Remove ads

Скифтер (көне грекше: Σκύθης, Σκύθαι), Скифтер патшалығы — Қара теңіздің солтүстік жағалауын мекендеген ежелгі тайпалар бірлестігі. Олар сарматтар мен сақтарға туыстас еді. Б.з.б. V ғасырда скифтер қоғамында алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, егіншілік пен мал шаруашылығы дами түсті. Геродоттың мәлімдеуінше Днепрдің батысында егінші скифтер, ал шығысында малшы скифтер қоныстанған. Сонымен қатар олар Азов түбегі маңында “патшалық” скифтер болғанын, олардың көшпелі тұрмыс кешетіндігін, доңғалақты киіз үйлерде тұратындығын мәлімдейді. Ежелгі грек авторларының жазбаларына қарағанда, скифтер арасында құл иеленушілік орын алған. Құлдар негізінен көршілес елдерге жасалған жорықтар кезінде қолға түскен тұтқындардан тұрған. Скифтердің тайпалық бірлестігін құруда Атей патшаның белсенділік танытқаны жайлы деректік мәліметтер сақталған. Оның билігі тұсында скифтер Доннан Төменгі Дунайға дейінгі аралықты мекендеді. Б.з.б. III ғасырдың соңында скифтер патшалығының астанасы Неапол (Симферопол маңы) қаласы болған. Төменгі Днепрдегі Көлин қалашығы оның екінші орталығы болған. Скифтер киммериялықтармен соғысып, Кіші Азияға жорықтар жасап жүрген. Сирияны, Палестинаны жаулап алып, Алдыңғы Азияға үстемдік жүргізген. Фракия тайпаларына, Ескендір Зұлқарнайынға қарсы соғысқан. Скифтер өнерінің ежелгі мұралары Қаратеңіздің солтүстік жағалауында мол шоғырланған. Бұл мәдени ескерткіштер негізінен қорымдарда сақталған. Қазба жұмысы кезінде табылған сәндік бұйымдар: қорамсақтың қабы мен қын, қылыш сабы, жүген мен үзбелері, қаптырмалары мен ер-тұрманы, сауыттар мен әйелдердің сәндік бұйымдары (айнаның сабы, білезік, шолпы, т.б.) алтын мен күмістен жасалған қайуанаттар мүсіндерімен (бұғы, бұлан, арқар, жыртқыш, құстар, фантастикалық жануарлар, т.б.) нақышталған. Бұл сәндік бұйымдардағы бедерлеп немесе құйма әдіспен жасалған өрнек сюжеті көбінесе жыртқыш немесе самұрық құстардың аң алу әрекетін бейнелейді. Әлеуметтік өзгерістер нәтижесінде Днепр жағалауында скиф ақсүйектерінің алып қорғандары пайда болды. Олардың биіктігі 20 м-ден асқан. Бұларға патшалар мен жасақшылар жерленген. Ақсүйектер қабіріне олардың әйелдері немесе күтуші қызметкерлері мен аттары бірге жерленген. Жауынгерлер жанына қару жарақтары қойылған. Ауқатты адамдардың зираттарынан мыс, алтын, күміс ыдыстар, шарап құйылған грек көзелері, әр түрлі заттар жиі табылған. Б.з. I ғасырының II-жартысында Парзой мен Инисмей патшалардың тұсында скифтер күшейіп, Боспор патшалығына қарсы бірнеше рет соғыс ашқан. Қырымдағы скифтер III ғасырдың II-жартысына дейін өмір сүрген. III ғасырда скифтер өз билігінен біржолата айырылған. Халықтардың ұлы қоныс аударуы кезінде олар басқа тайпаларға сіңісіп, жеке этникалық ерекшеліктерінен аыйрылған. Дегенмен олар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың экономика, соғыс ісі саласындағы табыстары кейін Ресейдің оңтүстігін мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетіне елеулі ықпалын тигізді.[1]

Thumb
Скифтердің таралуы
Remove ads

Дереккөздер

Wikiwand in your browser!

Seamless Wikipedia browsing. On steroids.

Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.

Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.

Remove ads