1993 жылы кәсіпқой карьерасын "Крузейро" клубында бастады. Бір жыл ішінде 57 гол соғып, (44 ойында) әлем назарын өзіне тез аударды. 1994 жылғы әлем чемпионатынан соң-ақ түрлі клубтардан ұсыныс түсіп, сол жылы шілдеде "ПСВ" клубына 5 млн фунт-стерлингке ауысты. Нидерланд тілін білмейтіндігіне, жергілікті климатқа үйрене алмағанына қарамастан, 1994/95 жылғы маусымда Нидерланд чемпионатының үздік мергені атанды. Ал клуб чемпионатта үшінші боп мәреге жетті. 1995/96 жылғы маусымда да клуб үшінші орында қалды, ал Роналдо жарақатының кесірінен ұзақ уақыт бойы емделіп жатты.
1996 жылы жазда "Барселонамен" келісім шарт жасасты. 1996/97 жылғы маусымда 37 голмен Испания чемпионатының үздік мергені атанды. Жыл қорытындысында "Алтын допты" жеңіп алды.
1997 жылы жазда "Интернационалеге" ауысты. Алғашқы екі маусымды жақсы өткізгенімен, 1999 жылы тізесінен ауыр жарақат алды да, екі жыл бойы емделумен болып (біраз уақыт Парижде емделіп, ота жасатты), 2001 жылы ғана алаңға оралды. Бұл аралықта ол өзінің танымалдылығын төмендетіп алды, Бразилия құрамасында да жаңа жас жұлдыздар пайда болып, Роналдо ауызға онша алынбай қалды.
2002 жылы тамызда "Реалға" ауысқанына миландық жанкүйерлер қатты наразы болды, бірнеше жыл бойы футболшының алаңға оралуын күткені зая кетті, Роналдоның мұнысын сатқындық деп есептеді. "Реал" сапында Роналдо өзінің жұлдызды шақтарына қайта оралды, Зинедин Зидан, Луиш Фигу секілді жұлдыздармен тізе қосып ойнап, 2002/03 жылғы маусымда Испания чемпионы атанды, 31 кездесуде 23 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді.
2003-06 жылдары "Реал" бес рет бапкер ауыстырды, клубтың ойыны жүрмеді. Жаңа президент келді (Роман Кальдерон), ол италиялық бапкер Фабио Капеллоға клуб тізгінін ұстатты. Капеллоның келуі Роналдоға оң бола қоймады, оның жаттықтыру мәнеріне Роналлдо сай келмеді, ақыр соңында 2007 жылы Роналдо клубтан кетіп тынды.
2007 жылы қаңтарда 6, 675 фунт стерлингке "Миланға" ауысты. Маусым соңына дейін 7 гол соқты. 2007/08 жылғы маусымда тағы да ауыр жарақат алды да, емделіп жатып қалды, клуб 2008 жылы арадағы келісім шартты бұзды.
"Италия чемпионаты Роналдо үшін ауыр соғады" деген әңгімелер көп айтылды. Сол себепті ме, карьерасында тағы да өзгеріс жасағысы келді ме, 2008 жылы желтоқсанда жарақаты жазылған соң "Милан" қайтадан ұсыныс жасап еді, футболшы келіспеді. 2008 жылы қыркүйек - желтоқсан айларында Фламенгоның" базасында жаттықты, бұған фламенголық жанкүйерлер қатты қуанды, клубтың онымен келісім шарт жасасуын күтті, бірақ көпшілік күткен трансфер болмады.
9 желтоқсанда Роналдо "Коринтианс" сапына барып қосылды. Бұған енді "Фламенго" фанаттары наразы болып, Роналдо киген жейделердің бәрін өртеп тастады. Бұған Роналдо "төрт ай бойы клуб жетекшілігі маған ешқандай ұсыныс жасамады" деп жауап берді. "Фламенго" президенті Марсио Брага "мен оның жарақаты жазылғанын күттім, өзі де осы жер ұнайтынын, осы жерде қалатынын айтқан олатын, бірақ мына күтпеген шешімі мен үшін де ауыр соқты" деді бұл жайлы.
Бірақ "Коринтианс" сапында тек 2009 жылы ғана тұңғыш рет алаңға шықты. Мамыр айында тағы да жарақат алды. Бірақ тез тіктелді де, маусым соңына дейін бірнеше маңызды голдарды соқты.
2011 жылы ақпан айында карьерасын аяқтады.