From Wikipedia, the free encyclopedia
Түлеу[1] – жануарлардың даму кезіндегі жас ерекшеліктеріне, маусымдық өзгерістерге байланысты және тіршілігінде тұрақты түрде жүріп отыратын биологиялық процесс.
Түлеу кезінде жануарлар терісінің сыртқы эпидермис қабаты, терінің қосалқы түзілістері (кутикуланың, қабыршақтардың, қауырсындардың және түктердің) белгілі бір уақыт аралығында ауысып тұрады. Жануарлардың түлеуі олардың организмінің даму қабілетіне, жасына, гормондық жағдайына, сондай-ақ қоршаған ортаның әсеріне (мысалы, температура, т.б.) байланысты. Әрбір түлеу аралығын – түлеу кезеңі, ал сол кезеңдегі жануарлардың дамуына кеткен уақытты – түлеу жасы деп атайды.
Түлеу, әсіресе, денесі тығыз хитинді затпен қапталған омыртқасыз жануарларда, соның ішінде буынаяқтыларда (шаянтәрізділер, т.б.) айқын байқалады. Түлеп түскен қатты хитинді жабын қайта түзілгенше жануарлардың (әсіресе дернәсілдің) дене мөлшері қарқынды түрде өседі. Жәндіктердің көптеген түрлерінің дернәсілдерінің түлеу саны үнемі тұрақты болады. Мысалы, көбелектердің дернәсілінде (жұлдызқұртында) – 5, шыбындардың дернәсілінде – 3, ал біркүндіктер мен көктемдіктердің дернәсілінде – 25 – 30 рет қайталанады. Омыртқалылардың түлеуінде біраз ерекшеліктер байқалады. ыландар түлеген кезде сыртқы қабыршақтары басынан бастап, бірте-бірте денесінен тұтасымен, ішінен сыртына қарай сыдырылып түседі. Түлеу кезінде терінің сыртқы қабатындағы тіршілігін жойған клеткалар ауысады да, терінің түсі өзгеріп, жылу реттеу қабілетінде де өзгерістер байқалады. Тасбақалар түлемейді, олардың терісінің сыртындағы мүйізді сауыттар үнемі өсіп отырады. Құстардың түлеуі кезінде ескі қауырсындар түсіп, оның орнына жаңа қауырсындар шығады, салмағын азайтады. Олардың түлеуі көбінесе балапан басып шығарған соң байқалады, алдымен қораздары, кейбір түрлері жеке-жеке (торғайтәрізділер, тауықтәрізділер) түлейді. Ал қазтәрізділер үлкен топ құрып, қанат қауырсындарын бір мезгілде түлеп, ауыстырады. Бұл кезде олар ұша алмайды, сондықтан адам бармайтын жерлерде шоғырланып жасырынады. Құстардың кейбір тобында қауырсындары (бағыттаушы және қағатын) бір уақытта түседі, бұл кезде олар ұшу қабілетін біраз уақытқа жоғалтады (мысалы, үйректер – 20 – 35 күнге, аққулар – 1,5 айға). Құстардың жыл маусымдарына байланысты түлеуі кезінде қауырсындарының тығыздығы да өзгереді. Сүтқоректілердің түлеуі кезінде түктерін жыл маусымдарына қарай ауыстырып тұратындықтан түгінің түсі де, тығыздығы да өзгереді. Мысалы, ақбөкендер жазда сарғыш қызғылт, ал қыста ақшыл бозғылт түске енеді. Қысы суық, жазы ыстық болатын жерлерде тіршілік ететін жануарлар тез, ал тропиктік және жартылай суда тіршілік ететін жануарлар (ондатр, саз кәмшаты, калан) біртіндеп түлейді. Сүтқоректілердің көпшілігі жылына 2 рет (көктемде және күзде), мыс., тиін, түлкі, т.б.; көртышқандар 3 рет, кейбір түрлері (түлендер, суырлар, сарышұнақтар) 1 рет түлейді.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.