From Wikipedia, the free encyclopedia
Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты[1] - КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1941 жылғы 29 наурыздағы «КСРО мемлекеттік қоры мен КСРО мемлекеттік архивтер жүйесі туралы Ережелерді бекіту жөніндегі» № 723 қаулысына сәйкес Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі 1943 жылғы 27 қаңтарда «1943 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы қаласында Орталық республикалық Мемлекеттік кинофотофонодокументтер архивін ұйымдастыру жөнінде» №25 қаулы қабылдады.
Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты | |
---|---|
Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағаты, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының ғимараты | |
Құрылған уақыты | 1941 жыл |
Орналасқан жері | Алматы |
Мұражай түрі | Ұлттық мұрағат |
http://kfdz.kz |
Мемлекеттік кинофотофонодокументтер мұрағаты ғылыми-зерттеу мекемесі болып табылды және ол Қазақ КСР НКВД архив бөлімінің құзырына қарады.[2]
Орталық Мемлекеттік кинофотофонодокументтер архивіне республика аумағында түзілген, саяси, тарихи, мәдени мәні бар барлық кинофотофоно құжаттар енгізілді. 1957 жылдың соңында республикалық орталық мұрағаттар жүйесін қайта құруға байланысты ҚазКСР ОМ КФФД архиві ҚазКСР Орталық Мемлекеттік архиві құрамына бөлім ретінде енді. Қазақстан Республикасының құрылуына байланысты 1992 жылы мұрағат Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбысжазбалар мұрағаты болып аталды.
Мұрағат киноқорында «Восток кино» студиясы мен «Межрабпром» кинотресінің операторлары түсірген алғашқы деректі очерктер сақталған. Сол жылдар фильмдер арасында «Қазақтардың өмірі мен тұрмысы» («Жизнь и быть казахов») (1927 ж.), «Алматы Қазақстан астанасы» («Алма-Ата – столица Казахстана») (1929 ж.), «Түрксіб» (1930 ж.) атты ленталар – айрықша құнды дүниелер болып табылады. 1943 жылдан бастап мұрағат қорларына Екінші дүниежүзілік соғыстың «жанды» тарихы – алғашқы киноүлдір орамдары келіп түсе бастады. Сол кезге тән деректі мол мұраларды қалыптастыруда Мәскеу, Ленинград және Алматы кинематографистерінің күшімен құрылған Еліміздің біріккен орталық киностудиясы көп көмек көрсетті. Осы киностудияның базасында Алматыда мерзімімен «Союзкиножурнал» туындылары шығарылып тұрды. Бұлардың бір бөлігі соғыс аяқталған соң Қазақстанда қалды. Қазір олар мұрағаттың «Алтын қорын» құрайды.
Азамат соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, еңбек ардагерлерінің, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің деректі фильм-портреттері: «Тұрар Рысқұлов», «Әлия», «Дина», «Амангелді Иманов», «Мәншүк», «Талғаттың қыран биігі» (Высокое небо Талгата), «Мәжит Бегалин», «Сәкен Сейфуллин», тағы да басқа туындылар республика тарихының өзендік дербес парақтары болып табылады. Мұрағатта сақтаулы фильмдер, журналдар, арнаулы шығарылымдар (50000 сақтау бірлігіне жуық) Қазақстанның бірегей киношежіресін құрайды.
Фотоқұжаттар қоры ауқымды да, әрқилы. Олардың ең көнелері ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бас кездеріне тән, негізінен тұрмыстық, көріністік суреттер. Өз дәуірінің деректі куәсі ретінде бұлардың құндылығы күн санап арта түсуде. Сый ретінде сақтауға берілген жеке қорлар мен коллекциялар мұрағаттың айрықша мақтанышы.
Д.П. Багаевтың фотоқұжаттар коллекциясы мұрағаттың өзіндік визит карточкасы болып табылады. Коллекцияның шыны пластинкалардағы негативтері айрықша құнды деректер. Мұрағат фотоқорында негативтердің 250000 сақтау бірлігі жинақталған.
Дыбыстық құжаттың дерек көздері 1953 жылдан басталады. Магниттік дыбысжазбалардағы, грампластинкалардағы, компакт-кассеталардағы 15000 сақтау бірлігін құрайтын фоноқор – теңдесі жоқ дүниелер. Бұлар қазақ халық музыкасының, авторлық орындаудағы шығармалардың, айтыстардың, алғашқы қазақ операларының дыбысжазбаға түсірілген нұсқалары, аса көрнекті қайраткер замандастарымыздың өз дауыстары. Бүгінгі күндері мұрағат қорлары жаңа Қазақстан – тәуелсіз, егеменді мемлекетіміз туралы әңгімелейтін материалдарымен толыға бастады. Өткенді танып-білмей жаңа қоғам құру мүмкін емес. тарихты практикалық және фактілік тұрғыдан зерттеуге ортақ жадымыздың қоймасы - мұрағаттар үлкен көмек көрсетеді.
Бұл құжаттар кешенінде негізінен партия форумдары мен мерейтойлар, қоғам қайраткерлерінен жазып алынған естеліктер бар. “Біржан – Сара”, “Абай” операларының, т.б. музыкалық шығармалардың мәтіндері де жазылып алынып, осы архивте сақталған. Қазақ халық композиторларының шығармалары, мысалы,Құрманғазы мен Дина күйлерінің, Әміре Қашаубаевтың Парижде (1925) орындаған әндерінің жазбалары ерекше құнды дүниелер болып табылады.
Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағаты бұл күндері «Асыл мұра» жобасы бойынша (Қазақстанның музыкалық жәдігерліктері) фоноқұжаттар негізінде Ғарифолла Құрманғалиевтің, Күләш Бәйсейітованың, Болат Сарыбаевтың, Жамал Омарованың, Қали Жантілеуовтың, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының халық әртістерінің – Бибігүл Төлегенованың, Ермек Серкебаевтың, Роза Жаманованың, Әлібек Дінішевтің және Ахмет Жұбановтың орындауларындағы шығармалардан он үш компакт-дискілер дайындалды.
Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағаты Қазақстан Республикасында 2001-2005 жылдары мұрағат ісін дамыту бағдарламасына сәйкес көрсетілген жылдары дәстүрлі (үлдірдегі) киноқұжаттарды қазіргі заманғы (цифрлы) негізге көшіру мәселесін белгілі бір дәрежеде шешуге мүмкіндік беретін бейнежазбалық және бейнекөрсеткіш құралдар алды.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.