Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Байсерке Құлышұлы (1841, Шу өзенінің бойы — 1906, сонда) — күйші, домбырашы, Жетісу күй мектебінің негізін салушылардың бірі. Байсеркенің әкесі Құлыш он саусағынан өнері төгілген ісмер, халық музыкасының парқын білетін сергек жан болған. Байсерке домбыраны бала кезінен меңгеріп, Жетісу алабы мен көрші қырғыз елінің күйлерін 16-17 жасында-ақ игерген, алқалы басқосуларда дәулескер күйшілермен күй тартысына түсіп, алыс-жақынға таныла бастаған.
Дулат тайпасының Жаныс руынан.[1]
Байсеркенің домбырашы-күйшіліктің алуан сырына қанықтырған ұстаздары — Есім, үржарлық Сарша дейтін домбырашылар. Байсерке домбырамен бірге мандолина, балалайка сияқты аспаптарды да еркін меңгеріп, өнерін кемелдендіре түседі. Бұрыннан белгілі күйлерді тартуды місе тұтпай, өзі куә болған өмір құбылыстарының әсерлі сәттерін күй тіліне түсіруге машықтанады. Алғашқы “Ат ойыны”, “Жекпе-жек” күйлері өзінің ойнақы ырғағымен жастарды еліктіре баурап, ел ішіне тез тарап үлгереді. Байсерке күйлері өмір шындығына негізделген. Оның “Келіншек”, баласы дүние салғанда егіліп отырып тартқан “Солқылдақ”, қазақ даласындағы жұтқа (1890) арналған “Төрт қарға”, Ресей отаршылдығының кеудемсоқ өктемдігіне наразылығын білдірген “Ұран күй” сияқты туындылары өзі ғұмыр кешкен ортасы мен заманының шежіре сырындай. Байсеркенің Жетісу өңіріне кеңінен мәлім болған “Қалипа — Қалыш” күйіне Далабек батырдың басынан өткен оқиға арқау болған. Күйлері ән әуендес саздылығымен, нақышты ырғағымен ерекшеленеді. Байсеркенің және оның дарынды шәкірттері Бердібек Мықтыбайұлы, Қожабек Жапбасов, Сатқанбай Өлмесұлының бойларындағы асыл өнерін Қатшыбай Таубаев (1880-1930), Темірбек Ахметов (1919-52), Нұрғиса Тілендиев (1924-98) сияқты біртуар күйші-домбырашылар кейінгі ұрпаққа жеткізген.
Байсеркенің өмірі мен шығармашылығын алғаш зерттегендер: А. Жұбанов пен Б.Г. Ерзакович. Әдебиет және өнер институтының дыбыс жазба қорында “Байсеркенің 10 күйі” сақтаулы. Мұндағы күйлердің нотасын Б.Г. Ерзакович хатқа түсірген. З. Жанұзақованың құрастыруымен жарық көрген “Қазақ халқының аспаптық музыкасы ” (1964) деп аталатын кітапта Байсеркенің “Жекпе-жек”, “Қалипа — Қалыш”, “Қалипа”, “Қалыш”, Б. Мүптекеева мен С. Медеубекұлы шығарған “Жетісудың күйлері” (1998) атты кітапта “Жекпе-жек”, “Толқытатын күй” (“Толқытпа”) деп аталатын күйлердің нотасы жарық көрді. Байсеркенің күйлері “Отырар сазы” оркестрінің, жеке домбырашылардың репертуарына енген.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.