![cover image](https://wikiwandv2-19431.kxcdn.com/_next/image?url=https://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/9/9e/Dark_wine_grapes.jpg/640px-Dark_wine_grapes.jpg&w=640&q=50)
Жүзім шаруашылығы
From Wikipedia, the free encyclopedia
Жүзім шаруашылығы – ауыл шаруашылығының жүзім өсірумен айналысатын саласы.
![Thumb image](http://upload.wikimedia.org/wikipedia/commons/thumb/9/9e/Dark_wine_grapes.jpg/640px-Dark_wine_grapes.jpg)
Жүзім шаруашылығы халықты жас және кептірілген жүзіммен, шарап және консерві өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Жүзім шарушылығының 4 өндірістік бағыты бар: асханалық Жүзім шаруашылығы - жергілікті тұтынуға, басқа жерлерге тасымалдауға және сақтауға арналған жүзім жемісін өсірумен айналысады; кептірілген жүзім өндірісін шикізатпен қамтамасыз ететін - Жүзім шаруашылығы мейізді, киш-мишті сұрыптарды өсіреді; шарап, шампан, коньяк өндіретін заттарды шикізатпен қамтамасыз ететін Жүзім шаруашылығы жүзімнің шараптық сұрыптарын өсіреді; Жүзім шаруашылығының төртінші бағыты шырын, сусын, тосап, маринад, т.б. алкогольсіз өнімдер өндіретін консерві өнеркәсібін шикізатпен қамтамасыз етеді. Қазақстанда жеміс-жүзім кеңшарлары 20 ғ-дың 20 – 30-жылдары құрыла бастады. Жүзімдіктер, негізінен, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарында суармалы жерлерде орналасқан. 1941 жылы Қазақстандағы жүзімдіктер аумағы 1850 га болса, 1980 жылы 21 мың га-ға жетті (орташа өнімд. 81,1 ц/га). Жүзім сабақтарын қысқа қарай үсіктен сақтау үшін жылы жерлерде жабады, аязды жақтарда топыраққа көмеді;
Жүзімнің биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны өсіру әдістерін, мол өнім алу жолдарын зерттейтін ғылым саласы. Ол бірнеше салаға бөлінеді: жалпы Жүзім шаруашылығы – жүзімнің биологиясын, экологиясын және агротехникасын зерттейді; жеке Жүзім шаруашылығы – әртүрлі өндірістік бағыттағы жүзімдіктер үшін әртүрлі топырақтық-климаттық жағдайларға арнап жүзім агротехникасын, сондай-ақ жылыжайда өсірілетін жүзім агротехникасын жасайды; ампелография жүзімнің түрлері мен сұрыптарын зерттейді; жүзім селекциясы жүзімнің жаңа сұрыптарын шығарумен айналысады. Жүзім шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жүргізеді. Институтта Р.Т. Технеряднованың жетекшілігімен Қазақстандағы жүзім генефондының негізін құратын жүзімнің 340 сұрпының үлгілері бар ампелографиялық коллекция жасалып, 30-ға жуық жүзімнің жаңа сұрыптары шығарылды (В.П. Понамарчук, Р.Т. Технеряднова, Л.И. Бекетаева, т.б.). Елімізде жүзімнің 28 сұрпы аудандастырылған (оның ішінде 12 сұрпы – асханалық, 2 сұрпы – әмбебап, 14 сұрпы – техникалық). Жалпы жүзімдіктер көлемінің 75%-ын тех. сұрыптар құрайды. Ең көп тараған сұрыптар: ркацители жүзімі, саперави жүзімі, рислинг жүзімі, т.б.[1]