From Wikipedia, the free encyclopedia
Б.з.д. 2 мыңжылдықтың алғашқы ширегі бітер кезде (Қола дәуірі) Еділ мен Алтай арасында мал шаруашылығымен айналасқан адамдар қола жасауды меңгерді. Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан қола дәуірі ескерткіштері алғаш рет табылды. Оны 1913 ж. Б.Г. Андрианов ашты. Ғылымда шартты түрде Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерін Андроново ескерткіштері деп атайды. Бұл атауды ғылыми айналымға 1927 жылы С. А. Теплоухов енгізген. 1927 жылы археолог М.П.Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тапты. Андронов ескерткіштері Қазақстан, Орта Азия, Сібір жерлерінен табылып отыр. Андроново мәдени-тарихи қауымының негізгі орталықтарының бірі Қазақстан аумағында болды. Батыстық андроноволықтар қима мәдениетінің туысқан тайпаларының ықпалына үнемі түсіп және өз тарапынан оларға тікелей ықпал жасап отырды. Археологиялық деректер Андроноволықтардың басым көпшілігі отырықшылық өмір сүргенін көрсетеді. Қоныс-мекендер кең жайылма шалғыны бар өзендердің жағаларына орналасты. Патриархаттық отбасылардың үйлері үлкен жер төбелер болды; олардың жанынан әр түрлі шаруашылық жайлар мен мал қамайтын қашалар салынды. Бұл қоныс-мекендерге мал бағу кәсібі едәуір басым малшылық-егіншілік шаруашылығының кешенді сипаты тән болды.
Жалпы, Қазақстанда Андроново мәдениетімен бірге, қима мәдениет ескерткіштері Батыс Қазақстанда табылған. Қима мәдениетінің басты ерекшелігі — қайтыс болған адамдарды қиылған ағаштың арасына салуы. Андроново мәдениетінің ескерткіштері Қазақстанда мол кездесетін болғандықтан, осы хронологиялық кезеңді Андроново мәдениеті арқылы қарастырады.
Андроново мәдениетінің ескерткіштерінің өте үлкен аумақта табылуына және оның ұзақ кезеңді қамтуына байланысты ғылымда қазір Андроново тарихи-мәдени қауымдастығы деген термин қолданылады. Андроноволықтарды басқа тайпалардан айыратын мәдениеттің ең басты этнографиялық белгілері жерлеу ғұрпы, геометриялық өрнекті балшық қыш ыдыстардың өзінше бір жиынтығы, металл бұйымдардың түрлері болып табылады. Андроново тайпалары тұрқы әр түрлі тас қоршаулар түрінде зираттар тұрғызды, олар тік бұрышталып, дөңгелектей, сопақталып қоршалатын болды. Кейде, әсіресе Орал өңірінде бұлардың орнына обалар үйілді. Өлген тайпалас адамдар не өртелді, не ерекше әдіспен бүйірінен жатқызылып, қол-аяғы бүктеліп, тас тақталардан жасалған «жәшікке» немесе қазылған төрт бұрышты шұңқырға салынып жерленді. Ыдыстар қолдан жапсырылып жасалды. Бұдан ертерек уақытта ыдыстардың түбі шығыңқы домаланып келетін болса, ол енді тайпақ болды. Олардың сырты тарақ тәрізді немесе тегіс қалыппен түсірілген күрделі геометриялық өрнектермен сәнделді. Сәндік заттардың Андроново тайпалары мәдениетінің тараған шегінен аспаған ерекше түрлері: алтын жапырақшадан бір жарым қайырым бүктеліп жасалған сырғалар, бас киімге және басқа да киімге тағылатын «көзілдірік тәрізді» және «табан із тәрізді» сәнді салпыншақтар, қақтама өрнекті тоталар, шеттері иректеліп түйілген білезіктер болды. Өндіріс техникасының дамығандығы және қола заттар мен балшық ыдыстар түрлерінің әдемілігі мәдениет деңгейінің жоғары болғанын көрсетеді.
Ескерткіштердің тұңғыш рет 1914 ж. Ачинск қаласының маңындағы Андроново ауылы маңынан табылуына байланысты осылай аталған. Бұл мәдениет Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалар арасына кең тараған. Ол таралған аймағына және өзіндік белгілеріне қарай үш тарихи кезеңге бөлінеді: ерте кезеңі – б.з.б. XVIII-XVI ғасырлардағы Петров мәдениеті; орта кезеңі – б.з.б. XVI–XII ғасырлардағы Алакөл-Атасу, Федоров-Нұра мәдениеттері; соңғы кезеңі – б.з.б. XII–VIII ғасырлардағы Алексеев, Замараев, Сарығары, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері.
Андроново мәдениеті шартты түрде үш кезеңге бөлінеді. Ерте қола — б.з.д. XVIII-XVI ғғ, орта қола б.з.д. XV-XII ғғ., кейінгі қола б.з.д. XII-VIII ғғ. Андроново мәдениеті 8-9 ғасырға созылады (б.з.д. 17-9 ғасырлар). Андроново мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А.Я. Тугаринов ашты. Содан бері өткен уақыттың ішінде орасан көп археологиялық материал жиналды. Бұл мәдениеттің ескерткіштерін кезеңдерге бөліп, топтастыруды бастаған С.А. Теплоухов болды. Әсіресе М.П. Грязновтың сіңірген еңбегі зор. Ол 30-жылдарда-ақ Андроново мәдениетінің тарихи құбылыс ретіндегі суреттемесін жасап берді және далалық қола дәуірінің хронологиялық үш кезеңін: алдыңғы, ортаңғы және соңғы кезендерін саралап берді. Кейін К.В. Сальников Орал сыртының Андроново мәдениетіне хронологиялық топтама жасады; оны бірінің орнын бірі басқан үш кезеңге бөліп, оларға шартты түрде мынадай аттар берді: Федоров кезеңі - б. з. б. XVIII — XVI ғасырлар, Алакөл кезеңі — б. з. б. XV — XII ғасырлар, Замараев кезеңі — б. з. б. XII — VIII ғасырлар. Андроново мәдениетін К.В. Сальниковтың кезеңдерге бөлуі тарих ғылымында дұрыс деп танылды және далалық қола дәуірінің ескерткіштерін зерттегенде осы мәдениеттің тараған аудандарының бәрінде қолданылды. Қазақстанның Андроново мәдениетін кезеңдерге бөлу мәселесін Ә. X. Марғұлан, К.А. Ақышев, А.Г. Максимова, С.С. Черников, A.M. Оразбаевтар айналысты. Қазіргі кезде К.В. Сальниковтың кезеңдерге бөлуі қайта қаралып, Э.А. Федорова-Давыдованың, B.C. Стоколостың, Г.Б. Зданович пен басқа да зерттеушілердің еңбектерінде нақтылана түсті. Зерттеушілердің көпшілігі Андроново мәдениеті неолит пен энеолит дәуірлеріндегі Қазақстан даласының солтүстік аймағының және Орал сырты мен Батыс Сібірдің іргелес аудандарының мәдениет жағынан, әрі, шыққан тегі жағынан туыс тайпаларының табиғи дамуы негізінде кұрылған деп есептейді. Сол кездің өзінде-ақ мал өсіру, қарапайым егіншілік және кен кәсібінің бастамасы мәлім болатын. Үй жанында мал бағу мен жайылмада кетпенмен егін салудың одан әрі дамуы отырықшылықтың ұлғаюына, үй кәсіпшіліктерінің шығуына, металлургияның дамуына жеткізді. Ұлан-ғайыр далалық аймақта осы материалдық игіліктерді шығаратын негізгі өндірістер прогресінің шамамен бір деңгейлес болуы Андроново мәдениетінің өзіне тән ерекшеліктерінің қалыптасуына, қоғамның әлеуметтік жағдайына жақын түрлеріне жеткізді.
Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне рудниктер, құрбандық орындары, петроглифтер табылды. Орталық Қазақстанның Андроново мәдениетіне тән сипаты - оның мазарларының күрделілігі, тас өңдеумен байланысты құрылыс техникасының жетіле түскендігі.
Солтүстік Қазақстан жеріндегі қола ғасырын, соның ішінде Андроново мәдениетінің ескерткіштерін зерттеген ғалымдар - К. А. Ақышев, Ә. М. Оразбаев, Г. Б. Зданович, С. Я. Зданович және т. б. Солтүстік Қазақстанның қола ғасырының кезеңдерге бөлуді, Андроново мәдениетінің сатыларын, олардың хронологиялық мерзімдерін Геннадий Борисович Зданович көпжылдарға созылған Жабай-Покровка, Боголюбово, Куропаткино және тағы да басқа ескерткіштерде жүргізілген қазба жұмыстарының негізінде анықтады. Алексеев қонысы мен Тасты-бұтақ қорымы кеңінен мәлім болды. Топырағы төбешік болып үйілген, дөңгелек және тікбұрышты қоршаулары бар қорымдар көп кездеседі. Челябинск және Қостанай облыстарының шекарасына жақын Арқайым қонысы ежелгі қалалардың мысалы бола алады. Қазіргі Қостанай облысында Садчиков қонысы, Ақмола облысындағы, Зеренді ауданындағы Павловка (Шағалалы) қоныстары - Андроново тарихи-мәдени қауымдастығының айшықты ескерткіштері.
Ескерткіштері — Таңбалы, Қаратау сияқты тастағы суреттер, Таутары қорымы. Сырдарияның төменгі жағынан Арал алқабынан - Тегіскен кесенесі ашылды.
Андроново қоныстары дала өзендері мен оның жағаларына егін, бау-бақша салып қоныстанған. Тары ботқасы күйген құмыралар табылды. Қоныстардың бәрінен табылған ортақ олжалар: дәнүккіштер, келсаптар, орақтар мен тас кетпендер.
Мал өсіру маңызды рөл атқарған. Негізгі тамағы сүт болды, сүзбе, ірімшік жасаған. Ет өте аз болған, оны мейрамдарда ғана, құдай жолына құрбандық жасағанда ғана пайдаланған. Негізгі мал қой, сиыр, жылқы. Жылқының үш тұқымы болды: 1). биіктігі 128-136 см., басы үлкен, қалың жалды жатаған жылқы. Қазіргі моңғол жылқысына ұқсас. 2). Шоқтығы орташа не биік 136-152 см-ге дейін салмағы 350 килоға дейін жететін жылқылар. 3). Асыл тұқымды биіктігі 152-160 см., аяқтары жіңішке, сымбатты, қой мойынды жылқылар. Олар соғыс арбасына жегілетін болған. Андроноволықтар мал бағудың қыр-сырын жетік меңгергендер болды. Олар дүние жүзінде алғаш рет малды қолда ұстауды енгізді. Қыста төлді жылы жерде ұстаған, ол үшін үйдің бір жағын қоршап бөліп тастаған. Тұрғын үйлерге жалғаса мал қора салды. Андроноволықтар қос өркешті бактриан түйелерін өсірді.
Ерте және орта қола кезеңдерінде, яғни б.з.д. 1 мыңжылдықтың басында андроноволықтар отырықшы болды. Аралас шаруашылықпен айналысқан. Малды үй іргесіне бағу нәтижесінде жайылым тез тозған. Сондықтан жайлаулық тәсілді ойлап табады. Бұл көктем, жаз айларында жастар мен ер адамдар алыс жайылымға малды айдап әкетсе, отбасылары егін өсірумен айналысты.
Кен өндіру б.з.-дан үш мың жыл бұрын пайда болды. Мысалы, Жезқазғанда осы кезде-ақ кен өндіріле бастады. Олар кенді тотықтандыру, қайлалау, отпен өндіру әдістерін меңгерді. Сондай-ақ әрбір отбасы өз ыдыс-аяқтарын өздері жасады. Әйелдер саз балшықты әзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға алаулатып күйдірген. Ыдыстар әртүрлі сызықтармен, геометриялық ою-өрнектермен әсемделген. Андроноволықтар үй тіршілігіне қажетті нәрсені өздері жасады. Жіп иіру, тоқу, теріні өңдеу, киімді түрлі-түсті жіппен әдіптеп бәрін игерген. Матаға қажетті жіпті мал жүнінен игерген. Тоқыма станогы, ұршық болды. Олар өкшесіз аяқ киім киген, жүннен тоқыған, теріден тіккен құлақшын киген. Әйелдер көбіне ұзын жеңді етегі жер сызған жүн көйлек киіп жүрді. Әшекейлік бұйымдар сырға, салпыншақтар, моншақтар таққан. Ерлері қоладан үшкірлеп жасалған садақтармен қаруланды.
Олар үлкен үйде отбасылық қауым болып өмір сүрді. Ағайын-туыстар шаруаны бірге атқарды. Обалар, қабірлер қазу ісінде өзгешеліктері болған. Бұл Андроново қоғамының біртекті болмағандығын көрсетеді. Байлар, текті адамдар өлгенде олар ерекше құлпытас орнатылған мазарларға жерленді. Жауынгерлер, патшалар, абыздар тәрізді әлеуметтік жік болған.
Қола дәуірі тұрғындарының діни көзқарастары қарапайым болды. Олар өлген адамдарын белгілі бір рәсімдермен жерледі. Мүрдені "Жер-ананың" қойнына анасының құрсағында жатқан қалыпта қоюға тырысқан. Андрондықтардың түсінігінше, өлген соң да "о дүниеде" тіршілік жалғасады. Сондықтан олар өлікпен бірге киім-кешегін , қару-жарағын, ыдыс-аяғын, тамағын қоса көмген. Андрондықтар күнге, отқа мінәжат еткен. Сонымен қатар олардың өмірінде бұрыннан келе жатқан тотемизм (шығу тегін жануармен байланыстыру), фетишизм (жансыз дүниеге сеніп, соның қасиетіне табыну), анимизм (жанға, рухқа сену) сияқты ғұрыптар да орын алды. Діни наным-сенімдері бойынша күнге, отқа, қасиетті жануарларға табынған. Олардың бейнелері көзенің сыртындағы өрнектерде, тастағы суреттерде, сынтастарда, әшекей бұйымдарда көптеп кездеседі. Бұл мәдениет кезіндегі тайпалардың тұрмыс-салты, кәсібі, қолөнері қазақ халқының тіршілігінде көп сақталған.[2]
Өліктер қабірде бастары батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып қойылды. Бұл о дүниемен байланыс жасайтын құдайға қарату деген мағынаны білдірді. Мәйіт бүктей жатқызылды. Сондай-ақ мәйітті өртеп жіберу де болды. Ол отқа табынудан шықса керек. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Оған сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Тіпті балаларды да құрбандыққа шалған, оны үй едені астына көмген. Үйдің ошағы отбасының ең қасиетті жері болды. Сонымен қатар олардың өнері де жақсы дамыған, қыш-құмыраларды жасап қана қоймай олардың бетіне геометриялық фигураларды салған, құмыра сыртына әр түрлі бұйымдар жабыстырып әшекейлеген. Аң аулаудың құпияларын түсіне отыра, қару-жарақтың әрі ыңғайлы, әрі қолайлы түрлерін жасаған (қалайы пышақ, найза ұштары, жебенің бастары бәрі қалайыдан болған).
Қола дәуірінің жартастар бетіне салынып, кілегей қоңыр қабыршақпен жабылып қалған суреттерінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл суреттер — жануарлар, күн бейнелі адамдар, соғыс арбалары, шайқас көріністері туралы тасқа салынған суреттер олардың дүние-танымын көрсетеді. Жартастағы суреттер-петроглифтер Қазақстанда Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау мен Маймақ, Тарбағатай мен Бөкентауда табылды.[3]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.