![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/f/fc/01_Th%25C3%25A9%25C3%25A2tre_de_l%2527Od%25C3%25A9on.jpg/640px-01_Th%25C3%25A9%25C3%25A2tre_de_l%2527Od%25C3%25A9on.jpg&w=640&q=50)
XIX ғасырдағы Батыс Еуропа театр өнері
From Wikipedia, the free encyclopedia
XVIII және XIX ғасырлар аралығындағы саяси-әлеуметтік даму нәтижесінде көрермендер молайды. XIX ғасырдың бірінші жартысында гуманистік мұрат пен утопиялық арманды паш еткен романтикалық театрда буржуазиялық тәртіпке қарсы қоғамдық наразылық білдіру, үстем тап өкілдеріне сыншылдықпен қарау мәселелері өз шешімін тапты. Романтизм туы астында драмада заманауи театрдың қоғамдық жасампаздығы, халықтық және ұлттық қасиеті үшін, сондай-ақ эпигондық классицизмге қарсы күрес өрістеді. Романтикалық драма мен театр ұлттық тарихқа, фольклорға, халық эпосына назар аударып, халықтың ұлттық сана-сезімінінің оянуын, өсуін бейнелеп көрсетті. Романтикалық қозғалыс барысында театрдың реалистік негізі зор қарқынмен дами бастады. Романтизм театр өнерінде 1810—1840 жылдары қалыптасты. Дүниедегі әділетсіздік атаулыға қарсы болу, терең гуманизм — бұл актерлерді бір идеяға жұмылдырды. Романтизм кезінде театр эстетикасының негізі — актерлік қиял мен сезімге құрылды. "Табиғат құшағында болу" сынды классицизмдік қағидаға қарсы шыққан романтизм актерлері өз назарларын адам өмірінің ішкі қайшылықтарын бейнелеуге аударды. Қоғамдық пафос, шындыққа деген құштарлық, айқын мақсат — актерді буырқанған эмоция мен айқын драмалык экспрессияға, екпінді қимылға жетеледі. Алайда романтикалық өміртанымы, шығармашылық субьективизм қауіпін өрбітті. Романтикалық театр тұңғыш рет актерлік өнердің негізі болып табылатын сахналық толғанысты туғызды.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Франция театр репертуарынан мелодрамалар және романтикалық тарихи драмалар мол орын алды. XIX ғасырдың 20-жылдары Францияда романтизм ең ықпалды ағым ретінде қалыптасты. Романтизм мен классицизм арасындағы күрес, көбінесе әдеби қақпайласу арқылы өтті. Оған мысал ретінде Стендальдің "Расин және Шекспир", Гюгоның өзінің "Кромвель" драмасына кіріспесін келтіруге болады. Француз театрларының сахнасына романтикалық драма кіре бастады. Бірақ оның сахнада орнығуына мелодрама көп септігін тигізді.
Ірі драматург-романтик әрі романтикалық театрдың теоретигі Виктор Гюго (1802—1885) болды. Ол шығармашылық жолын 1827 жылы "Кромвелъ" атты романтикалық драмадан бастады. Гюгоның сахнаны көрген бірінші романтикалық драмасы "Эрнани” болды. Бұл драма 1830 жылдың басында "Комеди Франсез" театрында қойылды. "Эрнани" қойылымы Париждің ең жақсы театрында берілуі романтизмнің ірі жеңісі болды. Ол француз сахнасында романтикалық драманың орныққанын дәлелдегендей болды. 1830 жылғы Июль революциясынан кейін романтизм жетекші театр бағыты болып калыптасады. Осыдан кейін Гюго: "Король көңіл көтереді" (1832), "Мария Тюдор" (1833), "Рюи Блаз" (1838) пьесаларын жазып, үлкен табысқа ие болды.
Романтикалық драма үшін күрестегі Гюгоның ең жақын әріптесі атақты үш ноян туралы трилогияның, "Граф Монте-Кристо" және басқа да аты шулы шығармалардың авторы Александр Дюма (әке; 1802—1870) болды. 1847 жылы «Королева Марго» спектаклімен Дюма "Тарихи театрын" ашады. Ол 1849 жылы жабылғанымен Париждің бульварлық театр тарихында үлкен орын алды.
Романтикалық драматургияның басқа да өкілдері: Альфред де Виньи, Альфред де Мюссе, Проспер Мериме, Эжен Скриб, Оноре де Бальзак шығармаларын көрерменге ұсынды. Бұл шығармаларда зұлымдық пен жауыздықтың иелері, әдетте, қолында билігі бар, бай, үстем тап өкілдері болып келеді. Ал адамгершілік пен ізгілік мәселелері бұл жанрлардың әлеуметтік бағытын айқындай түсті. Сезім табиғилығы мен психологизм, контрасқа құрылған сахналық ойын жүйелері, қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелеу пафосы мен жарқын демократиялыққа ұмтылу романтик актерлер өнерінің ерекшелік сипаттарын айқындап берді. Мұндай сипаттар Пьер Бокаж, Мари Дорваль мен Фредерик-Леметр, т.б. актерлер шығармашылығынан толық көрініс тапты. Сахнада өмірдің ұнамсыз жайлары үлкен әлеуметтік тұрғыда қорытылып, өткір әжуалық мінез, кейіпкер жасау шеберлігі қалыптасты. Дүниежүзілік театрда романтизм дәстүрі кейінгі жылдары да үзілген жоқ, қайта ол реализммен сабақтасып, жарыса дамып отырды. Тіпті осы заманғы театрда да, ол өзіндік бояу-сипатын тапты.
Алдымен ағартушы классицизм дәуірі, одан кейін романтизм театры ықпалымен қалыптаса бастаған реализм XIX ғ. ортасында зор қарқынмен дами бастады. XIX ғ. театрында реализмнің қалыптасуы кейіпкер бейнесін жан-жақты, нанымды жасауға бағытталған актер шығармашылығындағы әдісті өзгертумен бірге, сахнадағы әлеуметтік нақтылы - тарихи жағдайларды көрсету барысына бетбұрыс жасады. Осыдан келіп театрдың барлық компоненттерін — сахна кеңістігі, декорация, түс пен жарық, дыбыс партитурасын дәл ұйымдастыру сияқты ансамбль қажеттігі туды. Бұл құбылыс XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында режиссерлік өнердің театрда аса маңызды және арнайы элемент болып қалыптасуына ықпал жасады.