Remove ads
From Wikipedia, the free encyclopedia
Эпос (көне грекше: ἔπος – сөз, баяндау, әңгіме, өлең) – әдебиеттің бір саласы.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына сәйкес болу үшін қайта жазу қажет. Өтінеміз, осы мақаланы жетілдіруге көмектесіңіз. Талқылау бетінде ұсыныстар болуы мүмкін. |
Құрамына аңыз, ертегі, әңгіме, новелла, повесть, роман, эпик. поэма, эпопея жанрлары, сондай-ақ көркем очерктер кіреді. Эпостың басты ерекшелігі – өзі әңгімелеп отырған өмір құбылыстарын кең көлемде, эпик. тұрғыдан қамтып, кейіпкер образын, көркем әдебиеттің алуан түрлі әдістерін мейлінше мол қамту арқылы суреттеу. Көбінесе шығарма жазылудан әлдеқашан бұрын болған оқиға туралы жазылатындықтан, эпоста баяндау тәсілі басым болып келеді. Эпостық шығармада суреттелетін оқиға оған тікелей куәгер болған адамның атынан баяндалады. Мұндай шығармалардың ерекшелігі оған бірігетін жанрлардың ішкі өзгешеліктерінен айқын көрінеді. Эпостық шығармалар халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Ең көне эпостық жанр – ертегі, ол барлық халықтың ауыз әдебиетінде бар. Ертегіде оқиға үнемі ертекшінің атымен баяндалады. Онда адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі (тұрмыс-салт ертегілері), қиялдан туған түрлі ғажайып оқиғалар (қиял-ғажайып ертегілер), адамдар мен жануарлар арасындағы жайттар (хайуанатар туралы ертегілер), белгілі бір ертегілік кейіпкердің бастан кешкен қызғылықты оқиғалары (Алдар көсе, Қожанасыр әңгімелері) сөз болады. Эпостық жанрдың ендігі бір түрі – аңыз әңгімелерде нақтылық, тарихилық сипат басым (мыс., Жиренше шешен, әз-Жәнібек туралы аңыз әңгімелер). Шағын көлемдегі эпостық жанрларға көркем очерк, новелла, әңгімелер жатады.
Қазақ әдебиетінде көркем очерктер Шоқан Уәлихановтың сапарнамалық очерктерінен басталады (мысалы, «Жоңғария очерктері», «Ыстықкөл сапарының жазбалары», Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтардың көркем очерктері). Қазақ әдебиетіндегі новелла жанры кеңестік дәуірде дамыды (Ғабит Мүсіреповтің ана туралы новеллалары). Эпостық жанрдың шағын түріне жататын әңгіме жанрында қазақ қаламгерлері жемісті еңбек етті. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» (1921), «Қыр әңгімелері» (1925), «Қаралы сұлу» (1925) әңгімелері қазақ әдебиетіндегі бұл жанрды еур. биікке көтерді. Ғабит Мүсірепов, Тәкен Әлімқұлов және тағы басқалар бұл жанрда өндіре жазды. Эпостық орта көлемдегі түрі – повесть қазақ әдебиетінде шынайы көркемділікпен игерілді. Қазақ повестерінің классик үлгілері ретінде Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» (1928) және «Қараш-қараш оқиғасы» (1928) повестерін атауға болады. Сәкен Сейфуллиннің «Жер қазғандары» (1928) қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына арналған тұңғыш повесть. Эпостық шығармалардың поэзиялық жанрына эпикалық поэмалар жатады. Абай Құнанбайұлының «Ескендір», «Масғұт» поэмалары поэманың классикалық үлгілері болса, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза», Мағауия Абайұлының «Медғат—Қасым», Әбдірахман Абайұлының «Дағыстаны» романтикалық сипаттағы эпикалық поэмалар қатарынан орын алады. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кедей», «Адасқан өмір» поэмалары реалистік поэмалардың озық үлгілері. Кеңестік дәуірде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров поэмалары бұл жанрды сапалық жаңа биікке көтерді. Эпостық шығарманың мол мүмкіндігін толық танытатын жанр — роман. Бұл жанрда жазылған Спандияр Көбеевтің «Қалың малы» (1912) қазақ романдарының төл басы болып есептеледі. Кеңестік дәуірдегі алғашқы қазақ романдары қатарында 1920 жылдары жазылған Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек», «Күнікейдің күнәсі», Сәкен Сейфуллиннің тарихи-мемуарлық «Тар жол, тайғақ кешу» (1927), Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» (1928), Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» (1935) романдарын атауға болады. Қазақ әдебиетінің дамуы барысында роман жанры сан алуан қырынан дамыды. Соның нәтижесінде қазақ романының тарихи (Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер»), тарихи биограф. (Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе»), тарихи (Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Мұхтар Мағауин «Аласапыран»; Әбіш Кекілбайұлының «Үркер»; Софы Сматаевтің «Елім-ай»; Әнуар Әлімжановтың «Жазушы»), тарихи-философия (Әбш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры»), әлеуметтік психология (Мұхтар Әуезов «Өскен өркен»), роман-хроника (Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда»), роман-новелла (Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз»), публицистик. (Әнуар Әлімжановтың «Көгілдір таулар»), роман-эссе (Қойшығара Салғариннің «Алтын тамыр») түрлері дүниеге келді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетіндегі Эпостық жанрдың жеткен биігін әлем әдебиетінде айқын танытты. 2) Ауыз әдебиетіндегі ел қорғаған батырлардың өмірін генеологиялық тұрғыдан, эпик. сипатта жан-жақты суреттейтін жанрлар тобы. Қазақ ауыз әдебиетінде бұл жанрдағы шығармалар мейлінше мол ұшырасады. Оларды төмендегідей топтарға жіктеуге болады. Қисса-дастандар, лиро-эпостық жырлар, батырлар жыры, тарихи жырлар. Белгілі шығыс сюжеттеріне құрылған дастандар («Сейфілмәлік», «Бозжігіт», т.б.) қазақ халық ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлар («Қыз Жібек», Қозы Көрпеш – Баян сұлу, т.б.), батырлар жыры (“Алпамыс”, «Қобыланды», «Ер Тарғын», т.б.) кейінгі дәуірде дүниеге келген тарихи жырлар («Арқалық батыр», «Бекет батыр», т.б.). Егер шығыс сюжетінде жазылған қиссаларда лирик., эпик. сипат діни сипат сарынымен берік астасса, лиро-эпостық жанрларда ғашықтық тақырыбы басты рөл атқарады. Батырлар жырының төркіні түркі тектес халықтарға ортақ көне жырлардан («Алпамыс», «Көрұғлы») басталса, «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырлары тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана кездеседі, одан кейінгі ноғайлы дәуірінде келген жырларда («Қырымның қырық батыры») генеаологиялық сюжет қолдану, тұтастану арқылы батырлардың үлкен бір ұрпағының өмірін қамтиды.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.