From Wikipedia, the free encyclopedia
Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры – Ақтөбе қаласындағы мәдени орталықтардың бірі.
Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры | |
---|---|
![]() | |
Орналасуы | ![]() Ақтөбе, Т. Ахтанов көшесі, 52 |
Негізделгені | 1935 |
Директоры | Нұрхан Кенжебайұлы Кәдірбаев |
Көркемдік жетекшісі | Данияр Базарқұлов |
Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры Ортаққорда |
Ақтөбе облыстық театрында ұзақ жылдар бойы қазақ және орыс труппасы жемісті жұмыс істеп келді. Қазақ труппасының тарихы әйгілі халық комиссары Темірбек Жүргеновтің ұсынысымен 1935 жылы ашылған қазақ музыкалық драма театрдан бастау алады. 1936 жылдан 1941 жылға дейін театрдың бірінші режиссері Гүлшат Омарованың жетекшілігімен "Еңлік – Кебек", "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу", "Амангелді", "Қыз Жібек", "Исатай − Махамбет" сияқты өзге де қазақ классиктердің шығармалары сахна төріне жол тартты.
1941 жылы Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты қазақ театры жабылды. Қаладағы орыс театры 1943 жылы Ақтөбеге көшіріліп, Александр Островский, Антон Чехов және Николай Гоголь шығармаларын сахналады. 1948 жылы соғыстан кейінгі экономикалық қиындықтарға байланысты орыс театры өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болды. Орыс театрының келесі қадамы 1965 жылы Қазақ ССР кеңес министрлігінің № 707 (1964 жылдың 13 қазанынан бастап) шыққан үкімімен алғашқы директоры Владимир Сергеевич Тихонов басшылығымен облыстық мәдениет үйінде басталды. 1966 жылдың қаңтарында алғаш театр маусымында Александр Штейннің "Нөсердің арасында" пьесасы сахналанды.
1992 жылы Ақтөбе облыстық драма театрында қазақ труппасы жұмыс жасай бастады. Труппа 1992 жылдың 18 шілдесінде Тахауи Ахтановтың "Күшік күйеу" спектаклімен өз шымылдығын ашты. Қазақ театрының алғашқы директоры Қорлан Бөлеков, режиссері Дихан Жәлекенов болды.
1997 жылы театрға осы өңірден шыққан белгілі қазақ жазушысы Тахауи Ахтановтың есімі берілді. 1998 жылы облыс әкімінің шешімі бойынша облыстағы актерлік қос труппа – қазақ және орыс труппасы біріктіріліп, Ақтөбе облыстық театрына айналды.[1]
Соғыс жылдарында К.М. Симоновтың "Прага талшындары аясында", А.А. Кронның "Жіті барлау", Б.А.Лавреневтің "Теңіздегілер үшін" пьесаларын қойды. 1965 жылы А.П. Штейннің "Толас" спектаклі көрсетіліп, театр тиянақты жұмыс істей бастады. Театр репертуарынан берік орын алған, көркемдік шоқтығы биік қойылымдардан Д. Исабековтің "Ертеңді күту", А.А. Дударевтің "Қатардағылар", "Кеш", Н. Павлованың "Кішкентай вагон", Ә. Таразидің "Әлия", А.Н. Толстойдың "Федор Иоанович патша", М.О. Шатровтың "Брест келісімі" т.б. спектакльдер бар. Театр әр жылдары Орта Азия мен Ресей облыстары мен қалаларында, Алматыда (1988) гастрольде болды. 1996 жылы Жезқазған қаласында Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған Республика театрларының фестивалінде ақтөбеліктер ағылшын драматургі Леонард Герштің "Мына еркін көбелектер" қойылымы үшін лауреат атанып, үшінші жүлделі орынға ие болды. Театр труппасында Қазақстанның еңбек сіңірген артісі — Р.А. Маркова, В.И. Бриц, Мари елі мен Татарстанның еңбек сіңірген артісі — О.М. Блинов, В.Я. Априскин, артистер — Р.Телеуова, Н.П. Бокорева т.б. шығармалық қызмет атқарды.
Әр жылдары М. Әуезовтің "Еңлік-Кебек", "Қарақыпшақ Қобланды", "Түнгі сарын", С. Сейфуллиннің "Қызыл сұңқарлар", І. Жансүгіровтың "Кек", Б. Майлиннің "Шұға", Ғ. Мүсіреповтің "Ақан сері-Ақтоқты", Ж. Шаниннің "Арқалық батыр", Ә. Тәжібаевтің "Жомарттың кілемі", аударма пьесалардан Н.В. Гогольдің "Үйленуі", Д.А. Фурмановтың "Бүліншілігі", В.В. Вишневскийдің "Оптимистік трагедиясы" және У.А. Гаджибековтің "Аршин мал-алан" музыкалық комедиясы қойылды. Кезінде театр жаз айларында Атырау, Қостанай, Орал мен Ақтөбе облыстарының қазақ аудандарын аралап, спектакльдерін көрсетіп отырған. С. Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек", Е. Әлімжановтың "Тақ талас" комедиялары, Ә. Таразидің "Әлия", Ж. Тілепбергеновтің "Перизат-Рамазан", М. Әуезовтің "Айман-Шолпан", Ғ. Мүсіреповтің "Ұлпан" романы бойынша спектакльдер қойылды. Театр труппасы негізінен жас актерлерден жасақталған.[2][3]
2017 жылдың 1 қарашасынан бастап театр ұжымын Нұрхан Кенжебайұлы Кәдірбаев басшылыққа алды.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.