белгілі ақын әрі жыраудың бірі From Wikipedia, the free encyclopedia
Нұрпейіс Байғанин (20 маусым 1860, қазіргі Байғанин ауданы, Ақтөбе облысы — 9 сәуір 1945, Ақтөбе) — халық ақыны, жырау. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1939).
Кіші Жүздің Әлімұлы, Шектінің Шүрен руынан. Әкесі Байғана жоқшылықты көп көрген. Анасы Үміт әнші, домбырашы әрі ақын болыпты, айтыстарға қатысқан.
Ол ақындық өнерді ең алғаш анасынан үйренген. 16 – 17 жасынан-ақ “бала жыршы” атанады. Кейіннен Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Қазақбай, Сабыр тәрізді белгілі ақындардан үлгі алып, бірқатарымен айтысқа түседі, батырлық жырларды үйренеді. Байғанин Нұрпейіс негізінен батырлықты, адамгершілік пен адалдықты, әділдік пен ізгілікті дәріптейтін, халық сүйіп тыңдайтын “Құбығұл”, “Төрехан”, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Алпамыс”, “Қыз Жібек”, “Айман — Шолпан” сияқты жыр, дастандарды жырлаған. Байғанин Нұрпейіс жырлаған "Қобыланды батыр" жыры — осы жырдың басқа ақын-жыршылар айтқан нұсқаларынан көлемі молы, оқиғасы жағынан мазмұндысы. Байғанин Нұрпейістің ертеректе жырлаған дастан, жыр нұсқалары кезінде жазылып алынбаған.[1]
Эпостық жырларды айтумен қатар, дайын сюжеттерді пайдалана отырып, халықтық, әлеуметтік мәселелерге арналған “Ақкенже”, “Нарқыз” сияқты өз туындаларын шығарды. “Ақкенже” дастанында қазақ әйелдерінің тағдыры сол кезеңдегі нақты өмір мәнімен үндес, жан-жақты суреттеледі. “Нарқыз” — қазақ әйелдерін бостандыққа шақырған, идеясы анық, көркемдігі жоғары шығармаларының бірі. Байғанин Нұрпейістің дастан, эпостық жырларынан басқа да сатиралық өткір, қысқа өлеңдері және “Кектің дауысы”, “Қазақбаймен айтыс” сияқты көлемді шығармалары бар. Байғанин Нұрпейіс шығармашылық жағынан толысып, халық құрметіне бөленген шағында отансүйгіштік, халық тағдыры, тағы басқа тақырыптарды кеңінен жырлады (“Қазақстан”, “Гүлденген заман”, “Өңімдегі жұмбақ”, “Ғажайып көрмеде”, “Москва”, тағы басқа). 1938 жылы Жамбыл Жабаевтың мерейтойына қатысып, “Ақын шабыты”, “Жамбылға”, “Көрімдік”, “Ғасырдың қарт бұлбұлы”, тағы басқа жырлар шығарды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу салтанатына, Қазақстан жазушыларының екінші съезіне (1939) қатысты. Ақынның кейіннен “Өрістегі өмір” (1938), “Ақын” (1939), тағы басқа дастандары жарияланды. “Ер туралы жыр” (1942), “Жиырма бес” (1942) поэмалары Кеңес Одағының Батырлары Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған. Ол батырлық туралы жырларында ауыз әдебиетінің үлгілерін шебер пайдаланып, оны жазба әдебиеттің биігіне көтере білді. Көп жасаған, көп көрген, көп үйреніп, көп жырлаған, қазақ халқының мол сөз қазынасын меңгере, пайдалана білген ақынның шығармалары терең мағыналы, өткір тілді, шешендік сөздерге, мақал-мәтелге, афоризмге толы. Байғанин Нұрпейістің “Ақын шабыты”, “Ақынға”, “Отарба”, “Зор майданға шапшаң бар”, тағы басқа өлеңдері дәстүрлі терме мәнерінде жазылған.
Ақын жыр алыбы Жамбыл сияқты Қазақстанның біраз жерлерін аралап, Алматы, Мәскеу қалаларында болып, ертеден келе жатқан жыраулық дәстүрді халқына қайта тарту етті. 1938 жылдан бастап Байғанин Нұрпейіске әдеби хатшы белгіленіп, ақын шығармаларын М. Хакімжанова, Қ. Шаңғытбаев, Е. Ахметов, тағы басқа ақындар ұқыпты түрде дер кезінде қағазға түсіріп отырды. Байғанин Нұрпейіснің өмірі мен шығарм. Е. Ысмайыловтың, О. Нұрмағамбетованың, К. Сейдехановтың зерттеулерінде қарастырылған. Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар. Ақтөбе және басқа қалалардағы көшелер мен мектептерге ақын аты берілген. Байғанин Нұрпейіс “Құрмет белгісі” орденімен марапатталған.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.