From Wikipedia, the free encyclopedia
Жамбыл мұражайы - Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан, тарихи және мәдени мекеме.
Мұражай Қазақстан үкіметінің шешімімен қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаев тұрған үйде 1946 ж. ұйымдастырылды. Ж. м. Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, Жамбыл бабамыз көз жұмған ауылда орналасқан. Мұражайдың іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 ж. салынған кесене тұр. Кесене 1970 және 1996 ж. қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Кесененің дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі — қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған (1996). Жамбыл өмір сүрген үй — мұражайдағы бөлмелер сол күйінде сақталған. Ондағы он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы, әрбір зат — ақын өмірінің тікелей куәгері. 1996 ж. мұражай-үйге жанамалай конференц зал салынып іске қосылды. Бұл конференц залдың алғашқы іргетасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қалады. Алғашқы бөлме Жамбылдың ұлы ұстазы ақын Сүйінбайға арналған. 1916 жылғы көтеріліс тарихын, Жамбыл шығарм-н баяндайтын бөлімде Х.Наурызбаевтың “Амангелді Иманов” атты мүсіні және 1913 ж. Жамбылдың ақындар арасында түскен тарихи суреті тұр. 1919 ж. мамыр — маусымда өткен ақындар мен күйшілердің слеті жөніндегі материалдардың фотокөшірмелері, Верныйдағы сол слет өткізілген үйдің суреті, ақынның жаңа өмір серпінінен туған шығарм-мен таныстыратын материалдар қойылған. 1934 ж. маусым айында қазақтың ұлттық өнер шеберлерінің тұңғыш респ. слеті өтті. 1936 ж. сәуір айында айтыскер ақындардың 2-слеті болды. Мұражайда Жамбылдың суырып салма ақындығы оқшау көрінген осы слеттерге қатысты материалдар да қойылған. Ж. м. ауқымды бөлімдердің бірі Жамбылдың Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатысуына арналған. Мұражайдағы Мәскеу онкүндігіне арналған экспозицияда Жамбылдың С.Мұқановпен, К.Байсейітовамен, Т.Жароковпен және колхозшылармен, мемлекет қайраткерлерімен кездесулерінен фотосуреттер қойылған. Жамбылдың Қазақ КСР-інің 1-шақырылған Жоғ. Кеңесінің депутаты, Кеңестердің бүкілқазақстандық төтенше 10-съезінің делегаты болғандығына толтырылған мандаттар, ақынның ең алғашқы наградасы — Еңбек Қызыл Ту ордені, М.Соловьевтің “М.И. Калинин Жамбылға орден тапсырып тұр” деген картинасы да осында тұр. Мәскеудегі онкүндікке қатысушылармен бірге Жамбылды бүкіл ел қошаметпен қарсы алды. 1936 ж. мамырдың 17-нен 23-не дейінгі аралықта өткен онкүндікте Жамбылдың қолма-қол төгіп шығарған толғаулары елге күнбе-күн тарап жатты. 1937 ж. желтоқсанда Жамбыл әуелі Мәскеуге, сол жақтан Тбилисиге, Шота Руставелидің жұртқа белгілі “Жолбарыс терісін жамылған батыр” поэмасының 750 жылдығын тойлауға арналған КСРО Жазушылар одағы басқармасының пленумына барған сапары топ-топ жыр болып, “Кавказға саяхат” деген кітабына кірді. Ақын 1938 ж. Қазақ КСР Жоғ. Кеңесінің депутаты болып сайланып, мемлекет тарихында тұңғыш рет парламент мәжілісі өлеңмен ашылды. Оны ашқан да “20 ғасырдың Гомері” Жамбыл Жабаев еді. Мұражайдағы Жамбылдың шығарм. қызметінің 75 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі бөлімде елдің түкпір-түкпірінен және көптеген шет елдерден “халық поэзиясының ақсақалына” жіберілген құттықтау жеделхаттар мен хаттардың фотокөшірмелері, сондай-ақ, КСРО Жоғ. Кеңесі Президиумы оны Ленин орденімен наградтағаны туралы 1938 ж. 19 маусымдағы Жарлығы, той иесіне тапсырылған адресаттар, фотоальбомдар, сый-сияпаттар қойылған. Көркем әдебиетті дамытудағы аса көрнекті табыстары мен жетістіктері үшін марапатталған 52 ақын-жазушының ішінде Жамбылдың “Құрмет Белгісі” орденімен наградталғаны туралы 1939 ж. 31 қаңтардағы жарлықтың фотокөшірмесі де, 1941 жылдың наурызында берілген Мемл. сыйлық лауреатының дипломы да осы тұсқа қойылған. Мұражайдың Отанды қорғауға арналған бөлімінде “Ленинградтық өренім” өлеңі, оның отты жылдардағы жеңіске жұмылдырған поэтикалық қуаты, плакаттар, бұған қоса қарт Жамбылға алғыс сезіміне тола жазылған майданда жүрген жауынгерлердің сарғайған хаттары да тұр. Ақын есіміне деген сый-құрметтің белгісі ретінде Ленинградтың 250 жылдығына арналған медаль да осында қойылған. Бұл медаль 1959 ж. Жамбыл мұражайына жіберілген. 1942 ж. 1 маусымда “Правда” газеті: “Рақмет, қымбатты ақын, бізді қуантқаныңыз үшін сізге жауынгерлік қызылармиялық рахметімізді айтамыз. Бәріміз де сіздің жырларыңызды жатқа білеміз” деп жазды. Жамбылдың ұлы — Алғадай 1943 ж. 22 ақпанда Синельников қ. түбінде ерлікпен қаза тапты. Жамбыл бұл қазаға қатты қайғырды. Ақынның шері “Алғадай туралы ой” деген жоқтау жырға айналды. Жамбылдың өлы Отан соғысы кезінде шығарған жырлары — қазақтың ұлттық патриотизмінің тамаша тарихи ескерткіштері. Олардың өзі “Соғыс жырлары” деген тұтас бір жинаққа айналды. Ол қазір мұражайда сақтаулы. 1945 ж. 22 маусым, сағат 7-ден 55 минут өткенде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың жүрегі тоқтады. Мұражайдағы бір экспозиция Жамбылмен қоштасу сәтін бейнелейді. Халық поэзиясы алыбының қазасына дүние жүзіндегі көптеген елдердің өкілдері қайғырып көңіл айтты. Оны жерлеу Қазақстан үшін — бүкілхалықтық, бүкілмемлекеттік сипат алды. Келесі бөлмеге Жамбыл мұрасын зерттеуші, жамбылтанушылардың шығармалары қойылған. М.Әуезов, Мұқанов, С.Садырбаев бұл салада үлкен еңбек сіңірді. Мұражайда Жамбылдың ізбасарларынан К.Әзірбаевтың, Ү.Кәрібаевтің, Н.Байғаниннің, И.Байзақовтың, Жамбылдың немересі — ақын Әлімқұл Жамбыловтың және басқа да көптеген белгілі көркем сөз шеберлерінің бейнелері тұр. Үйдің ортасындағы ас үй — кезінде қазақ қонақжайлылығының куәгері болғаны анық. А.Толстой, Л.Соболев, Әуезов, П.Тычина, Байсейітова, Б.Келлер, С.Эйзенштейн, Ә.Қастеев және т.б. қайраткерлер әр жылдары, әр кезде осында болып, ұлы ақынмен тілдесіп, әңгімелескен. Үйдің сол жақ қанатындағы бұрышта — ақынның өз бөлмесі. Бұл шағын ғана бөлме, үстел, кресло, радиоқабылдағыш, орыс, қазақ тілдерінен жиналған шағын кітапхана, 7 сағат 55 минутты көрсетіп, тоқтап қалған қабырға сағаты. Бұған жапсарлас, терезелері теріскейге қараған бөлме — ақынның ұйықтайтын бөлмесі. Бұл бөлме Жамбыл дүниеден қайтқан сәттен ешбір өзгермеген. Есіктің оң жағында киім ілінген шкаф тұр. Бұрышта — ағаштан қиып жасалған шифонер. Терезе аралығында алдында күнделікті тұрмысқа керекті заттар қойылған айна тұр. Қымыз құятын торсық, ақынның асатаяғы, күлсауыт және оның өмірлік серігі болған көне домбыра. өлы Жамбылдың туғанына 150 жыл толар қарсаңында өзінің тарихи тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасының, оның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың нұсқауымен, Республика үкіметінің шешімімен толық жаңғыртылып, қайта салынған тарихи мұражай еліміздегі ірі тарихи ескерткіш-мекенге айналды. Жаңа салынған конференц залда Жамбылдың 150 жылдық мерейтойын тойлау рәсімдеріне байланысты мұражайға ескерткіш — сыйға берілген құжат, тарту-таралғылар, сурет, т.б. көрмесі қойылған. Ж. м-ның бағының ішінде, Жамбыл кесенесінің жанында қазақтың біртуар композиторы, дирижері, ұлы ақынның інісі Нұрғиса Тілендиевтің бейіті мен ескерткіш-құлпытасы бар. Бір ғасыр өмір кешкен ұлы таланттың туып-өскен мекені — қазақстандықтардың зиярат ететін қасиетті орындарының бірі.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.