From Wikipedia, the free encyclopedia
Бай[1]– дәстүрлі қазақ қоғамындағы дәулетті әлеуметтік топ. 20 ғасырдың 30-жылдарындағы сталиндік режим, большевиктердің таптық қысымы бүкіл қазақ этносының трагедиясына айналды (қ. Байлар мен кулактарды тап ретінде жою).[2]
Жалпыхалықтық ұғымда Бай — есепсіз төрт түлік жиған мал иесі немесе ата-бабадан қалған байлықтың мұрагері. Байдың қазақ қоғамындағы орны сол жеке тұлғаның көшпелі мал шаруашылығының көлеміне, оны жүргізу шеберлігіне қарай айқындалды. Дала тұрғындарының күнкөріс тіршілігі өндірістің ерекше тәсілін табуды қажет етіп қана қоймай, сонымен бірге күрделі технологиялық механизмді, яғни әр отбасы жеке-жеке емес, қауымдасып өмір сүру процесін туғызды. Осы құрылым бойынша, ұжымдық еңбек принципі ыңғайымен, бірнеше ірілі-ұсақты шаруашылықтар (оның ішінде Бай да бар) үлкен бір қауымға бірікті. Қауымдастықта шаруашылықты басқару мен көші-қонды ұйымдастыру, жайылым орындарын реттеп отыру бұл мәселенің қыр-сырын өзгелерден жетік білетін, оның үстіне дәулеті артық Байға тиді. Қауым екі жақты құрылым (жерге қауымдық меншік, малға жеке иелік; ұжымдық өндіріс және еңбек өніміне жеке меншік) болғандықтан, үнемі мүліктік және әлеуметтік іріктелу процесі жүріп отырды. Қауымдастықтағылардың кейбіреулері кедейлене түссе, енді біреулері мал басын арттырды. Ондайлар ұжымдық шаруашылыққа басшылық жасай отырып, өндірістің бар тетігін өз қолына шоғырландырды. Өзіне жеткілікті қор құрап алған Бай ендігі жерде қауымдық еңбек бірлестігінен шығып, өз алдына жеке шаруашылығын жүргізуге көшті. Осылайша, дәстүрлі қазақ қоғамындағы Байдың [ірі] шаруашылықтары пайда болды. Әлеуметтік реттелу процесінің даму барысында Бай тобы қазақ даласының экономикалық, саяси, мәдени және интеллектуалдық элитасын қалыптастырды.
Дәстүрлі құрылымды ұйымдастыру мен басқару барысында Байдың рөлі артумен болды. Ғасырлар бойы ерекше әлеумет-экономикалық экологиялық жүйе (мұнда барлық элементтер — қауымдық құрылым және ірі Бай, ауқатты және орташа шаруашылықтар, т.б. әлеумет-экономикалық құрылымның біртұтастығын сақтаған тиімді “экологиялық” қызмет атқарды) қалыптасып, өзін-өзі ұйымдастырып, ұдайы өндірісті өрістетіп, құрылымды дамытты. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап халықар. жәрмеңкелердің көптеп ашылуына орай, малмен сауда жасап, заманына қарай амал қолданған қазақ арасынан Маман бай (Жетісудан), Мақан Жиенбайұлы, Аппаз және Мырқы Жараспайұлдары (Сыр бойынан), Қуан Әленұлы (Ырғыздан), Ақан серінің әкесі Қорамса, Хасен Ақайұлы, Ахмет имам (Арқадан), т.б. ірі Байлар іріктеліп шықты. Бірсыпыра Байлар мектеп-медреселер ашып, мәдениеттің дамуына қолдау көрсетіп, қазақ зиялыларының газет-журналдар шығару ісіне қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған. Мысалы, Құнанбай бай Меккеге қажылыққа барған сапарында дін ордасында такия (қонақ үй) салдырған. Қапалдық бай Есенқұл Маманұлы жақсы жазылған романға екі жүз сом (сол кезде 30—40 жылқының құны) бәйге жариялаған. Ал Ахмет имам, Маман байлар мектеп-медреселер салдыру ісіне тікелей араласса, Сейітбәттал қажы Маманұлы Қарағашта 6—7 мың сомға мешіт, 11 мың сомға мектеп салдырып, керек-жарағына жыл сайын 1,5 мың сом қаржы беріп отырған. Сондай-ақ, ол қыздар мектебін ашып, оған мұғалім ретінде Уфада оқыған Фәтима ханым Есенгелдинаны алдырған. Ол 30-дай қыз баланы жаңа үлгімен, сол кездердегі оқу бағдарламасы негізінде оқытқан. 20 ғ-дың 30-жылдарындағы сталиндік аграрлық төңкеріс дәстүрлі құрылымды күйретті. Байды жаппай қудалап, маңыраған малды жұтқа ұшыратты. Соның салдарынан, біртұтас құрылымның іргесі ыдырап, қазақтың далалық шаруашылығы қатты күйзеліске түсті. Бүтін бір этностың өмір сүру кепілі болған дәстүрлі құрылым өз элитасын, өзінің “менеджерлерін”, зиялы қауымын жоғалтты. Большевиктердің “таптық қысым” көрсетуі бүкіл қазақ этносының трагедиясына айналды (қ. Байлар мен кулактарды тап ретінде жою).
Қазақстанның егемендік алып, демократиялық жолға түсуіне, ел экономикасының өзгеше бағытта өріс алуына байланысты, жеке тұлғалардың өз алдына кәсіп етіп, байлық қорын молайтуына ерік берілді. Қазақстандағы бірқатар мемлекет кәсіпорындар мен мәдени мекемелер, оқу орындары жекешелендірілді. Ол заңмен реттелді. Осыған орай, қазақтың іскер адамдары көрініп, жаңа Байлар пайда бола бастады. Әлемдегі Байлар ақша қорының үлесіне қарай: миллионерлер (ақша қоры бір миллион американ долларына жететіндер), миллиардерлер (жеке қаржы қоры миллиард американ долларынан асатындар) болып бөлінеді.[3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.