Міржақып Дулатұлы (25 қараша 1885 жыл, Торғай облысы , Ресей Империясы5 қазан 1935 жыл, Соловки лагері, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы) — қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері, либералды-демократияшыл зиялылардың бірі.

Алыстан Алаш десе аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.
Болғанда әкем қазақ, шешем қазақ -

Мен неге, қазақтықтан сақтанамын?!

Өмірбаяны

Quick Facts Лақап аты, Туған күні ...
Міржақып Дулатұлы
Лақап аты

Мир Якуб

Туған күні

25 қараша 1885 (1885-11-25)

Туған жері

Сарықопа уезі, Торғай облысы, Ресей империясы

Қайтыс болған күні

5 қазан 1935 (1935-10-05) (49 жас)

Қайтыс болған жері

Соловки лагері Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

Азаматтығы

Ресей Империясы Алашорда Автономиясы

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

Ұлты

қазақ

Мансабы

ақын, жазушы, саясаткер

Бағыты

саяси

Жанры

реализм

Шығармалардың тілі

қазақша

Close

Арғын тайпасының Мадияр руынан.

Туған жері — Торғай облысының, Сарықопа өзенінің бірінші ауылы (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы). Әкесі — Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі ;— Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған. Әкесі балаларын жастайынан оқуға береді. Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасынан оқып, хат таниды. Молдадан екі жыл оқығаннан кейін, 1897-1902 жылдары, ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. Бұл мектеп Міржақыптың білімін толықтырумен қатар, азамат ретінде қалыптасуына да аса зор ықпал жасайды, Мұқан мұғалім ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған оқу орнының, дәлірек айтқанда, Торғай қаласындағы уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі болатын. Өз шәкірттеріне де ол осы рухта тәлім-тәрбие, терең білім береді.

Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Наразылық туды. Күресудің жолдары қарастырылып жатты. Оның негізгі жолы ретінде оқуға, білім алуға ұмтылыс күшейді. Бірте-бірте халық саяси құбылысқа айналып, ел ішінде отаршыл саясатқа қарсы ұлт-азаттық идеялары туындады. Патшалық Ресей де бірінші буржуазиялық-демократиялық дүмпудің қарсаңында болатын.

«Алаш» партиясының басшылары, сол жағында Ахмет Байтұрсынұлы, ортасында Әлихан Бөкейхан, оң жағында Міржақып Дулатұлы, 1917 жылғы сурет

Езілген еліне ес болуға, жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға серт байлайды. Халық ісіне бар болмысымен бүтіндей беріліп, «Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі, Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!» деп бар даусымен жар салады.

Өз бетінше талпынып, білім жинап, орыс тілін жетік меңгерген Міржақып орыстың озық ойлы азаматтарының еңбектерімен танысуы арқасында замана тозаңын суырып, дүниені дүр сілкіндірер дауылды күндердің тақап келе жатқанын өзгелерден бұрын сезеді.

Міне, осындай күрделі кезеңде, 1904 жылы Міржақып Омбы қаласына келеді. Осында ұлт зиялыларының ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен кездеседі. Бұдан кейінгі уақытта бірi — ұстаз, бiрi — ізбасары ретінде жұптарын жазбайды. 1905 жылы Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен бipre Қарқаралыдағы саяси-бұқаралық жұмыстарға қатысады. 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазушылардың қатарында болады.

Кең даласында алаңсыз өмір сүріп, мал бағып жатқан бейқам халқын: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты» деп жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс әрекетке шақырады. Бүкіл халықтың еркіндікке жетуінің басты шарты түнек болып торлаған қараңғылық ұйқысынан ояну, дүр сілкініп, надандықтан арылу деп білген ол: «Оян, қазақ!» деп ұрандаудан танған жоқ. Сондықтан да оның үні қалың ұйқыдағы қазағын құлағының түбінен «маса» болып, маза бермей ызыңдап оятуды мұрат тұтқан өзінен он екі жас үлкен рухани ағасы Ахмет Байтұрсынұлының үнімен қатар естіліп, қазақ даласын қатар шарлады. Сол егіз үн тарих мінбесінен қатар көрінген екі алыптың қашан соңғы демдері таусылғанша, тағдыр талқысымен екеуі екі жақта жүрсе де, қуғынға түсіп, қамауға алынса да үзілмей, қатар естіліп тұрды. Ол екеуі екі атадан туса да, бір туған бауыр еді, екі баспен ойласа да, қорытар ойы бір еді, екі ауызбен сөйлесе де, шығар сөзі бір еді. Өйткені оларды туыстырған халқының мүддесі, ойландырған халқының қамы, сөйлеткен халқының мұң зары болатын. Сондықтан да халқы оларды жанашыр жақыным деп білді, олардың жұбын жазбай, «Ахаң, Жахаң» деп бірге атады. Пенделік бар қазақтан бастап, халқының бақыты үшін күрескен есіл ерлерді өз халқының жауы атандырып, кешегі күні Қызылдың қызылкөз жендеттері екеуін еріксіз айырып, екі жерде атып өлтіріп, атын өшіреміз дегенде де халқы олардың асыл есімдерін есінен шығарған жоқ, аялап жүрегінде сақтады, ардақ тұтты.

1906 жылы Петербургке барып қайтады. Бұл сапарынан ол саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетіне “Жастарға" деген өлеңін, бүркеншік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақала жариялайды. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен, бүркеншік аттың иесін таба алмайды. 1909 жылы Петербургте М. Дулатұлының "Оян, қазақ!" атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Жарияланымдарының арқасында ол жандармериялық полицияның бақылауына және патша күзетінің назарына түседі. Қара тізімге енгеннен кейін ол қалада ұзақ уақыт жұмысқа тұра алмайды. Ал 1911 жылы ол Семей қаласында "Жұмбақ" өлеңі үшін қамауға алынды. Осы шығармасында ол Николай II-ні Мемлекеттік думаны таратқаны үшін аллегориялық түрде мазақ етті деп екі жылға бас бостандығынан айырады, бірақ кейінірек жаза 2 мың рубль айыппұлмен ауыстырылады.[1]

1913 жылы ол Ахмет Байтұрсынұлымен бipre "Қазақ" газетін шығарып, басылымның бұдан кейінгі жұмысына белсене араласады. 1920 жылы Ташкентке келіп, сондағы “Ақ жол" газетінде қызмет атқарады. 1922 жылы жазықсыз қамауға алынады. Түрмеден шыққан соң, 1922-1926 жылы Орынбордағы ағарту институтында оқытушы болады. 1928 жылдың аяғында бip топ қазақ зиялыларымен бipre қамауға алынады да, он жылға сотталып, 1935 жылы тұтқында қайтыс болады.

1916 жылы Дулатов Байтұрсынов пен Бөкейхановпен бірге қазақтарды тыл жұмыстарына шақыру туралы 25 маусымдағы патша жарлығына жайлы Қазақ газетінің 190 нөмірінің бірінші бетінде:

«...Жарлықты жұрт сөзсіз орындайтындығын һәм орындауға тиістігін бұрын да жазып едік. Әлі де айтатынымыз сол. Патшамызға шын көңілмен қызмет ету парыз екендігін жайландырып түсіндірсе бас тартушы болмайтындығына көзіміз жетеді... Ресейге бағынадан бері қазақ халқы патша жарлығына қарсылық қылып көргені жоқ. Мұнан кейін де қылмас».[2]

-деп жазыпты. Ал Қазақ газетінің 192 нөмірінде:

«Біз естідік, мына қазақтан соғыс майданына жұмыскер алады деген хабар шыққаннан бері ел арасында кейбіреулер біздің атымызды сатып, Ахмет, Ғали хан, Міржақып хат жазыпты, солар соғысқа кісі берме депті деп, жұртқа сез таратып жүр дейді. Бұл бекер. Біз ешкімге ондай хат жазғанымыз жок..».[3]

-деп жазады.

Дулатовтың тергеу кезіндегі берген жауабында ол Амангелді Иманов пен Павел Таранды өлтіруге қатысқанын мойындаған.

"Имановтың, Таранның өлімі үшін моральдық жауапкершіліктен мен, әрине, кете алмаймын"[4]

Бірде бізге Иманов бізді тұтқындағалы жатқаны жайлы, оның пәтерінде Қостанай жағынан қандай да бір отрядтың жанында барлаушы бар екендігі туралы ақпарат келді. Осы мәліметтерді алғаннан кейін,  біз сол күні Иманов пен оның пәтерінде тұрған белгісіз адамды тұтқындадық, отрядтың бір бөлігімен бірге торғайға бара жатқан отрядқа жолға шықтық: қауесет шын екен, бұл Таранның тизан отряды болып шықты, ал Имановатың үйінде болған бейтаныс адам Таранның өзі болып шықты. Отрядпен біз Торғайдан 30 шақырым жерде ешқандай қақтығыссыз кездестік және оларды казак полкі қуып бара жатқанын білдік. Біз алашордалықтар бұл отрядпен не істеу керектігін талқыладық: егер оны торғайға жіберіп алсақ, Имановтан қорқатық, бұл отряд бізге емес, оған сенер, ал Иманов өз ойларын орындар, бұл бір нәрсе, ал екінші жағынан, егер біз оны Шалқарға қарай жарақатсыз және ұрыссыз өткізсек, онда оны қуған казак полкі жергілікті халықты құртып, бірінші кезекте бізден кек алады. Осының бәрін ескере отырып, біз отрядты қарусыздандыруға шешім қабылдадық және адамдарды бос жіберуге шешім қабылдадық. Бұл мәжбүрлі әрекетті сол кезде отрядқа да түсіндірдік. Басқа күні кешке Торғайға оралғанда, Торғайдағы отрядтың қалған бөлігі Иманов пен Таранды дүрбелеңмен  кезінде өлтіргені белгілі болды.[5]

Алайда Дулатовтың бұл сөзіне Асфендияров өзінің 1916 жыл жайлы жазған кітабында былай дейді:

“1919 жылдың жазында Торғай уездік әскери комиссары болған Амангелді алашордалықтармен (Дулатов, қ.Тоқтабаев) атылып өлтіріледі. Дулатов отряды кеңестердің жағына өтуге толық дайын деп алдап, Торғайға кіріп, онда контрреволюциялық төңкеріс жасап, Амангелді басып алады”[6]

Айса Нурманов, Султан Ақтамақов, Оспан Қасенов, Зафир Садықов, Ахмет Омаров, Сейдахмет Байсейітов, Аманкелді Иманов отрядының және басқа да қызыл жауынгерлерінің естеліктері бойынша Дулатов Амангелді ату кезінде ешқайда кетпеген, одан әрі ол Таран отрядымен соғысып, Торғайға оралып үлгерді деп мәлімдейді.[7]

Жауап алу кезінде Теміров-Қырғыз съезінің басқарушысы да,  1919 жылы Жангелдинге берген айғағында Дулатов Аманкелді атылуы кезінде қалада болғанын нұсқайды.[8]

Шығармалық мұрасы

Міржақып Дулатұлы — әдебиеттің әр түрлі жанрына қалам тартқан қаламгер. Алғашқы кітабы — "Оян, қазақ!" деген атпен Петербург қаласындағы жарық көрген өлең жинағы. Одан кейін 1913 жылы Орынборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер кітаптары басылып шығады. Ақын өлеңдерінің басты тақырыбы — ел тағдыры болды. Алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Қайта басылады. Кітаптың нeгiзгi мазмұны халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдер құрады. Сол себепті де кітап тұтқындалып, авторы қуғынға ұшырайды.

Өзінің шығармашылық жолын ә дегеннен өлеңнен бастаған Міржақып проза жанрына да қалам сілтейді. 1910 жылы оның осы жанрдағы туындысы "Бақытсыз Жамал" романы Қазан қаласында басылып шықты. Бұл - кейбір зерттеушілердің пайымдауынша қазақ әдебиетіндегі таза көркем проза үлгісінде туған тұңғыш роман еді. Кітап 1914 жылы екінші peт басылды.

Бұл жылдары Міржақып бірқатар мақалалар мен фельетондар жазады. 1922 жылы Ташкентте екі бөлімнен тұратын "Есеп кұралы" оқулығын бастырады. "Балқия" пьесасын жазады.

Міржақып Дулатұлы. Екі томдық шығармалары. Өлеңдері (1902–1918), мысал, айтыс, баллада, прозалық шығармалары, мақалалар мен зерттеулер. Алматы, "Ғылым" баспасы, 1996–1997 (1 том–280 бет; 2 том–344 бет)
5 томдық шығармалар жинағы (бесінші томы жоқ) + "Оян, қазақ" ("Атамұра кітапханасы" сериясы, "Атамұра" баспасы, 2003). Алматы, Мектеп, 2002–2004.

М. Дулатұлының шығармалары қазақ елінің тәуелсіздік алған кезінен бастап кеңінен жариялана бастады. 1991 жылы "Жазушы" баспасында шығармаларының бip томдық, ал 1996-1997 жылдары "Ғылым" баспасында екі томдық, 2002‐2004 жылдары "Мектеп" баспасында (2020 жылы сол баспада екінші жаңа басылыммен) 5 томдық жинақтары жарық көрді. М. Дулатұлы шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, бірқатар кітаптар мен мақалалар жарияланды.

Өлеңдері

Өзінің алғашқы өлеңдерінен бастап туған халқының тағдырындағы қиындықтар мен ауыртпалықтардың сырына үңіліп, оның әлеуметтік тамырын әшкерелеуді мақсат еткен ақын Міржақып "Оян, қазақ!" атты тұңғыш өлеңдер жинағьн мынандай өлең жолдарымен бастайды:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас- ты.

Ресей патшасының отарлау саясаты, қазақ жұртының хал-жағдайы, өнер-білімнің аздығы, басқа да түрлі қacipeттep осы төрт жолға сыйып тұрған секілді. Оның үстіне бұл жолдарды Міржақып шығармашылығының өне бойына тартылған темірқазық, идеяның басты бағдардың көрінісі деуге де болады. Ақын үшін халқының өмірін жырлаудан асқан мәртебелі тақырып жоқ. Көп өлеңдерінде ол қазақ елінің ауыртпалықтағы, отарлық езгідегі жағдайын баяндай келіп, елдің мүддесіне қызмет ету — әpбip азаматтың парызы деген тұжырым жасайды. Атап айтқанда, "Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі", "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат", "Сайлаулар хақында", "Жастарға", “Қазақтың ру басшыларына", "Атқамінер сұмдарға", тәрізді өлеңдерінде қазақ қоғамының сипаты, ондағы адамдар психологиясы, соларды көрген ақынның өкінішті күйі анық бейнеленген. Ақынның сол тақырыптағы шығармаларының бipi — "Шағым" өлеңі.

…Бір қарағанда "Шағым" өлеңі ақынның аз ғана сәттік көңіл күйінен туған тәрізді. Әйтсе де мұнда жеке бастың мұңынан гөpi әлеуметтік ой басым жатыр. Ел ішіндегі білімсіздік, бойкүйездік, жалқаулық, енжарлық, алауыздық тәрізді толып жатқан кеселдерді көре тұрып, ақын мұңаяды. Тығырыққа тірелгендей болады.

Жүректен қашан шығар қадалған оқ,

Жандырған жанды нахақ сөнер ме шоқ?
Қажыған қам көңілді бip көтерер

Жанымда жан ашитын адам да жоқ, —

деп Міржақыптың өзі айтқандай, халқының тұрмысындағы әлгіндей керітартпа кемшіліктер оның жүрегіне оқ болып қадалады. Сондай сәттерде айналасынан өзіне серік болатын, тірек болатын адам іздейді. Таппай көңілі құлазиды. Дегенмен ақынның мұңы терең қайғыға ұласып кетпейді. Өлеңінің соңында: "Әділдік аста қалған еш күні жоқ", — деп, түптің түбінде әділдіктің жеңетініне сенеді. Сол жолда өзінің бар күшін, өмірін аямайтынын былайша жеткізеді:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!

Аталған өлең азамат ақынның алдына қойған мақсатын қаншалықты айқын түсінетінін байқатады. Ақынның мақсаты— халқының тағдырына ара түсу, елі үшін еңбек етуге, бел буу. Сол себепті де ақынның өлеңдері ел ішіндегі надандықты, әділетсіздікті әшкерелейді, олардан арылудың жолын іздейді. Мәселен, "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат" өлеңінде қазақ ауылының көpiнісі суреттеліп, ондағы ішкен-жегенге мәз, жайбарақат тіршіліктің беті ашылады. Ел ішіндегі бірліктің, ынтымақ пен бірауыздылықтың жоқтығын айта отырып, ақын ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен әділетсіздікті сынға алады.

Міржақыптың осы тәрізді азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі мен келешегін толғаса, бірде жастарды оқу-білімге шақырған насихат айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін қозғайды, ал енді бірде патша өкіметінің озбыр саясатын, ел билеушілердің әділетсіздігін сынайды.

Міржақып қаламынан туған көркем де күрделі туынды — "Алашқа" өлеңі. Ақын халқына қарата сөйлеп, оның өткендегі өмірін есіне түсіріп, жақсы мен жаманды, кешегі мен бүгінгіні салыстыра отырып, бірқатар әлеуметтік шындықтың бетін ашады.

Ақын алдымен күні кеше төскейі төрт түлік малға толған бетегелі қырлардың, онда көшіп-қонған берекелі ауылдардың сәнін әсем суреттейді, ел баскарған ақылды хандар мен билерді еске алады.

Салтанат Сарыарқада кұрған қазақ,
Толықсып жүрген кеше күнің қайда? —

деп келе, ел ішінен халқының сөзін сөйлейтін шешендер мен елін, жерін қорғайтын ерлер, ақылдың кені іспетті дана қарияларын іздейді. Солар бар жерде елдің берекесі де артық болмақ.

Бірақ өмір Міржақып ойлағандай емес. Би — парашыл, қарттары — қарау. Бірлік жоқ, алауыздық үстем. Ақын осыған өкінеді.

Алашым, айтқанды алсаң, без бұлардан

Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес.
Қой бағып қасқыр қашан опа қылған,

Көре бер өз бетіңмен күніңді өлмес,

— деп, туған халқын ойлануға шақырады. Қойды қасқырға бақтырғандай әділетсіз заманның жайын түсіндіреді. Ел басқарушы залымдарға сенбей, өз күшімен күн көру қажеттігін айтады.

Мiржақып ел ішіндегі кемшіліктерді әшкерелей отырып, халқына одан арылудың жолын көрсетеді. Өзінің "Шәкірт", “Насихат ғумумия" тәрізді бірқатар өлеңдерінде өнер мен білім жинаудың пайдасын бipiншi кезекке қояды. Tіпті адамгершіліктің өзі білімнен, оқудан басталады деген ой айтады.

"Бақытсыз Жамал" романы

Толық мақаласы: Бақытсыз Жамал

Халық тағдыры М. Дулатұлының прозалық шығармаларына да арқау болды. 1910 жылы оның «Бақытсыз Жамал» атты романы жарық көрді. Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. «Бақытсыз Жамал» қазақ әдебиетінде кейбір зерттеушілердің пайымдауынша көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т. Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады.

«Бақытсыз Жамал» романының оқиғасына арқау болған мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың қыспағына түскен қазақ қызының тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты өмір сүруді армандаған бойжеткеннің трагедиялық жолы.

Абай шығармашылығын зерттеуі

Қазақстан пошта маркасы, 2010

Дулатұлының Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың «Уақыт» газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Михаил Лермонтовпен үндестігі ескертілді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадірін білмеу, оны елеп ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі. Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, түңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және ақын балалары мен інілерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады. Ең құнарлы ой:

Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас

деген салыстырма жасайды.[9] Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.

Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Дулатұлының келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатынын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқарас, дүниетаным тұрғысына түскен кезде зерттеушілер абайтануда толып жатқан солақайлыққа, сан-алуан қателікке ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы Абайдың шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген. Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатұлының өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы — біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін керіп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндерінің өзінде де, ақтық демі біткенше бүл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарына алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатұлымен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.[10] [11][12]

Міржақып Дулатұлы туралы фильмдер

Жанры: деректі фильм. Өндіріс: “Қазақтелефильм”

  • 1994 — «Алаш туралы сөз», режиссері: Қ.Умаров

Жанры: деректі фильм. Өндіріс: “Қазақтелефильм”

  • 2009 — «Алашорда», режиссері: Қ.Умаров

Жанры: деректі фильм. Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы

  • 2022 - «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы, режиссері: Жәрдем Дауылбаев, қоюшы-режиссер: Мұрат Есжан. Фильмде Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдары қамтылған. Телехикая 6 бөлімнен тұрады.
  • 2023 - «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі. Фильмде Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдары қамтылған.

Дереккөздер

  1. ҚР ОКА. Ф. 15. Оп. 2. Д. 408. Л. 15.
  2. «Қазақ» газеті. 1916 жыл / құраст.: Ғ.Әнес, Т.Замзаева. – Алматы: Алашорда, 2023. – 225 б.
  3. Әлихан Бөкейхан Шығармалары 9-том Бөкейхан Алихан. Шығарылымы – Сочинения/ Әлихан Бөкейхан – Толық.екінші бас.- Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. - 102 б.
  4. ДВИЖЕНИЕ АЛАШ: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. - Алматы, ФФ «Ел-шежіре», 2011., Т. 1., стр. 327
  5. ДВИЖЕНИЕ АЛАШ: Сборник материалов судебных процессов над алашевцами. Трехтомник. - Алматы, ФФ «Ел-шежіре», 2011., Т. 1., стр.  323-324
  6. Асфендиаров С.Д. Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. Алма-Ата: Казахстанское краевое издательство, 1936. - 134 с.
  7. Аманкелді Иманов: мақалалар, документтер, материалдар / ; құраст. М. Қ. Қозыбаев, П. М. Пахмурный; ред. басқарған С.Б.Бейсембаев – Алматы : Қазақстан, 1975. – 163 бет
  8. Аманкелді Иманов: мақалалар, документтер, материалдар / ; құраст. М. Қ. Қозыбаев, П. М. Пахмурный; ред. басқарған С.Б.Бейсембаев – Алматы : Қазақстан, 1975. – 130-131 беттер
  9. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  10. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN 978-601-01-0268-2
  11. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
  12. Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9

Сыртқы сілтемелер

Wikiwand in your browser!

Seamless Wikipedia browsing. On steroids.

Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.

Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.