Ишанбазар мешіті — сәулет өнері ескерткіші. Мешітті 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Мәді Қарының бабасы, Бұхара қаласында 30 жылдан аса діни сабақ алып, ишан деген құрметті атты иеленген Егемберді салдырған. Мұнда алғашқы кезден-ақ заманына лайық діни, қоғамдық, мәдени іс шаралар ұйымдастырылған. Апта сайын жұрт базарға жиналған. Мерекелерде күрес, бәйге сияқты ұлттық ойындар тамашаланған. Ескерткіштің «Ишанбазар мешіті» аталуының себебі осында. Кейінірек жергілікті рудың атымен «Аққойлы медресесі» делінді. Кезінде халық ақыны Нұралы Нысанбайұлы шәкірт шағында осы медреседе дәріс алғандықтан, «Аққойлы мешіті» біраз уақыт «Ақын мешіті» атанды. Ишанбазар тарихи-сәулет ескерткішінің ұзындығы – 34, ені – 20, биіктігі – 18 м. Қабырғаларын қалауға тік бұрышты, күйдірілген шаршы кірпіштер қолданылған. Он төрт күмбезден тұратын ғимарат Иран, Орта Азия сәулет өнері үлгісімен салынған «Жәми» мешіттеріне ұқсайды. Мұнда жұма, айт намаздары оқылатын болған. 20 ғасырдың 40-жылдары орталық күмбез басындағы күміс айшықты біреулер алып кеткен соң үлкен күмбез опырылып түскен. Қасбеттегі күмбездер тобы да жапырылған, бүйір тұстағы күмбездер ішінара бөлінген. Құрылыстың дәл ортасындағы бес күмбезді қысқы залдың бітімі – тең шаршы. Күмбездердің астыңғы жағынан сегіз қырлы арықшалар оймышталған. Ішкі қабырғалары тік бұрышты жіңішке сызықтармен шаршыланып, белдеушелермен, өсімдік тәрізді өрнектермен безендірілген. Сәулет өнерінің бұл туындысын зерттеушілер қатарында ғалым Г.М. Камалова, жазушы З.Қыстаубайұлы бар. Ұжымдастыру кезеңінде кірпіштері тоналды, қараусыз қалған ғимарат кейіннен тауық қораға, шошқа қораға, тыңайтқыш қоймасына айналды. Талапайқа түскен өнер туындысын қалпына келтіру ісін алғашқылардың бірі болып ауыл мұғалімі К.Елтайұлы қолға алды. Әуесқой өлкетанушы өз шәкірттерімен, олардың ата-аналарымен күш біріктіріп, ғимаратты сым шарбақпен қоршап, іші-сыртын тазалап, келушілер қызыға тамашалайтын орынға айналдырды. Ишанбазар мешітінің ғимаратын қайта қалпына келтіру қажеттігі жөніндегі мақалалар 1968 жылдан бастап әр түрлі басылымдарда жарық көре бастады. Бөген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Қожабаев, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы С.Әлібеков, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Т.Балабеков, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі С.Әубәкіров, т.б. азаматтардың қолдауымен 1986 жылы мешіт құрылысын қайта қалпына келтірудің жобасы жасалып, жергілікті бюджеттен 1 миллион 272 мың сом бөлінді. Түркістан қайта жаңғырту шеберханасының телім бастығы Б.Ташқараев бастаған топ жөндеу жұмысына 1989 жылы кірісті. Шымкент қаласындағы кәсіпкер Мұсаев Шүкірәт Ергешұлы 2001 жылы өз қаржысына Хорезм қаласынан ұсталар мен кірпіш алдырып, біршама игілікті іс тындырды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 ақпандағы ғ171 қаулысымен республикалық бюджеттен Ишанбазар мешіті ғимаратын толық жөндеуге 16 млн. теңге бөлінді. Қалпына келтіру жұмыстарын Ә.Халилаев бастаған топ жүргізді. [1]
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына сәйкес болу үшін жетілдіру қажет. Осы мақаланы әрі қарай дамытуға көмектесіңіз. |
Дереккөздер
Wikiwand in your browser!
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.