From Wikipedia, the free encyclopedia
Угарит тілі 1928 жылы француз археологтары Сириядағы Угарит атты ежелгі қаладан тапқан жазба материалдардың тілі. Ол тілдің берген мәліметтері Көне келісімді зерттеумен айналысатын мамандар үшін өте маңызды болды, себебі сол арқылы көне еврей тіліндегі мәтіндерде қолданылған сөздердің, сөз тіркестерінің және фразеологизмдердің мағынасы нақтыланып-айқындала түсті.
Угарит тілінің ашылуы Мысыр иероглифтерінің және Месопотамия сына жазуының оқылғанынан бері қол жеткізілген ең маңызды жетістік. Угарит қаласында табылған әдеби мәтіндердің ішінде Керет туралы аңыз, Ақһат жыры (яғни Данел туралы аңыз), Бағал-Алиян аңызы және Бағалдың өлімі сияқты шығармалардың мәтіндерін атауға болады. Соңғы аталған шығарма Бағал туралы жиынтық деп аталады, онда ханаан аңыздарының негізгі тақырыптары қамтылған.
Угарит тілі — сына тәріздес әріптермен жазылған семит тілі. Сырт көзге бұл тілдің жазбасы Месопотамияның сына тәріздес жазбасына ұқсайды, бірақ екеуінің арасында байланыс жоқ. Угарит тілінің жазуы финики, көне еврей және арамей тілдері қолданатын әліпбилердің жазуларымен бір тектес, тек угарит жазуындағы әріптердің сырт пішіні сына тәрізді де, қалғандарынікі сызық тәрізді. Угариттің «ұзын әліпбиінде» 31 әріп, «қысқа әліпбиінде» 22 әріп бар.
Угарит тілі б.з.д. 14-ші -12-ші ғасырларда жазылған жазылған мәтіндер арқылы куәландырылған.[1] Қаланың өзі шамамен б.з.д. 1180/70 жылдары қиратылған.
Угарит халқының мәдениеті ханаан мәдениетінің бір бөлігі болған, кейбір мәтіндерде угарит тілінің өзі ханаан тілі деп аталады. Ол ханаан тілдеріне өте жақын. Бірақ лингвистикалық классификация бойынша ол Ханаан тілдеріне жатқызылмайды, себебі угарит тілінде оларға тән ā → ō өзгерісі байқалмайды. Угарит тілі керісінше Ханаан тілдерінің содан дамып шыққан ортақ тіліне жақын, сол тілмен замандас.
Угарит тілінің мәліметтері Киелі кітаптағы көне еврей тілін зерттеушілерге таптырмас дерек көзі, себебі бұл ежелгі израильдіктердің өмірі мен діни дүниетанымына үңілуге мүмкіндік береді. Угарит тілінің сөз қоры да көне еврей тілінің сөз қорына таңғалдырарлықтай өте жақын, көптеген угарит сөздері көне еврейшенің сөздерімен әріппе-әріп бірдей болып келеді. Көне келісімді зерттеу ғылымына Угариттің діні де өте үлкен қызығушылық тудырады, себебі Угарит — ежелгі Израильдің ең жақын көршілерінің бірі. Сириядағы қазіргі Рас Шамра ауылы сол ежелгі Угариттің орнында орналасқан.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.