1994 жылғы әлем чемпионатына Нидерланд құрамасының бапкері ретінде барды. Бірақ құрамы күнші нидерландықтар топтық турнирде жарқырай алмады, алғашқы турда Сауд Арабиясынан бір тайм бойы 0:1 есебімен ұтылып тұрды, кейін Бельгиядан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Бірақ соған қарамастан құрама 1/8 финалға жолдама алды.
Ширек финалда Нидерланд Бразилиядан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Осы кездесуден соң қызметтен босаған Дик арада сегіз жыл өткен соң қайтадан құрама тізгінін ұстады. 2004 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуінен құрама іркілмей өтті. Бірақ финалдық турнирде тағы кібіртіктеді, бірінші турда Германиямен тең ойнап, екінші турда Чехиямен ойнады. 19-минутта Нидерланд 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ екінші таймда Пауль Босвельт пен Арьен Роббенді алмастырды да, Нидерланд 2:3 есебімен ұтылып қалды. Ойыншыларды сәтсіз алмастырғаны үшін ашынған көпшілік оны сынның астына алды, тіпті елден кетуін талап етті. Ақыр соңында Нидерландтың премьер-министрінің өзі дауға араласып, бапкерді қорғауға мәжбүр болды. Бұл турнирде Нидерланд жартылай финалға дейін жетті.
2005 жылы Корея құрамасының тізгінін ұстады. Бірақ 2006 жылғы әлем чемпионатында бұған дейінгі өз отандасы Гус Хиддинктің табысын қайталай алмады, құрама екі турдан соң төрт ұпай жинап, екінші тұрғанымен, үшінші турда Швейцариядан ұтылып, жарыстан шығып қалды.
Әлем чемпионатынан соң Санкт-Петербургтің "Зенитіне" бас бапкер болды. Зенитті басқарған үш маусымда керемет табыстарға қол жеткізді, клуб 2008 жылы УЕФА кубогын ұтты, сол жылы тамызда "Манчестер Юнайтедтің" өзін ұтып, УЕФА Суперкубогын иеленді. Бірақ 2009 жылы құрамынан Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук, Данни, Вячеслав Радимов секілді мықтылары кеткен "Зениттің" ойыны күт нашарлап кетті де, сол жылы тамызда Дик қызметтен босады.
2010 жылы Дик Ресей құрамасына бапкер боп тағайындалды. Бірақ 2012 жылғы Еуропа чемпионатында құрама топтық турнирден аса алмады.
2014 жылы Сербия құрамасына бас жаттықтырушы боп тағайындалды, бірақ үш кездесуде бір ғана ұпай жинаған соң, ол қызметтен тез босады.
2017 жылы 9 мамырда 69 жасында үшінші рет Нидерланд құрамасына бас жаттықтырушы болды. Бірақ құрама 2018 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмады.