Соқа – жер өңдеу құралы.

Thumb
Атсабан-соқа
Thumb
Ағаш соқа


Адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуы барысында орасан зор орын алған, көне дәуірлерден қазірге дейін қолданылып келе жатқан бұл еңбек құралы мыңдаған жылдар бойы жетіле келе ертедегі қарапайым имек ағаштан осы заманғы күрделі а. ш. техникасына айналды. Ерте егіншілік мәдениеті пайда болған әлемнің аса ірі сегіз орталығында (Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия, Орта Азия, Жерорта теңізі жағалауы, Эфиопия, Орталық Америка, Оңтүстік Америка) жер өңдеу саласы терімші-аңшылықтың гүлденген кезеңінен кейін барып қалыптасты. Терімші қауымдар тұтынған мүйіз, ағаш кетпендер мен жерқазғыштар іс жүзінде ежелгі соқаның пайда болуының алғы шарты еді. Ежелгі қауымдар пішіні жағынан қазіргі құралдарға ұқсас кетпендер мен түзу ұшталған имек таяқ жерқазғыштарды жеуге жарамды тамырлар мен түйіндерді қопарып алуға пайдалана отырып, оны өгіз, бұқа, есек, ат сияқты үй жануарларына тіркеу идеясына, яғни алғашқы соқаның идеясына жетті. Бұл ретте, әсіресе, дәнді дақылдардың жабайы түрлерін азық қылуға дағдыланған өлкелердің маңызы ерекше болды. Ерте егіншілік, малшылық салалары қалыптасқан неолиттік төңкерістің қарқындаған тұсында соқа пайда болып, мұнан әрі жер өңдеу кәсібі соқа қолданылатын және соқа қолданылмайтын екі үлкен түрге жіктелді. Мұны ғылымда соқалы егіншілік (танаптар малға, адамға жегілген соқамен өңделді) және кетпенді егіншілік (кетпендер, жерқазғыштар пайдаланылды) деп атады. Бұл айырмашылықтың басты себебі – ежелгі қауымдардың бір-бірінен әлдеқандай нәсілдік артық-кемшіліктерінде емес, табиғи-экологиялық жағдайлардың алуан түрлілігінде болды. Соқаны пайдалану орман-бұтасыз, кең, тегіс алқаптары жеткілікті, жер қыртысы жұмсақ, тасы жоқ, мол су көзі бар, жауын-шашын мен күн қызуы өзара қолайлы үйлесімін тапқан өңірлерде қалыптасты. Ежелгі Азия, Африканың Шумер, Египет, Қытай, Үндістаннан өзге соқа анағұрлым кейін пайда болған Еуропа өлкелерінде де осы іспетті табиғи-экологиялық алғы шарттар орын алды. Азияның, Африканың, Американың, көптеген аралдардың ну-жынысты, биік таулы, ауа райы мен жауын-шашынның өз ерекшелігі бар тропиктік белдеулі өлкелерінде кетпенді егіншілік ұзақ уақыт сақталды. Мұндай өлкелердің біреуінде кейіннен жаңа заман ағымымен жаңартылған плантациялар дамыған болса, енді біреуінде осы күнге дейін егіншіліктің байырғы түрі қолданылып келеді. Н.Н. Миклухо-Маклайдың Жаңа Гвинея папуастарынан көріп, сипаттап жазған жерді өңдеу тәсілі бойынша, ағаш-бұталардың тамырымен араласып, бітісіп қалған қыртысты ерлер алдымен ағаш таяқтармен шанши аударып кетіп, соңынан әйелдер басы жуан шоқпар тәрізді құралдармен тамырларды ұрып, топырақтан босатып отырған, ал одан кейінгі топ, кейде жас өспірімдер қолдарымен қосымша қопсытатын болған. Археолог С.А. Семенов дәл осындай жағдайда темір күрек, кетпендерді пайдаланып көруге негізделген арнаулы ғылылыми тәжірибе жүргізгенде, алынған нәтиже жергілікті тұрғындардың байырғы тәсілінің нәтижесінен әлдеқайда төмен болып шыққан. Соқа негізінен Азия құрлығы өркениетінің жемісі. Ғылыми деректерде соқалы егіншілік Алдыңғы Азияда, яғни Ежелгі Месопотамияда байырғы шумер дәуірінде б.з.б. 6-мыңжылдықтың аяғы мен 5-мыңжылдықтың бас кезінде пайда болғандығы айтылады. Б.з.б. 4-мыңжылдықтың аяғына жататын байырғы шумерлік пиктография жазуында алғашқы соқаның суреті берілген. Соқа туралы көне жазба деректер дамыған шумер кезеңінен жеткен тақтайшалы жазулар да кездеседі. Мұндағы “Диқан күнтізбесі” аталып кеткен барлығы 10-нан асатын тақтайшада жерді өңдеп күту, егін егу мен оны жинауға байланысты пайдалы кеңестер, “бардиль” соқасы, “шукин” соқасы жайлы айтылады. Шумерлік жазбаларда кетпен мен соқаның айтысын сипаттаған әдеби шығарма да бар. Егіншілік жайлы жазба деректердің үлкен шоғыры Грекия, Рим әдебиетінде сақталған. Рим әдебиетінде жер өңдеу жайлы Катон, Варрон, Колумелла, Плиний, атақты ақын Вергилий, т.б. деректер қалдырды. Ссоқаның түрлерін жүйелеп шыққан Ю.А. Краснов көне дәуірлердегі соқаларды құрылымы, шығу тегі жағынан бір-бірінен бөлек үш негізгі түрге бөледі. Бірінші түрге жататын 2 тұтқалы қисық жетекті соқа көне Шумер елінде пайда болған алғашқы соқа болып саналады. Яғни, соқаның бұл түрінің қалыптасуы ерте егіншіліктің әлемдік орталықтарының бірі – Алдыңғы Азиямен байланысты. Құрылымы бойынша ұзын тәртеге қисық пішінді қосымша таяқ немесе жетек жалғанып, ол сәл көлбеу соқа денесіне бекітілген. Жоғары тұсындағы арнаулы түтіктен тұқымдық дән себілген. Бұл түр б.з.б. 5 – 4-мыңжылдықтарда негізінен Месопотамия мен оның ықпалы тараған төңіректе, оның ішінде б.з.б. 3-мыңжылдықта Кавказ бойы өлкелерінде тараған. Көне мәдениеттің Шумерден кейінгі келесі бір аса ірі орталығы Египетте 2 тұтқалы, тік жетекті, аздап өзгерген нұсқасы қалыптасты. Мұның тағы бір нұсқасы, яғни 1 тұтқалы қисық жетекті С. б.з.б. 2-мыңжылдықтың басында Солтүстік Месопотамиядан бастау алып, Жерорта теңізі жағалаулары, Пиреней түбегі арқылы Еуропаның батыс жағалаулық өңірлеріне, Солтүстік Еуропа, Фенноскандия елдеріне тарады. Ежелгі соқаның 2-түрі, яғни 1 тұтқалы тік жетекті соқа Орта Азияның оңтүс-батыс өлкелерінде, сонымен қатар Солтүстік Үндістанда және Пәкістан, Ауғанстанның оларға жапсарлас өңірлерінде б.з.б. 4- мыңжылдықтың соңы мен 3-мыңжылдықтың басында дербес қалыптасып, осы аумақтан алыс-жақын көптеген елдерге кеңінен тараған. Орта Азия, Қазақстан, Сібір өлкелері ғана емес, Қытай мәдениеттерінде қолданылған (б.з.б. 2-мыңжылдық) соқа да осыдан бастау алады. Сондай-ақ ортаазиялық соқа Каспийдің солтүстік далалары арқылы Қара теңіз аймағы, бүкіл Шығыс Еуропаға тарап, б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында Орталық Еуропада белгілі болған. Яғни, қазақтың жерағашы, ортаазиялық омаш, тываның андазыны сияқты құралдар көне соқаның жергілікті түрінен басталады деуге болады. Ерте дәуірлердегі соқаның 3-түрі – тұтас жетекті, табанды соқалар. Жетек пен соқа денесі біртұтас, яғни ағаштың иілген кесіндісінен жасалған құралдардың жерге түсетін жағына арнаулы табан орналасады. Бұлар ежелгі егіншілік мәдениетінің Жерорта теңізі орталығында б.з.б. 3-мыңжылдықтың соңы мен 2-мыңжылдықтың басында пайда болған деп пайымдалады. Шығыс Жерорта теңізі жағалауларынан бастау алып, Кипр, Крит аралдарын қоса алғанда, теңіздің жағалау бойлықтарында кеңінен тараған. Кейінгі дәуірлерде құралдың бұл түрі Еуропа елдеріне, әсіресе, грек, рим мәдени ықпалдары арқылы беріліп келген. Ежелгі дәуір соқаларының осы үш түрі кейіннен әрі қарай тарап, әр өлкеде түрлі деңгейде жетілдіріліп отырды. Көне жеңіл соқаның орнына пайда болған табанды соқа жер қыртысын үстінен тілмей, астынан қопаруға мүмкіндік берді әрі құралдың орнықтылығын күшейтті. Мұнан кейін аударғыш қызметін атқаратын бөліктер енгізіліп, қопарылған қыртыс енді аударылатын болды. Қазақ жерінде қола дәуірінде мал шаруашылығына қосымша сала ретінде өркендеген егіншілікті нақты заттай айғақтар жоқ болғандықтан, кетпенді егіншілікке жатқызады. Қара теңіздіңдің солтүстігін мекендеген скифтерде соқалы егіншілік дамыды. Геродот (б.з.б. 5 ғ.) мұның бір бөлігін егінші-скифтер деп атады. “Алғашқы” скиф Тарғытайдың үш ұлына алтын соқа, қамыт, қылыш, аяқ сияқты заттар берілген деп келетін далалықтардың белгілі аңызы да мұны растайды. 1768 жылы неміс саяхатшысы Гильденштедт Украинадан көріп, сипаттап жазған шығыс славяндардың “рало” аталған соқасы осы скиф заманынан жеткен құралдардың бірі. Кейбір мәліметтерде соқалы егіншілік ғұн, қаңлы, үйсін тайпаларында белгілі болған. Түркі дәуірінен бастап, соқа туралы деректер неғұрлым нақтыланады. Ағаштан жасалған, бір тұтқалы тік жетекті табанды соқа Ақбешім қаласын (8 ғ. қабаты) қазу барысында табылса, Талғар қаласының 11 – 12 ғасырлардағы қабатынан ұзындығы 20 – 35 см-ге жететін, темірден соғылған соқа ұштықтарының (тіс) бір тобы кездескен. Қазақ диқандары топырағы жеңіл өлкелерде көбіне жеңілдеу жерағашты қолданды, ал қыртысы қатты Арқада бұған қоса оның ауырлатылған түрлерін де пайдаланды. 19 ғасырдың екінші жартысына қарай қолданыла бастаған ат сабан соқа осындай ауыр түріне жатады. Өндірістік қатынастар жедел дамыған 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында қазақ тұрмысында жалпы Ресей империясының экономикасына Батыс Еуропа елдерінің әсерімен тараған “плуг” (неміс: pflug, ағылшын. plough) соқасы қолданысқа енді. Соқаның жетілдірілген әрі қымбат бұл түрін ауқатты қазақтар Брянск зауытынан, Ген, Сакк сияқты кәсіпкерлердің компанияларынан да сауданың түрлі әдістерімен алып отырды. Мұның ең тиімдісі көптүренді “плугтар” еді, бірақ бағасы қымбат болғандықтан, оны тек байлар алды. Мысалы, 1913 жылы Қостанай уезінің қазақтарында біртүренді 29038, көптүренді 16828 “плуг” болған. Бұл кезеңде диқандардың негізгі бөлігі қай өлкеде болмасын дәстүрлі жерағаш, омаш, ат сабанды пайдаланды. 20 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазіргі заманғы соқа түрлері пайда болды.[1] [2] [3] [4] [5]

Дереккөздер

Wikiwand in your browser!

Seamless Wikipedia browsing. On steroids.

Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.

Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.