From Wikipedia, the free encyclopedia
Қазақстан — Украина футбол матчы (2004) — 2006 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу турниріндегі матч. Қазақстан құрамасының УЕФА туы астындағы тұңғыш ресми матчы. 2004 жылы 8 қыркүйекте Алматыда өтті. Сондай-ақ, бұл кездесу Қазақстан құрамасы шалдыққан "қыркүйек синдромының" бастауы іспеттес болды.
Қазақстан футбол құрамасы 2002 жылы АФК-дан УЕФА-ға өтті. Ол кезде ЕУРО-2004 турнирінің жеребесі тартылып қойғандықтан, Қазақстан ол турнирдің іріктеуінен сырт қалды да, 2004 жылдың күзіне дейін тек жолдастық кездесулер өткізіп жүрді. 2006 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде екінші топқа түсіп, Украина, Дания, Түркия, Албания, Грекия, Грузия құрамаларына қарсылас атанды.
Украина құрамасы Алматыдағы ойынға өздерінің жетекші футболшысы — Андрей Шевченкосыз келді. Аздаған жарақаты бар Шевченко Алматыдағы ойынға қатыса алмайтын болды.
4 қыркүйек күнгі бірінші турда Украина сырт алаңда Даниямен 1:1 есебімен тең түсті. Ал Қазақстан ол күнгі турға қатыспады да, бұл циклдегі тұңғыш кездесуін осылайша Украинамен өткізді.
Матчтан алдын Алматыда азырақ жаңбыр сіркіреп өтті. Кеңес дәуірінде көп жылдар бойы "Жаңбыр жауса "Қайрат" ұтады" деп ырымдап келген қазақ жанкүйерлері табиғаттың бұл құбылысын жақсылыққа балаған еді.
Матчты қазақстандықтар белсенді бастады, екінші минутта-ақ екі рет бұрыштан доп берді. Бірақ екеуі де сәтсіз аяқталды.
Көп ұзамай тәжірибелі қонақтар территориялық басымдыққа ие болды да, 15-минутта есеп ашты. Олег Гусев алаңның ортасынан қазақстандықтардың айып алаңына дейін барды да, Алексей Беликке пас берді. Үш қорғаушының ортасында қалған Белик сасқан жоқ, тұрған орнынан кері айналды да, қорғаушыларды қапы қалдырып, келесі сәтте қақпаға жерлете бағыттады. Новиков допқа тосқауыл бола алмады — 0:1.
Бұдан соң да украиндықтар басымдығынан айрылмады. Бірақ келесі допты қазақстандықтар соқты: 35-минутта жасаған жылдам шабуылда Мұрат Тілешев оң қапталға жақын жердегі Руслан Балтиевке асырды. Руслан допты тоқтатпай баспен ұрып, айып алаңына еніп бара жатқан Карповичке берді. Карпович жақын бұрыштың тоғыздығын дәл көздеді. Осылайша Қазақстан құрамасының УЕФА туы астындағы ресми голы өз жанкүйерлерінің көз алдында соғылды.
Екінші таймда да қонақтар басымдығынан танған жоқ. Қазақтар да өткір қарсы шабуылдарымен қонақтардың қорғанысын бірнеше рет жарып өтті. 65-минутта Максим Низовцевтің сол қапталдан берген добы Балтиевке өте ыңғайлы келді, Балтиевке ешкім кедергі жасаған жоқ, бірақ соққысы сәл ғана биік кетті.
Ойын соңына қарай екі құрама ойыншылары да шаршай бастады. Тең аяқталуға сәл қалған сәтте украиндықтар қақпаға 20 қадам қашықтықтан айып добын соқты. Соққы тірі тосқауылға тиіп кері серпілді. Кері серпілген допты Руслан Ротань тоқтатпай тепті — 1:2.
8 қыркүйек, 2004 жыл |
|
Орталық стадион (Алматы), Алматы Көрермендер саны: 23 000 Төреші: Педру Проэнса |
||||||
|
|
|
|
Ойын соңындағы баспасөз көнференциясында Украина құрамасының бас бапкері Олег Блохин "бізге бұл жеңіс орасан еңбекпен келді. Сіздер аутсайдер емессіздер, тек соңына дейін күресу керек" деген пікір білдірді.
Бұл іріктеу циклы Украина құрамасы үшін сәтті аяқталып, өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық турниріне жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасы үшін бұл ең сәтсіз іріктеу турнирі болды, құрама ешқандай турнирде бұлай нашар ойнаған емес, 12 кездесуде не-бары бір ғана ұпай жинай алды.
Арада тура бір жыл өткен соң Қазақстан құрамасы осы іріктеу циклында Грекия құрамасын қабылдап, 53-минутта Нұрбол Жұмасқалиевтің соққысынан соң есеп ашты. 78-минутта қонақтар сапынан Стелиос Яннакопулос есепті теңестірді. 86-минутта Карпович алаңнан қуылды да, қалған минуттарды Қазақстан қорғаныста өткізді. Онысы пайда бермеді, 90+3 минутта Никос Либеропулостың голы гректерге жеңіс әперді.
Бұдан соң да қыркүйек айларында Қазақстан құрамасы бірнеше кездесуде соңғы минуттарда ұпайдан айрылып жатты.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.