From Wikipedia, the free encyclopedia
Тұлға (ағылш. Person) — пайымдау, мораль, зерде, мендік сана секілді болмыстық қырларын, сондай-ақ әлеуметтік байланыс пен мәдени нормалға қатысты туыстық, мүлік меншігі, заңдық жауапкершілігі қатарлыларды қамтитын, кісілік қабілеттер мен ерекшеліктерге ие жеке адамды сипаттайды.[1][2][3][4] Тұлғалық қасиеттер мен тұлғалық қырлар бір адамның қандай адам болғанын, қандай қасиеттер мен қабілеттер оны сондай адам еткенін, оның түрлі мәдени контекстегі ерекшелігі мен рөлін білдіреді.
Тұлғаның екі негізгі ерекшелігі бар, ол ортақтық және даралық. Ортақтық тұлғаны басқа адамдармен бірдей негіз бен мүмкіндікке ие етсе, ал даралық оның ешкімге ұқсамайтын өзіне тән айырықша бөгенайын көрсетеді.[5][6]
Тұлға философиялық тұрғыда адамды “адам” ретінде тануға, яғни оның рухани-адамгершілік, ділдік, мәдени қырларына баса назар аударумен пайымдалады. Психология тұлғаның өзіне тән күш-жігерін, мінез-құлқын, психо-физиология ерекшеліктерін зерттейді. Социологияда тұлға қоғам мүшесі ретінде қарастырылып, оның әлеуметтік қырлары, саналы қоғамдық әрекеті жан-жақты зерттеледі. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласының қай-қайсында болсын адам орталық мәселе болғандықтан олар тұлға ұғымын ортақ қолданып, әрқайсысы әр қырынан зерттеп-таниды және осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерінің өзара ықпалдастығы мен бір-біріне әсері бар. Әр ғылым саласы тұлға сөзіне өзіне тән танымдық-ұғымдық мағына сыйғызады.
Тұлға психологияда өзінің өмір жолын белгілей алатын, қайталанбас даралық ерекшелігін сезінетін субъект. Тұлға адам ұғымынан гөрі нақты мағынаға ие. Өйткені адам тұлғалық сипатты иелену үшін өз “менің” өзге “меннен” ажыратып, есейіп, өз бетінше дербес әрекет ету мүмкіндігін ашуы керек. Яғни, белгілі бір мәнді іспен айналысатын, азды-көпті білімі, өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен сенімі бар адамды тұлға деп атайды. Қазақ ұғымында бала мұндай азаматтық атқа бозбалалық шақта ие бола бастайтынын “Он үште отау иесі” деген мақалдан көруге болады. Халықта өзінің өнегелі істерімен, имандылығымен ерекшеленген адамды ерекше қастерлеп, кісілігі бар тұлға дейді. Тұлға бойындағы адамгершіліктің көрінісі ар-ұятқа кір келтірмеуінен, намысын жоғары ұстауынан байқалады.[7]
Тұлғааралық қатынас — этнопсихологияда әрбір тайпаның, халықтың ұлттық дәстүрлерге байланысты әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері және т.б. Тұлғааралық қатынас әрбір халық пен ұлттың этностық қарым-қатынас ерекшеліктерімен өзгешеленеді. Мысалы, қарым-қатынастың абысын-ажын арасындағы сақина-жүзік, білезік алмасу; ер-азаматтар арасында ер-тоқым алмасу; сауға тарту, сәлемдеме жолдау және т.б. түрлері болған. Сол сияқты, ізет, құрмет, сыйластық сезімдері де адамдар арасындағы қатынастың бір түрі болып саналады.
Тұлғалық белгілер — адамның даралық ерекшеліктерін көрсететін, психологиялық және физиологиялық элементтерін және оның ойлауы мен қылығын сипаттайтын өмір бойы қалыптасатын психофизиологиялық жүйе. Тұлғалық белгілер теориясы — негізінде "тұлғаның ерекшелік белгілері" деген ғылыми анықталған терминді қарастыратын тұлға теориясы. Тұлға қасиетінің теориясы тұлға дамуының құрылымын, шығу тегін, қалыптасуын қарастырады.
Тұлғаның бағыттылығы - тұлғаның іс-әрекетін бағдарлайтын және нақты бар жағдаяттан біршама тәуелсіз, орнықты түрткі-ниеттер жиынтығы. Тұлғаның бағыттылығы оның мүлделерімен, бейімдерімен, сенімдерімен, мұраттарымен сипатталады және бұлар арқылы адамның дүниетанымы білінеді. Тұлғаның дамуы — білім беру міндеттері тұрғысынан екі мағынаға ие: 1) тұлғаны қоғамдық өмірдің әр түрлі саласына жауапкершілікпен қатысуға тәрбиелейді; 2) жеке адамның жан-жақты үйлесімді дамуы, зияты, ақыл-ойы, еркі, сезімі мен оңтайлы логикалық-эмоциялық-психологиялық сапалары мен көзқарастары.
Тұлғаның имплицитті теориясы - белгілі бір адамның даралық өмір тәжірибесіндегі тұрақты қалыптасқан, типтік жағдайлардағы сыртқы белгілердің негізінде бір-бірімен адамдардың психологиясы мен қылығының үйлесімділігі ретінде түсінігін белгілейтін ғылыми, әлеуметтік-психологиялық ұғым. Тұлғаның имплицитті теориясы— адамдар туралы мағлұматтар жеткіліксіз болған жағдайда, олардың сыртқы пішіні, қылығы және тұлғалық қасиеттеріне байланысты өмірде қалыптасқан тұрақты пікірлер туралы теория.
Тұлғаның өзін-өзі анықтауы - адамның өз өмір жолын, мақсаттарын, құндылықтарын, әдептілік нормаларын, болашақ мамандығы мен өмір жағдайларын өзінше таңдауы. Тұлғаның үміттену деңгейі — адам үміттенетін мақсат деңгейі.[8]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.