2008 жылы "Сантоспен" тұңғыш кәсіби келісім шартын жасасты. Жас талантты қатарына қосып алушы командалар көбейген соң нарқын тым жоғары бағалап қойды да, балаң футболшыны алуға ешкімнің зауқы соқпады.
2009 жылы 7 наурызда клубтағы тұңғыш ойынын өткізді. 2010 жылы алғашқы жүлдесіне қол жеткізіп, Сан-Паулу штатының чемпионы атанды. 2010 жылы қыркүйекте клуб бапкері Доривал Жуниорды пенальти тепкізбегені үшін сынға алды, онысы үшін ақшалай айыппұл салынды. Осы кикілжіңнің себебімен бапкер бір айдан соң қызметтен кетті. Маусым соңында Либертадорес кубогының иегері атанды.
2012 жылы 6 ақпанда клуб сапындағы 100-ші голын соқты. Жыл соңында 42 голмен Бразилия чемпионатының үздік мергені атанды. 2013 жылы 26 мамырда клуб сапындағы соңғы ойынын "Фламенгоға" қарсы өткізді. Бұл ойында есеп ашылмады.
2013 жылы мамыр айының соңғы күндерінде 57 млн еуроға "Сантостан" "Барселонаға" ауысты. 3 маусымда Неймарды таныстыру рәсімі өтті. Оған 56 мың көрермен жиналды.
"Барселона" сапындағы тұңғыш ресми ойынын 18 қыркүйек күні "Левантеге" қарсы өткізді. 24 қыркүйекте Испания чемпионатындағы тұңғыш голын "Реал Сосьедад" қақпасына соқты. 26 қазанда тұңғыш рет "Эль Класикода" ойнап, бір гол соқты. Бұл ойында "Барселона" 2:1 есебімен жеңіске жетті. Жалпы 2013/14 жылғы маусымда 15 гол соқты.
2014/15 жылғы маусымда барлығы 39 гол соқты, УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды, Испания кубогы мен чемпионатында топ жарды.
"Барселона" сапында барлығы 176 ойын өткізіп, 105 голдың авторы атанды, 59 нәтижелі пас шығарды.
2017 жылы 3 тамызда 222 млн еуроға "Пари Сен-Жерменге" ауысты. Жаңа клубы сапындағы тұңғыш ойынын 13 тамызда "Генгамға" қарсы өткізді. 2017/18 жылғы маусымда Франция чемпионатында 20 кездесу өткізіп, 19 гол соқты да, Франция чемпионы атанды.
Ұлттық құрама
Ұлттық құрама сапындағы тұңғыш ойынын 2010 жылы 10 тамызда өткізді.
2013 жылғы Конфедерациялар кубогында барлық ойында гол соғып, турнирдің үздік ойыншысы әрі жеңімпазы атанды.
2014 жылғы әлем чемпионатында 4 гол соқты, ширек финалдағы Колумбиямен ойында ауыр жарақат алып, қалған ойындарға қатыса алмады.