![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/7/7a/1859-Martinique.web.jpg/640px-1859-Martinique.web.jpg&w=640&q=50)
Пальма
From Wikipedia, the free encyclopedia
Пальмалар (лат. Arecaceae) – өзімен аттас сапқа жататын тұқымдас. Негізінен тропиктік ормандарда, теңіз жағалауларында, саванналарда, шөлейтті жерлердегі оазистерде, биік тау басында (3000 м-ден биіктікте) таралған. Пальмалардың 250 (кейбір деректерде 212) туысы, 3400-дей (кейбір мәліметтерде 2780) түрлері бар. Биіктігі 60 м-дей, діңінің диаметрі 1 м-ге дейін (юбея), көбіне бұтақтанбаған, жапырағы топтанып, жоғары жағында орналасқан. Пальманың бұтатәрізді, сабағы діңінің қолтық бүрінен не тамыр сабақтан дамитын, сабағы болмайтын, жер бетіне тек жапырағы өсіп шығатын түрлері бар; сабағы жіңішке (диаметрі 2 – 3 см), ұзын (300 м-дей) шырмалып өсетін түрлері де кездеседі. Пальманың жапырағы кезек орналасады, қауырсын салалы, ұзындығы 15 м (рафия), ені 5 м-ге жетеді (таллипот пальмасы). Бұлар 5 – 12 кейде 30 – 50 жылда гүлдейді, гүлдері масаққа немесе сыпыртқы гүлшоғырына топтанған. Пальмалар көбіне даражыныстылар (кейбіреулері ғана қосжынысты болады), жасыл, ақ не сары ұсақ гүлдері екі қатар шеңбер бойымен орналасады, гүл серігі бос жатады, олар етті болып келеді. Аталығы 6, жемісі – қақырап ашылмайтын сүйек не жидек. Тұқымы ірі, қатты эндоспермді болады. Пальманың көптеген түрінің жемісі тамаққа (саго пальмасы, кокос пальмасы, құрма пальмасы, т.б.) қолданылады. Тұқымынан май, сағыз алынады, күнжарасы малға беріледі, жапырақ бүрі тамаққа пайдаланылады. Көптеген елдерде Пальманың жеміс шырынынан шарап ашытады, қант, діңінен крахмалды саго жармасы алынады. Қабығынан арқан есіледі, талшығынан бас киім, жіп, себет тоқылады, жапырағынан қағаз, өсімдік балауызы алынады. Қазақстанда пальманы әсемдік үшін қолдан өсіреді. Алматыдағы Бас ботаникалық бақта құрма пальмасы, вашинктония, ливистона, трахикарпус, хамеропс, т.б. түрлері өседі.
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/6/6e/Elaeis_guineensis_-_K%C3%B6hler%E2%80%93s_Medizinal-Pflanzen-056.jpg/640px-Elaeis_guineensis_-_K%C3%B6hler%E2%80%93s_Medizinal-Pflanzen-056.jpg)
Пальмалар | ||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
![]() | ||||||||||
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||
| ||||||||||
түрлері | ||||||||||
200 тегі мен 2600 түрі белгілі |