From Wikipedia, the free encyclopedia
Этимология (грек. etymos – ақиқат, шындық, logos – білім) – сөз төркінін зерттеп, айқындаушы тарихи лексикологияның және жалпы тіл білімінің бір саласы болып табылады. Этимологияның зерттеу нысанына, негізінен тілдегі жеке сөздер, сөз тіркестері, граммат. тұлғалар жатады. Этимологиялық зерттеу нысаны тек мағынасы ұмыт болуына, не күңгірттенуіне байланысты жеке-дара қолданылмайтын сөздер, тұлғалар ғана емес, сонымен қатар тілімізде дербес те жүйелі түрде қолданылатын жалпы лекс.-граммат. мағынасы айқын сөздер мен сөз тұлғалары да бола береді. Этимологиялық зерттеулер мақсаты мен нысанына қарай әр алуан тәсілдер мен принциптерге сүйенеді. Солардың ішінде жиі қолданылатындары: тарихи-салыстырма тәсілі, морфемдік-модельдік талдаулар, түбірін індете зерттеу, т.б. Этимологиялық зерттеулер мен сөздіктер алдына қойған мақсатына байланысты бір тілге, не бір топтағы туыстас бірнеше тілдерге бағындырылуы мүмкін. Этимологиялық зерттеулердің қай түрі болмасын, қандай тілге бағытталмасын ғыл. тұрғыдан үш түрлі, атап айтқанда, фонет., морфол. және семант. принцип-критерийге сүйенуі шарт. Сөз төркінін дұрыс та дәл анықтаудың нәтижелі тәсілі болып саналатын бұл принцип-критерийлер жалпы түрде емес, нақтылы тілдердің өзіндік ерекшеліктері мен сол тілдердің қалыптасу, даму заңдылықтары негізінде қолданылады. Осы орайда синхронды және диахронды бағыттағы Этимологиялық зерттеуге қойылатын тағы бір шарт – тарихи факторлармен санасу. Фонет. принцип – әрбір тілдің немесе бір топтағы туыс тілдердің дыбыстық жүйесіне тән (сингармонизм – үндестік пен ассимиляция, дыбыс алмасу мен дыбыстық сәйкестігі, дыбыстың түсіп қалуы мен қосымша дыбыстың пайда болуы, дыбыстардың қосарлануы мен әлсізденуі, дыбыстардың ұзаруы мен қысқаруы, орын алмастыру мен апокопа, элизия мен парагогия, флексия мен фузия, т.б.) сан алуан фонет. заңдылықтарды қатаң ескеруді талап етеді. Морфол. принцип – сөздердің тұлғалық өзгерістеріне байланысты заңдылықтарына негізделеді. Лексемаларға жасалатын морфол. талдаудың басты мақсаты, мәселен, түркі тілдерінің жалғамалық құрылысына сәйкес, олардың ілкі түбір, жай түбір, туынды түбір және граммат. тұлғалардың ара-жігін ажырату болып саналады. Сондай-ақ морфол. принцип-критерий сөзжасам процесіне негіз болушы көптеген модель-үлгілер мен сан алуан граммат. тұлғалардың ішінен Этимологиясы анықталуға тиісті лексиканың табиғатын тап басып тану үшін, өзіне ұқсас басқа сөздерден айыру үшін қажет. Семант. принцип – сөздердің мағынасын анықтауда Этимологияның негізгі критерийлерінің бірі болып саналады. Өйткені мағынасыз сөз болмайтыны белгілі және ол мағына сол сөздің дыбыстық не морфол. тұлғасына да тікелей қатысты. Сөз мағыналарының көнеруі, күңгірттенуі, ұмыт болуы, тоғысуы, іштей жіктеліп, көп мағынаға, тіпті біртекті омонимдерге айналуы, т.б. сөз табиғатына тән семант. заңдылықтар – Этимологиялық принцип. Тарихи принцип – Этимологияның тарихи лексикологиямен, этнолингвистика және этнография, т.б. тоғысар бір туысы. Өйткені тіл абстракция емес, ол белгілі этностың туындысы, ал этнос белгілі бір геосаяси аумақта, тарихи кеңістікте жасап келген феномен. Оның болмысын анықтайтын өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, өмір тіршілігі, т.б. рухани-материалдық мәдениеті болады. Бұл аталған этимол. принцип-критерийлер өзара тығыз байланыста, қатыстырыла қолданылады. Этимологияның түрлері үш топқа (ғыл., қызықты, халықтық) бөлінеді. Ғыл. Этимология – жоғарыдағы аталған төрт түрлі принципке, яғни тіл дамуының объективті заңдылықтарына сүйеніп жасалған. Қызықты Этимология– сөз төркінін ашуда аталатын принциптерге тереңдеп бара білмейтін, дәйектілігі белгілі бір деректермен шектелген, сөздердің сыртқы тұлғасы және бөлігі контекстегі мағынасымен қанағаттанатын, бірақ өзінің сиқырлы сырымен жұртшылықты қызықтырып, қалың бұқара арасына тез тарап кететін Этимологиялар жатады. Халықтық Этимология – сөз бен сөз тіркестерінің табиғатын оларға тән өзгеру, түрлену, даму, жасалу, т.б. заңдылықтарымен, Этимологияның ғыл. принциптерімен санаспай, табиғатын басқа зат пен құбылыс атауларының кездейсоқ, не тым алыс ұқсастықтарын жақындастыру арқылы анықтауға бейім тұрады. Этимологиялық зерттеулердің түрлері көп. Солардың көп тарағаны және пайдалануға қолайлысы – Этимологиялық сөздіктер. Мамандардың пікірінше, түркі тілдері бойынша жарық көрген әр деңгейдегі Этимологиялық сөздіктердің 7 түрі бар. Солардың ішінде жалпы түркі тілдерінің Этимологиясына бағытталған іргелі еңбектердің қатарына А.Вамбери және Э.В. Севортянның сөздіктерін айтуға болады. Жеке түркі тілдері бойынша шыққан сөздіктердің қазақ ғалымдары түзген “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1958) жатқызуға болады. Әдеб.: Введенская П.А., Колесников Н.П., Этимология и ее виды, Ростов, 1986; Қайдаров Ә., Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері // Қазақ тілі тарихи лексикологиясының мәселелері, А., 1988. Ә. Қайдар[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.