Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Сауыр-Тарбағатай– Зайсан ойпатының оңтүстік шекарасы Сауыр мен Тарбағатай тау жүйесіне тіреледі. Бұл жермен Қытай-Қазақстан шекарасы өтеді.
Зайсан көліне жақын жатқан Сауыр таулары Қытайдан, Улюнгур көлінің батыс жағынан басталып, терең тілімделген үлкен қазаншұңқырды жағалай шығыстан батысқа қарай созылады. Қазаншұңқырдың оңтүстік беті - Қоңыр тауы Қытай жерінде. Қазаншұңқыр кезінде тектоникалық қозғалыстардан пайда болған. Ол Зайсан көлінің оңтүстік шығысында орналасқан Шілікті қазаншұңқырымен жалғасады. Сауыр жотасының солтүстік етегі Зайсан көлі мен Қара Ертіспен бітеді, оңтүстік беті Шілікті даласына тіреледі. Сауыр сияқты Тарбағатайдың да Қазақстанға батыс бөлігі (Хабарасу асуынан Аягөз өзенінің аңғарына дейін) ғана кіреді. Шығыс бөлігінің оңтүстік беткейі Сауырмен жалғасқан жерінен Хабарасуға дейін Қытай жеріне қарайды. Таудың жалпы ұзындығы 300 км, ені 30-50 км. Батысында ол Шыңғыстаумен (ұзындығы 250 км) жалғасады. Тарбағатай (Барқытбел) бірнеше аласа таулар түрінде Сауырмен іргелес созылып жатыр. Олардың арасын Қандысу, Жоғарғы Еміл (Қытай жерінде) өзендері бөліп жатады.
Сауыр жотасы - аталған тау жүйесінің биік бөлігі. Оның ең биік нүктесі - Мұзтау (3816 м). Жотаның Қазақстан жеріндегі ұзындығы 60-65 км. Батысқа қарай ол аласарып, Маңырақ жотасына ұласады. Зайсанның ойпатты даласында Сауыр мен Маңырақ биік көрініп, алыстан көзге түседі. Сауырдың солтүстік беткейі өзінің құрылымы жағынан Алтайды еске түсіреді. Оңтүстік беткейі кұз жар-тасты, Орта Азия тауларына ұқсайды. Мұндағы мәңгі қар жататын белдеу 3300 м биіктікте. Мұзтауда мұздықтар (ең үлкені 4 - 5 км2) бар.
Құрылымы жағынан Тарбағатай әр түрлі биіктікке көтерілген ірі үйінді - массивтер сияқты. Бұл үйінділер үшбұрыштанып, құзды шыңдарға айналады. Тау басы жадағай. Оның әр жерінен асулары арқылы жол өтеді, тау беткейі де тілімделген. Тарбағатай онша биік емес. Оның орташа биіктігі теңіз бетінен 2000-2100 м ғана. Ең биік нүктесі - Тастау (2992 м). Онда мұздықтар жоқ.
Сауыр-Тарбағатай негізінен жоғарғы палеозой жыныстарынан (кристалды тақтатастан, құмтастан, әктастан және саздан) түзілген. Сауырда атпа жыныстар кең тараған. Олар порфир және порфириттер түрінде кездеседі. Tapбағатайда порфириттер шөгінді жыныстармен кезектесіп отырады. Ал оның оңтүстік беткейінде әктас көп ұшырасады. Сауырдағы жоқ граниттер Тарбағатайдың суайрығында салыстырмалы түрде жиі кездеседі.
Сауыр-Тарбағатай - қатпарланған таулы өлке. Оның негізгі құрылымы жоғарғы палеозойда герцин катпарлануы кезінде қалыптасқан. Ол Альпі тау көтерілу кезінде жаңғырып қайта көтерілген. Бұл ауданның қазіргі жер бедерінің қалыптасуына ерте замандардағы мұз басу, ағын сулардың эрозиялық әрекеті және кейінгі тектоникалық процестер әсер еткен. Бұл жерде жер сілкіну әлі де болып тұрады. 1990 жылы Зайсандағы жер сілкіну шаруашылыққа бірсыпыра зиян әкелді. Сауыр тауында Кендірлік көмір кені ашылып жанғыш тақтатастың мол коры табылған. Мұнай қабаттарына барлау жасалды.
Сауыр-Тарбағатай өңірі климаты жағынан Оңтүстік Алтайға ұқсайды. Климаты континентті. Алтайға қарағанда жауын-шашыны аздау. Табиғи ерекшеліктері мен климаты жағынан ол Оңтүстік Сібір мен Орта Азия тауларының аралығындағы өтпелі аймақ тәрізді. Қаңтардағы ауаның орташа температурасы -20°С, шілдеде 22°С. Кейде өзгеріп тұрады. Жауын-шашын мөлшері 350-500 мм, тау іші ылғалды, жазыққа карай қуаңдау.
Таудан басталатын өзендер көп. Жарма, Қайыңдысу, Көкпекті сияқты өзендер кезінде Зайсан көліне құйған. Қазір көлге жетпейді. Сол сиякты Қарабұлақ, Жетіарал, Қарабұға, Базар өзендері тау арасында ғана ағып, қырға шыққан соң тартылып қалады. Тарбағатайдың оңтүстік беткейінде ағатын Үржар, Қатынсу, Емел өзендері Алакөлге құяды. Аягөз өзені Балқаш көліне жетеді.
Сауыр-Тарбағатай тауларының аймағы табиғи ерекшеліктеріне сәйкес Тарбағатай таулы-далалы ауданы, Сауырдың таулы орманды-шалғынды дала болып бөлінеді. Тарбағатай даласының өсімдіктері бұталы, қарағайлы болып келеді де, таудың солтүстік беткейінде альпі шалғынына ұласады. Оңтүстік беткейде де бұталы өсімдіктер көп. Сайларда жеміс-жидек ағаштары, көк терек, ақ терек шағын ормандар кездеседі. Тарбағатайдың биік шалғыны Алтай тауынан ауысса, алма, түркістан аршасы сияқты түрлер Тянь-Шань аймағынан келген. Оңтүстік беткейдің далалық бөлігінде жусанды өсімдіктер көп, ол жайылым есебінде пайдаланылады. Тау алқабында егістік мол. Таудың батыс беткейінде бақтар бар.
Сауыр тауының етегі 700 м-ге дейін шөлейт зонаға жатады, оның сортаңданған қара қоңыр топырағында шөлейт өсімдіктері өседі. Ормандары Сібір ағаштары мен Тянь-Шань шыршасынан тұрады. Бұл аймақтың Сібір мен Орта Азия аралығындағы өткінші орын екенін тағы да дәлелдейді. Сауырдың оңтүстігі мен Тарбағатайдың шығыс бөлігі аралығын Шілікті шөлейт даласы алып жатыр. Оның топырағы да сортаңдалған сұр және тасты келеді, өсімдіктері де соған сәйкес селеулі, көделі, жусанды, бетегелі болып өседі. Сауыр тауының етегі егіндікке, шабындыққа, мал жайылымына қолайлы.
Жануарлар дүниесі жағынан Сауыр мен Тарбағатай, Алтай мен Тянь-Шаньның аралық ауданын кұрайды. Оны қоңыр аю, бұғы, елік, таутеке, арқар, қасқыр, қар барысы, сілеусін, түлкі және т.б. аңдар мекендейді. Тау жануарлары да, дала, шөлейт аңдары да кездеседі. Шөлейтті далада суыр, аламан тышқаны мекендейді. Бұл жерде «Қазақстанның Қызыл кітабына» енген жолақты қарашұбар жылан, ақбас тырна, дуадақ, қарабауыр бұлдырық, ұлар, бүркіт, лашын, ителгі, үкі және т.б. ұшырасады.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.