материяның тіршілік етуінің белсенді формасы From Wikipedia, the free encyclopedia
Тіршілік дегеніміз биологиялық процестерді жүргізе алатын тірі материяны тірі емес материядан бөлетін қасиеттер жиынтығы және сол процестің өзі. Тіршіліктің құрылым, гомеостаз, метаболизм, бейімделу, өсу, көбею және стимулдарға жауап беру сияқты ерекше белгілері бар.[1][2] Тіршілік көптеген пішінде кездеседі, мысалы бактериялар, жануарлар, өсімдіктер, т.с.с. Тіршілікті зерттейтін ғылым биология деп аталады.
Мына мақаланы не бөлімін Өмір дегенмен біріктіруге ұсынылған. (Талқылауы) |
Жердегі тіршіліктің негізгі бірлігі ― жасуша, тұқым қуалаушылық бірлігі ― ген. Жасушаның екі түрі бар: прокариоттық және эукариоттық, екеуі де мембранамен қоршалған, ішінде ақуыздар мен нуклеин қышқылдары сияқты биомолекулалар бар цитоплазмадан тұрады. Жасушалар жасуша бөлінуі процесі арқылы көбейеді. Бұл процесте ата-аналық жасуша бөлініп, өз генетикалық материалын пайда болған туынды жасушаларға береді.
Тіршілікті ерекшелейтін бірнеше қасиеті бар. Солардың ішіне кіретіні: организация, гомеостаз, метаболизм, бейімделу, өсу, көбею, стимулдарға жауап беру, т.б.[1][3][4]
Барлық ағзаның барлық элементі бір-бірімен байланысып, тіршілікті сақтай алатын құрылымды құрады.[3][4] Ұйымдасудың мысалы ретінде органдарды келтіруге болады. Бір қызмет атқаруға бейімделген жасушалар және жасушалардан құралған ұлпалар бір жерде шоғырланып, орган құрады. Басқа мысал ― гүлдің құрылысы. Гүл белгілі бір жолмен құрылғандықтан, жәндіктер оған назарын аударып, түбіндегі шірнені алуға тырысады. Гүлдің ішіне кірген соң, жәндікке тозаң жұғады да, жәндікпен бірге басқа гүлдерге таралады.[5] Бұл тозаңдануды жеңілдетуге арналған құрылыс бейімделуі.
Гомеостаз деген ағзаның тіршілік ететін сыртқы ортасының өзгеруіне қатысты тұрақты қалыпта ұстау немесе реттеу үрдісі, өзін-өзі реттеу механизмі арқылы негізгі физиологиялық қызметтерінің тұрақтылығы ― өзін-өзі реттеушілік. Гомеостаз арқылы тірі ағзалар ішіндегі процестері мен құрылымының ерекшелігін сақтап тұрады.[3][4]
Кез келген тіршілік иесі термодинамикалық тұрғыдан энергетикалық ашық (ортамен энергия алмасатын) жүйе болғандықтан, ол өзінің гомеостазын сақтау үшін бір жерден энергия алып, оны басқа жерде жұмсауға мәжбүр. Метаболизм дегеніміз сол энергия алмасу мен ағза бойындағы химиялық реакцияларды үйлестіріп басқаратын процесс.[3][4]
Тірі ағзалар өзін-өзі жаңғыртады, яғни көбею арқылы олар өлімнен кейін генетикалық материалын басқа ағзаларға қалдырады. Олар да, өз кезегінде, көбейеді. Дегенмен, ағза көбеюі көптеген жағдайларға тәуелді. Мысалы, ол өмір сүрген жердің қорегі жеткіліксіз болса немесе температура, ылғалдық сияқты физикалық параметрлері ыңғайсыз болса, ағза аз көбейеді немесе мүлде көбеймейді. Сонымен қатар, ағзалар бір-бірімен бәсекелеседі. Гендері мықтырақ, яғни өмір сүру ортасына жақсырақ бейімделген ағза көбірек тұқым қалдырып, жақсырақ гендер таратады. Бұл ― табиғи сұрыпталуға басты алғышарт.[4]
Ағзалардың бәрі тұқым қуалаушылық қабілетіне ие, яғни олар өз қасиеттерін ұрпағына бере алады.[4] Оның негізінде нуклеин қышқылы синтезі жатады, және сол синтез өте дәл жұмыс істейтін болса да, мінсіз емес болғандықтан, нуклеин қышқылы тізбегінде қателіктер ― мутациялар ― пайда болады. Мутациялардың көбі зиянды болғанымен, кейбірі ағзаға пайда тигізуі мүмкін. Пайдалы мутациясы бар ағза басқалармен сәтті бәсекелесіп, мүмкін болғанша көп ұрпақ шығарып, соларға өзінің гендерін берсе, мутация популяцияда орнығады. Соның арқасында ағзаларда өзгергіштік қасиеті бар. Уақыт өте келе, гендер өзгеріп сұрыптала келе, түрлер де өзгеріп, өмір сүру ортасына бейімделеді. Бұл процесті эволюция деп атайды.[3][4]
Тірі ағзалар даму (онтогенез) барысында әдетте не массасын үлкейтеді, не жасуша санын арттырады, бірақ кейбір кезде екеуі де қатар жүреді.[3] Өскенде, ағзалар бүкіл генетикалық әлеуетін ашып, құрылымдарын, метаболизм жолдарын және, бар болса, органдарының бәрін дамытады.
Стимулдарға жауап беру немесе тітіркену дегеніміз белгілі факторлардың әсерінен спецификалық жауап қайтару. Тітіркену барлық ағзада кездеседі. Мысалы, өсімдіктерде тропизмдер бар. Өркен энергияны тиімді жұмсау үшін күн жарығы түскен бағытпен өседі. Тамырлар болса, гравитация бағытымен, яғни төмен, өсіп ұзарады. Жануарларға келсек, олар да сыртқы және ішкі стимулдарға өте жылдам жауап беретін жүйке жүйесі бар. Дамыған жануарларда инстинктер, рефлекстер және тағы басқа күрделі сигнал өңдеу центрлері бар. Миы және санасы ең жоғары дамыған жануар ― адам.[3] Тітіркену қарапайым ағзаларға да тән: біржасушалы саңырауқұлақ глюкоза концентрациясы жоғары субстратқа түссе, қант қорытатын ферменттер шығарады; протистер жарыққа қарай немесе қарсы жүзе алады.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.