From Wikipedia, the free encyclopedia
Бидермайер (нем. Biedermeier - қарапайым, үйреншікті) — 1815-1848 жылдары кең таралған неміс және австриялық өнеріндегі бағыт. Бұл ампир стилін ауыстырған романтизмнің бір саласы, сондықтан оны кейде ампир стилі мен романтизмнің қоспасы деп те атайды. Бидермейерде ампир стилінің формалары сыршылдық пен үй жайлылығы ретінде көрініс тапты. Бидермейер бағытына интерьердің, табиғаттың және күнделікті өмірдің көріністерін нәзік әрі ұқыпты түрде суреттеу тән.[1]
Бидермайер - неоклассицизм мен романтизм арасындағы өтпелі кезеңде пайда болған бағыт. Негізінен Германияда, Австрияда, Италияның солтүстігінде және Скандинавия елдерінде таралды. Пайда болу мен таралу уақыты Наполеон соғыстарынан кейінгі Вена конгрессі кезінен бастап және 1848 жылғы еуропалық революциялар басталғанға дейін 1815 - 1848 жылдар аралығымен белгіленеді. Бұл термин, ең алдымен, әдебиет, музыка, бейнелеу өнері және интерьер дизайны секілді салаларда өркендеген көркем стильге қатысты қолданылады. Бидермайер кейінгі стильдерге қатты әсер етті, әсіресе Венада бастауын алған бағыттарға.
Жаңа стильді сипаттау үшін бидермайер термині 1894 жылдан бастап қана қолданыла бастады. Бұл ойдан шығарылған күлкілі кейіпкер, Готлиб Бидермайердің сәл өзгертілген атауы болып табылады, оның тегі «қарапайым мистер Мейер» деп аударылады. Готлиб Бидермайер Мюнхеннің Fliegende Blätter журналында аптасына бір рет өмір туралы аңғал поэзия мен толғаныстарын жазған ұсақ буржуа болған деген ой бар. Ол отбасылық өмірге және жеке істерге, мысалы, хат жазу немесе жеке хоббимен айналысуға басымдық беретін орта таптағы жайлылықтың символына айналды.
Бидермайер бейнелеу өнері жоғары сапасымен танымал. Мазмұны мен формасы үйлесімді келетін эстетикалық бірегейлікті қалыптастырып, өзгерістерге дайын шығармашылық рухқа жол береді. Пейзаждарда суретшілер үнемі шынайы әрі реалистік кескіндерді салуға тырысты, ал тарихи кескіндеме өткенді сипаттау ғана емес, сонымен бірге Иоганн Михаэль Недердің «Ат айдаушылардың дауы» (1828) суретіндегі сияқты барлық мәліметті дәл жеткізе отырып, өз заманы туралы хабарлама жасау мақсатын арқалады. Өз кезегінде портрет адамдарды жеке ерекшеліктерімен шынайы бейнелеуге тырысты. Гүлдер мен жемістердің бейнелері болса, жоғары көркемдік шеберлігімен ерекшеленеді және терең ғылыми бақылауларға негізделген. Суретшілер шаруалардың, буржуазияның немесе жұмысшылардың өмірінен шабыт алып, көрермендерге сол кездегі қарапайым өмір мен ерекше мерекелік күндерді көрсеткісі келді.
Интерьер мен дизайнда бидермайер металдық декормен жүктелмеген жергілікті ормандардың (шие, шаған және емен) ақшыл түсті келетін ағаштарымен тығыз байланысты. Осы стильдегі жиһаз өте ұқыпты геометриялық көрінісімен ерекшеленеді. Тіпті, бидермайер кезеңіндегі жиһаз және өмір салты 1896 жылы Венаның қолданбалы өнер мұражайында өткен көрменің тақырыбына айналды. Бұл талғампаз стиль көрменің көптеген қонақтарына ұнағаны соншалық, ол Ар-деконың пайда болу кезеңіне дейін еуропалық шенеуніктер арасында кеңінен танымал болды. Бидермайердің қарапайымдылығы мен әсемдігі Вена шеберханаларының басшыларына, кейіннен Баухауздың әр түрлі бағыттарына әсер етті.[2]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.