From Wikipedia, the free encyclopedia
Қалталылар немесе қалталы жануарлар (лат. Marsupialia) – сүтқоректілердің бір класс тармағы, төменгі сатыдағы аңдар.
Солтүстік Америкада төменгі бор кезеңінен, ал Еуропада эоцен – миоцен дәуірлерінен белгілі. Аустралия, Тасмания, Жаңа Гвинея, Үлкен Зонд аралында, Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада кездеседі. Жаңа Зеландияда жерсіндірілген. Қалталы жануарлардың дене құрылысында өзіне тән ерекшеліктері бар. Ми сыңарларының сыртында сайлары мен бұдырлары аз болады, ұрғашыларының жұмыртқа жолдары жұп болады, жамбасының шап сүйектерімен буындасып кеткен қалта сүйектері денесінің құрсақ бөлімінде орналасқан, бірнеше азу тісінен басқа сүт тістері түспейді. Көптеген түрінің бауырында қалтасы болады. Қалтасы жоқ түрлері де кездеседі. Қалталы жануарлардың ұрығы жатырда қағанақсыз (тек бандикутта қағанақ болады) дамиды, жатырмен қатысы болмағандықтан ұрықтың қоректік заты – сары уызы тез таусылады, сондықтан Қалталы жануарлардың буаздық мерзімі өте қысқа болады. Мысалы, америка опоссумы 12, алып (сұр) кенгуру 38 – 40 күнде толық жетілмеген ұрпақ береді. Құрсақтан шыққан әлсіз ұрпағы жерге түспестен анасының бауырындағы қалтаға түседі де емшекке жабысады. Дамуы аяқталып, сүттен басқа қорек жеуге жарағанда жерге түседі. Бірақ анасынан ұзап кетпей, қауіп төнгенде қалтаға тығылып, жауларынан қорғанады. Қалталы жануарлардың тіс қатары құрылысына қарай 2 отряд тармағына – көп күрек тістілерге (Polyprotodontіa) және қос күрек тістілерге (Dіprotodontіa) бөлінеді. 9 (кейбір мәліметтерде 15) тұқымдасы, 250-дей түрі белгілі. Қалталылардың ішінде кәсіптік мақсатта көп ауланғаны – кенгуру (Macropodіdae). Бұлардың 15 – 17 туысқа бірігетін 55 түрі бар. Алматы хайуанаттар бағында алып (исполин) кенгуру (Macropus gіgantea) ұсталады. Кенгурудың дене тұрқы 25 – 160 см, құйрығының ұзындығы 15 – 105 см (кейбір түрінде өте мықты болады), салм. 1,4 – 90 кг. Көпшілік түрі секіріп қозғалады, жүгіргенде жылдығы 50 км/сағатына дейін жетеді. Топталып жүреді, өте сақ жануарлар, негізінен, өсімдікпен қоректенеді. Жылына 1 рет 1 – 2 күшік табады, ұрпағын бауырындағы қалтасына салып, 6 – 8 ай асырайды. Кенгурудың 9 түрі қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.
Австралия жануарларының арасында қалталылар тұтастай үстемдік етеді. Бұл жануарлардың қарындарында төлдерін салып алып жүретін тері қалтасы бар. Қалталы жануарлар Америкада да кездеседі, бірақ олар Австралияда кең таралған.
Қазіргі қалталылардың ең ірі өкілі – жирен кенгуру. Бұл жануар Австралияның нышандарының біріне айналған, сондай-ақ Австралиялық елтаңбада да бейнеленген. Ірі және күшті кенгуру туылғанда кішкентай және әлсіз болады. Ол анасының қалың жүніне жабысып, қалтаға кіріп емізікке бекітіледі. Ол қалтада сүтпен қоректеніп жарты жылдай өмір сүреді.
Қалталы жануарлар Австралияның барлық табиғи зоналарында тропикалық ормандарында, шөлдерінде тіршілік етеді. Олардың арасында жыртқыштар, жәндік қоректілердің түрлері, сондай-ақ өсімдік қоректілер де кездеседі.
Коала пүліш қонжыққа ұқсап ағаш үстінде өмірін өткізеді. Ол құрлықтың батысындағы эвкалипт ормандарында мекендейді. Австралияда көп таралған бұл өсімдіктің жапырақтары ересек коаланың жалғыз жарамды қорегі болып табылады. Төлдерін сүтпен қоректендіреді және үстінде:жарты жыл қалтасында, содан соң – арқасында тасиды. Баяу қимылдайтын коалаларда табиғатта дұшпандары аз, олар: жыртқыш құстар және ормандарды шауып, оларды баспанасыз және қорексіз қалдыратын адамдар.
Қорқытатын атауы бар тасман шайтаны (талисманский дьявол) жануары қалталы жыртқыш болып табылады. Ол қазір тек қана Тасман аралында мекендейді, бірақ құрлықта да көп таралған кездері де болған. Бұл жыртқышқа атауын өзімен бірге әкелген үй құстарын онымен бөлісе алмаған австралиялық қоныс аударушылар «сыйлаған». Тасман шайтанына тауықтар мен үйректер дәміне сай келеді, негізінде ол өлімтікпен қоректенеді. Оның аналығында қалтасы бар, бірақ ол кенгуру мен коаладағыдай алдынан емес артынан ашылады. Тасман шайтанына төлдері бір сантиметр шамасында туады. Олар қалтада бес ай жатады. Кейін шешесі шөптен жұмсақ ұя жасап, төлді жатқызады.
Еуропалықтар Австралияға сол аймақты мекендеген көп үй жануарларын, жабайы аңдарды әкелді. Қалталы жануарлар «шақырылмаған қонақтармен» бәсекелесе алмайды, күннен – күнге олардың саны азайып бара жатыр.[1]
Барлық қалталылардың қалтасы болады. Алайда олардың кейбіреулерінде уақытша қалта болады. Буаздық кезеңінде бауырындағы терісі жиырылып, қап секілді төмпешік пайда болады. Ұрпағы сонда қоректенеді. Қоректендіру мерзімі аяқталған соң қалта қайта тартылып, жойылып кетеді. Әдетте шұбар қалталы сусар, жіңішке табанды қалталы қосаяқ және қалталы көртышқан секілді жануарлардың уақытша қалталары болады.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.