Меркі (Көне қала орны)
From Wikipedia, the free encyclopedia
Меркі – Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген көне қала орны.
Меркі қалашығы | |
![]() | |
Мәртебесі |
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші |
---|---|
Қазіргі жері |
|
Қалануы |
VI–XIV ғасырлар |
Орналасуы |
42°51′46″ с. е. 73°11′28″ ш. б.42.86278° с. е. 73.19111° ш. б. (G) (O) (Я) |
|

Орналасқан жері
Жамбыл облысы Меркі ауданы, Меркі ауылының батыс бөлігі.
Тянь-Шаньның батыс сілемдерінің бірі Қырғыз Алатауының етегінде орын тепкен Меркі қаласы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Қала Алатау мұздығынан бастау алған өзі аттас Меркі өзенінің бойында салынған.
Қазіргі көгалдандырылған шағын қаладан Ұлы Жібек жолының ізімен жүретін Ташкент–Тараз–Бішкек–Алматы автомагистралі өтеді. Бүгінде бұл жер арқылы Қытайға және Қытайдан Қазақстанға, Ресейге, Еуропаға, сонымен қатар Орта Азияға, Таяу Шығысқа, Үндістанға тауар тасымалданады. Бір кездері осы жерден жібек маталар, кілемдер, бағалы бұйымдар, дәмдеуіштер, асыл тастар, дәрі-дәрмектерден басқа да экзотикалық тауарлар тиелген түйе керуендері өткен еді.
Бүгінде Меркі қалашығы туралы аталған жазба деректер жоқтың қасы.
Тарихи деректер мен жазбалар
Меркінің ежелгі тарихы туралы дереккөздерді саяхатшылардың жазбаларында кездеседі.
629 жылы будда монахы Сюань Цзян Суябтан Таразға барар жолда былай деп жазады: "Цянь цюань (Мыңбұлақ, түрікше Бин юл) елді мекені 200 ли аумақты алып жатыр, оңтүстігінде басын қар басқан тау, қалған үш жағында теп-тегіс дала жатыр. Жері дымқыл, тоғайы қалың, көктем айларында гүлдері безенген жібек мата секілді. Мұнда мыңдаған бұлақтар мен көлдер бар. Түрік қағаны жыл сайын осында келіп жазғы ыстықтан паналайды. Бұл жерде бұғы көп, олардың біразының мойнына қоңыраулар тағылған. Бұғылар адамдарға үйреніп кеткені соншалықты, олар үркіп қашпайды. Түрік қағаны бұғыларды жақсы көргендіктен, оларды өлтіруге тыйым салған. Бұғыны өлтіргендер кешірілмес жазаға тартылған. Сондықтан бұғылар табыны жақсы сақталады".
Ортағасырлық Меркі (Мыңбұлақ) және Құлан қалашықтары төңірегін VII ғасырда асиц тайпасы мекендеген. Ол Батыс Түрік қағанатының он шадапыт атты оң қанаты құрамына кіріп, олардың ішіндегі "ең күштісі" саналған. VII ғасыр орта тұсында Тан империясына қарсы бас көтерген Ашбара Ару (қытайша Шаболо Хелу) қағанның ордасы болған.
Араб деректерінде 820 жыл шамасында дүниеге келген араб географы және сол жердің бір провинциясында пошта бастығы лауазымын иеленген Ұбайдолла ибн Абдолла ибн Хордадбектің "Китаб әл масалик в әл мамалик" жолжазбасында алғаш рет Меркі қалашығы Құлан мен Аспара қалалары арасындағы керуен жолда жатқан "үлкен қыстақ" ретінде кездеседі. Оның шығармалары 846–847 жылдары жазылған, бірақ ибн Хордадбек VІІІ ғасыр ортасына жататын ертедегі деректерді қолданған.
Кудамы ибн Жафардың "Китаб әл хараджасында" "Меркі – бай қыстақ" делінеді; ибн Хордадбек қолданған деректерді пайдаланғандықтан оның да мәліметтері VІІІ ғасыр ортасына немесе соңына жатады.
Қалаға тыңғылықты сипаттама араб географы, Иерусалимде туып-өскен, барлық мұсылман елдерін аралаған және барлығын айқын жазған Мұхаммед ибн Ахмед әл Мақдисидің (немесе әл Мукаддаси) шығармасында келтіріледі. Оның 985 жылы құрастырылған "Ахсан ат такасим фима рифат әл акалим" шығармасы араб әдебиеттеріндегі елдер мен қалаларға толық әрі жүйелі түрде сипаттама береді. Мақдиси былай деп жазады: "Меркі (қала) орташа аумақты, қорғанды қалашық. Мешіті бар. Ілгеріде шіркеуі болған. Әмір Әмит әд Даула Фаик (999 жылы өмірден өткен, саманидтар кезіндегі ірі әскери қолбасшы) қабырғадан бөлек рабад салдырған".
Меркі қалашығы туралы мәліметтер парсы тіліндегі Худуд әл Әлемнің ("Әлем шекарасы") 982–983 жылдары жазылған тарихи-географиялық аты-жөні белгісіз еңбегінде де кездеседі. Қарлұқ (халух) округі мен қалалар туралы айта отырып, Мауереннаһр мен "Меркіде – халухтар тұрады, сонымен қатар саудагерлер келеді. Бұл қыстақтар арасында (яғни, Құлан мен Меркі) үш халух тайпасы: бистан, хаим, бириш тұрады".
Х ғасырдан кейін Меркі қыстағы туралы деректер кездеспейді, дегенмен қала ХІ–ХІІ ғасырларға дейін өмір сүрген. Мүмкін қала Темірдің Моғолстанға жасаған жорығында қирап, ХІV ғасыр соңына дейін, тіпті ХV ғасырға дейін өмір сүрген болуы керек.
ХІХ ғасыр басында Қоқан хандығының шекарасының кеңеюіне байланысты 1815 жылы құрамына Жетісудың оңтүстік-батыс ауданы кірді. 1825 жылы Мәделі хан (1822–1842) билік еткен кезеңде көне қала аумағына Қоқан әскери гарнизоны орныққан қамал пайда болды.
ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары Оңтүстік Қазақстан аумағы Ресей империясының геосаяси ықпал аймағына енді. 1862 жылы көктемде орыс әскерлері еш қарсылықсыз Меркі бекінісін алып, 1864 жылы Әулиеатаны (қазіргі Тараз) бағындырды. Меркі басшысы, Жалайыр тайпасының Сыпатай руынан шыққан Нартбай Ресей бодандығын өз еркімен қабылдап, Қапал уезіне отбасымен бірге қоныс аударуға рұқсат алды. Меркі кейіннен өзі аттас болыстың орталығы болып, жаңадан құрылған Сырдария облыстық Әулиеата уезінің құрамына енді.
Зерттелуі
Ең алғаш рет Меркі қалашығы 1893-1894 жылдары В. В. Бартольдтың Орта Азияға ғылыми сапары барысында зерттелді, ол Шымкент, Тараз, Тарты (Құлан) және Меркі арқылы жүріп өтті.
1936 жылы қалашықта А. Н. Бернштамның жетекшілігімен КСРО ҒА Қазақстан бөлімшесі мен Материалдық мәдениет тарихы институтының Жетісу археологиялық экспедициясы зерттеулер жүргізді. Көне қаладан жинап алған қыштар ғалымдардың тұжырымдауы бойынша, негізінен VІ–ХІІІ ғасырларға жатқызылды.
1964 жылы К. М. Байпақовтың жетекшілігімен бұл жерге қазба жұмыстары жүргізілді. Қамалдағы шурфтың (жер бетінен тік немесе көлбеу қазылатын қазба) жоғарғы қабатының кесілген жері Х–ХІІІ ғасырларға жатады.
2006-2007 жылдары А. А. Нұржанов қамалдың солтүстік қабырғасына жанасқан аумаққа археологиялық қазба жұмысын жүргізді.
Қалашық құрылысы сипаты
Меркі қалашығының шығысы 275 м, солтүстігі 380 м, батысы 250 м созылып жатыр. Оңтүстік-батыс бөлігінде шахристаннан қабырға арқылы бөлінген қамал қалдықтары бар, қазір орнында 1,5-2 м үйінді қалған. Қабырға бұрыштары дөңгелек мұнаралармен бекітілген, тағы 2 мұнара оңтүстік қабырғаның оңтүстік-батыс бұрышындағы қамалға шығар жолды екі жақ қапталдан қорғайды. Қамалдың іші тікбұрышты ауданы 110х75 м құрайды.
Қираған қабырғалардың қоршауындағы шахристан – қиғаш төртбұрышты, биіктігі 3 м дөңес жер. Бұрыштары мен қабырғаларында периметрі бойынша биіктігі 1,5-2 м құрайтын шеңберлі төбешік секілді мұнара қалдықтары көрінеді. Қарасу өзенінің жарқабағы мен батпақты жайылма алқабы қаланың батыс жағын қорғайды.
2006 жылы қамалдың солтүстік қабырғасына қазба жұмысын жүргізу барысында Қоқан кезеңіне жататын үлкен ауласы мен алты ғимараты бар үй-жай орны аршылды. 2 құрылыста негізінен күйдірілген және өңделмеген кірпіштен салынған пештердің іргесі табылды. 3 құрылыстан сандал – ашық ошақтың қалдықтары табылды, олардың түбі мен өңеші күйдірілген кірпіштен салынған. Үй-жайды қазу барысында шамамен ХІХ ғасырға жататын араб жазулы кірпіштер мен темірбалта шықты. Шахристан аумағында, Меркі қалашығының батыс бөлігінде он екі қабат жазылған стратиграфиялық шурф орналасқан, ол VІ–ХІІ ғасырларда қала өмірін қамтитын он екі қабатты құрайды.[1]
Қазба жұмыстары барысында қаланың жоғарғы мәдени қабаты ХІ-ХІІ ғасырларға сәйкес келетіндігі айқындалды. Бұл кезеңдегі ғимараттар шикі кірпіштен салынған. 3,5 м тереңдіктен кейін ІХ-Х ғасырлар кезіндегі мәдени қабат басталады. Сол кезеңдегі мәдени қабатта құрылыс материалдары ретінде алебастр, тастар кеңінен қолданылған. Ең төмен мәдени қабат VІІ-VІІІ ғасырлар кезеңіне сәйкес келеді.[2]
Табылған заттар
Меркі қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде жайпақ қазан мен ыдыс; құмыра, тұтқаларына зооморфты өрнектер салынған әртүрлі ыдыстар кездесті; сондай-ақ түбі конус келі ыдыстар ортасында дөңгелек тіреуіші бар жазық үстелдің үстіңгі тақтайы жұқа сызықпен, шиыршықпен, өсімдік өзегі секілді ұзын жапырақтармен өрнектелсе; цилиндрлі тіреуіште гүл тостағаны іспетті шамдалдар да бар.
Қыш материалдарының сараптамасы шурфтын жоғарғы бес қабатынан табылған заттарды Х–ХІІ ғасырларға жатқызады. Қыш бұл негізінен жұқа бүйірлі ыдыстардың сынықтарынан тұрды, құмыралар, гүл тостағандар, саптыаяқтар – көзе дөңгелегінде жасалынды. Топтамада біршама су құятын ыдыстардың сынықтары бар. Табылған заттар ішінен ІХ–ХІ ғасырларға жататын әйнек бұйымдарды да кездестіруге болады.
Меркі қалашығына жасалған қазба жұмысы қала өмірі туралы маңызды материалдармен жақын таныстырып, оның топографиясы мен VІ–ХІV ғасырлардағы даму кезеңдерін, сонымен қатар Меркі қалашығының Ұлы Жібек жолындағы Оңтүстік Қазақстанмен, Орта Азиямен шаруашылық және мәдени байланысын айқын көрсетеді.[3]
Қазба жұмыстары, табылған заттар көріністері
-
Меркі қалашығының қамалы. VI–XIV ғасырлар.
-
ХІХ ғасырдағы тұрғын үйге жүргізілген қазба жұмысы.
-
Ошақ.
-
Ошақ тұғыр қыш. Х–ХІІ ғасырлар.
-
Іргетасының қалануы.
-
Стратиграфиялық шурф.
-
Қыш құмыраның сынықтары. Х–ХІІ ғасырлар.
-
Қыш шырақ. Х–ХІІ ғасырлар.
-
Келі үлгісіндегі қыш ыдыс. Х–ХІІ ғасырлар.
-
Қыш саптыаяқ. Х–ХІІ ғасырлар.
-
Қола дәуіріне жататын кездейсоқ олжалар.
Дереккөздер
Wikiwand - on
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.