From Wikipedia, the free encyclopedia
Цицерон Марк Туллий (б.з.б. 3.1.106, Арпинум — 7.12.43, Кайета маңы) — Ежелгі Римнің саяси қайраткері, шешен, жазушы. Ақсүйектер әулетінен. Б.з.б. 63 ж. консул болған кезінде беделі қатты өсті (Катилинаның қастандығын ашты, сенатта басшы рөл атқарды). 1-триумвират (үштік одақ) құрылғаннан кейін ықпалы төмендеп, б.з.б. 58 — 57 ж. қуғынға түсті. Б.з.б. 56 — 50 ж. Гней Помпей мен Юлий Цезарьды жақтады. Олар араздасқаннан кейін (б.з.б. 49) азамат соғысы кезінде екеуін татуластырмақ болды. Цезарь жеңгеннен кейін (б.з.б. 47) саясаттан қол үзіп, ол өлтірілгеннен кейін ғана саясатқа қайта араласты. Оның Марк Антонийге қарсы 14 сөзі — “филиппик” осы кезеңге жатады. 2-триумвиратқа қарсы күресте сенат жеңілген кезде, Антоний мен Октавиан Августың қолынан қаза тапты. Цицеронның саяси идеалы — “аралас” мемлекеттік құрылыс (монархия, аристократия және демократия элементтері бар б.з.б. 3 — 2 ғасырлардағы Рим республикасы үлгісіндегі мемлекет) болды. Цицерон өзін грек философиялық теориясы мен Рим саяси (шешендік) теориясын ????адамы”, “татуластырушы”, “тәртіп сақтаушы және қамқоршы” адамның үлгісі деп есептеді. Философиялық идеалы — теориялық скептицизмді практикалық стоицизммен біріктіру, шешендік идеалы — “молшылық”, тыңдаушыны қызықтыра да, сендіре де, еліктіре де алатын барлық құралдарды меңгерген. Цицерон шығармаларынан (үзінділерді есептемегенде) сотта сөйлеген 58 сөзі, шешендік өнер, саясат, практик. философия, теор. философия жөнінде 19 трактаты, аса маңызды психол. құжат, латын ауызекі тілінің ескерткіші және Римдегі азамат соғысы дәуірі туралы деректеме болып табылатын 800-ден астам хаты сақталған.
Ц-ды шіркеу қайраткерлері Лактанция, Амвросий Медиоланский, Августин, қайта өркендеу дәуірінің жазушылары Петрарка мен Боккаччо, француз ағартушылары Дидро,
Вольтер, Монтескье, Ж.Ж. Руссо, т.б. үлгі тұтқан.
Б.з.б. 51-50 жылдары Киликия мен Кіші Азияда проконсул қызметін атқарған кезде, бірнеше таулық тайпаларды жеңгеннен кейін Цицеронның беделі әскердің арасында айтарлықтай өсті. Солдаттар оны император деп жариялады. Ол б.з.б. 50 жылдың аяғында Римге келген соң Цезарь мен Помпейдің арасындағы текетіресте Помпей жағына шықты. Бірақ б.з.б. 48 жылы Фарсель түбіндегі соғыста Помпей жеңіліс тауып, Египетке қашқаннан кейін Цицерон күрестен бас тартып, Цезарь билігіне мойынсұнуға мәжбүр болады. Ол енді бірыңғай шешендік өнермен айналысып, «Шешен» және «Брут» атты трактаттарын жазды. Ел билігі қолына тиген соң Цезарь абсолютизмге бой ұрды. Сенімі ақталмаған Цицерон шешендік өнерді тастап, философиямен айналысуды ұйғарды. Цицеронның осы кезеңдегі сүреңсіз өмірін отбасындағы сәтсіздіктер – отыз жыл отасқан әйелі Теренциядан ажырасуы, жас әйелге үйленуінің сәтсіздігі және сүйікті қызы Тулияның кенеттен қайтыс болуы ауырлата түсті.[1] Ол енді жабырқаған жанына философиядан жұбаныш іздейді. Екі жылда өзінің ең үздік философиялық және риторикалық трактаттарын жазады. Оның әдеби еңбектермен түбегейлі және жемісті айналысуы сенаторлардың құпия қастандығынан Цезарьдың қаза табуына байланысты тоқтап қалады. Консул Марк Антоний сол кездегі жағдайды пайдаланып ел билігін өз қолына алғысы келді. Бірақ оған қарсылас ретінде Цезарьдың асырап алған ұлы 19 жасар Октавиан саясат аренасына шығады. Цезарьдың өлімінен кейін сенат партиясының басына келген Цицерон өзінің ақылы мен саясаттағы бай тәжірибесін қажет етеді деген үмітпен Октавиан жағына шығады. Б.з.б. 44 жылдың күзінде ол Антонийге қарсы ашық күреске шығып, оның қаталдығын, қанішерлігін, билік үшін ештеңеден тайынбайтындығын суреттеп 14 сөз жазып, халықты Антонийге қарсы күресуге үгіттейді. Осы сөздері Рим мемлекетінің көрнекті құжаттары ретінде тарихқа енді. Оқиға кенеттен басқаша бағыт алып, Октавиан Антониймен келісімге келді де, өзара одақ құрды. Антонийдің үзілді-кесілді талап етуімен Цицерон бірінші жасалған проскрипциялық тізімге енеді. Б.з.б. 43 жылдың 7 желтоқсан күні Антонийдің жалдамалы агенттері Цицеронды ұстап алып, өлтірді. Антоний Цицеронның кесілген басын Рим форумының шешендік трибунасына іліп қоюды бұйырды. Цицерон артында шешендік өнердің теориясы мен тарихы жайлы көптеген шығармалар, философиялық трактаттар, 800-ге жуық хат, сот процесі мен саясат аренасында айтылған 58 сөз қалдырды. Арасында грек тілінде жазылған 1000-ға жуық хаты сақталмаған. Цезарь, Помпей, Антоний және басқа да мемлекет қайраткерлерінің оған жазған 90 хаты сақталған.[2] Б.з.б. 68 жыл мен 43 жылдың шілдесіне дейінгі уақыттар қамтылған хаттары мен еңбектері 37 кітап болып басылған. Өкінішке орай, Цицеронның консулдық қызмет атқарған кездегі хаттары кейінгі ұрпаққа жеткен жоқ. Шешеннің хаттарын өзі еркіндік алып берген хатшысы Тирон мен досы Тит Помпоний Аттик автор өлгеннен кейін жарыққа шығарды. Цицеронның эпистолярлық мұрасы көлемі бойынша да, мағынасы бойынша да әртүрлі болып келеді. Мысалы, бір хаттарында достарына сапардан аман-сау оралғандығын немесе белгілі бір мәселе бойынша қысқаша ақыл-кеңес берген болса, екінші бір хаттарында провинцияларда қандай маңызды істерді атқарғандығын немесе тарихты қалай жазу керектігін үйрететін трактатқа айналып кетеді. Цицеронның эпистолярлық мұрасының тарихи құндылығы автордың сол дәуірде тікелей қатысуымен өткен жағдайлар мен тарихи оқиғаларды нақты суреттеуінде болып табылады. Философиялық, саяси және риторикалық болып бөлінетін Цицеронның ғылыми еңбектері де тарихи оқиғалармен байланыстылығымен құнды. Шешен ғылыми еңбектерінде бұл үш жанрдың шекарасын бөліп жазбаған. Себебі философия, саясат және риторика бір-бірімен тығыз байланысты деп есептеген. Сондықтан да Рим азаматы философиялық біліммен сусындау арқылы шешендік өнерді меңгергенде тек қана мемлекет мүддесі үшін қызмет ету керек екендігін атап көрсетті. Цицерон өз заманындағы ең білімді адамдардың бірі болғанымен, өзіндік жол салған ойшыл емес еді. Оны өзі де аңғарып, өзінің трактаттарын менің стиліммен өрнектелген компиляциялар деп есептеді. Цицеронның философиялық және риторикалық шығармалары көбіне диалог түрінде жазылды. Шешендік өнер туралы теориялық еңбектерінде Цицерон өзінің мемлекеттік және қоғамдық қызмет атқарғандағы принциптері мен әдістерін негізге алды. «Шешендік туралы» деген үш кітаптық еңбегін сенат партиясының өкілдері, білікті шешендер Лициний Красс пен Марк Антоний арасындағы диалог түрінде жазды. Өзінің көзқарасын Красстың сөздері арқылы баяндады. Красс шешендік өнердің шебері өмірдің барлық саласынан хабардар білімді адам болуы керек деп есептесе, Цицерон да шешенді аласапыран заманда мемлекетті құтқарып қалатын, сұңғыла саясаткер, жан-жақты, білімді адам болуы тиіс деген. Өзінің досы Брутқа арнап жазған «Брут» атты трактатта алдымен грек, кейін Римнің атақты шешендерімен бірге әлі танылып үлгермеген, барлығы 200-ден аса шешендердің аттарын атап, еңбектерін талдаған.[3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.