From Wikipedia, the free encyclopedia
Сыңаржақтылық (ағылш. bias) — мәлім идеяны, немесе затты "растауда", не "терістеуде" жіберетін үйлесімсіз, қате түсіндіру дәстүрі болып, әдетте ол тұйық-саналы, жалаң, немесе әділетсіз болып келеді. Сыңаржақтылықтардың кейі тума, кейі үйренген болып келеді. Адамдар тұлғаларға, топқа, немесе мәлім сенімге қарсы сыңаржақтылық қалыптастыруы мүмкін.[1] Ғылым мен инженерияда, сыңаржақтылық жүйелі қателікті көрсетеді. Статистикалық сыңаржақтылық жұрттың деректерді үйлесімсіз іріктеуінен, немесе орташа дәле нәтижені бермейтін бағалау процесінен туындайды.[2]
"Сыңар" және "жақ" сөздерінің бірігуінен жасалған "сыңаржақтылық" термині "жалаңдық, қисықтық, жүйесіздік, жетілмегендік" мағыналарын беретін ұғым ретінде әлеуметтік тұрмыстың барлық саласында дәстүрге айналған түрлі қателіктерді білдіру үшін кең қолданылады. Бұл дәстүрге айналған қателіктер бір жағынан "Сананың біржақты тенденциясын", ал екінші жағынан заң саласында кездесетін "Орынсыз бір жаққа қисаюды, немесе Алалаушылықты" білдіреді.
"Сыңаржақтылық" термині заң саласында жоғарыдағы екінші мағынада кең қолданылады. Мысалы мына сөйлемдегі "сыңаржақтылық" сөзі "алалаушылық" мағынасында айтылған: "Тергеу барысында, сот процесінде сыңаржақтылық, яғни тергеу амалдарының озбырлықпен, дөрекілікпен, заңсыздық|заңсыз қысым көрсетушілікпен жүргізіліп, екінші жақтың сөзін тыңдауға, назарға алуға құлықты болмағандары сенімсіздік туғызады.". [3]
Танымдық сыңаржақтылық - бұл ойлау, бағалау, еске алу және басқа да таным процестеріндегі қайталанбалы негізгі қателік.[4] Яғни, ол тұжырым стандартынан ауытқудың бір үлгісі болып, одан негізсіз қорытынды келіп шығады.[5] Адамдар өз түйсіктері бойынша өздерінің "субъективті әлеуметтік шындығын" жасап алады,[6] олардың дүниеге көзқарасы олардың қарекетіне нұсқаушы болады.[7] Осылайша, когнитивті ауытқулар әрқашан түйсіктік бұрмалануға, қате тұжырымға, логикасыз түсіндіруге, немесе иррационалды деп аталатын жағдайға әкелуі мүмкін.[8][9][10] Алайда кейбір танымдық сыңаржақтылықтар бейімделгіш болып келеді, үйлесімді жағдайда ол сәттілік әкелуі де мүмкін.[11] Бұдан тысқары, жылдамдық дәлдіктен маңыздырақ болғанда, танымдық сыңаржақтылық тез таңдау жасауға мүмкіндік береді.[12] Басқа танымдық ауытқулар адам орындау қабілетінің шекті болуының "қосымша өнімі" болып,[13] тиісті психикалық механизмдер кемістігінен, немесе адамның ақпарат өңдеудегі шектемесінен туындайды.[14]
Зәкір сыңаржақтылығы - психологиялық эвристика болып, ол шешім қабылдаған кезде тек алғашқы ақпаратқа ғана сүйеніп қалуға бейімділікті сипаттайды.[15][16][17] Бұл эвристикаға сәйкес, адамға тұспалданған бір мәлімет (Зәкір) беріледі, соны ол адам пайдаланып мәлім шешім шығарады, демек сол мәліметтің шектемесіне де ұшырайды. Яғни, бұл шешім оған ұнаған күнде де, аталған мәлімет толық әрі дәл болмағандықтан, шынтуайтында үйлесімді және өнімді болмауы мүмкін.[2] Мысалы, машина сатуда белгіленген бастапқы баға кейінгі келіссөздердің стандартын белгілейді, сондықтан, сатып алушы үшін бастапқы бағадан төмен баға машинаның үйлесімді бағасы құсап тұрады, ал ол шынтуайтында шынайы құнынан (базардағы бағасынан) жоғары болып, "алдамшы алғашқы баға" (алдамшы зәкір) болуы да мүмкін.[18][19]
Апофения, кейде үлгіні жорамалдау (patternicity),[20][21] немесе өкілдік жорамал[22] деп те аталады, ол адамның кездейсоқ көріністер мен деректерден мәлім нәрсені білдіретін мағыналы үлгіні байқау бейімділігі. Апофения құмар ойындарының рационализаторы ретінде танымал. Құмар ойыншылар лотереядағы, картадағы, немесе рулетка доңғалағындағы сандардан көріністер, мазмұндар, ақпараттар көріп қойғандай сезімде болады.[23] Бұл құбылыстың бір түрі әдетте "құмар сандырағы" деп аталады.
Парейдолия - апофенияның визуалдық, немесе естуге қатысты түрі. Парейдолия иерофониямен бірге ежелгі қоғамдардың хаосты тәртіпке салып, әлемді түсінікті етуге көмектескен болуы мүмкін деген болжанады.[24][25]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.