Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Майқы Би (1105 – 1225) атақты би, суырып салма ақын.
Энциклопедиялық әдебиеттерде оны "Майқы би", "Байқы", "Байқу" деп те атайды.
Майқы би Төбейұлы 1105 – 1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі болған. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін қанатты сөз арқылы атадан балаға таралып келе жатқан Майқы би бабамыз түйінді даналы сөздің де, би біткеннің де көш басшысы болса керек. Тарихи деректерге қарағанда, ол бір ғана емес,бүкіл түркі тұқымдас халықтардың бас биі болғанға ұқсайды. Сондықтан да оны түрік тұқымдас елдер әсіресе татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтары бас биіміз деп санаған.
Майқы бидің шыққан тегі көнеқытай жазбаларында Найман тайпасының Бағаналы руымен байланыстырады,ал кейбір деректерде ол бүкіл үйсінның атасы ретінде айтылған:Төбей→Майқы→Үйсін.
Ежелгі шежіре бойынша екі Майқы би болған тәрізді. Белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлы бұл жөнінде былай жазады «Артына өлтірмейтін сөз қалдырған-сол 12 ғасырда өмір сүрген Майқы ма? Көне көздерден ата баба, жеті пұстыдан қалған шежірелерге келсек өазаақта екі Майқы болғаны байқалады. Оны екіншісі осы мақаланың авторының өзімен санағанда 41 атасы, яғни Шыңғыс заманындағы билік құрған Майқы. Егер біздің қолымыздағы атадан балаға мұра болып, дүниедегі ең ардақты құжаттай құрметтеліп рыжатталып келе жатқан әулет шежіресін тілге тиек етер болсақ 12 ғасырда жасаған Майқы өзін ұлы жүз санайтын біраз қазақтың атасы. Жалманбет ақ үйсін, жарықшақ қара үйсін, түркештің сары үйсін әкесі, Бәйдібектің атасы.
Ақ ұлы Майқы іштен бір аяғы кем туғанда, ақсап жүретін адам болған. Туа кембағал адамға төрт мүшесінің бірі кемістіктен майып аты берілген. Кейін қатарынан асып туған басында бағы, астында тағы бар, яғни шыңғыс ханның оң тізесін басқан адамды қазақта Майып деп атауға аузы бармай, бұрын өткен, аяқтыға жол ауыздыға сөз бермеген, қаусырма жақ, қызыл тілге келгенде алдына жан салмаған – осы Майыптың 18 бабасы – Майқының атымен атап кеткен. Демек, 12 ғасырда жасаған Майқы (Майып) мансап иесі бірақ, сөз иесі емес. Бұдан, әрине, Майқының қазақ халқының алдында өткен еңбегі, мансапты дулы- бас уәзір болғандығын жоққа шығаруға болмас. Ал артына ел аузында сөз қалдырған ел билеген көсем, басына сөз асырмаған Майқы мән баласы. «Арғы атам Абыл, Қайыр, Бақ, Таң, Пәр, Мән» деп жамбыл жырлаған Абыл, Қайыр, Бақ, Таң Пар мән- міне, бұлар Майқының аталары – Жамбылдың да бабалары. Қазіргі оның ұрпағы Майқыдан 58-60 атада тұр екен.
Ежелгі тарихшы Рашид-ад-диннің «Жамих-ат тарауих» дегне еңбегінде екінші Майқы би Шыңғыс ханның, Шыңғыс хан өзі жорыққа шығарда оны өз орнына қалдырып, кететін сенімді бас биі болғаны, дау дамай содан шешімін тауып отырғаны көрсетілген.
Шыңғыстың баласы Жошы хан батысқа жорық жасағанда Майқы биге Моңғол әскерінің оң қанатын сеніп тапсырған. Талай жеңісті бастаған батыр болған. Сол оң қанат Дешті қыпшақ елінің ұлан ғайыр аймағына билік жүргізген. Осы дерек монғол жылнамасы «алтын топшыда» жазылған. Шыңғыс 1206 жылы Ұлы хан аталғанда оны құрметтеп, төңірегіндегі елдер құтты болсын айтып барыпты деседі. Бұл жөнінде ұлы Абай былай жазған « Монғолдан Шыңғыс хан шыққанда қазақтар құтты болсынға барыпты, бірақ қай жерге барғаны мағлұм емес , сөйтсе де осы Шыңғыс тауында әскері қарауыл өзенінің бойында жатып, 12 рудан 12 кісі монғолдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол 12 кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісі екен «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы майқы би» деген кісі сол кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып әскер тартып шыққанда әскерінің көбі татра екен. Оның себебі моңғол өздері татардай азсыздық сусыздыққа ыстық суыққа шыдамды болса керек. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылып, бұларды Шыңғыс хан өзінің Жошы деген үлкен баласына билетіпті. Майқы би кезінде қазақ халқының бірлігін сақтап, біртұтас ел болу жолында алғашқы ұлыс бірлігін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер. Оның бұл қызметі жөнінде аңыз әңгімелер аз емес. Тарихы еңбектерде энциклопедияларда Майқы бидің сол азаматтық еңбектері толығырақ жазылмағанмен аздап аталып келеді. Мәселен қазақ энциклопедиясында былай жазыпты:
«Халық аңызында — Майқы би Орманбет би өліп, он сан ноғайлы елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Майқы би қазақ руларын үш жүзге (Жүз – арабша «бөлік», «бөлім») топтап, Үйсін бастаған бөлікті ұлы жүз, Қабан ұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғам ұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атаған. Ноғайлы хандарының бір Қызыл Арыстанның баласы Ахметті ( Алаша хан) Ұлытауда Үш жүздің ханы етіп тағайындады. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған, Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын тасқа қашатқан. «Таңбалы тас» — «Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған.
Тағы бір аңыз айтып кетейін: Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғайлы бөлініп, Орманбет би өлгенде Ноғайлы қоғам, Қобан және Майқы есімді белгілі аталар болыпты. Майқы тоғыз ханды қолынан отырғызған бас би екен.
Қырымнан келіп Бұхарада хандық құрып түрған Қызыл Арыстан деген ханнан бір тұтқын күң әйел ұл табады. Оның тұла бойы алапаш болады. Соны перзентсіз бәйбішесі ханға «Бұл баланың көзін құрт, құртпасың еліңді өскенде ала тайдай бүлдіреді» дейді. Хан бәбішесінің күндестікпен айтқан сөзіне иланып, әскерінен қырық жігіт бөледі де: «Мына баланы тапқан шешесімен Сырдариядан өткізіп тастаңдар. Өлсе өлер өлмесе өзінше күн көрер. Шешесі де, баласы да мұнда қайтып келмейтін болсын, өздеріңе де бостандық»,-дейді.
Қырық жігіт сырдариядан өтіп, Қаратау өңірінде аң аулап жүреді де, есейген соң баланы бір жерге әкеліп тастайды. Балаға аң аулап жүріп Майқы бидің баласы Үйсін кез болады. Бірақ бала оған ермейді. «Кімсің» деген сұрағына бала жауап та бермейді. Үйсін далада көргенін әкесіне айтып келеді: «Бір ағаштың түбіндеотырған баланы көрдім, ай десе аузы, күн десе көзі бар. Көрген кісі қызығардай. Жалғыз айыбы тілі жоқ», — дейді.
Майқы:
– Оған мені апарыңдар, мен сөйлесіп көрейін, — дейді. Майқы барса, бала оны көргеннен-ақ атып тұып:
– Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұхара жұрттың азығы! – деп сәлем береді.
– Уағалейкумәссәлем,балам, әменда аман бол! Болайын деп тұрған ұл екенсің, жүр маған ер? – деп, оны аулына ертіп әкетеді. Өкіл бала етіп: төбел бие сойып, төменгі елді, жорға бие сойып, жоғарғы елді шаұыртып, той қылады. Той тарқасымен «ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына бел баласы Үйсін бастаған жүз жігіт қосып беріп, жолға аттандырады.
– Қаратаудан асып әрі қарай жүре беріңдер, алдарыңнан Ұлытау, Кішітау дейтін таулар, Қаракеңгір, Жездікеңгір деген өзен-сулар кездеседі. Сол жерлерге барып, ірге теуіп орнаңдар. Ақ найзаның ұшымен ақ білектің күшімен ел-жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашасы боласыңдар, — деп Майқы батасын беріпті.
Жүз жігіт Қаратаудан асып, Ақтау, Ортауды басып, Шу, Сарысу өзендерін кесіп өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне жетеді. Орныға бастайды. Бұлардың дыбысы Қызыл Арыстанға жетеді. Хан:
– Менен қалағанын алып баламды өзіме қайтарсын, — деп Майқы биге кісі салады.
Хан баламды қайырсын деп қоймағасын, Майқы Қоғам ұлы Алшынды басшы етіп, Ұлытауға жүз жігіт жібереді. Жігіттерге басшы, ақылшы болсын деп оларға он қария қосып береді. Бұлар қайтпай қалады. Екінші рет тағы жүз жігіт жұмсайды. Оларда қайтпай қалады. Үшінші рет тағы жүз жігіт жібереді. Олар да сөйтеді. Бәрі де Майқы би(қолжетпейтін сілтеме) өкіл бала еткен Ахметтің ықпалынан шыға алмай, соның қарауында қала береді. Адамға адам, елге ел қосылып, аумағы кеңейе береді. Енді сол елдің халқы Ахметті ұлытауда хан көтереді. Кейін ол жауынгерлігімен Алаша хан атанады. Хандық жауынгерлік уақытта құрылғандықтан әр жүздің жорықта атқаратын міндетін, жауынгерлік ұранын белгілеп береді. Осының бәрі Майқы бидің айтқанымен іске асырылып отырған.
Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18-атасының да есімі Майқы болған. Шыңғыс ханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны ең беделді адам, әулие деп те атаған, себебі, ол ел тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. Шыңғысханның ұлы Батысқа жорыққа аттанған кезде әскерінің оң қанатын сеніп тапсыратын болған. Абай Майқы биді 12 бидің санатына қосқан, сонымен бірге ол 1206 жылы Шыңғыс хан моңғолдардың ханы болып сайланған кезде құттықтауға барған 12 ханның бірі көрінеді.
Аңыздар бойынша, ноғайлықтар көшіп, Орманбет би қайтыс болған соң, Майқы би қазақтарды үш жүзге бөлген екен. "Жүз" деген сөз араб тілінен аударғанда "бөлім" деген мағынаны білдіреді. Үйсіндерді "Ұлы жүз", Қабанүлы Болатқажы бастаған бөлікті "Орта жүз", Алшын бастаған бөлікті "Кіші жүз" деп атады. Ноғай хандарының бірі — Ахметті (Алаша хан) үш жүздің ханы етіп сайлады. Бұл бірлестікке барлық 40 рудың өкілдері енген және әр бөлімге айырма белгісі берілді. Сірө, "Кіші жүзді найза беріп жауға қой. Орта жүзді қамшы беріп дауға қой. Ұлы жүзді қауға беріп малға қой." деген мәтел сол кезде шықса керек. Сондай-ақ, барлық 40 рудың өкілдеріне де өзіндік айырма белгілері берілген. Үйсіндерге — "жалау", арғындарға — "көз"... Олар (таңбалар) тасқа қашалып салынды. Бұл тастар тарихта "Майқы таңбасы" (Майқы белгілері) немесе "Нұра таңбасы" (Нүра белгілері) деген атпен қалды. Мүның соңғысы жердің атауына байланысты қойылған. Оның көп баласы болған. Ұзын және Қортық атты ұлдарына көңілі толмайтын. Сонда таңданған Майқы би: "Жаманнан жақсы туады дегенге сену қиын, бірақ жақсыдан да колынан іс келмейтін жамандар туатын жағдайлар кездеседі", — деген екен. Халық арасында Майқының бірқатар нақыл сөздері мен ой-толғамдары қалды.[1] "Майқы би айтыпты" дейтін мақал, нақылға айналып кеткен сондай аталы сөздің кейбіреулері мыналар:
“ Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
"Кімнен кім туады?" ”
деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен:
“ Тұлпардан тұлпар туады,
Сұңқардан сұнқар туады,
Асылдан асыл туады,
Жалқаудан масыл туады,
Масылдан мал бақпас туады,
Тілазардан қылжақбас туады,
Таздан жарғақбас туады,
Сараңнан бермес туады,
Соқырдан көрмес туады,
Мылжыңнан езбе туады,
Қыдырмадан кезбе туады. ”
Майқы би жүздер арасында болып жататын қызу айтыс-тартыстар мен дау-дамайларға да қатысып жүрген. Ол әрқашан халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдеріне сүйене сөйлеген. Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. "Бірліксіз — тірлік жоқ" деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан. Майқы бидің пікірінше, мемлекеттік бірлестіктер халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бойынша басқарылуы тиіс. Ұмыт болған дәстүрлердің де өзіндік мән-мағынасы бар. Оны қазақтар ғана емес, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер де өз биіміз деп есептеген. "Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би" деген нақыл бар. Майқы би ұзақ ғұмыр сүріп, 120 жасында қайтыс болған. [2][3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.