Қасым ханның қасқа жолы — қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Қасым хан хандық құрған кезде (1511 - 23) ел басқару ісінде қолданылған. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» - хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңға енген ережелер:

  • мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы);
  • қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу);
  • әскери заң (қосын жасақтау, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).
  • елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық);
  • жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері).

Бұл жарғы халық арасында ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598 - 1645) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. Тәуке ханның тұсында (1680 - 1708) бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтады. Құба қалмақтың жортуыл шапқыншылығына байланысты тарихи-саяси жағдайдың аса шиеленіскен қиын кезеңінде сұңғыла ойшыл билер бес тараудан тұратын ежелгі ережелерге тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» (Жеті хақиқат) деп атаған. Тәуке кезінде қосылған бұл екі тарау: жесір дауы; күң дауы. Бұл кезеңде шапқыншылық, кісі өлтіру көп болғандықтан құн дауын өз алдына бөлектен, қылмыс заңына айналдырған. XV - XVIII ғасырларда қолданылған ежелгі жарғының үзінділері халық аузында қысқа-қысқа мәтел сөздер қалпында сақталған. Мысалы, «Қара қылды қақ жару»; «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру», «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы - Майқы би», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», т.б.[1]

Дереккөздер

Wikiwand in your browser!

Seamless Wikipedia browsing. On steroids.

Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.

Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.