Су энергетикасы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Су энергетикасы – энергетиканың су қорларының қуатын пайдаланумен айналысатын саласы. Алғашқы су энергиясы диірмендердің, станоктардың, балғалардың, ауа үрлегіштердің, т.б. жұмыс машиналарының жетектерінде пайдаланылды. Гидравликалық турбина, электр машинасы жасалып, электр энергиясын едәуір қашықтыққа жеткізу тәсілі табылғаннан кейін, сондай-ақ су энергиясын су электр стансаларында (СЭС) электр энергиясына түрлендіру жолының жетілдірілуіне байланысты су энергетикасы электр энергетикасының бір бағыты ретінде дамыды. СЭС – жылу электр стансаларына қарағанда жылдам реттелетін, икемді энергетикалық қондырғы. Олардың жиілікті реттеуде, қосымша жүктемелерді атқаруда және энергетикалық жүйенің апаттық қорын қамтамасыз етуде тиімділігі жоғары. Қазақстандағы су энергетикасы құрылысы 1928 жылы Лениногорск қаласының маңында, Громатуха өзенінде Жоғарғы Хариуз СЭС-і іске қосылғаннан басталды. Қазақстан өзендерінің су энергетикалық жылдық қорлары 162,9 млрд. кВт сағ. болып бағаланады. Соның ішінде техникалық тұрғыдан пайдалануға болатыны 62 млрд. кВт сағ.
Оңтүстік-шығыс Қазақстанның су энергетикасы қорлары негізінен Іле өзені және Балқаш көлі мен Алакөлдің шығыс бөлігі алаптарында орналасқан. Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Сырдария, Талас, Шу, т.б. өзендерінің қосынды энергетикалық потенциалы 23,2 млрд. кВт сағатқа тең.
Солтүстік және Орталық Қазақстанда су энергетикасы қорларының негізгі үлесі Есіл өзенінде, Торғай үстіртіндегі өзендер тобында және Теңіз бен Қарасор көлдері алабында шоғырланған. Олардың үлесіне республикадағы су энергетикалық қордың шамамен 3 млрд. кВт сағаты тиеді (1,7%). Батыс Қазақстан аумағындағы Жайық, Жем (Ембі), т.б. өзендердің су энергетикалық потенциалдары 2,8 млрд. кВт сағ. деп бағаланады.
Қазіргі кезде Қазақстан СЭС-терінің қуаты 2270 МВт-қа тең. Оларда жылына 8,32 млрд. кВт сағ. электр энергиясы өндіріледі.[1]
Бүкіл дүние жүзінде гидроэнергетика ресурстарын тиімді пайдалану деңгейі 30% құрайды. ТМД елдерінде гидроэнергетика ресурстарын пайдалану бүгінгі күні өте төмен. ТМД мемлекеттері бойынша Қазақстан және Орта Азия энергиясының потенциалы жағынан екінші орынды иеленіп тұр. Қазақстан салыстырмалы түрде су көздеріне өте кедей. Қазақстанның өзендерінің энергетикалық ресурстарын пайдалану мүмкіндіктері 1960 – 80 жылдардағы материалдар және шағын ГЭС – терді орналастырудың аяқталмаған өңірлік схемалары (1990 жылдар) негізінде «Казгидропроект» институтымен ағаланған. Мұхиттар, теңіздер және де басқа көлемді су көздеріндегі толқынның көтерілуі мен қайтуы, құлап аққан су және геотермальды (ыстық) су энергиясы – қайта жаңғырылатын энергия көздеріне жатады. Гидроэлектрстанцияларда резервуардан құлап аққан су өз энергиясын турбиналарға береді, ол өз кезегінде электр энергиясын өндіретін генераторды айналдырады. Су энергетикасы – энергетиканың су қорларының қуатын пайдаланумен айналысатын саласы. Алғашқы су энергиясы диірмендердің, станоктардың, балғалардың, ауа үрлегіштердің, т.б. жұмыс машиналарының жетектерінде пайдаланылды. Гидравликалық турбина, электр машинасы жасалып, электр энергиясын едәуір қашықтыққа жеткізу тәсілі табылғаннан кейін, сондай-ақ су энергиясын су электр стансаларында (СЭС) электр энергиясына түрлендіру жолының жетілдірілуіне байланысты су энергетикасы электр энергетикасының бір бағыты ретінде дамыды. ГЭС – ді әдетте таулы аймақтарда тұрғызады. Ол жерлерде жиі жаңбыр жауады және табиғи аңғарлардағы су қоймасында су қорын жинап, бөгетпен жеңіл бөгеуге болады. Жер шарында алынатын электр энергиясының 20%-ы ГЭС – де өндіріледі.