From Wikipedia, the free encyclopedia
Поляктар[1] (пол. Polacy "поляци") — славянды ұлт, Польшаның байырғы және негізгі халқы. ТМД елдерінде, АҚШ, Франция, Канада, Бельгия, Бразилия, Аргентина, т.б. мемлекеттерде де тұрады. Жалпы саны 45 млн. адам (2003).
Славян тілдерінің батыс тармағына жататын поляк тілінде сөйлейді. Тілдердің қопарылма (флективті) синтетикалық түріне жатады, номинативті құрылыспен сипатталады. Жазуы латын әліпбиіне негізделген. Поляк тілінің негізгі диалектілері: великополяк, померан, силез, малополяк, мазовец, кашуб. Кашуб диалектісінің жіктелімінде қайшылықтар бар: бірде ол дербес тіл ретінде, ал басқа жағдайда поляк тілінің диалектісі ретінде танылады.
Поляктардың басым көпшілігі дəстүр бойынша христиан дінінің католик тармағын ұстанады жəне дін жағынан жоғары белсенділігін байқатады.
Б.з.д. I мың. қазіргі Польша аумағында славяндардың ата-бабалары саналатын лужицк мәдениетінің тайпалары қоныстанды. Б.з. басында осында батыс славян тайпалары – венедтер өмір сүрді. Поляк этносының қалыптасуы Х ғ. басталады, сол кезде поляктар этнонимі пайда болады. Поляктардың этникалық негізін полян, гоплан, вислян, слензан, мазовшан, ленчан, поморян тайпалары құрады. ХІХ ғ. диалектілерімен, мәдениеттерімен және тұрмыстарымен ерекшеленген поляктардың келесі этнографиялық топтары сақталды: великополяндар, куявяндар, ленчицандар, серадзяндер, мазовшандар, курптар, малополяндар, силездер, мазурлар, вармяктар, кашубтар.[2]
Орта ғасырларда Польша Литвамен ортақ мемлекет құрып, ол кезде күшті және гүлденген ел болды. Содан кейін ел түріктермен, орыстармен, немістермен соғыс жүргізді. 16 ғасыр Литва мен Польша Одағының қалыптасу кезеңі болды. Көрші мемлекеттермен үздіксіз қақтығыстар, басқыншылық соғыстар, 40-тан астам рет тұтанған көтерілістер елдің күшін әлсіретті, нәтижесінде ол Австрия, Ресей, Пруссия (1772) арасында бөлініске түсті. Мемлекет тәуелсіздігін тек 1918 жылы алды.
Поляктардың ежелгі негізгі кәсібі егіншілік пен мал шаруашылығы болды. Олар ешкі, қой, жылқы өсірді, шошқа, құс ұстады. Ауыл тұрғындары ет, сүт өнімдерімен, жүн, қой терісімен қамтамасыз етілді. Егісте зығыр, кендір, қара бидай, бидай, арпа өсірілді. 19 ғасырдан бастап омарта шаруашылығы дамыды. Ауылдық жерлерде қазірдің өзінде көбінің жеке омарталары бар. Поляктардың ата-бабалары ерте заманнан балық аулаумен айналысқан. Балық шаруашылығы әлі де үлкен маңызға ие. Қазіргі Польшада ірі балық аулау кәсіпорындары құрылды, оларда көптеген адамдар жұмыс істейді. Поляктардың ежелгі кәсіптерінің бірі ірі және ұсақ жануарларды аулау болды. Қасқырларды, бизондарды, бұландарды әдетте топ-топ болып аулап, жануарларды шұңқырлар мен тұзақтарға айдады. Ұсақ жануарларға тұзақтар, қақпандар салынды, оларды садақпен атты.
Ауылдарда жүн иіру, тоқымашылықпен айналысқан. Киім жасау үшін кендір, зығыр, жүн қолданылады. Әйелдер шілтер тоқып, кесте тіккен. Ер адамдар ағаш өңдеумен айналысқан. Ағаш тұрғын үй салуға, ыдыс-аяқ, құрал-сайман, тұрмыстық заттар жасау үшін пайдаланылды. Олар саздан құйылған қазандар, пештерде тостағандар күйдіріп, құмыралар жасаған. Қолөнердің бұл түрі күні бүгінге дейін кең тараған.
Поляктардың басым бөлігі қалалық жерлерде орналасқан. Олар түрлі салалық өндірістер мен халыққа қызмет көрсету орындарында жұмыс істейді. Табиғи ерекшеліктері мен тарихи тағдырлары әрбір өңірде өзіндік дәстүрлі шаруашылық пен мәдениеттің қалыптасуына әсерін тигізген.[3]
Баспаналары - жабын-қышпен, шабақтармен, сабанмен жабылған төрт жақты еңісті шатыры бар ағаш бөрене үй. Орта ғасырларда құрылыстарында құм мен саз араласқан тастан жасалған қарапайым іргетастар болған. Кейін үйлер кірпіш, тас, бетон, шлак блоктары, дайын панельдерден салына бастады. Аулада үйден бөлек сарайлар, астық сақтайтын қоймалар, малға қоралар салынды.
Халық арасында қолөнердің сан алуан түрлері (тоқымашылық, тігіншілік, құмырашылық, ағаш ою, т.б.), бай ауыз әдебиеті (тұрмыстық өлеңдер, аңыз-әңгімелер, ертегі, т.б.) сақталған.
Поляктардың тағамдары әртүрлі. Күнделікті диета көкөністерден, тамыр дақылдарынан, саңырауқұлақтардан, жидектерден, жаңғақтардан тұрады. Мерекеге ет дайындалды: шошқа, қой, құс еті. Балық аулаумен айналысқан халықтар ас мәзірін жаңа піскен, ысталған, кептірілген балықтармен әртараптандырды. Сиыр мен ешкі сүтінің негізінде ірімшік, сүзбе, қаймақ өнімдері жасалады. Дәстүрлі ұлттық тағамдары печенье (поволятки), пряник (торунь), торт, тәтті нандар және т.б. Сусындардан шай мен кофе жиі кездеседі. Белгілі алкогольдік сусындар: сыра, шарап, глинтвейн, медовуха т.б.
Ауылдық жерлерде поляктардың ұлттық киім кию дәстүрі әлі сақталған. Бұрын маталар жасау үшін шикізат ретінде кендір, жүн, зығыр пайдаланылды. Ұлттық киімдері: әйелдер юбка, көйлек, сыртынан алтын және күміс зермен тоқылған корсаж; ерлер жағалы көйлек, жолақты шалбар, көк кафтан, ал басына конфедератка киеді.
Саяси жер аударылғандар Қазақстанда XIX ғасырда пайда болды (1926 жылы 1807 поляктың тұратын жері тіркелген). Поляктарды Қазақстанға Украина мен Беларусьдан жаппай жер аудару 1936 жылы басталып, 1937 жылы жалғасты; жер аудару мен қоныс аударудың кезекті толқыны екінші дүниежүзілік соғыстың басында жүзеге асырылды (осы жылдары 200 мыңға жуық поляк жер аударылды. Қазақстанның поляк диаспорасы санының жалпы динамикасы:
Қазақстанда Қазақстан поляктар одағына біріккен 15 облыстық поляктар қоғамы жұмыс істейді. Бұл қоғамдар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен үкіметтік мекемелерде поляк халқының мүдделерін білдіреді. Қазақстанда балалар мен ересектерге арналған 22 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, онда поляк тілі мен мәдениеті оқытылады. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Поляк тілі мен әдебиеті» мамандығы бар. Қазақстанда «Степовэ квяты» поляк халық ансамблі (Көкшетау қ.), балалар би ансамблі (Алматы қ.) кеңінен танымал. 2020 жылдың басындағы мəліметтер бойынша халықтың шоғырланып қоныстануы Солтүстік Қазақстан облысында – 37,33%, Ақмола облысында – 25,41%, Қарағанды облысында – 11,42% байқалады.[4]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.