсер еткен Гертруда Стайн еді. Эрнест әрдайым Гертрудадан ақыл-кеңес сұрап, әдебиет жайлы әңгіме-дүкен құрғанды ұнатты. Гертруда газеттегі жұмысқа немқұрайлы қарап, Эрнесттің шығармашылықтағы басты жолы – жазушылық екенін оған иландыруға тырысты.[13][14]
1926 жылы жазылған “Күн де шығады” – жазушыны ең алғашқы шығармашылық табысқа жеткізген еңбегі. Бұл роман оқырманға 1920 жылдары Франция мен Испанияда тұрған жастар өмірі жайлы баяндайды. 1927 жылы “Әйелдерсіз еркектер”, ал 1933 жылы “Жеңімпазға ешнәрсе тимейді” атты әңгіме жинақтары шыққаннан кейін, Эрнест Хемингуэй көпшілік ортасында ерекше бір қысқа әңгімелер авторы ретінде әбден танылды. Осы әңгімелер ішінде әсіресе “Қаныпезерлер”, ”Фрэнсис Макомбердің қысқа бақыты” және ”Килиманджаро — қарлы тау” оқырмандар назарын аудартып, ерекше ықыласқа ие болды.[15][16]
1930 жылдың басында Хемингуэй АКШ-қа қайтып оралып, Флорида штатының Ки-Уэст қаласына орналасты. Бұл жерде ол балық аулаумен айналысып, өзінің желкенді қайығымен Багам аралдарына және Кубаға саяхат шегіп, жаңа шығармалар жаза бастады. Биографтардың айтуы бойынша, осы кезде жазушының атағы өсіп, есімі жұртқа таныла бастады[17]. Ол жазған шығармалардың барлығы тез арада баспадан өтіп, үлкен таралымдармен сатылды. Өмірінің ең табысты бірнеше жылын өткізген сол пәтерінде қазір жазушының мұражайы ашылған.
1930 жылдың күзінде Эрнест автомобиль апатына түсіп, нәтижесінде көптеген жарақаттар және басына зақым алып, жарты жылдай уақыт емделумен өткізді. Жазушы осы кезде қарындашпен жазуды қойып, машинамен жұмыс істеуді бастады. 1932 жылы ол “Түстен кейінгі ажал” романын жазу арқылы коррида салт-дәстүрін дәлдікпен сипаттап берді. Бұл кітап өте үлкен сұранысқа ие болып, Хемингуэйды американдық ең танымал және талантты жазушы ретінде әбден бекітті.
1933 жылы Хемингуэй “Жеңімпазға ешнәрсе тимейді” атты шығармалар жинағын жазу арқылы өзінің көптен орындай алмай жүрген арманын – Шығыс Африкада сафаримен айналысуды – орындағысы келді. Кітап сәтті шығып, сол жылдың соңында жазушы жаңа саяхатқа жол тартты.
Хемингуэй Танганьика өзенінің маңында лагерь құрып, жергілікті тайпа өкілдерін жолбасшы ретінде жалдап, аң аулауға шығуды бастады. 1934 жылдың қаңтарында кезекті сафариден келген жазушы өкпе амебиазы ауруына шалдығып қалды. Күннен-күнге жағдайы нашарлап, ағзасы сусыздана бастаған жазушы үшін Дар-эс-Салам қаласынан арнайы ұшақ жіберіліп, оны сол өңірдің астанасына жеткізді. Ағылшын емханасында бір апта курс терапиясын алғаннан кейін ғана Эрнест жазыла бастап, ісі оңға басты. Соған қарамастан, аң аулау маусымы Хемингуэй үшін өте сәтті болды. Ол өз қанжығасына барлығы үш арыстан, жиырма жеті антилопа, ірі енеке және тағы басқа жануарларды байлады. Танганьикадан қалған бүкіл әсерін жазушы “Африканың жасыл жоталары” (1935) кітабының бетіне түсірді. Бұл кітап, негізінде, Эрнесттің саяхатшы және аңшы рөліндегі күнделігі болып табылады.
1937 жылы жазушы “Бар мен жоқ” деген кітабын жазуды бітірді. Ол кітап автордың АҚШ-та орын алған Ұлы тоқырау эпохасына деген бағасы еді. Хемингуэй болып жатқан проблемаға күнін көру үшін контрабандашы болып кеткен, қарапайым Флорида тұрғыны атынан қарады. Оған қоса, Испанияда орын алып жатқан тұрақсыз жағдай ешқашан бұрын жазушы шығармашылығында қозғалмаған тың әлеуметтік тақырыптарды қозғауға сеп болды. Азамат соғысының басталуы Эрнестке өте қатты әсер етіп, көп ұзамай жазушы генерал Франкоға қарсы күресіп жатқан республикалықтарды қолдап, оларға көмектесу үшін жәрдем жинау қорын ұйымдастырды. Кейінірек жазушы Солтүстік Америкалық газет қауымдастығына өтініш жасап, болып жатқан жауынгерлік істер жайлы хабардар етіп тұру үшін өзін Мадрид қаласына жіберуді сұрады. Бұл сұрау аяқсыз қалмай, тез уақыт аралығында кинорежиссер Йорис Ивенс бастаған киноға түсіру тобы құралып, тікелей Мадридке жол тартты. Картина сценаристы ретінде Хемингуэй бекітілген бұл топтың мақсаты “Испания жері” деген документалды фильм түсіру еді.
Соғыстың ең бір қиын кездерінде Эрнест франкистермен қоршалған Мадридте интернационалистер штабы және тілшілер клубына айналған Флорида қонақ үйінде мекен етті. Және осы бір қиын-қыстау кезеңінде жазушы қаламымен бар болғаны бір ғана “Бесінші колонна” деген пьеса жазылды. Сонымен қатар айта кетерлік жайт, ол жазушының болашақ үшінші жұбайы Марта Геллхорнмен осы Испания жерінде кездесуі болатын. Кейбір кезде Эрнест Каталония жеріне сапар шегіп отырды, себебі Барселона маңындағы шайқастар тартысқа және қатыгездікке толы еді. Осы бір шайқастар кезінде, Хемингуэй жертасалар ішінде француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюпери мен интернационал тобының командирі Ганс Калемен танысады. Жазушының соғыстан алған әсерінің нәтижесінде ең бір танымал романдарының бірі – “Қоңырау кімге соғылады” туған еді (1940). Роман сюжеті республиканың құлдырауына негізделе отырып, адамның жеке басының қандай да қиындыққа болмасын төтеп бере алатын қауқары бар деген оймен нақышталған.[18]
1941 жылы Эрнест Хемингуэй Балтимор қаласында кеме сатып алып, оған “Пилар” деген ат кояды. 1941 жылдың 7 желтоқсаны, яғни әйгілі Перл-Харбор базасына шабуыл басталғанға шейін жазушы кемесін Куба маңына әкеліп, балық аулаумен айналысты. 1941-1943 жылдары ол Куба жеріндегі нацистік тыңшыларға қарсы барлау жұмыстарын жүргізіп, өзінің кемесімен Кариб теңізіндегі неміс сүңгуір қайықтарына қарсы күресті. Содан кейін Эрнест өзінің журналистік жұмысын қайта бастап, Лондонға қаласына тілші ретінде жұмыс істеуге кетеді.
1944 жылы Хемингуэй Германия және оккупацияланған Франция жеріне жасалған әскери ұшу тапсырмаларына белсене ат салысты. Кейін Нормандия жеріне одақтас елдердің әскері түсірілген кезде ол барлау жұмыстарына қатысуға рұқсат алады. Эрнест 200 кісіден тұратын француз партизандарының басшысы болып, Париж, Бельгия, Эльзас жерлерінде болған ұрыстарға қатысты.
1949 жылы жазушы Кубаға қайтып оралып, шығармашылық қызметін “Шал мен теңіз” (1952) хикаятынан бастады. Кітапта, негізінен, сыртқы тылсым табиғат күшіне қарсы күрескен жалғыз, тек өз қайраты мен төзіміне ғана сенген адам жайлы баяндалады.
1953 жылы Эрнест Хемингуэй жоғарыда аталмыш кітабы үшін Пулитцер сыйлығының иегері атанды. Сонымен қатар, 1954 жылы жазушының әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығымен марапатталуына да осы хикаят айтарлықтай әсер етті. 1956 жылы Хемингуэй өзінің 1920 жылдары өткізген Париждегі өмірі туралы автобиографиялық кітабын бастады. Кітап атауы – “Өзіңмен алып жүретін мереке” және ол баспадан тек жазушы өмірден кеткеннен кейін шықты.[19]
1960 жылы Хемингуэй Куба аралын тастап, АҚШ-тың Кэтчам қаласына (Айдахо штаты) қайтып оралады.
Өмірінің соңғы жылдарында гипертония және диабет секілді аурулармен қатты ауырғандықтан, жазушыны Рочестер қаласындағы Майо емханасына емдеуге жатқызады. Эрнесттің ойынша, ФБР агенттері оның ізіне түсіп, телефон және банк есепшоттарын тексеріп, жеке поштасын оқып, жеке өміріне қол тигізген. Сол себепті жазушы өте терең депрессияға ұшырап, кез-келген бейтаныс адамды ФБР агенті ретінде қарастырды. Кейін, 1980 жылдардың басында, ФБР мұрағатында Хемингуэй ісі құпиясыздандырылған кезде жазушы артынан шынымен де аңду жұмыстары жүргізілгені расталды.
Жазушыны емханада психиатрия жолымен емдеп, электросудорогалық терапия жүргізуге тырысты. Осындай терапияның 13 сеансынан кейін, Эрнест ақыл-есін мүлде жоғалтып, жазушылық талантынан мүлде айырылды.[20] Осы жайт туралы ол былай деп айтқан:[21]
Маған электрошок жасаған дәрігерлер жазушыларды мүлдем түсінбейді...Ең алдымен, осы психиаторлар көркем әдебиет шығармаларын жазып үйреніп көрсінші, шын мәнінде жазушы болудың не екенін түсіну үшін...Мені есімнен айырып, миымды құртудың пайдасы не, егер ол менің осы өмірдегі барлық капиталым болып тұрса...
Емделу кезінде жазушы клиника дәлізінен өзінің досына ФБР-дың тыңдауға арналған радиомикрофондары жайлы айту үшін қоңырау шалды. Қанша терапия жасағанымен, бұл ем жазушыға айтарлықтай шипа әкелген жоқ. Эрнест жұмыс істеуді қойып, қалың депрессияға ұшырап, өзіне-өзі қол жұмсау туралы көп айта бастады.
1961 жылы 2 шілдеде Майо психиатрлық емханасынан шыққанына бар болғаны бірнеше күн өткеннен кейін, Хемингуэй Кэтчамдағы үйінде мылтығымен өзін-өзі атады.[22] Арада 50 жыл өткеннен кейін, ақпарат еркіндігі жайлы заңға байланысты Эрнест Хемингуэйдың ісі туралы ФБР-ден сауал сұратылады. Жауап ретінде ФБР, шынымен де, жазушыны аңду және ізіне түсу жұмыстарының (тіпті психиатрлық емхана ішінде) болғандығын мойындады.[23]
Кэтчамға жақын орналасқан Сан Валлэй елді мекенінде жазушыға арналған мемориал тұр. Хемингуэйдың қоладан жасалған бюсті төртбұрышты бағанаға орнатылған, сол бағананың бір жағына өзінің досына арнаған өлеңі қашалған:[24]
Best of all he loved the fall
the leaves yellow on cottonwoods
leaves floating on trout streams
and above the hills
the high blue windless skies
...Now he will be a part of them forever.
Эрнесттің Марселина есімді әпкесі (1898 ж.т.), Урсула (1902), Мадлен (1904) және Кэрол (1911) деген қарындастары, сондай-ақ Лестер (1915) есімді інісі болған.[25]
Эрнесттің төрт жұбайы болған:
Эрнест Хемингуэйдың көркем және мемуарлық шығармаларының тізбесі:[27][28]
Романдар мен повестер:
|
Жинақтары:
Басқасы:
|
Романдар, мемуарлар, хаттар:
|
Жинақтары:
|
АҚШ-тың әйгілі әдебиет сыншысы Эдмунд Уилсон Хемингуэйдың әңгімелерін сипаттай отырып, ондағы сөйлемдері ықшам, бас-аяғы жинақы, дәлдікке бой ұрған, диалогқа жете мән беретін ерекшелігімен бірден көзге түсетінін атап өткен. «Ол, Хемингуэй болаттың бетіне ойып жазғандай жазады. Шығармаларында талантты суретшілердің қолтаңбасына тән қасиет бар. Қашанда сұлулыққа бой ұрып, өнерге тән сәуле іздейді. Шағын болғанына қарамастан бұл шығармалар өнер тұрғысынан соғыс туралы жазылған бүгінгі шығармалардың қай-қайсысынан да озып тұр», — деп жазған.
Эрнест Хемингуэй — әңгіме жанрында соған дейінгі шығармаларда анық көрініс табатын оқиғаны, сюжетті алып тастап, оларды кино тіліне ұқсас монтаждап берудің тәсілін шығармашылыққа кіргізген бірінші жазушы. Кейін бұл тәсілді ол мұхиттағы мұзтаудың (айсбергтің) болмысымен түсіндірді. «Егер өзің жақсы білетін дүниені алып тастасаң, шығармаң жандана түседі. Ал өзің анық білмейтін дүниені алып тастасаң, ондай шығарманы жазғаннан, жазбаған дұрыс. Мұхиттағы мұзтаудың айбатты көрінетін себебі — оның сегізден бір бөлігі ғана су бетіне шығып тұрады, қалған бөлігі көрінбейді. Сен өзің жақсы білетін дүниелерді қысқартқан сайын мұзтаудың тасадағы бөлігі қалыңдай түседі», — деген Хемингуэй.
Сыншылар байқағандай, «Хемингуэй оқырманнан бір-ақ нәрсені күтеді — өзімен үндесуді қалайды; мәтінде ымдау тәсілін қолдана отырып, бір сөзбен бірнеше мазмұнды елестетеді; ол көз бен бақылау объектісі, бақылау объектісі мен оқырманды тіке байланыстырады».[29]
Жазушының шығармалары көбінесе шынайы өмірден алынған, яғни адамның ішкі жан дүниесінің күйі, және де іс-әрекетінің өзгеруі, көңіл-күйінің жағдайға байланысты әр түрлі болуы терең философиялық тұрғыдан қарастырылған. Сонымен қатар оның жазған әңгімелері мен очерктерінде көбінесе әйел бейнесінің айқындалуы суреткердің, яғни Хемингуэйдың ерекшелігі болып табылады.
Хемингуэйдың көлемді шығармалары “Қош бол, майдан!”, “Шал мен теңіз” “Фиеста” сияқты роман-повестерін оқып отырғанда, оқырман өзін бас кейіпкердің орнына қойып, яғни кейіпкердің бейнесіне кіріп кетіп, қуанатын жерінде бірге қуанып, ашуланған жерінде қоса ашуланып кетеді десек, қателеспейміз.[30][31][32][33]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Фотоколлекция |
Эрнест Хемингуэй қайтыс болғаннан кейін жесір болып қалған Мэри Уэлш жазушының жазбаларын және фотографияларын сақтау мақсатымен Джон Кеннеди атындағы кітапханаға тапсырады. Фотографияларды Эрнесттің өзі, не жұбайы жасаған, немесе жазушының иелігінде болды. Кітапхананың администрациясы фотографиялардың көбісіне еркін авторлық құқық дәрежесін берді.[60][61]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.