Вавилон (лат. Babylon, Аккадша: 𒆍𒀭𒊏𒆠, Шумерше: 𒆍𒀭𒊏𒆠 - KA2.DINGIR.RA -Bābili(m), яғни «Тәңірі қақпасы» деген мағынада, көне грекше: Βαβυλών) — [1] Қос өзен бойындағы ежелгі мемлекет. Даму тарихы төрт кезеңге бөлінеді: 1) ерте Вавилон патшалығы (біздің заманымыздан бұрынғы 1894 – 1518); 2) касситтер дәуірі (біздің заманымыздан бұрынғы 1518 – 1204); 3) саяси құлдырау дәуірі (біздің заманымыздан бұрынғы 1204 – 626); 4) жаңа Вавилон патшалығы (біздің заманымыздан бұрынғы 626 – 538). Месопотамияның оңтүстік бөлігінде (қазіргі Ирак жері) біздің заманымыздан бұрынғы 2-мыңжылдықтың басында пайда болған бұл мемлекет өзінің басты қаласының атауымен аталды. Ол алғашында (біздің заманымыздан бұрын 24 – 22 ғасырлар) Аккад мемлекеті патшаларының, кейіннен Ур әулетінен шыққан (біздің заманымыздан бұрынғы 22 – 21 ғасырлар) патшалардың қол астына қарады. Біздің заманымыздан бұрынғы 1894 жылы аморит тайпасынан шыққан Сумуабум әулеті Вавилон патшалығының негізін қалады. Хамурапи патша (біздің заманымыздан бұрын 1792 – 50) тұсында Вавилон нығайып, ірі мемлекетке айналды. Біздің заманымыздан бұрынғы 16 ғасырда елді касситтер жаулап алды. Касситтер дәуірінде сыртқы саясат айтарлықтай табысты болмады. Дегенмен, елдің шаруашылығы қайтадан өркендеп, жылқы өсіру жақсы дамыды. Касситтер әулеті құлағаннан кейін Навуходоносор І (біздің заманымыздан бұрын 1146 – 25) патша мен оның мұрагерлері тұсында Вавилон қайтадан күшейіп, Ассирия мен Эламды өзіне бағындырды. Бірақ кейіннен патшаның билігі әлсіреп, бөлініп шыққан Ассирия мен Эламның жасаған шабуылдары шаруашылықты мүлдем құлдыратып жіберді. Ассирия әскерлері қаланы екі рет қиратты, бірақ екі ретінде де Вавилон қалпына келтірілді. Біздің заманымыздан бұрынғы 626 жылы халдей тайпасынан шыққан Набопаласар Ассириядан бөлініп, өзін Вавилонның патшасымын деп жариялады. Ол мидиялықтармен одақтасып, Ассирия патшалығын талқандады да, территориясын бөліп алды. Сөйтіп, Жаңа Вавилон кезеңі басталды. Навуходоносор ІІ (біздің заманымыздан бұрынғы 604 – 562) патша тұсында көптеген аймақтар жаулап алынды. Осы кезде Вавилонның экономикасы да күшейіп, Алдыңғы Азиядағы негізгі сауда орталығына айналды. Хаммурапи б.з.б. 1792-1750 жылдар аралығында патшалық етті.Навуходоносор ІІ өлгеннен кейін сарай төңкерістері болып, мидиялықтармен үздіксіз соғыс жүргізілді. Біздің заманымыздан бұрынғы 538 жылы парсылардың патшасы II Кир Вавилонды басып алды. Осыдан кейін Вавилон патшалығы өзінің өмір сүруін мүлдем тоқтатты.[2]
Вавилонның өрлеуі
Урдың III əулетінің билігі кұлағаннан кейін Қосөзенде ұзақ уақыт қырқысу соғыстары болып тұрды. Елдің оңтүстігінде Элам өктемдігі басымдау болса, солтүстіктен ассириялықтар шапқыншылықтар жасап отырды. Осындай жағдайда басқа қалалардың ішінде ерекшелене бастаған Вавилон қаласы болды. Аккад тілідегі бабилу - құдайға барар қақпа деген ұғымды білдіреді. Өйткені қала керуен жолдарының қиылысқан жерінде орналасты. Шумерліктер мен аккадтықтардың жерлері де Вавилон арқылы шектесіп, түйісіп жататын. Бұның бəрі Қосөзеннің басқа қалаларының арасында Вавилонға біршама артықшылықтар беріп, ерекшелендіріп тұрды. Оның артықшылығы, əсіресе Хамурапи атты билеушінің тұсында айқын көрінді.
Хаммурапи туралы мəлімет
Хаммурапи б.з.б. 1792—1750 жылдар аралығында патшалық етті. Ол өзінің іс-əрекеттері нəтижесінде ежелгі дүниедегі талантты елбасылардың қатарына қосылды. Хаммурапи қарсыластарын жеңе отырып, Қосөзенді Вавилонның қол астына бағындырды. Сөйтіп, бүкіл шумер-аккад жерін біріктірген Вавилон патшалығы құрылады. Хаммурапи ол елдерлің құдіретті билеушісіне айналды
Хаммурапи елде біріңғай тəртіп пен басқару жүйесін орнату үшін заңдар жинағын жасаттырды. Оны қара тас бағанаға жаздырды. Ол тасты археологтар 1902 жылы тауып зерттеген. Адам бойынан да биік ол тастың жоғары жағына сурет салынған. Суретте ақ сақалды, басында сəлдеге ұқсас бас киімі бар Күн құдайы бейнеленген. Ол салтанатты тақта отыр. Екі иығынан сəуле шашып тұр. Оң қолында биліктің асатаяғы мен заңдар жинағы. Күн құдайы бұларды Хаммурапиге ұсынып тұр. Хаммурапи оның алдында сол қолымен тағзым ете кеудесін басып, тікесінен тік тұр.
Шумер және Вавилон әдебиеті
Шумер және Вавилонның әдебиетін әлемнің ең көне әдебиеті деп айтуға болады. Ғалымдардың зерттеуіне орай, ең алғашқы қолжазбалар іскери құжаттар болған. Дегенмен, одан өзге ежелгі поэзия мен көне аңыз-әңгімелер легі бізге дейін сақталған. Солардың ішіндегі толық нұсқасымен жеткені «Гильгамеш туралы аңыз» эпосы болып табылады.
Ең ежелгі шумерлік және вавилондық мәтіндер б.з.б. IV-III мыңжылдықтарды қамтиды. Бұл тіркеу тізімдері, әнұран жазбалары, мақалдар, жаңылтпаштар мен аңыз-әңгімелерден тұратын қарапайым нұсқалар. Б.з.б. III-II мыңжылдықтан «Ниппур ережелері» деп аталатын 87 әдеби мәтіннен тұратын аңыздар жинағы сақталып қалған. Тура сол кезеңде «Гильгамеш туралы аңыздың» көне вавилондық нұсқасы жазылды. Б.з.б. II мыңжылдыққа орай әдеби ескерткіштер аккад тілінде жазыла бастады. Сол кезеңде аккад тілі негізгі тілдердің біріне айналды. Ал б.з.б. I мыңжылдыққа келіп Гильгамештің негізгі бізге жеткен нұсқасы жазып қалдырылды. Түпнұсқа б.з.б. VII ғасырда Ассирия патшасы Ашурбанипалдың айтуымен салынған кітапханада сақталған (1849 жылы табылды).
Ежелгі Вавилонның күйреуі
Хаммурапи қайтыс болғаннан кейін жүздеген жылдар өтті. Вавилон жері ұзақ уақыт Ассирияға бағынышты болып келді. Ал б.з.б. VII ғасырда Вавилон тəуелсіздігін алып, қайта гүлденді, əсіресе б.з.б. 604—562 жылдары билік еткен Навуходоносор патшаның кезінде көркею шегіне жетті. Оның билігі кезінде Вавилон ең əсем қала ретінде бүкіл əлемге əйгілі болды. Алыстан шағын ғана көгілдір жазық бұлдырап көрінеді. Бірітіндеп жақындай келе жолаушы оның жер мен көктің арасындағы əйгілі «Аспалы бақ» екенін көріп, таңдана да, тамсана да қарап қалатын. Одан көз ала бере жолаушы қаланың биік қамалының ар жағынан көкке таласа өрлеп тұрған зəулім мұнараны көреді. Бұл екі көріністен көңілі қамшы басқан оның алдынан үлкен канал кездеседі. Бұл - суы қамалды қоршай ағып, қаланы жаудан қорғап жатқан əрі терең, əру кең канал. Қала қамалын айнала жүрген адам, оның жүз қақпасы бар екенін көретін еді. [3]
Дереккөздер
Wikiwand in your browser!
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.