From Wikipedia, the free encyclopedia
Құсбегілік[1]– бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай сияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнердің бір тармағы. Құсбегілік жаһанда кеңінен тараған, оның ішінде бүркітшілік қазақ, қырғыз халықтарының дәстүрлі ежелден келе жатқан үлкен төл өнері ретінде саналады. Қазақ халқының арасында бұл өнердің тамаша шеберлері кең дәріптеледі. Мәселен, «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге қонсам жалайыр Шора алады», «Тінейдегі қасиет — ұялас екен сарқұспен, Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен»,— деген сөз-дер бар
Құсбегілер қыран құсты тор құрып ұстайды немесе қарақанат балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Құсты әуелде шыжыммен ұшырып, қайыруы жеткен соң семіртіп түлетеді. Бұдан кейін құсты ақжеммен асырап, бос керілген арқанга қонақтатып, ұйқысын алып арытады. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келгенде аңға салады.
Көшпелі өмір салтын бастан кешірген қазақ халқы табиғатпен мейілінше етене болған. Көшпелілер табиғатты өз өмірлерінің бөлінбес сыңарына балап, табиғат тылсымын неғұрлым тереңірек таныса, өмірдің солғұрлым мәнді де қызықты болатынын жақсы түсінген. Табиғат аясындағы таным-тәжірибесі тек қана күнкөріс тіршілігіне негіз болып қоймай, сонымен бірге уақытты мәнді, көңілді өткізудің жолы ретінде де кеңінен пайдаланылған. Солардың бір көрінісі аңшылық-саятшылыққа байланысты. Аңшылық-саятшылық әскери жаттығудың, шынығып-шыңдалудың тамаша үлгісі болған.
Құсбегілік әсем табиғат аясындағы көңілді, әсерлі қызығы мол демалыс болып табылады. Ел ішіндегі ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған жалғыз-жарым аңшылықты айтпағанда, көшпелілер арасында бүкіл ру-тайпа болып қотарыла көтерілетін, сөйтіп байтақ өңірді қаумаласа сүзетін аңшылық дәстүрлері болған. Мұндай жойқын аңшылықтың із-сорабы, белгі-айғағы ретінде Қазақстандағы Үстірт үстіндегі "құпия сызық" деп жүрген әйгілі қалта ауыз ұра қазбалары, кезінде Шоқан Уәлиханов таңдана жазған, күні бүгінге дейін ізі сайрап жатқан Іле өзені мен Тарбағатай арасындағы ұраны айтуға болады.
Сонау ерте заманнан-ақ қазақ халқы табиғатпен етене қойындас болғандықтан аң-құстың қасиетін айыруға жүйрік болған. Ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесін, әсіресе, кейінгі ұрпаққа үйретуге айырықша мән берген.
Қазақ аңшылары өздерінің таным-тәжірибесінің арқасында аңшылық-саятшылық үшін жүйрік ат, қыран құс, құмай тазы сияқты жан-жануардың тілін таба баптап, қалауына көндіре алған. Осылардың ішінде қыран құстарды баптаудың ғасырлар бойы жинақталған мол тәжірибесі шын мәнісінде әрі өнер, әрі терең біліктілік.
Тарихи деректерге қарағанда, құсбегілік өнері бұдан үш мың жыл бұрын пайда болған. Орта ғасырлардағы итальян саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның саятшылық мақсатта қолға үйреткен 500 ақ-сұңқары және басқа да қыран құстары болғандығын және оларды баптап, күтуге, арнайы 10 мың құсбегі ұстағанын жазады. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Сондықтан да хан сарайындағы құсбегілік қызметке тек ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Кейбір тарихи деректерде Шыңғысханның ұлы Жошының 3 мың бүркітші ұстағаны туралы жазылады.
Құсбегілік өнері қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз әңгімелерде де ерекше орын алады. Мәселен, қазақтың әйгілі құсбегісі Жалайыр Шораға байланысты аңызда “Аспанға ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады”, — деп қыран құстар мұң шағады екен. Қазақ және басқа түркі тектес халықтар көбінесе бүркіт асыраған, ал Еуропа мен Ресей билеушілері сұңқарларды қолға үйреткен (“соколиная охота”)
Белгілі әдістері: аумен ұстау, тор жаю, қарға орану, тояттатып алып тұтқиылдан басып қалу, шеңгелдестіру, ұядан алу.
Түзден ұстаған құсты үйрететін адамды құсбегі деп атайды. Құсбегі құсты балапан кезінен бастап баулиды.
Түз құсын қолға түсісімен томаға кигізбей үйретуге болмайды. Томаға кигізген соң да екі-үш күн ұйықтамай қарсылық көрсететін қиқарлығы болады. Ондайда ырғаққа (тербемелі әткеншек етіп байланған жұмыр ағаш) отырғызып тербетіп, ұйықтатпайды, яғни екі күн болсын, үш күн болсын құс қарсылығын қойғанша қажымай бірге болған абзал.
Қолға түскен құсты бірінші күнен-ақ барлық баптау барысындағы қимыл -әрекетте және түн ортасында тұрып сылап-сипайды. Құстың иесіне әбден бауыр басуы үшін мұндай ықылас қажет-ақ.
Құс алғашында жемге өздігінен ұмтылмайды. Сондықтан бір жапырақ етке қант бүркіп, аузына салып жібрген абзал. Сөйтіп қолдан жем жеуге үйреткен соң, алыста тұрып шақырып, құсты өздігінен келіп жем жеуге баулиды. Оған үйренген шақта ат үстінде тұрып жем көрсетіп, шақырып, қолына келіп қонуды үйретеді. Мұның бәрі құстың атқа да, адамға да үйірек болуына әрі шынығуына бірден-бір себеп.
Баулу кездерінде құстың аяғында байланған ұзын жеңіл шыжым жіптің болғаны абзал. Бұлайша баулуды шырғаға тарту деп атайды. Ерінбей-жалықпай шырғаға көп тартылған құстың қанат, құйрығы берік болып жетіледі.
Далабайға түсіру деп тұлып етіп сойылған аң терісінің (көбінесе, түлкі терісі) үстінен жем алғызуды айтады. Жемді аң терісінің кез келген жеріне қоя салмай бас жағына тығыздап тығып, екі көзінен болар болмас қызартып көрсетіп қою керек. Сосын тұлыпқа ұзын жіп байлап сүйретеді де, құсқа оны ат үстінде ұстап тұрып көрсетеді. Егер құс томағасын сыпырғанда далабай тұлыпқа талпынып, лап қойса әрі қарай сүйретпей тастай салу керек. Сол жерде далабайдағы қант бүркілген тәтті етті бір-екі рет шоқытқан жөн. Мұнан соң құсты қолға алып томағасын кигізеді де, атқа мініп сүйретпе далабайды тағы да көрсетеді. Осылайша қайталай берудің еш зияны жоқ.
Құсты аңға салмас бұрын аяғы өреленіп, ауызы тұмылдырықталған тірі түлкіге түсіріп көрудің де пайдасы мол. Мұны құсбегілер "тірілету" деп атайды. Тірі түлкіге қаймықпай түскен құстың аң аулауға үйренгені.
Құсты бұлайша баулу әдістерінің қай-қайсысына кіріскенде де, тіпті аңға саларда да қолдағы құсты аш ұстаған жөн.
Құсбегілер қолындағы құсын аңға салуға мамыр, маусым айларынан бастап баптайды. Алдымен қансоқты, қызыл сияқты маңызды жем беріп, түлету үшін семіртеді. Бұл кезді қызылға отырғызу немесе түлету деп атайды. Құс түлегі бапты болса, аз күнде-ақ бой жүні сүзіліп, салаланып сала береді. Ал түлек бапсыз болса, жемі қуатсыз немесе маңызсыз болса құстың бой жүні жымдаспай қобырап, қауырсындары бунақталып дұрыс жетілмейді. Қазақ құсбегілерінің қолындағы құсты тиісті бап, күйіне қарай ашықтыруы, қоялатуы (құстыру), шаятыны (ішін жүргізу) болады.
Қайыру - құсты әр кезде әр түрлі бапта ұстау үшін оған берілетін жеміне байланысты. Құсбегі қолындағы бүркітін қайырып, қалаған бір бабына келтіру үшін бірнеше жем түрлері беріледі:
Құсбегілік өнер соңғы 10 — 15 жылдың ішінде Қазақстанда қайта жандана бастады.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.