From Wikipedia, the free encyclopedia
Вьеттер (вьетнамдықтар; өз атауы — Việt, вьет (қыт. юэ); Kinh, кинь, қыт. 京, jing, gin, цзин) — Вьетнам Демократиялық Республикасының тұрғылықты халқы. Камбоджа, Тайланд, Лаос, АҚШ-та, сонымен қатар Қытай, Канада т.б. елдерде тұрады. Жалпы саны 73,5 миллион (2006).
Вьет-мыонг тілдер тобына жататын вьетнам тілінде сөйлейді.[4]
Басым бөлігі будда дінін ұстанады. Католик, протестанттар да кездеседі.[5]
Вьеттердің ата-бабалары - қазіргі солтүстік Вьетнамның байырғы тұрғындары болған. Олар б.з.б. І-ғасырда Аулах мемлекетін құрды. Кейіннен осы жердеғі ланвьет және аувет халықтары қытай басқыншыларынан өздеріне тәуелсіздік алып, дербес мемлекеттерін құрды.
Ежелгі қытай жазбаларында әртүрлі вьет тайпалары туралы айтылады. Авторлар тіпті Вьетнам халқының қуатты мемлекеттік бірлестіктерінің бірін – «Юэ» деп атаған (оны «Вьет» деп аударуға болады, өйткені вьет юэ тілінде сөйлеген).[6]
Негізгі кәсіптері - суғармалы егін шаруашылығы. Күріш (200-дей түрі), оның әйгілі: қатты (чао тэ), желімді (чао нэп) екі түрі, оған қосымша жүтері, батат, маниок, таро егеді. Ұлттық қолөнерінде темір ұсталығы, ағаштардан ою-өрнек, қыш пен көзеден әр түрлі бұйымдар, тоқымашылық, шиден қалпақ, өріп сөмке жасау өнері дамыған. Тұрғындары өзен, жол жағалауына, биік қырқалардың етегіне орналасқан, әр үй бамбуктен жасалған шарбақпен қоршалған.[7]
Вьеттер көшеде қатты сөйлемейді, керісінше барлығы дерлік шынымен күлімсіреп жүреді. Күлімсіреу - дәстүрге деген құрмет және жақсы тәрбиенің белгісі, сондықтан бұл адамдар кез келген жағдайда күлімсіреуді дағдыға айналдырған.
Вьет қоныстарының ежелгі түрі көшені құрайтын бірнеше үйлердің кешендері болды. Ауылдың орталығында әдетте қауым үйі (динг) – халық жиналысы өтетін орын болады. Баспаналары - сабан араласқан балшықтан, бамбуктен тұрғызылған, үйдің шатыры пальма жапырағымен жабылған. Үйде үш негізгі бөлме болды, олардың негізгісі ата-бабаларға арналған құрбандық үстелі болды. Көптеген тұрмыстық заттар, үйлерге арналған қоршаулар бамбуктан жасалған. Вьет үйлеріндегі безендірудегі міндетті заттар төсеніштер мен сандықтар болды. Бамбуктан, кокос қабығынан және т.б. жасалған ыдыстар тән.[8]
Дәстүрлі ерлер мен әйелдер киімі – қара қоңыр (солтүстікте) немесе қара (оңтүстікте) түсті болады. Ұлттық киімдері мақта-матадан тігілген кеудеше, қоңыр немесе қара шалбар, жиегі кең шиден өрілген конустық қалпақ, мереке күндері ашық түсті жібек матадан тігілген аозай деп аталатын көйлек киеді. Қызыл өзен атырауы әйелдерінің дәстүрлі костюміне - «аотытхан» көйлегі, онымен бірге қызыл алжапқыш «йем», орамал «мокуа», жиегі бар кең жиекті қалпақ «нонквайтхао» кіреді.[9]
Вьеттердің ұлттық тағамдары вьетнамдықтардың өз аймағында өсетін дақылдарды пайдалануға деген ұмтылысын көрсетеді. Солтүстікте соя сүтін дайындау танымал, оңтүстік елдерде балық өнімдері, сондай-ақ балық соусы дайындалады. Сонымен қатар, вьет ұлттық тағамдарының ең көп таралған ингредиенттері-күріш пен кеспе, оны дайындаудың көптеген әдістері бар. Негізгі сусындары - шай.[10]
Дәстүрлі мерекелере тэт (жаңа жыл), тэт чунг тху (күз айларындағы мереке) деп аталады. Мерекелерде халықтың алтыбақан теуіп, қораз төбелестііріп, қайықпен жарысып көңіл көтеретін дәстүрлі ойындары бар. Ұлттық аспаптарына скрипка, гитара, бамбук флейтасы жатады. Су бетінде қойылатын қуыршақ театры бар.
Вьеттер Қазақстанға негізінен 1990-жылдарынан бастап, нарықтық қарым-қатынастарға байланысты көші-қон үрдістеріне орай қоныстанған. Қазақстандағы вьеттердің саны - 35 (2009).[11]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.