қазақ ақыны, жазушы, аудармашы From Wikipedia, the free encyclopedia
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (9 ақпан 1931, Алматы облысы, Райымбек ауданы Қарасаз - 27 наурыз 1976, Алматы) шын аты Мұхаммедқали – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.
Мұқағали Мақатаев | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері |
Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Шалкөде ауылы |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері |
Алматы, Қазақ КСР, КСРО |
Азаматтығы | |
Ұлты |
қазақ |
Мансабы |
Ол 1931-ші жылы 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Ұлы жүз Албан тайпасының Шоған абыз ұрпақтары — Алжан руынан шыққан. Ақынның туған күні жөнінде екі түрлі ақпарат бар. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні ақпанның 9-нда тойланады. Екінші ақпарат: ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз.» Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші туған күніне байланысты мынадай сөз айтады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен».[1] Азан шақырып қойылған аты - Мұхаммедқали.[2] Әкесі қарапайым шаруашы:колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері - Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады("Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?"). Мұқағалидің әкесі 1941 жылы Калиниград майданында қаза табады.[2]
Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан.[3]
Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.
Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962–1963 жылдары), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963–1965 жылдары), «Жұлдыз» (1965–1972 жылдары) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972–1973 жылдары) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған.
Ақынның тұңғыш өлеңдері “Қырман басында”, “Қойшы бала — Әкітай” ауданындағы “Советтік шекара” газетінде жарияланды (1949). “Інімнің ойы”, “Шебер” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енді (1951). Алғаш Мұқағали талантын бағалаған Ә.Тәжібаев: “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген еді (“Қазақ әдебиеті”, 18.3.1960).
Мұқағалидің “Қарлығашым, келдің бе?”, “Дариға жүрек” (1972 жылы), “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің” (1975 жылы), “Соғады жүрек”, “Шолпан”, “Жырлайды жүрек”, “Өмір-өзен”, ”Өмір-дастан” және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, “Қош, махаббат!” (1988 жылы) атты прозалық кітабы да бар. Біршама өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” деген бөлімін (1971 жылы), Шекспирдің “Сонеттерін” (1970 жылы), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 жылы) қазақ тіліне аударды.
Ақынның көзі тірісінде 3 аударма кітабы У.Уитмен, “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспир, “Сонеттер” (1970); Д.Алигерьи, “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімі (1971), 8 жыр жинағы “Ильич” (1964), “Армысыңдар, достар” (1966), “Қарлығашым, келдің бе?” (1968), “Мавр” (1970), “Дариға-жүрек” (1972), “Аққулар ұйықтағанда” (1974), “Шуағым менің” (1975), “Өмірдастан” (1976) жарық көрді. У. Уитмен, У. Шекспир, Н.Тихонов, Р. Бернс, Ф. Ансари, А. Акопян, А. Исаакян, Е. Евтушенко, Ф. Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты
Мұқағалидің “Ильич”, “Ақ қайың әні”, “Ару-ана”, “Мавр”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Қырандастар, қош болыңдар”, “Чили-шуағым менің”, “Шекарада”, “Большевиктер”, “Өмірдастан”, “Арман”, “Шолпан”, “Досыма хат”, “Алтай-Атырау”, “Отаным, саған айтам”, “Райымбек! Райымбек!”, “Қашқын”, “Жер үстінен репортаж”, “Моцарт. Жан азасы” атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақын өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Моцарт. Жан азасы” реквиемі пәлсапалық мазмұны, психологиялық тіні өзгеше туынды. “Табыт үні”, “Халық үні”, “Жесірлер үні”, “Бесік жыры” аталатын 4 бөлімді туындының әрбір бөлімінде бірде табыт, бірде жесір-Ана, бірде Жер-Бесік атынан Өмір мен өлім туралы философиялық пайымдаулар айтылған. Ақын Моцарт тағдырын тілге тиек ете отырып, өмір туралы өз жанының оптимистік рухын, әрбір адамның жан түкпіріндегі арман-әнін жеткізеді. Ақын қай тақырыпта жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы: “Мен жырламаймын, Сырласамын. Сыры бір замандаспен мұңдасамын. Көгендеп жыр қосағын, Келмейді жыр жасағым” немесе “Тіпті де мен емес-ті “Мен” дегенім... Өзгенің жаны-сырын ұғу үшін, Өзімді зерттегенді жөн көремін” дейді. Мұқағали шығармашылығының тіні “өзін-өзі” зерттеуден тұрады. Мұқағалидің медитативті лирикасындағы лирик. Мен — өзін-өзі іздеген, өмір мен өлім, адам мен қоғам, ғаламнан үйлесімділік іздеп шарқ ұрған, толассыз ізденістегі пәлсапашыл Мен. Мұқағалидің шығармаларында философиялық тереңдік, адамның психологиялық жан күйзелісін суреттеу, медитация басым. “Өмірдастан” атты топтамалы толғауында жесір жеңге (Дариға) образы арқылы тылдағы халық өмірі мен адамдық, азаматтық, адалдық, ар-намыс, рух пен нәпсі арасындағы толассыз күрес психол. шиеленіс арқылы шебер жеткізілген. Мұқағалидің шеберлігі өзі өмірден көрген-білгенін көңіл елегінен өткізе терең жеткізуінде. Имандылық,ислам діні турасында “Я, Жаратушы Аллам”, “Сатқан емен”, “Дін-ғылымның анасы”, “Я, Алла”, “Бүкіл дүние мұсылмандарына хат”, “Адам қайдан жаралған”, “Жүрек арызы”, “Күн батты, міне, кеш кірді”, “Не керек, осы, адамға”, т.б. өлеңдер жазды. “Сатқан емен, сатпайтын дінімді мен”, “Мұхаммедтің үмбеті-мұсылманмын”, “Сайтанның да, күнәсіз періштенің, Бал мен уын талғамай неге ішкенмін. Періштенің қайғысын бөліспедім, Сайтанменен болса да келіспедім” секілді жыр жолдарында адам табиғатына сай тартыс, пенденің жан тылсымындағы жұмбақ қақтығыстар көрініс тапқан. Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды (“Тауда өстім”, “Тау бір аңыз”, т.б.). “Өлмесін деп берген ғой тауды маған, Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған”. Ол қазақ өлеңін мазмұны, пішіні жағынан түрлентті. “Қазақтың қара өлеңі құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген” дейді ақын. Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге интонация, инверсия, мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағалидің поэзиясы ұлттық характерімен, мінезімен ерекшеленеді: “Су сұрасам, сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем”. Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған: “О, Муза, маған алыс сөреңді бер, ұайыптан кел де, мені демеп жібер”. Мұқағали адам жанының диалектикасына терең бойлап, оның болмысын шынайы бедерлейді (“Жапырақ жүрек-жас қайың”). Ол “Нағыз ақын алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін “адам жанының инженері болып қалу” дегенді ұстанды (Күнделік, 10.2.1976). Ақынның шеберлігі өмірден өзін, өзінен өмірді көре білуінде. “Бүкіл менің жазғаным — бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма” дейді ақын. Мұқағалидің адамзат ғұмыры мен әлем сырын жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қомақты мұра боп енді. Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің “Қош, махаббат” жинағына (1988) әр жылдары жазылған “Құлпытас”, “Марусяның тауы”, “Өзгермепті”, “Әже”, әңгімелері, “Қос қарлығаш”, “Жыл құстары” повестері мен “Қош, махаббат” пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. “Рух және сезім” , “Сезім найзағайы”, “1969 жылғы қазақ поэзиясы“ атты әдеби сын еңбектерінде О.Сүлейменов, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, С.Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды.[4]
Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, —
деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»
Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.
Алматы қаласында дүниеден өтті. Негізгі жыр жинақтарын көзінің тірісінде жарыққа шығарды (“Мавр”, “Дариға-жүрек”, “Аққулар ұйықтағанда”, “Шуағым менің”). Дүниеден өтер алдын “Реквием” атты толғау-өлеңін жазды.
Шығармалары өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалып К.Сейтова “Мұқағалидың ақындық мұрасы” (1991), К.Хамидуллаев “Мұқағалидың ақындық шеберлігі” (1993), тіл білімінде З.Қазанбаева “М. Мақатаев лирикасының грамматикалық ерекшеліктері”(1999)], шығармашылығы турасында 700-ге тарта еңбек (мақала, естелік-эссе, роман, поэма, өлең, т.б.) жазылған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады (1985), оған ҚР Мемлекеттік сыйлық (1999), “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.
1999 жылы Мұқағалидың «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды (Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық). 2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы түрлі деңгейде аталып өтпек. Осы мерекеге орай "Ақын, туған күнінмен!" деген Асқаров Алимжан өлең арнаған.[5][6]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.