Шағатай қағанаты
From Wikipedia, the free encyclopedia
Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Шағатай ұлысы — Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай билік құрған әкімшілік аймақ. Шыңғыс хан Орталық Азиядан жаулап алған жерлерін төрт ұлының (Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле) үлесіне бөліп бергенде Шағатайға Әмудария, Сырдария, Мауераннахр, Жетісу, Іле, Шығыс Түркістан (бұрынғы Батыс Ляо мемлекеті негізінде) жерлері тиді. Ұлыс орталығы әр жылдары Алмалық, Қиялық, Карши, Ақсу қалалары болды. Шағатай ұлысының халқы отырықшы және көшпелі екі бөлімнен құралды. Отырықшы Мауераннахр аумағын империя орталығынан тағайындалған Махмұт Ялавач, кейіннен оның ұлы Масуд Бек басқарды. Көшпелі шығыс жағы тікелей Шағатай әулетінің билігінде болды. 1229 жылы Үгедей ұлы хан тағына отырысымен Үгедей ұлысы іс жүзінде Шағатай ұлысына біріктірілді. 1242 жылы Шағатай өлгесін оның өсиеті бойынша немересі Қаракүлік (Мутугеннің ұлы) таққа отырды. 13 ғасырдың орта тұсындағы Шыңғыс хан империясындағы саяси жағдай және ұлыс билігіне кім келуіне байланысты Шағатай ұлысы аумағы үнемі өзгеріп отырды. 1224 — 1346 жылдары аралығында Шағатай ұлысына осы әулеттен шыққан 23 хан (Шағатай, Қаракүлік, Есенмөңке, Эрхунехатун, Алгуй, Мүбарак-шах, Барақ, Нықпай, Бөкетемір, Дува, Қоншық, Талбұға, Есенбөх, Кебек хан, Елжигдэй, Дуватемір, Тармашырын, Божан, Жанкешті, Әлисұлтан, Есентемір, Торалшытемір (Мухаммед және Қазан) билік құрды. Тек 1330 — 46 жылы ғана 10 хан алмасты.
Тақ таласы салдарынан 1346 жылы Шағатай ұлысының билігіне Шағатай әулетінен шықпаған Қазаған ноян келіп, 1358 жылға дейін биледі. 1259 — 60 жылы Шыңғыс хан империясы ұлы ханының тағы үшін Құбылай мен Арық бұғаның арасында болған соғыста екіншісі жеңіліп, Шағатай ұлысының жеріне ауып келуіне байланысты Шағатай ұрпақтары екіге бөлінді. Осы кезде Орталығы Азияда тарих төріне Үгедейдің немересі Хайду шықты. Ол Құбылай билігін мойындамай 30 жыл бойы күресті. 1269 жылы ол Орталығы Азиядағы Моңғол ұлыстары өкілдерінің біріккен құ-рылтайын шақырып, империяны таратты (қ. Талас құрылтайы). Өзі Шағатай ұлысында билікке келді. Оның құрған мемлекеті Хайду ұлысы атанды. Дегенмен, Барақ бастаған Шағатай ұрпақтары Мауераннахрдағы билігін сақтап қалды. Хайду өлгеннен кейін оның ұлысында тақ таласы қайта басталды. Дува ханның тікелей көмегімен Хайдудың тұңғыш ұлы Жапар Емілде билікке келді. Бірақ билікті ұстап тұра алмаған Хайдудың ұрпақтары көп ұзамай Дуваның билігін мойындауға мәжбүр болды. 1307 жылы Дува қайтыс болғаннан кейін Алмалыққа жақын Себкун қаласында оның ұлы Қонжық таққа отырды. Бір жылдан кейін ол да қаза тауып, билік Үгедей ұрпағынан тарайтын Тәлікке өтті. Мұсылман дініне шын берілгені үшін — Қызыр ата атанған Тәлік Дува ұлдарына қысым көрсетті. Ақыры Кебек бастаған Дува ұлдары Тәлікті өлтіріп, Есенбұқаны хан сайлады. 1318 жылы Есенбұқа өлгеннен кейін Кебек хан тағына отырды. Ол астананы Іледен Мауераннахрдағы Нахшеб қаласына көшіріп, Карши деп аталатын хан ордасын тұрғызады. Онда ол ақша реформасын жүргізіп, күміс ақша (динар), теңге (хар-хем) соқтырды. Кебек тұсында Самарқандта “Түмен” (он мыңдық) деп аталатын аймақтар, ал Қашғарда “Орчин” деп аталатын кіші өлкелер құрылып, оларды түркі-моңғолдан шыққан жергілікті ақсүйектер басқарды. Кебек хан пұтқа табынды, бірақ ислам дінінің таралуына қарсы болмады. Сондықтан оның ұрпақтары мұсылмандыққа бет бұрды. 1333 жылы Шағатай ұлысының билеушісі Тармашырынның ордасында болған ибн Баттута Шағатай ұлысын әлемнің төрт ұлы мемлекетімен (Қытай, Үндістан, Иран және Өзбек хан билігіндегі Алтын Орда) тең дәрежеде қарым-қатынас орнатқан мемлекет деп көрсеткен. Шағатай ұлысында, жалпы түркі-моңғол ұлыстары көлемінде отырықшы мәдениетті жақтайтын және әскери-бюрократ. күштің қолдауымен көшпелі мемлекет құ-руды жақтайтын екі бағыт болды. Дува, Кебек, Тармашырын бастаған топ бірінші бағытты қолдады. Қала тұрғызды, әкімшілік және ақша реформасын жүргізді. Олардың бұл бағыты әрдайым көшпенділікті қолдайтын екінші бағыттағылардың қарсылығына ұшырап отырды. Ирандағы Хулагу мемлекеті мен Алтын Ордада негізінен отырықшылық салты басым болса, Шағатай ұлысы екінші бағытты қатаң ұстады. Қаракүлік, Есенбұға, Хайду қатарлы тұлғалар көшпелілік бағытты қолдады. Бұл қайшылықтар ақыры Шағатай ұлысын 1346 жылы Шығыс және Батыс деп екіге бөлді. Олардың шекарасы Балқаш көлі арқылы өтті. Мауераннахрға сүйенген батыс бөлімі біраз уақыт Шағатай ұлысы атын сақтады. Әйгілі шағатай тілі осы өңірде дүниеге келді. Ал шығыс бөлімі бұрынғы моңғол атауын сақтап, “Моғолстан” атанды. Оның орталығы Жетісуда болды. Қазақ халқының, Қазақ мемлекетінің қалыптасуына Шағатай ұлысы, Моғолстанның қосқан үлесі зор. Біріншіден, аталған мемлекеттер Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймақтары аумақтарында құрылды. Екіншіден, кейіннен қазақ халқының құрамына кірген үйсін, дулат, қаңлы, албан, суан, қоңырат, найман, жалайыр тайпалары аталған мемлекет халқының негізгі тобын құрады. Шағатай ұлысы бар жоғы 122 жыл (1224 — 1346) салтанат құрып, тарих сахнасынан кетті.[1]
Шағатай (1224—1242)
Қара-Құлағу (1242—1247, 1251—1252)
Есу-Мункэ (1247—1251)
Мубарек-шах (сәуір 1265-қыркүйек 1265)
Алғұ (1260—1265)
Борақ хан (1265—1271)
Неғубек хан (1271—1272)
Бұға Темір хан (1272—1291)
Дува (1291 — 1307)
Кунчек (1307—1308)
Хизр Талику-хан (1308—1309)
Есен-Буға (1309—1318)
Кебек хан (1318—1326)
Ильчигидай (1326)
Дурра Тимур хан (1326)
Тармашірін-хан (1326—1334)
Бұзан хан (1334—1336)
Женкші хан (1336)
Есін Тимур хан (1336—1342)
Мухаммад Пулад хан (1342—1343)
Қазан хан (1343—1346)
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.